Қазақстан азаматтары бір жыл бойы Perplexity Pro қызметін тегін пайдалана алады

/
Қазақстан азаматтары бір жыл бойы Perplexity Pro қызметін тегін пайдалана алады

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, «Қазақтелеком» АҚ және Perplexity AI, Inc. компаниясы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат аясында Қазақстан азаматтары Perplexity Pro қызметін бір жыл бойы тегін пайдалана алады.

Келісім миллиондаған азамат: студенттер мен мамандар үшін  жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Олар кәсіби даму, зерттеу, білім алуда заманауи жасанды интеллект құралдарын пайдалана алады. Сондай-ақ меморандум Alem.AI негізінде әзірлеме(R&D) мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдау, Қазақстанда дата-орталықтарды дамыту жөніндегі бірлескен бастамаларды жүзеге асыруды көздейді.

«Бұл келісім миллиондаған қазақстандыққа бұрын тек шектеулі пайдаланушыларға ғана қолжетімді болған қуатты жасанды интеллект технологияларын пайдалануға мүмкіндік береді. Біз білім мен инновация әрбір азаматқа қолжетімді болатын цифрлық экожүйені қалыптастырып жатырмыз», - деді Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

«Қазақстан алдыңғы қатарлы жасанды интеллект үлгілерін жаһандық біліммен біріктірудің маңызын дұрыс бағалады. Бұл әрбір азамат үшін ЖИ технологияларын қолжетімді етудің тамаша жолы. Қазақстанның ЖИ және цифрлық даму министрлігімен әріптестік - жасанды интеллектіні барлық салада жедел енгізуге мүмкіндік береді», - деді Perplexity компаниясының жаһандық мәселелер жөніндегі вице-президенті және техникалық директорының орынбасары Джерри Ма.

«Perplexity AI компаниясымен ынтымақтастық Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз жасанды интеллект технологияларының тек мамандарға ғана емес, студенттерге, мектеп оқушыларына, кәсіпкерлерге және басқа азаматтарға да қолжетімді болуын қалаймыз.«Қазақтелеком» АҚ осы экожүйені дамытуға белсенді қатысып, заманауи цифрлық шешімдерді адамдардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдыру жобаларын қолдайтын болады», - деді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин.

Келісімнің инициаторы және үйлестірушісі - Astana IT University екенін айта кету керек.

Perplexity AI компаниясымен әріптестік университеттің халықаралық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ білім мен ғылымға жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытындағы ұмтылысын көрсетеді. Әлемдегі инновациялық компаниялардың бірімен әріптестік генеративті жасанды интеллект құралдарын оқу процесіне енгізуге, машиналық оқыту саласындағы зерттеулерді дамытуға және халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл студенттер мен оқытушылар үшін жаңа цифрлық құзыреттерді қалыптастыруға және жаһандық ЖИ экожүйесіне қатысуға жол ашады.

Меморандумға қол қою Қазақстанның «білімді ұлтты» қалыптастыру жолындағы тағы бір маңызды қадамы, оған сәйкес жасанды интеллект білім беру, ғылым және адами капиталды дамыту процесіне үлес қосады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары