Тартымсыз телесериал – талғамсыз көрермен

Тартымсыз телесериал – талғамсыз көрермен

Тартымсыз телесериал – талғамсыз көрермен
ашық дереккөзі
Телехикаялар бүгінде көпшілік көрерменнің сұранысына айналып отыр. Осыдан 10-15 жыл бұрын көк жәшікті Аргентина, Бразилия, Ресей сериалдары жаулаған болса, бертін келе түрік, корей, үнді өнімдерінің орнын қазақ туындылары басып келеді. Қазақтың алғашқы телесериалы «Тоғысқан тағдырлар» 1996-2000 жылдар аралығында түсірілген болатын. 465 бөлімдік бұл хикая ТМД елдері медиафорумының нұсқауы бойынша 1-ші үздік туынды ретінде танылды. Ал кейінгі жылдары түсіріліп жүрген телесериалдар саны жағынан басымдық танытқанымен, тақырып турасына келгенде әлі де махаббат пен отбасылық мәселелерден алыстай алмай келеді. Телесериалдардың сценарийлері, диалогтардың жұтаңдығы мен актерлік шеберліктің жетіспеушілігі көрерменнің қызығушылығын төмендетіп, қаралымын бәсеңдетеді. Әрине, бұл әдеби, түсінуге ауыр, астары терең, салмақты сөздерді жақтыра бермейтін жанр. Дегенмен бүгінгі туындыларда қисынсыз сөздер мен ұйқаспайтын тұстардың көптігі аңғарылып жатады. Көрерменнің сериалға маталып, соңы қалай аяқталар екен деген отырмайтынының бір себебі осында болса керек. Жеңіл-желпі, бас қатырмайтын сценарийдің кесірінен оны көріп отырған көрермен де мына кейіпкер енді қайтер екен, оқиға немен жалғасар екен деп ойланбайды да. Фильмнің сәтті шығуы тәжірибелі режиссерге, үздік сценарий мен шығармашылық топқа, сондай-ақ, оқиғаны шынайы суреттеп беретін шебер актерлерге де тікелей байланысты. Біздің киногерлер жас, көзінде оты бар, өнерлі немесе әлі де жұлдызы жана қоймаған таланттарды іздегеннен гөрі, әлеуметтік желіде танымал блогерді, жүзі жатық, көпшілікке жаңалық бола қоймайтын актерлерді қайта-қайта түсіруге құмар. Отандық сериалдардың ақсап тұрған тағы бір осал тұсы ұлт бойына сіңірер тәлімі мен тәрбиесінің құнсыздығында. Көп балалы жесір әйел, некесіз жүкті болған қазақтың қаракөзі, параға құныққан басшы, отбасының абыройын аяққа таптап, әке-анасын зар қақсатқан  балалар, тұрмысы төмен әулетпен құдаласқысы келмейтін бай-бағландар, оң жақта отырып қалған кәрі қыздың тағдыры, т.с.с. Бұл бүгінгі күні бірінен соң бірі түсіріліп жатқан телесериалдардың тақырыптары. Тіліміз шұбарланып, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздан алыстап бара жатқан қазіргі уақытта бізге керегі қазақ дүниетанымын паш етіп, ұмытылып бара жатқан ұлы тұлғалар жайында деректі фильмдер түсіру. Біздің тамыры терең қазақ ғұмырнамасында тарихи тұлғалар, ел билеген хандар, ұлты үшін басын бәйгеге тіккен батырлар мен арыстар көп емес пе? Олардың әрқайсысы бір-бір сериалға сұранып-ақ тұр. Дамыған, ғаламторға жан-жақты қолжетімді заманда көптеп қаралым жинау мүмкіндігінің мол екенін ескере отырып, көрермен аудиториясын жаулап алу үшін түрлі форматта фильмдер түсіру керек. Бұл ретте қысқа форматта биографиялық, архив материалдарын пайдалана отырып, деректі сериалдар тудыру үшін мүмкіндіктер жетерлік. Бұған отандық және коммерциялық театрлардағы түсіру аппараттарының, техникаларының сапалы екенін қосыңыз. Ұлттық құндылықтардың құны жоғалып бара жатқан бүгінгі жаһандану уақытында елдік мүддені көздейтін туындылар керек. тұрмыс-тіршілік, махаббат машақатынан, ошақ қасынан алыстауға тиіспіз, биографиялық тақырыптағы шығармалар көптеп керек. Демек, қазіргі кезеңде қазақ туындыларына ұлттық рух жетіспейді. Осы себептен, тақырып таңдау жағынан қазақ кино өнері тоқырауға ұшырап қалды. Балаларға арналған сериалдар да айтарлықтай көп емес. Режиссерлар, кастинг директорларының салғырттығынан актерлар дұрыс таңдалмай, туындының тартымдылығы бәсеңдей түсуде. «Ел іші – өнер кеніші» деген. Ерінбей іздер болса, еліміздің түкпір-түкпірінде таланттар жетерлік. Киногерлер қазақ киносындағы актерлердің мүмкіндіктерін жан-жақты ашып, соны дұрыс пайдалануға тиіс. Бұдан бөлек қарастырылуы тиіс тағы бір өзекті мәселе – музыкалық-дыбыстық шешім. Қазіргі сериалдарда қолданылатын әуендердің хикаямен мүлде байланысы мен сәйкестігі жоқ боп көрініп жатады. Мұндайда әрбір туындымен өз ісін нақты меңгерген, шебер маман айналысқаны құба-құп. Себебі барлық жағынан үйлесімді әрі келісті етіп жасалған дүние – сапалы әрі бағалауға тұрарлық болып көрінеді. Көптеген телесериалдарды жасаушылар оның аудиториясының өлшемі сериалдардың сапасына, мазмұнына және көрсетілуіне ғана тәуелді деп сенеді. Шын мәнінде, кадрларды ұйымдастыру тәсілі, редакциялау әдістері, актерлік құрам және басқа да көптеген нәрселер маңызды. Ол теледидар алдындағы көрермендердің мінез-құлқындағы көптеген үлгілерді анықтауға мүмкіндік береді. Қарапайым ой-эксперимент жасайық. Егер ең тамаша телесериал күннің әртүрлі уақыттарында қойылса, аудиторияның көлемі басқаша болады. Кешке шамамен 21.00 шамасында бұл мән өте үлкен болуы мүмкін. Ал сол сериалды таңғы сағат 03.00-ге қойсаңыз, аудиторияның көлемі бірнеше есе аз болады, ал халыққа қатысты пайыздық көрсеткіште ол нөлге жақын болады. Мұның себебі қарапайым: адамдар күндіз өмір сүреді, түнде олардың көпшілігі ұйықтап қалады. Бұл эфирге шығу уақыты телесериалдың сапасына қарағанда аудиторияны тартуда маңызды рөл атқарады дегенді білдіреді. Қысқасы, аз-кем қателіктерді реттеп, құнды дүниелерді көптеп түсірер болсақ, ол арқылы көрерменнің талғамын жөндеп, парасаттылықты арттыруға оң ықпал жасарымыз анық.  

Айжан Есенгелді,

Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА

Кинотану мамандығының

4-курс студенті