Ұлы даланың жеті қыры һәм бір сыры

Ұлы даланың жеті қыры һәм бір сыры

Ұлы даланың жеті қыры һәм бір сыры
ашық дереккөзі
Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы мәдени-рухани салаға тың серпіліс әкелді. Бұл – тарих ғылымын жүйелі түрде, жаңаша көзқараспен жазу, қазақ даласындағы өркениеттердің мәдени даму үдересіне қосқан үлесін айқындау. Елбасы: «Кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ...» деген болатын. Осы тұрғыда «Түркістан» газеті жанындағы «Алдаспан» пікірсайыс алаңы «Ұлы даланың жеті қыры һәм бір сыры» атты дөңгелек үстел өткізіп, жазушы, тарихшы ғалымдар мен мектеп ұстаздарының пікірін білген еді. Жаңабек Шағатай: Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жарияланғаны белгілі. Бұл бағдарламалық мақала «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы іспеттес. Мұндай мақала қоғамдық талдауды қажет етеді. Былайша айтқанда, стратегиялық құжат. Бұл – бір, екі күннің мәселесі емес, ұзақ жылға арналған бағдар. «Біз руханиятымызды қалай жаңғыртамыз?» деген сауалға бірлесіп жауап іздесек деймін. Бұл мәселені Джон Кеннеди айтпақшы, «Мемлекет маған не береді емес, мен мемлекетке не беремін?» деген тұрғыдан қарастырып көрсек. Бексұлтан Нұржекеұлы: Президенттің алдыңғы мақаласы да, кейінгісі де көптің көңілінен шығып жатқандығында дау жоқ. Бізде кейде білімді, зиялы қасиеттер табылмай жатады. Мына мақала ойымызды дөп басқан, болашағымызды нақты көрсеткен деп мақаланы мақтаймыз да, сонда талап етілген нәрсені жүзеге асыруға келгенде сөзден әрі аспай жатамыз. Бұл біздің негізгі мініміз деп ойлаймын. Тарихшылар тарихты сала-сала бойынша зерттеп жүр. Бірақ менде күдік көп. Мысалы, тілді білме деп балаға айта алмайсың. Әркім өз баласының тілді меңгеріп, әлемді еркін аралағанын қалайды. Ол үшін ағылшын тілі керек екендігін бәріміз түсінеміз. Бірақ әр бала полиглот болуы мүмкін емес. Біз балабақшадан бастап қазақ, орыс, ағылшын тілінде оқытамыз дейміз. Бұған еш қарсылық жоқ. Бала үш тіл емес, бес тілді де үйреніп кетуі мүмкін. Өйткені баланың миы өте қабілетті. Алайда «содан қазақ халқы не ұтады?» деген заңды сұрақ туады. 27 жыл болды Қазақстан мемлекеті әлемде өз орнын анықтай алмауда. үкімет те, министрліктер де, облыс, әрісі аудан әкімдері де орысша сөйлейді. Біз отарлық жүйеден толық шығып кете алмадық. Қазір жартымыз қазақ тілінде, жартымыз орыс тілінде сөйлейміз. Орыс тілінде сөйлейтіндерге қазақ тілі қажет емес. Ал қазақ тілін білетіндер орыс тілін меңгеруге мәжбүр. Қазақ тілі бәлендей қажеттігі жоқ сияқты. Ойланып көріңізші, 6 жастан бастап ағылшын тілін білген балаға қазақ тілі керек пе?! Осыдан қатты қорқам. Қазақ тілінің болашағын қазірден бастап ойлау қажет. Енді әліпби мәселесіне келсек, Президент «латынға көшу керек» деді. Оны жұрт қолдады. Латынға көшу арқылы тілдің бодандығынан құтылатын шығармыз дедік. Тілдің бодандығы дегеніміз не? Қазақ тілінің грамматикасы – орыс тілінің грамматикасы. Мәселен, «қиын» деген сөзді неге «қыйын» деп жазбаймыз? Белгілі ғалым Ахмет Байтұрсынұлы: «Түркі тілдерінің ішінде ең әуезді тіл – қазақ тілі» деген. Бізде 29 ғана әріп бар. Бұл әріп – барша мұсылманның мақтанышы. Ал «и»-ды неге кіргіздік? Орыс тіліндегі «и» әрпін қазақ тіліне өзіміздің ғалымдар енгізді. Енді жаңғыру кезеңінде неге бұдан құтылмаймыз? 1929 жылы латын әліпбиіне көшкенде 29 әріп болды. Неге соны алмадық? Бізде неге дыбыс көбейе береді? Осы мәселені жорналшы қауым көтеріп, қозғау салу керек. Бұл – болашақтың қамы. Қазір телеарнаны тыңдасаңыз, әуезді сөз естімейсіз. Былдыр-батпақ, быдық сөз. Сөзі кеткен халық бірте-бірте құрдымға кетеді. Мына түркітілдес болгар халқы славян болып шыға келді. Ең бастысы, пікір додасы керек. Жөнсіз мақтан, өтірік сөз көбейіп кетті. Шындық – сөздің, ар-ұяттың анасы. «Ұлы даланың жеті қырын», рухани жаңғыруды пайдаланып халықтың құлағына құю керек. Талас Омарбеков: Осы мақалаға байланысты мені үш мәселе толғандырды. Бірінші, мақаланы оқып отырып жазып жатқан тарихымыз баяғы орысқа, еуроцентристік көзқарасқа бейім тарих-ау деп ойладым. Неге десеңіз, әлі сол қалыптан шықпаған сияқтымыз. Елбасы жылқы туралы айтады. Жылқыны зерттеген ғалым – Ахмет Тоқтабай. Ол тұлпарлар туралы үлкен кітап шығарды. Мұнымен қоса «Жылқының тарихы» деген монографиясы жарық көрді. Екінші мәселе – жылқы Ботай мәдениетінен басталады. Ботай мәдениеті дүниежүзіне жылқының б.з.д мыңжылдықтарда қалай шыққанын дәлелдеп берді. Алғашқы жылқының түр-кескіні, нобайы қалай болғанын анықтап берді. Сосын этнограф-ғалым Тәттігүл Қартаева түйе шаруашылығын, құдықты зерттеді. Жазушы Әбіш Кекілбаев «Шыңырау» романында «Суды шығару үшін түйе 400-500 метрге дейін арқанмен тартады» деп жазады ғой. Бұл рас екен. Ал осының бәрін мысал ретінде айтып отырмын. Мысалы, Оразақ Смағұлов, Уақит Шәлекенов ағаларымыз «Қазақ көшпенді болған жоқ. Көшпелі қоғамды бастан өткізген жоқ» дейді. Меніңше, осылай көкпар тарта берсек болмайды. Қазақ қоғамының жартысы малдың соңында жүрді. 1930 жылы 4 млн 800 мың қазақ отырықшыланды. Малдың саны 40 млн-ға жетті. Қазақ көшпелі болмаса, малдың соңында жүрмесе, осыншама мал болар ма еді?! Киіз үйде тұрып, қымыз ішеміз, тазы жетектейміз. Сөйте тұра қазақ отырықшы болып, қалада тұрған дейді. Демек, тарихта тәртіпке келтіретін дүние көп. Менің ойымша, Кеңес үкіметі кезіндегі еуроцентристік пайым бойынша көшпелілер надан, олар өркениет жасай алмайды, артта қалған деген көзқарасқа қарсы шығуымыз керек. Көшпенділердің мәдени рухы жоғары болғанын дәлелдеуіміз керек. Ал біздің тарихшы ағаларымыз соны нақты айтудың орнына еуроцентристік ұстанымнан бас тарта алмай жүр. «Көшпелі халық надан емес» деп, соққы берудің орнына «қазақ көшпелі болмаған» дейді. Тарихты осылай атүсті шұбарлай берсек, жүйесіздік белең алады. Үшінші, мақалада жеке тұлғалар туралы айтылған. Олар – Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи, әл-Фараби, т.б. Бірақ биліктегі тарихи тұлғалар туралы да айтуға тиіспіз. Қазақтың бүкіл рулық шежіресі жеке тұлғадан басталады. Белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек мұны 47 тайпаға жеткізсе, рудың саны 200-ге жуықтайды. Ал соның бәрі жеке адамнан бастау алады. Тарихшы Рашид-ад-динді оқып отырып, соңғы кезде өзімнің жазып жүргенімнен өзім шоши бастадым. Меніңше, Ежелгі орта ғасыр тарихын еуропалық концепциямен жазып жүрміз. Өйткені мемлекеттің көбі жеке адамның атымен аталған. Рашид-ад-дин жазбасында: «Он пайғамбардан кейін Түрік, одан кейін Түстік деген адам болған» дейді. Құрбанғали Халид: «Түріктен татар және моңғол деген бала туған» дейді. Оғыз хан да, Қарахан да, Түргеш те – жеке адам. Жалайыр мемлекетін құрған Елхан – Қараханның ұрпағы. Тарихтан түсінгенім, Шыңғысхан неге мемлекетін Моңғол деп атады? Неге Түрік, Оғыз қағанаты демеді? Шыңғысхан оның атауына аса бас қатырмады. Моғол деген бабамыз болғаны рас. Ол түріктің ұрпағы. Қазір Моғол мемлекетін айтқанда қазіргі моңғолдарды еске түсіреміз. Ал Моғолдың тарихи тұлға болғанын ұмытып кетеміз. Ежелгі орта ғасыр тарихы осы жүйеге түсетін болса, түбінде тарихты баяндауға, концепцияға өзгеріс енгелі отыр. Мемлекет атауының көбі жеке адамның атымен байланысты болмақ. Тағы бір мәселе – Елбасы «Архив-2025» бағдарламасын ұсынды. Өте дұрыс бастама. Архивтанушылар Ресейдің, Қытайдың тарихына әлі қол салған жоқ. Қытай архивінің жартысы Германияда екен. Немістер кезінде Еуропаға алып кеткен. Бізге де жинау керек. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 5 мың құжат жиналды деді. Солар қайда? Біреулер оны Шығыстану институтының жертөлесінде жатыр десе, енді бірі Ұлттық кітапханаға өткіздік деді. Қайда жатқаны маңызды емес, әңгіме оны қазақ тіліне аударып, кітап етіп шығару керек. «Архив-2025» бағдарламасы осыны қолға алу керек. Өзім архивтен жинаған жеке материалдардың үштен бірін игермеппін. Бізде барлық архивті білетін мамандар болды. Бәрін жинап, ештеңе жазбай кеткен зерттеушілер көп. Архив құжатын жинау өз алдына, ал оны қорытып жазсаң, бұл – жаңалық. Сонда ғана тарих қалыптасады. Ал Елбасы ұсынған «Архив-2025» бағдарламасы бойынша жиналған материалдарды том-том тарих етіп жазуымыз керек. Бір архивтен алып, үйге жинап қойсаң, ол да архив болып саналады. Оны жазбасаңыз, кітап етіп шығармасаңыз, жастар оқымаса, не пайда? Осы мәселеге мән берген дұрыс. Ахмет Тоқтабай: Біз тарих сахнасына атпен шыққан халықпыз. Біздің атқа мінгенімізге 7 мың жыл болыпты. Сондықтан да атқа мінген соң, жермен аттың төрт тұяғы арқылы байланыстық. Аттың үстіне шыққаннан кейін көкжиегіміз кеңейді. Басқа халықтар сияқты неден қорықсақ, содан құдай жасаған жоқпыз. Біз аспанға, жұлдызға қарап ой-өрісімізді дамыттық. Тәңірге, Аллаға табынатынымыз содан. Ал жылқы мәдениетіне келгенде Елбасы өте үлкен сара саясатты көрсетіп берді. Неге десеңіз, біз атқа б.д.б 6 мыңыншы жылы отырып, 1929 жылы түстік. Одан кейін қазақтың рухы өшті. Ал 1958 жылы Қытай қазақтары аттан түсті. Енді біздің мақсатымыз – күллі қазақты атқа отырғызу емес, жылқы тарихын, мәдениетін әлемге көрсеткен халық ретінде оны жастарға үйретуге тиіспіз. Мысалы, жылқыны зерттегеніме 30 жылдай болды. Сол уақытта жылқыға байланысты 2 мыңдай термин жинадым. Оның ішінде жылқының түсіне қатысты 400 атау бар. Бірде Мәскеуде этнографиялық тақырыптағы конференцияда баяндама жасағанда ресейлік ғалым: «Осы сөздер мектепте оқытыла ма?» деп сұрады. «Жоқ» дедім. «Бұл үлкен байлық қой. Әлемдік өркениетке қосылған үлес емес пе?!», – деді. Бұл терминдер мектепте оқытылмаса, не пайда? ХІХ ғасырда испан және француз жазушысы роман-герман тілдеріндегі жылқыға қатысты сөздерді жинапты. Сөйтсе, роман-герман тілінде 60 сөз бар екен. Ал бізде жылқының түсіне байланысты 400 сөз, сынына қатысты 200 сөз, ер-тұрманға арналған 100 сөз, бір қазының өзіне 40 сөз бар. Демек, жылқы мәдениетін келешекте балабақшадан, мектептен бастап оқыту керек. Және жылқының санын өсірмей, халқымыздың рухы көтерілмейді. Неге десеңіз, 1928 жылға дейін 4,5 млн жылқы болса, 1897 жылы 6 млн жылқы болды. Қазір небәрі 1,5 млн ғана. Сосын біз үнемі «ипподром» деуді қоймаймыз. Бұл гректің сөзі. Гректерге жылқы мәдениетін біз апардық. Көне түріктер кезінен қалған «атмайдан» сөзі бар. Бұл ат ойындары өтетін жер. Басқа халық жылқы терминдерін бізден үйренсін. Екінші, Елбасы түсті металдар төңкерісіне тоқталған. Сонау қола дәуірінің өзінде мыс қорытып, қалайы қорытып, басқа халықтарға полиметалл саудасын жүргізгеніміз рас. Бұған қосарым, көне түріктер неге тарих сахнасына шықты? Олар темір, болат революциясын жасады. Яғни, Алтайдың темірін қорытып, одан темір қылыш, темір қалқан жасады. Түрік державасы өмірге келген заманда темір алтыннан да, қоладан да қымбат болған. Көне түріктер Рим империясына барғанда олардың темір қылыштарын алтынға бағалап, сатып алған. Біздің арғы ата-бабамыз сонау V-VI ғасырдың өзінде темірді қорытып, өткір болат қылыш жасады. Үшінші, Елбасы көне түрік өркениетіне тоқталады. Бұл әлемдік өркениетке қосылған үлес. Түрік жазушысы Зия Гөкалп «Түрікшілдік негіздері» атты еңбегінде: «Арабтар мен еврейлер өздерінің дінімен, француздар романдарымен мақтанады. Ал біз немен мақтанамыз?» дейді. Ол түріктер мораль жағынан бірінші орында екенін айтады. Мораль – адамгершілік, адамдар арасындағы қарым-қатынас, салт-дәстүр, әдет-ғұрып. Біз адамгершіліктің елі бола тұра, сорақы жағдайға жиі барып жатамыз. Елбасы Н.Назарбаев біздің жеріміз алманың, қызғалдақтың отаны екенін жақсы айтты. Қызғалдақ – кілем сияқты құлпырып тұрады. Бірде Бішкекке бара жатқанда америкалық ғалым: «Мынау ұлттың қазынасы ғой», – деді. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы тарихшыларға, қоғам өкілдеріне, бүкіл халыққа керек дүние. Барынша насихаттап, ел-жұртқа жеткізуіміз керек. Нәбижан Мұхаметханұлы: Елбасының мақаласын мұқият оқып, қуандым. Себебі «Ұлы даланың жеті қырында» Қазақстан өңірінде болған өркениеттерді қалай тану керек екенін айтып, оның методологиялық аспектілерін анықтаған. Еуроцентристік көзқарастан арылу керектігін батыл жеткізді. Көшпенділер не болмаса жартылай отырықшы елдерді надан және жабайы елге жатқызатыны белгілі. Осы көзқарастан арылу принциптік ұғым. Бұл – бір. Екінші – Қазақстан аумағында жасалған өркениеттер жайы. Адамзат өркениетінің ошағы – Орталық Азия десек, соның үлкен бөлігі – Қазақстанда. Қазақстан аумағындағы бұрынғы һәм қазіргі барлық өркениетті жаратушы да, оған мұрагерлік етуші де, дамытушы да – қазақ халқы деп анықтама беру керек. Жылқы мәдениетінен бері қарай басқа мәдениеттерді қарастырсақ, осыншама өркениетті жаратқан адамдар басқа жаққа көшіп кетіп, тек қазақтар ғана қалған ба? Ең бастысы, осы өңірде, кең далада қазақ халқы қалыптасты. Соңғы жылдары шетелден келген ғалымдар мемлекетімізді тұра кеп мақтай жөнеледі. «Қазақстан – аймақтағы жетекші мемлекет. Бұл ел тез қарқынмен дамып келеді» дейді. Ал осындай даму тектен-тек бола ма? «Оның тарихи даму кілті қайда?» деп сұрасаңыз, тереңіне үңілгісі келмейді. Қазақстан кеңістігіндегі өркениетке қазақ халқының әкелген үлесі туралы ауыз ашпайды. Тіпті, ұлы империялар – ғұн, түрік империяларының Қазақстанмен байланысы бар демейді. Әрине, соңғы кезде Қазақстан тарихын зерттеу ісінде ілгерілеушілік бар. Қазақ даласында көшпенділер, отырықшылық, өнеркәсіп, сауда өркениеті болған. Ұлы Жібек жолы арқылы Батыс түрік қағанатына келген қытай монахінің жазбаларында, Рим империясы елшілерінің жазбасында ханның ордасындағы тағын суреттейді. Оның әсемдеп жасалғанына, алтын мен күміспен қапталғанына ерекше тоқталады. Үйдің әшекейлеріне жібек мата қолданғанын, көздің жауын алатынын жазады. «Естемес хан таңертеңнен кешке дейін сусын ішіп отырды. Бұл сусын біздің шарап емес, жылқының сүтінен жасалған қымыз. Естемес хан өте мәдениетті түрде сөз сөйледі. Олардың өркениеті біз мақтанған өркениеттен ешбір кем емес» деп қорытады. Тарих ғылымы үшін жаңа кезең туды. «Мәдени мұра» бағдарламасы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы осы салаға тың серпін бермек. Өзім «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қытайдан 71 томдық дерек әкеп, Шығыстану институтына өткіздім. Енді қазір барсам, өзіме бермейді соны. Бірақ тізімі, көшірмесі өз қолымда. Демек, жиналған тарихи деректер аз емес. Мәселе – теориялық-методологиялық тұжырымды қайта қарауымыз керек. Тарихты жазудың концепциясын анықтап алуға тиіспіз. Оны мемлекеттік, ұлттық идеологияға айналдыруымыз қажет. Біз халықты рухани байлық арқылы тәрбиелейміз. Шетелден келетін әртүрлі ілім қазақ халқының көсегесін көгертпейді. Хангелді Әбжанов: Бұл мақала былтырғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырудың» жалғасы. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының ерекшелігі – тарих ғылымына саяси баға берілгенінде. Ғылымға саяси бағаның дұрыс не бұрыс берілуінің салмағы ерекше. Кезінде генетика, социология деген ғылымды буржуазиялық ілім деп дамытпады. Есесіне, еліміздің ғылымы ақсады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық код, киелі география деген керемет ұғымдар болды. Ал мына мақалада тарих ғылымының қол жеткен табыстары жүйеленді. Демек, жеті қырмен шектелмеу керек. Елбасы соның үлгісін көрсетіп, ерекше сәттерін айқындап берді. Даланың демократиясы біздің қырымыз емес пе? Қазақтың дала этикасы – біздің қырымыз емес пе? Бәлкім, оны жеті емес, он жетіге жеткізуге болар еді. Яғни, Елбасы бізге бағыт-бағдар берді. Осы саяси тұрғыдан берілген әділ бағаны пайдаланып, ұлттық ғылымды тәжірибелік іске айналдыру керек. Елбасы көне заманды, тарихты қайта-қайта ұлықтап жатыр. Ал біздің еліміздің жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихын ХХ ғасырдан бері қарай ғана оқытатын болды. Жастар тарихтың тереңін білмейді. Елбасы стратегиясына, саясатына Білім және ғылым министрлігі қайшы келіп отыр. Елбасы басқаша айтады, министрлік өзінше істейді. Тіпті, министрді орнынан тұрғызып: «Білім саласындағы қағазбастылықтан қалай құтыласыңдар?» деген. Сол қағазбастылық, бітпейтін тексеру. Әлгінде Нәбижан ұлттық идеология туралы айтты. Тарих, әдебиет, тіл ғылымында ұлттық методология керек. Мәселен, ағылшын ғалымы Арнольд Тойнби теориясына біраз азаматтар бас иеді. Ал ол «Түрік өркениеті жоқ, көшпелілерде тарих болған емес» деп кетті. Ендеше біз оған неге табынуымыз керек? Өйткені методология – ғылымның кілті. Методология дұрыс болғанда ғана ғылымның функциясы мен миссиясы атқарылады. Өз болмысымызды, тарихымызды ескеретін методология болмай ешқашан нәтижеге жете алмаймыз. Тарих ғылымына керегі – өз тарихымызды әлемнің құрамдас бөлігі ретінде кешенді, тұтас қабылдайтын методологияға көшпесек, сондай ғылымды қалыптастырмасақ, әлі де ақсай береміз. Тарихты зерттейтін мүмкіндікті, уақытты алыстататын да сәттер бар. Бұл өтпелі кезең сияқты. Мәселен, public history деген бар. Сіз тарихи тақырыпқа жазсаңыз, драматург драмасын қойды. Бұл – халықтық тарих. Өйткені сіз тарих ғылымының заңдылығымен, талабымен емес, әдеби көзқараспен, ал драматург драматургиялық тұрғыдан жазады. Ал тарихтың өзінің классикалық заңдылықтарына сүйене отырып жазу кәсіби тарихшының ғана қолынан келеді. Мінеки, ауызша тарих,  public history немесе күнделікті тарих десек, бұл классикалық тарих ғылымына зиянын тигізуі мүмкін. Біз әзірге классикалық тарих ғылымына бара алмай жатырмыз. Себебі ортақ методология жоқ. Кеңес Одағында бұл болды. Ол – марксизм мен ленинизм, өндірістік және меншік қатынастар, пролетариат идеологиясы. Қазір біз дәл осындай құндылықтар таппай келеміз. Ал бағдарламалық мақаланы тәжірибелік тұрғыда жүзеге асыру үшін қашанда тарихтың тағдырын шешетін бір құдірет бар. Ол – билік. Билік шешім қабылдайды, соны жүзеге асырады. Мақалаға байланысты мемлекеттік деңгейде кеңес не комиссия құрылу керек. Айталық, «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданған кезде арнайы қоғамдық кеңес болды, оны Елбасының өзі басқарды. Жұмыс жүйелі жүрді. Билік межелерді тағайындап, өзі қадағалауы керек. Дәл осы тұрғыда тарихты зерттеу үшін қандай ұстанымдарды басымдыққа алу керек дегенді айта кеткім келеді. Біріншіден, «тарихтың негізі неде?» деген сұраққа жауап іздеу қажет. Біз кеше марксизм заманында меншік, адамның адамды қанауы, тап күресі дегенді айттық. Меніңше, тарихтың негізі меншік те, көшпелі де, отырықшы да емес, ол біріншіден, жер. Жерің болса – тарихың болады. Екінші, тарихтың негізі – тіл. Бүкіл тарихың тіліңе қатысты. Үшінші – мемлекет. Қазір Ресейде, Қытайда қазақтар бар. Бірақ олар басқа елдің тарихын оқиды. Жері бөлек. Сондағы қазақ сол елдің еншісіндегі тарихты біледі. Сондықтан тарихты жазғанда тілдің бай екендігін, мемлекеттің ұлттық мемлекет екенін айтуымыз керек. Ал «тарихты кім жасайды?» дегенге келсек, оны жасайтын халық. Екінші – тұлға. Үшінші – билік. Билік араласпай, шешім қабылдамай тарих та, тұлға да болмайды. Бір Сәтпаев қаншама тарих қалдырып кетті, бір М.Әуезов қаншама тарихи дүниенің негізін қалады. Тұлғасыз тарих болмайды. Демек, мақаланы пайдалана отырып, ұлттық тарих пен ұлттық идеологияны түзуіміз керек. Ұлттық идеология жасау арқылы ұлттық мемлекет құра аламыз. Біз Тәуелсіз мемлекет болғанмен, бірақ ұлттық мемлекет деңгейіне жете алмадық. Әлі күнге бар мәселені орыс тілі арқылы шешеміз. Биліктегілер қазақша бастап, орысша жалғап кетеді. Мемлекеттік тіл жұмыс істеп тұрған жоқ. Тіл жұмыс істемесе, ұлттық мемлекет те, мемлекеттік идеология да болмайды. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қазақ халқының мүддесіне сай жазылған. Өз халқымызға пайда әкелетіндей жүзеге асыруымыз керек. Санамызды реттеу керек. Сананың шайқалғаны тілде тұр. Сана дұрыс болмай, іс те оңбайды. Елбасы «Ойымыз ісіміздің алдында жүрсін» деген жоқ па?! Демек, ойды жөндеу керек. Елбасы соны меңзеп, қайта-қайта шылбыр ұстатып жатыр. Бірақ соны жүзеге асыруға келгенде министрлердің ісі шала. Бұл мақала тарих ғылымының миссиясын емес, міндетін бірінші орынға қойып отыр. Тарих ғылымының міндеті – екеу. Біріншісі – ақиқатты айту, екіншісі – жаңалық ашу. Осы екеуі жүзеге асқанда ғана ғылым болады. Біз атқа міну, көне металлургия деп функциясын айтып жатырмыз. Атқа міну де, шабу да, атпен додаға түсу де – мәдениет. Мұны бір ауызбен «жылқы мәдениеті» деу керек сияқты. Тоқетерін айтқанда, ғалымдар тарих ғылымының миссиясын орындап, жаңалық ашу керек, ал биліктегілер тарих ғылымының функциясын атқаруға атсалысуы керек. Сондай-ақ, бағдарламалық мақаланы іске асыру нәтижесінде қазақ халқының мүддесін ескеру тиіс. Дәл қазір жалтақтаудың қажеті жоқ. Әр ел өз тілін құрметтейді. Алдымен өз тіліңді біл, сосын басқа елдің тілін үйрене бер. Меніңше, Елбасының былтырғы һәм биылғы мақаласы осы мәселеде батыл, табанды болуға шақырып тұр. Елбасы негізін қалап берді, енді осы үдеден шыға білсек жақсы. Тәттігүл Қартаева: Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан үлкен мемлекеттік саясатты көрдім. Жеті қырдың бір қырына Ұлы Жібек жолын жатқызып отыр. Ұлы Жібек жолы тарихтан белгілі нәрсе сияқты. Шын мәнінде, ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар базасында Ұлы Жібек жолының археология санаты бойынша Тянь-Шань дәлізі деген атпен Ұлы Жібек жолының бір тармағы ғана енді. Бұл Ұлы Жібек жолының Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінен шыққан тармағын ғана қамтиды. Оған Ақтөбе мен Талғар қаласы және Ақыртас кіреді. Жалпы, сегіз қала. Бұл Қазақстан, Қырғызстан, Қытай мемлекетіне ортақ. Ал Ұлы Жібек жолының Сырдарияның орта, төменгі ағысы, Аралдың солтүстік және шығыс бөлігі мен Сарыарқадан өткен бөліктері, жалпы, Ұлы Жібек жолының Қазақстан бойынша өткен басқа да тармақтары ЮНЕСКО-ның алдын ала базасында тұр. Алдын ала базадан әлемдік мұралық мұраға өту үшін мемлекеттік деңгейде қолдау керек. Бұл үлкен серпін берер еді. Тағы бір мәселе – ұлы дала тұлғаларына қатысты. Қазақтың жерінде туып, әлемге әйгілі боп, әлемдік өркениетке ізін қалдырған әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи, т.б. мемлекеттік дамуға үлес қосқан ұлы тұлғалар мен қазақтың елін, жерін қорғаған батырлардың тарихын, өмірін насихаттайтын «Ашық энциклопедия» деп аталатын пән енгізу керек дейді. Оны орта білім және жоғары оқу орнында оқыту керектігі айтылды. 1993 жылы ұлттық валюта қабылданған кезде Абылай ханның бейнесі 100 теңгеге, ал Әбілқайырдың бейнесі 50 теңгеге салынды. Бірақ сол кезде Абылай ханның нақты бейнесі қолымызда болмады. Суретшілер Шоқан Уәлихановтың қартайған кезі сияқты прототипін салып, енгізді. Ал Тәуелсіздіктің 5 жылдығы аясында мемлекет қаражат бөліп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен Абылай ханның бассүйегін алып, Ресейдің Герасимов атындағы зертханада Абылай ханның нақты бет-бейнесін шығарып берді. Біздің әрқайсымыздың бет-жүзіміздің әртүрлі болып тұрғаны бассүйекке байланысты. Антропологиялық бет-жүзді тек бассүйек қана анықтайды. Ал Абылай ханның нақты бейнесі 10 томдық ұлттық энциклопедияның «А» деген бірінші томында жарияланды. Бірақ әлі күнге дейін Шоқан Уәлихановтың «қартайған» кезіндегі суретінен арыла алмай келеміз. Тәуелсіздіктің 20 жылдығында Әбілқайыр ханның бассүйегі ашылды. Оған Тарих және этнология институты мұрындық болып, Ақтөбедегі Хан моласынан кәдімгі исламдық рәсім арқылы бассүйегі алынып, венгр антропологтарының қатысуымен Венгрияның зертханасында тексерілді. Жеке тұлғаның ұрпақтарынан ДНК анализ алынып, ол 99,9 пайыз болғанда ғана бассүйек қайта қалпына келтіріледі. Ал Дж. Кэстль салған суреті бойынша Әбілқайырдың бет-бейнесін дөңгелек жүзді деп қабылдадық. Бұлай салу суретшінің өзіндік авторлық қолтаңбасы екен. Алайда Әбілқайыр ханның бассүйегі қайта қалпына келтірілгенде оның ат жақты екені дәлелденді. Сол сияқты Тәуелсіздіктің 25 жылдығында Орталық мемлекеттік музейдің бастама болуымен Кейкі батырдың бассүйегі Кунсткамерадан алынып, тағы да венгр антропологтары зерттеп, бассүйек туған жері Қостанайда арнайы мұсылмандық рәсім орындалып, жерленді. Сондай-ақ, қазақ тарихындағы үш би – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке биге келсек, Әйтеке бидің жерленген жері Нұратадан бассүйегі алынып, бет-жүзі қалпына келтіріліп, нақты бет-жүзі Орталық мемлекеттік музейдің 5 томдық энциклопедиясында жарияланды. Антропология қай жаста қайтыс болды, сол жастағы бет-бейнені көрсетеді. Осылайша, бірқатар батыр мен тұлғаның бет-бейнесін анықтап алдық. Ал өмірден өткен қаншама батырды эпостық жырға қарап, кең иықты, қалың қабақты, қою қасты деп суреттей береміз. Егер олардың нақты жерленген жері белгілі болса, мемлекеттік деңгейде өзімізде де зертхана ашып, жан-жақты тексере алар едік. Оған мемлекеттің әлеуеті жетеді. Қазір біз көбінесе Ресей мен Венгрияға жүгінеміз. Себебі бізде антропология ғылымы кенжелеп қалды. Антропологтар саны аз. Бәріміз Қазақстанда жұмыс істеп жүрген ресейлік антрополог Е.П. Китовқа жалынамыз. Жалғыз өзі археологтарға жетпейді. Оған кезекке тұрамыз. Тіпті, бір жыл бойы кезек жетпесе, келесі жылға жазылуға тура келеді. Демек, ұлы дала тұлғаларын зерттегенде басты нәрсе – олардың бет-бейнесі дер едім. Әрине, барлығының бет-жүзін қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Бірақ ғалымдар нақты ақылдасып, «мына кісілердің бет-бейнесін анықтайық» десе, ең болмаса тағы да бес тұлғаның бет-жүзін қайта қалпына келтірсек деген арман бар. Бұл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына үлкен сый болар еді. Тағы бір айта кететін мәселе – металлургия. Сарыарқадағы металлургия ошағы ЮНЕСКО-ның алдын ала базасында тұр. Бұл осы ұйымның тарихи-мәдени мұралар әлемдік базасына өткен жоқ. Қазір алдын ала базада 13 ескерткіш бар. Соның бірі – Сарыарқадағы кен ошағы. Яғни, әлемдік мұра базасына өту үшін бір ғана саты қалды. Бір айта кетерлігі, Еуропаның аумағы кішкентай кейбір мемлекеттері ә дегеннен 45 ескерткішін енгізген. Енді алма мен қызғалдаққа келсек, бұл біз үшін тосынсый сияқты болды. Алма мен қызғалдақ – өсімдік. Қазақтардың өсімдікке қатысты өзіндік дүниетанымы бар. Өсімдікті тұрмыста жиі пайдаланамыз. Оның бүкіл бейнесі қолөнерде тұр. Негізгі өсіріп отырғанымыз – мал шаруашылығы. Оның тұтынатын қорегі – өсімдік. Бүкіл ағаш бұйымдары өсімдіктен жасалады. Мұның үлкен этнографиялық мәні бар. Бұл жерде қазақы дүниетанымды будандастырылған емес, жабайы алмадан іздеу керек. Жабайы алма тау бөктерінде өседі. Жабайы алма піскенде сол ауылдың балаларын үйде ұстау мүмкін емес. Қазақ алма жүзді, алма мойынды, алма кеуделі, алма ерінді деген теңеулер қолданған. Ал біздің петроглифтердегі бейнелерді, тасқа салынған суреттерді қарасақ, көбінесе тауешкі, таутеке, бұғы, арқар. Бұның барлығы тау аңдары. Сол аңдардың қорегінің бірі – жабайы алма. Байырғы емшілер адамды тек малдың майы, сорпасымен емес, шөптермен де емдеді. Міне, олар жабайы алманың дәнегі арқылы жүрек-қан тамырлары, жемсау ауруын жазған. Алматы қаласындағы Бутаковкада қола дәуірінің қонысынан жабайы алманың дәні жиналған ыдыс шықты. Оны Археология институтындағы белгілі археолог А.Горячев тапты. Қазақ халқында «Қызғалдақ май» деген ғұрып бар. Қазіргі кезде айтылмаса да, ауыл ақсақалдарының аузында жүр. Байырғы жазбаларда, Орталық мемлекеттік музейдің энциклопедиясында бар. Қызғалдақтың гүл ашатын кезеңі санаулы күндер. Сәуір айының аяғы мен мамыр айының басы. Бір қызығы, алма мен қызғалдақ бір мезгілде гүлдеп, бір уақытта түседі екен. Ал қызғалдақ гүлдеген уақытта сүттен алынған май қызыл болады. Жалпы, майдың түсі малдың жеген шөбінің түсіне байланысты. Ауыл әйелдері дастарқан жасап, қызғалдақтан алынған маймен шәй берген. Оны «Қызғалдақ май» ғұрпы деп атаған. Неміс дәрігері һәм саяхатшы Рихард Карутцтің қазақ даласына келгені белгілі. Оның мамандығы дәрігер болса да, этнографияға, тарихқа жақын. Ол ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Маңғыстау өңіріне үш рет келген. Ең соңғы рет 1903 жылы ат басын тірепті. Осы үш рет келуінің нәтижесінде «Маңғыстаудағы қазақтар мен түркімендер» деген еңбек жазып, ол 1911 жылы Санкт-Петерборда жарық көрді. Карутцтың неміс тіліндегі жазбасын Э.Петри орыс тіліне аударған. Демек, қызғалдақ пен алманы айтқанда оңтүстік-шығыс өңірі ғана еске түседі. Ал Қазақстанның шөлді аймақтарында осыған қатысты таным болды ма екен деген оймен Карутцтың еңбегін аштым. Сөйтсем, ол Маңғыстауда отырып теріден жасалған ер тоқым туралы жазады. Оған қызғалдақтың оюын бедер арқылы түсіреді. Теріге түскен бедер өмірбақи кетпейді. Ә.Қастеев музейінің сәндік-қолданбалы өнер залында қызғалдақ салынған жібек дастарқан бар. Орталық музейде сағат, қос білезік бар. Бір айта кетерлігі, қызғалдақтың сабағы мен жапырағы бірге берілген. Бұл – өсу, өну, өркендеу деген идеядан туған. Сондай-ақ, ХV ғасырда салынған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сәулет және ғимарат санатпен ЮНЕСКО-ның мұра тізіміне енді. Осы ғимараттың ішкі және сыртқы қақпасында оймыштап салынған қызғалдақ оюы тұр. Және сыртындағы эмальмен салынған кірпіште де тұр. ЮНЕСКО-ға Қазақстан мен Өзбекстанға ортақ Тянь-Шань тауларының батыс бөлігі табиғат ескерткіші деген санатпен енген. Оған Ақсу-Жабағылы қорығы кіреді. Елбасы мақаласында қызғалдақ пен алманың Тянь-Шань тау етегінде өсетінін айтты. Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі. Соның 12 түрі Қызыл кітапқа енген. Оның тұқымын шетелге шығаруға тыйым салынған. Осы тұрғыда Голландияны гүлдің отаны дейміз. Бірақ бұл ел қызғалдақтың емес, раушан гүлінің отаны екен. Голландия Қазақстанда өсетін қызғалдақ гүлінің тұқымын еліне апарып, өсіріп, оған «Нұрсұлтан Назарбаев» деп ат беріпті. Атқа міну мәдениетіне тоқталайын. Жалпы, қазақ мұны салт аттылар мәдениеті дейді. Атқа міну салтымыз Ботай мәдениетінен басталады. Ботай мәдениетінде аттың артқы тұяғынан жасалған ғұрыптық бұйымдар көп болған. Себебі жылқының күші артқы тұяққа түседі. Бір қызығы, осы бұйымдарда геометриялық өрнек бар. Бұл қазір кілемде, қоржында кездеседі. Сонау Ботай мәдениетіндегі геометриялық өрнек ұрпақтан-ұрпаққа жетті деген сөз. Ахмет Тоқтабай: Меніңше, бұл жылқының асығы емес, сомпайдағы геометриялық өрнектер. Жылқының денесінен табылған бар сүйек, қыл қасиетті саналған. Археологтар Ұлы Жібек жолының бойындағы Қазақстан қалаларын көп зерттеді. Бірақ Ұлы Жібек жолы бойынша Қытай «Бір жол, бір белдеу» деген мәселені ерекше қолға алды. Бұл туралы шетелдің саясаткерлері басқаша пікір айтуда. Мәселен, Қытайдың су жолдарының бәрін Америка жауып тастапты. Ол тұрмақ, былтыр Қытайдың сауда кемелерін Вьетнам жүргізбей қойды. Сондықтан Қытай «Бір жол, бір белдеу» арқылы Азия құрлығына Еуропа арқылы шықпақшы дейді. Меніңше, Ұлы Жібек жолы деп айқайлай берудің керегі жоқ. Мұның артында Қытайдың үлкен саясаты жатыр. Неге десеңіз, жолдың бәрін Қытай мемлекеті салып жатыр. Олардың мақсаты – құрғақ жол арқылы Еуропаға тауарын жеткізу. Жаңабек Шағатай: Негізі Ұлы Жібек жолының Қазақстан бойынша өтетін тармағы қанша? Талас Омарбеков: Жалпы, Ұлы Жібек жолы Қазақстаннан тыс. Негізгі тармағы Өзбекстан, Ферғана, Қашқария жағымен кетеді. Бізден тек жанама жолдары ғана өтеді. Ұлы Жібек жолы Испиджабқа дейін сара жол деп аталған. Одан әрі қарай Испиджаб жолы деп аталды. Осылай қалалар арасы жолдармен жалғасқан. Мұның басы Шананнан басталады. Бұл Қытайдың бұрынғы астанасы. Жаңабек Шағатай: Мұның бәрі болашақ ұрпақ үшін керек. Сондықтан тарих қойнауына бүгіп жатқан сырдың бәрі ашылуы қажет. Солай емес пе, Кенжехан Мұхамедиқызы? Кенжехан Мұхамедиқызы: 41 жыл ұстаздық етіп келемін. Бұл жерде тарихтан терең қазып айтылды. Бұл мақала «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы. Бізде талқылау көп. Бірақ соның тәжірибелік жүзінде орындалуы қалай? Сөз бен іс қабыса ма? Мұның бәрін мектепке апарып тіреп қоямыз. Балаға қосымша сабақ ретінде үйіп береміз. Оның жас ерекшелігі ескерілмейді. Қазір балалар 0-сыныптан ағылшын, 3-сыныптан компью­тер үйренеді. Бала роботқа айнала ма деп қорқамын. Тағы бір мәселе, «Ұлы даланың жеті қырында» Өлкетану туралы айтылады. Мұны бұрыннан мектепте оқытамыз. Өлкетануды әр өңірдің әкімшілігіне тапсыру керек. Бұл есеп үшін істелмеуі керек. Мына мәселені айта кетсем деймін. Кезінде Көлсай көлі жағасындағы Күрмекті ауылында арқар-меринос қойын өсірген шопан болып жұмыс істеген азаматтарды құрмет тұттық. Негізінде шопанның еңбегі орасан. Ә.Қастеев олардың портретін салған. Кейін ауданның Өлкетану музейінде тұрды. Бір қызығы, қазір алынып тасталды. Міне, Өлкетану осыдан басталмай ма? Әр өлке өз қаһармандарын ұлықтаса екен. Еңбек адамына деген көзқарас өзгерді ме? Шын мәнінде, әкімдіктегілерден не атқарылды, не жоспарланды, бәрінен есеп алып отыру керек. Сондықтан қарапайым халықтан бастап, билік өкілдеріне дейін жұмыла кірісіп, қолға алу қажет. Балаға тәрбиені мемлекеттік деңгейде мұғалім береді, ал адамгершілік, ұлттық тәрбиені ата-ана сіңіруі керек. Хангелді Әбжанов: Иә, балаға алдымен ата-ана жауапты. Бірақ ата-анасы таңертең кетіп, кешке келеді. Шетелде 2-3 баласы бар азаматтарға жеңілдік береді. Екі-үш балаңыз болса, несиенің 30 пайызын, ал көп баласы болса несиесін жауып береді. Бізде ше? 2 бала болса да, 5 бала өмірге әкелсе де, 10 мың теңгеге жетпейді. Ахмет Тоқтабай: Биыл Ресей қазақтарының зерттеу экспедиц