Эр-Риядта VI Ислам ынтымақтастығы ойындарының ашылу рәсімі өтті

/
Эр-Риядта VI Ислам ынтымақтастығы ойындарының ашылу рәсімі өтті

Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласында VI Ислам ынтымақтастығы ойындары бастау алды. Шараның ашылу салтанатының шеруі Король Абдулазиз атындағы спорттық ашық алаңында ұйымдастырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақстан спортшылар делегациясының ту ұстаушылары – дзюдодан Қазақстан чемпионы, Азия кубогының жеңімпазы Аруна Серікқызы Жангельдина және ауыр атлетикадан Әлем, Азия чемпионы Нұрғиса Әділетұлы.

Аруна Жангельдина – 1999 жылы 17 қыркүйекте Ақтөбе қаласында туған. Дзюдо бойынша Қазақстан Республикасының спорт шебері, -78 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Ол 2022 жылы Астанада өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2024 жылы Ақтауда Азия кубогының чемпионы атанды. Сондай-ақ Қазақстан чемпионаттарында төрт дүркін жеңімпаз (Орал 2021, Атырау 2022, Астана 2023, Ақтөбе 2024).

Нұрғиса Әділетұлы – 2000 жылы 9 қазанда Түркістан облысында дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, ауыр атлетикадан -96 кг салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайды. Ол 2022 жылы Колумбияның Богота қаласында өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2023 жылы Оңтүстік Кореяда Азия чемпионы және 2024 жылы Бахрейнде өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы.

Айта кетейік, биылғы додаға әлемнің 57 елінен 3000-нан астам спортшы қатысуда.
Қазақстан құрамасынан 15 спорт түрінен 98 спортшы бақ сынайды.

VI Ислам ынтымақтастығы ойындары 7–21 қараша аралығында өтеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары