ӘДЕБИЕТ – ӘСЕМДІК ӘЛЕМІ

ӘДЕБИЕТ – ӘСЕМДІК ӘЛЕМІ

ӘДЕБИЕТ – ӘСЕМДІК ӘЛЕМІ
ашық дереккөзі
1337
Кейде алға үміт көзімен қарап, өткен өмір жолыңа да байыппен бұрылып, зер салатының болады емес пе? Осы реттен келгенде, қағазбастылықтан арылу – тазарудың бір жолы. Сондайда өзіңе-өзің сын көзімен қарап, бұрынғы-соңғы жазған-сызғандарыңды жүйелеп-реттеп қойғанның артықтығы жоқ. Осындай оймен әлденеше рет қағаз-жазбаларға ден қойғаным бар. Сол тұста,  «Сұхбаттар» деген атпен ақшыл түсті жазбаларым көзге түсіп, қолға ілінді. Аштым. Көрдім. Көңіл көкжиегі  кеңіп сала берді. Бастапқы бөлігінде «Ханғали Сүйіншәлиев: әдебиеттанушы: ұстаз-ғалым» деген сөздер жазылған екен. Бұл – 2005 жыл болатын. Арада 13 жыл өтіпті-ау!.. Әдебиет зерттеушісі, ұстаз-ғалым Ханғали Сүйіншәлиев пен ҚазМУ-дің профессоры Рақымжан Тұрысбектің сол кездегі сұхбаты ұлттық сөз өнерінің тарихы, қалыптасуы мен даму үрдістері, ондағы өзіндік белгі-ерекшеліктері мен оқу-білім, ғылым көкжиектері төңірегінде өріс алған. Р.Т. – Қадірлі Ханғали Жұмашұлы, көптен науқастанып, төсек тартып жатқаныңызды білеміз. Көптеген шәкірттеріңіз бен әріптес-тұстастарыңыз әлі-ақ айығып, ақыл-кеңесімен, әзіл-қалжыңымен қатарымызға қосылады деген үлкен үміттің үстінде... Амандығыңызды біліп, әңгіме-сырларыңызға қанығып, ақыл-кеңестеріңізді жеткізгім келеді. Бүгінгі жайыңызды, ұстанымдарыңызды да естісем деймін. Х.С. – «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген өмір тәжірибесінен алынған ғажайып даналық бар емес пе? Кім де болса басына түскен тауқыметті көтеруге тиіс десек, ол үшін әуелгі жаратылыстан-ақ айрықша күш-жігер, биік ақыл-парасат, жоғары сенім, сезім керек екен. Айтып-жеткізбеген, істеп-үлгермеген ой-сырларыңды қалың көпшілікпен бөлісіп, жүзеге асырғың келетіні де жасырын сыр емес. Осындай сәттерде дертіңді ұмыттырып, жаныңды жасытпай, ой-санаңа үміт-сәуле ұялататын отбасы мен еңбек ұжымының, жақын-жуық, дос-жаранның орны алабөтен көрінеді. Әсілі, адамға көп нәрсе керек емес екен. Алдымен денсаулық, сосынғы жерде – өмір, тұрмыс, тағдырдың маңдайға жазғанын көру ме деймін. Меніңше, өмір мұраты – айқын бағыт, мақсаттылығында болса керек. Р.Т. – Хан-аға, өмір жолыңыз бен өнернамаңыз, ұстаздық-ғалымдық қырларыңыз қатпар-қалтарысы көп, қиын да тауқыметті екендігін байқап-бағамдау қиын емес. Қалтарысы көп, бұралаңы мол өмір жолыңыздың кейбір тұстарын қайыра еске алсақ, алдымен көзіңізге не түсіп, ойыңызға не оралар еді? Х.С. – Өмір жолы бұралаң. Сол секілді адамның өсу жолы, бел-белестері де кедергісіз, қиындықсыз болмайды. Талай қияларды қиып өтіп, өз жолыңды, жөніңді адаспай тауып, ілгерілеу – өмір жолының, адам сапарының бағы. Осы орайда, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халық даналығында зор шындық, мол тағылым бар. Тегінде, балалық шақ, жасөспірім кезең еліктеу, үйренуден басталады. Осы сәттерден бастап өмір есігі алдыңнан шығады, азаматтық биік тұғырға көтерілесің. Әкем – Жұмаш ескіше сауатты, өз уақытының көзі ашық, көкірегі ояу адамдарының бірі болды. Бірақ кеңестік кезеңнің дінге қарсылығын, көзқарасын ертерек сезінді де, еңбекке бет бұрды. Балық шаруашылығын ұйымдастырды. Аңшылықпен, саят өнерімен айналысты. Бақша салып, егін екті. Осындай мың сан тірліктің қайсы біреулеріне мені де ертіп, көрсетіп-үйретіп жүргенін қазір сағынышпен еске алып отырамын. Сегіз жасымда мектеп табалдырығын аттадым. Әуелі мешіт жанындағы медреседе араб әліппесінде сауат аштым. Кейінгі кезекте латынша, сосын қазақ-орыс тілінде оқып, білім алдым. Әйтсе де өмір-тұрмыстың тауқыметін бір адамдай-ақ көрдім. 30-жылдардан кейінгі елімізге, ауыл-аймаққа түскен ауытпалықтар, ашаршылық, жоқшылық, қиястық зардаптарын ұмыту қиын-ақ. Әкеміз 45 жасында қайтыс болды. Анам шиеттей бес баламен (үлкені мен едім), өмір-тағдырмен бетпе-бет келді. Еңбекпен ерте айналысқаным да осы тұс. 1932 жылы Орал зоовет техникумының даярлық курсына қабылдандым. Оқу мерзімі – 6 жыл болатын. Оны бітірген соң осындағы пединститутқа түсіп, соңғы курсынан майданға аттанып. Мәскеу түбінде ауыр жарақат алдым. Сөйтіп, 1942 жылдың қыркүйек айында елге оралдым. 1943-53 жылдары Орал пединститутында оқытушы, кафедра меңгерушісі болып, 1953 жылдан бастап қазақ университетінде (ҚазМУ) ұстаздық қызмет атқардым. Бұдан кейінгі бүкіл өмір-ғұмырым ұстаздық қызметпен тығыз байланысты, яки жас ұрпақ тәлімі, оқу-ағарту істерімен бірыңғай айналыстым. Асылы, ұстаздық – ардақты іс, өйткені жас ұрпақ тәрбиесі, білімі, еңбекке қабілеті, т.т. бәрі-бәрі ұстаздық істен бастау алып жатады. Ал ұстаз білімді, қабілетті, тәрбиелі болу керек. Шәкірт болса, өз кезегінде ұстазға қарайды, үлгі алады, еліктейді, теңелгісі келеді. Алайда барлық адам бірдей емес. Отбасының, ұстаздар ұжымының бақыты – шәкірт-адамды дұрыс жолға салу, бағыт-бағдар берумен тығыз байланысты. Абайша айтсақ: Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға! Ұстаздық қылған жалықпас, Үйретуден балаға! Асылы, ұстаздық қызмет – ұлы іс, мәртебелі міндет. Р.Т. – Сіздің рухани өміріңіздің бір қыры – ғылым саласы. Ғылым мәні, оның жауапкершілік жүгі жөнінде не айтар едіңіз? Х.С. – Атақты ойшыл Ж.Баласағұн: «Білімі бардың аты өседі, Білімі жоқтың аты өшеді» деген екен. Мен ұстаздық қызметпен қатар ғылымды қатар алып келемін. Жеміссіз де емес. Айталық, «Абайдың қара сөздері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым (1952 жыл). Ресми жетекшім, профессор Б.Кенжебаев болды. Ал зерттеу нысанам – Абай шығармашылығы болғандықтан, Мұхаң – М.Әуезовпен жақын араласып, жиі ақыл-кеңес алуыма тура келді. Мұхаңның ұлылықпен ұштасқан, ізгілік иірімдерінен тұратын адамгершілікке толы әсер-ықпалын молынан сезіндім. Жасыратыны жоқ, ол кезеңдерде Абайдың айналасында айтыс та, талас-тартыс та көп болатын. Біржақты көзқарас, сыңаржақ сындар сәт сайын сезіліп тұрды. Халықтық қозғалыстарға, әсіресе, К.Қасымұлы төңірегінде дау-дамай шегіне жетті десе де болады. М.Әуезов пен Қ.Сәтбаевтың басына да қара бұлт төнді. Бұл – уақыттың ғана кедергі, тосқауылы емес, отаршылдық көзқарастың, жеке басқа табынудың салқыны еді. Өмір өзгеріп, уақыт-сынап сырғи берері табиғи заңдылық. 1953 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ауыстым. Ұлы адаммен – Мұхаңмен қайта қауышып, қатар еңбек еттім. Ақиқатында, М.Әуезов маған әр кез ақылшы, ұстаз болудан жалыққан емес. Сөз жоқ, көп нәрсе үйрендім, үлгі алдым. Мұхаң уақытын босқа өткізбеуші еді. Әр түрлі басқосу, мәжіліс, қонақтарда да уақытқа бағынар еді. Қазақ университетінде Халық әдебиеті мен Абайтанудан дәріс оқыды. Тығыз шаруасы болған сәттерде, Мәскеу университетінде дәріс оқып жүрген кездерінде, көбінде осындағы сабақтарын мен өткізіп жүрдім. Тапсырманы талап деңгейінде орындауға күш салдым. «Абай жолы» жарық көрген алғашқы жылдары эпопеяның маңызын кең көлемде талдап, баспасөзге жариялаған едім. Мақала Мұхаңа ұнап, оны орыс тілінде жариялату үшін Мәскеудегі Т.Әлімқұловқа (Қазақстанның әдеби қызметкері) жібергенін айтты. Ойды ой қозғайды емес пе? Осындайда еске түседі, Абай әлемі, Абайтану дәрістері, М.Әуезовтің мұра-мирастары рухани өмірімнің өзекті арналарын құрайды. Атап айтқанда, осы тұста 1950 жылдардан кейін Абайға арналған бірнеше мақала жазылды. Ал Мұхаңның ізденіс, еңбектері туралы, кейіннен адамдық, ұстаздық қырлары хақында да естеліктер жаздым. Қысқасы, мұның бәрінен де Мұхаңа деген құрмет, оның қаламынан туған еңбектеріне ілтипат, шәкірттік сенім, сезім танылады… Мұхаңмен қатар жүру, ұлт, әдебиет, жалпы руханият хақында сұхбат құру өміріңе, жан сарайыңа өзгеше өзгеріс әкеліп, ерекше серпін береді. Әлгінде айтқанымдай, ұстаздық қызметіммен қатар ғылымды қатар алып жүрдім. Бұл ретте, Қазақ әдебиеті тарихы, ондағы белгілі-белгісіз тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын арғы-бергі деректерді негізге ала отырып қарастыру, зерттеу ісіне белді бекем будым. Әсіресе, 1930-40 жылдары жарық көрген, кейінгі кезде қолданыстан шығып қалған маңызды еңбек-ізденістері, ондағы артық-кем тұстарды жаңа уақыт талабы тұрғысынан танып, зерттеуді мұрат тұттым. Осының негізінде, қазақ әдебиеті тарихын жаңаша қарастырып, зерттеудің соны міндеттері туындады. Осы кезеңде жарияланған «Кедергі неде?» атты мақаламда («Қазақ әдебиеті», 1955,8 сәуір) төл әдебиетіміздің арғы-бергі тарихындағы ақтаңдақтар хақында сыр қозғадым. Осы кезеңде әдебиеттің мақсат-мұратын, бағыт-бағдары мен оны танып-зерттеудің олқылығы туралы: «Қазақ әдебиетінің оқулығы туралы» бірнеше мақала жарияланды. Осы ізденіс, еңбектердің негізінде ХVІІІ- ХІХ ғ.ғ. қазақ әдебиетінің бағдарламалары, қосымша оқу құралдары дайындалды. Бұл мезгілде төл әдебиетіміздің арғы-бергі тарихын ХVІІІ ғасырдың екінші жартысынан, яки Бұқар жыраудан бастау керек дейтін көзқарас-қағида орныққан болатын. Ақиқатын айту керек, аталмыш қалыптасқан «көзқарас-қағидаға» қарама-қарсы соны зерттеу жүйесін ҚазМУ-дің кафедра меңгерушісі, профессор Б.Кенжебаев және оның төңірегіндегі шәкірт-ізденушілер алғашқы болып ұсынған еді. Әсіресе, қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі, ортағасырлық мәдени-әдеби мұрағаттар мен сөз өнеріміздің байырғы өкілдеріне (Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет т.б.) кеңінен назар аудару, жаңаша жүйелеп-қарастыру, тың еңбектер жазу, зерттеу міндеттері күн тәртібіне батыл қойылды. Бұл бағытта да алуан түрлі іс-жұмыстар атқарылды, тың бастама мен жаңа ізденістер жасалды. Менің үлесіме ХVІІІ-ХІХ ғ.ғ. қазақ әдебиеті тарихының бағдарламасын толықтырып, жаңа тараулар қосып, оны сол кездегі педагогикалық оқу орындарына тарату тиді. Бұған қоса «ХVІІІ-ХІХ ғ.ғ. қазақ әдебиеті»  атты оқу құралын әзірледім (1961 жыл). Сондай-ақ, күнделікті оқу-оқыту ісімен бірге «Қазақ әдебиетінің қалыптасу, даму кезеңдері» деген тақырыптағы соны да көлемді зерттеу еңбегімді «Қазақстан» баспасына ұсындым (1962 жыл). Осы еңбегім көп ұзамай өндіріске кеткен еді. Бірақ, Ғылым академиясы мен ҚазПИ-дің әдебиет кафедрасы ұжымдарынан қарсылыққа, кедергіге тап болды. Кітап қолжазбасы, оның авторы кереғар көзқарастарға, ұрда-жық солақай саясат пен сынның нысанасына ілінді. Мұның соңы қазақ әдебиеті мамандарының өзара айтысына, болымсыз дау-жанжалына ұласып та кетті. Көп ұзамай, 1964 жылы сол кездегі жоғары оқу орындары мен Баспасөз комитеті қазақ зиялыларының басын қосыпты. Басқосуға әдебиетші-тарихшылардан өзге қоғамдық ғылымдар өкілдері де көптеп қатысты. Қилы көзқарас, алуан ой-пікірлер айтылды. Артық айтқан, кем түскен тұстар да анық аңғарылды. Қазақ әдебиеті, оның тарихы таразыға түскен осы мәслихаттың шешімін де, қилы көзқарастар түйінін де академик Ә.Х. Марғұлан тарқатты. Терең тарихқа енді. Қолжазба сырын ашты. Ғұлама ғалым Ә.Марғұлан кейінгі кезеңдердегі ізденіс, еңбектеріме шолу жасап, көп талқысына, әңгіме арқауына айналған қолжазба-кітабымның мақсат, маңызын, түпкі нәтижесін барынша байыпты, дәлел-деректермен дәйекті жеткізді. Сондай-ақ, осы бағыттағы көзқарастарын батыл да бүкпесіз айтқан Ә.Тәжібаев, Р.Бердібаев, М.Жолдасбековтің еңбектеріне күні бүгінге дейін ризалығымды білдіремін. Осы басқосуда кітап қолжазбасы әдебиет тарихы үшін ізденіс, жаңалығы бар деп бағаланып, баспадан жарық көру қажеттілігі турасында оңды шешім шығарылды. Бұдан кейін де кітап қолжазбасы баспа қоржынында үш жылдай жатты. 1967 жылы ғана аз-кем өңделіп, қысқарған көлемде қалың көпшілікке жол тартты. Ақиқатында, 1960-70 жылдары университет кафедрасы қазақ әдебиетінің ежелгі кезеңдеріне мұқият қарап, тиянақты зерттеді. Тиісінше, жаңа ізденіс, соны зерттеулер жүргізілді. Бұл бағыттағы ізденіс жұмыстары жеке жинақ, хрестоматия үлгісінде жарық көрді. Атап айтқанда: Б.Кенжебаев – «Қазақ әдебиетінің көне дәуір мәселелері»; М.Жолдасбеков – «Орхон жазуындағы ескерткіштің көркемдік мәні»; М.Мағауин – «Қобыз сарыны»; А.Қыраубаева – «Махаббат-наме» т.б. маңызды істер жасап, еңбектер жазды. Мен осы топтың ішінде болғандықтан, өз кезегімде – «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері. Ерте дәуірден ХІХ ғ. аяғына дейін» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғадым (1969 ж.). Міне, байқап-бағамдаған адамға оқу, ғылым бір күннің шаруасы емес екен. ХV-ХІХ ғ.ғ. қазақ әдебиеттері кеңінен қарастырылды. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі жеке пән ретінде барынша ұлғайып, толыққанды ғылым деңгейіне көтерілді. Демек, 1960 жылдардың басындағы сан-салалы ізденістер, әсіресе, қазақ халқының арғы-бергі тарихына деген құштарлық, көзқарастарымыз ақталды, жүзеге асты деген осы. Сол кезеңдерден бастау алған ұлттық тарихқа қатысты көзқарас, яки төл әдебиетіміздің мұра-мирастарын жаңаша әрі жан-жақты қарастыру идеясы бүгін де жалғасын, жарасымын тауып келе жатуы көңіл қуантады. Тегінде, тарих бастауына үңіліп, сол тұстан ұлт мұратын, рухани құндылықтарды айқындау қашанда кәделі іс. Бұл бағыт-арнаға енді ғана бет бұрылды. Ұлт тарихы енді ғана жүйелі, мақсатты зерттеу ісіне айнала бастады. Р.Т. – Ұзақ жылдардағы ізденіс, еңбектеріңіздің түйін-тұжырымы, жемісі іспеттес – «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты көлемді кітабыңыз оқулық үлгісінде қалың көптің қолында. Кітаптың жаңалығы, құрылымы мен зерттеу мәні, біліми-ғылыми сыр-сипаты неде? Х.С. – Бұл кітабым көп жылғы ізденіс, еңбектерімнің нәтижесі. Әр жылдары жинап-жазған дерек, материалдар белгілі бір жүйеге негізделеді. Бұрын ауызға алынбаған жаңа өнерпаздар, әдебиеттің бағыт-бағдарлары, әр түрлі ағым-сипаттары уақыт талаптарына сай сараланады. Қазақ сөз өнерінің байырғы өкілдері, шешендік өнер табиғаты, ақын-жыраулар мұрасы, олардың өзіндік ерекшеліктері мен бейнелілік-көркемдік қырларына, өрнектеріне байыпты баға беріледі. Қысқасы, аталмыш еңбекте ежелгі дәуір әдеби ескерткіштерінен бастап Дулат, Махамбет, Шоқан, Ыбырай, Абайға дейінгі сөз өнері өкілдерінің өмірі, кезеңі, шығармашылық мұралары жаңа дерек көздері негізінде білім жүйесімен сабақтасып, ғылыми тұрғыдан тиянақтала түседі. Сондай-ақ, кітапта қазақтың қалам қайраткерлері, өнерпаздар өкілдері түгелге жуық қамтылып, әдеби-тарихи орны, бағасы беріледі. Халық тарихы мен тағдыры, сыртқы жауларға қарсы күрес, ел азаттығын аңсау идеясы, хан-билердің ел басқару жүйесі, оның салт-санаға, дәстүрге әсер-ықпалы ұлттық патриотизм, гуманизм арнасында сөз етіледі. Қысқасы, әдебиет тарихы сөз өнері шеберлерінің шежіресі болғандықтан, ой қуған, сөз қалдырған халық өкілдерін тиісінше қамту, қарастыру көзделді. Әдебиет тарихы – халық тағдырының шежіресі, қоғам, уақыттың өлшемі. Аталмыш оқулықта осы мәселелер кең көлемде қарастырылып, мәнді ізденіс, терең талдау дәрежесіне көтеріледі. Ең негізгісі, өмірімнің мәнді, саналы тұстарын ұлт әдебиеті тарихын зерттеуге, Абайтану мәселелерін жан-жақты қарастыруға, сөз өнері тұлғаларын жан-жақты айқындауға, жоғары мектепке оқу құралын жазуға, бағдарламалар дайындауға, ел ертеңі – жас маман әзірлеу ісіне арнаған екенмін. Өмірімнің өнегесі, білім-ғылым жүйесіндегі еңбектерімнің мәні осы. Қысқасы, «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты оқулық ұстаздық қызметтің көрнекті үлгісі, адамдық мұрат пен өмірімнің асыл арқауы екені анық. Р.Т. – Егемен ел болғалы тәуелсіздік идеясын жүзеге асыруға қатысты алуан іс-шаралар жүргізіліп те, жүзеге асырылып та келеді. Әдебиетте, көркем өнерде мұның мысал, деректері көп-ақ. Осы реттен келгенде, әдебиет тарихын зерттеудің зәру міндеттері неде деп ойлайсыз? Х.С. – Еліміздің тәуелсіздік алуы – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған асыл армандарының бастысы болғаны анық. Ұлт тарихына қатысты дерек көздерінде мұның мың сан мысалдары бар. Алайда реализм көркемдікке, тарихи шындықтарға табан тірейді. Сұрақ сырына, мәселенің астар-мәніне ден қойсақ, зар-заман әдебиеті, отаршылдық кезең әдебиеті, қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет, азатшыл әдебиет дейтін әдебиеттер жоқ. Бұл, әрі-беріден соң осы кезеңдерге қатысты ғана көзқарас. Ал ақиқатқа тура қарасақ, бұл халықтың, яки қазақ тарихының бел-белестерін ғана айқындайтын атаулар, өлшемдер ғана. Дұрысы – қазақ әдебиеті, оның тарихы. Қазақ халқының арғы-бергі тарихына ден қойсақ (жоңғарларға қарсы күрес, патшаға қарсы толқулар т.т.) бәрінде де аса ауыр жағдайлар, зобалаң-зардаптар, зар-заман сипаттары көп-ақ. Осы орайда, бұрынғырақтағы бір келеңсіз көрініс еске түседі. Әсіресе, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бір топ бұрынғы оқымыстылары тиесілі түйткілді меншіктегілері келіп, жан сала сабылған сәттері де аз болмаған еді. Сөйте тұра, олардың көпшілігі барды қайталап, белгілі жайларды «қайта жаңғыртып», өңін айналдырғаны да есте… Соңғы жылдары хрестоматиялық дүниелерді жаңалыққа балап, кеуде керушілер де байқалатыны жасырын емес. Мұндай келеңсіз көріністер әдебиетші, тарихшылар арасынан да бой көрсете бастады. Айталық, «Қазақ мәдениетінің қалыптасу кезеңдері» (1995), «Түркі халықтарының тарихы» (1996) атты еңбектер әлденеше айтылып, жазылған жайлардың жиынтығы аясында қалған. Оқушы-студенттер үшін керексіз де болмас. Бірақ, тым «оңай сауда» екені көрініп-ақ тұр. Белгісіз баспа орындары, авторлар да көбейіп кетті. Тиісті орындардың назар аударар бір тұсы осы. Меніңше, қазақ тарихын кезең-кезеңмен қарастырып, кешенді түрде зерттеудің мезгіл-мезеті келген-ақ секілді. Мұның ақиқатын Елбасымыз дәстүрлі жолдауында, қазақ зиялыларымен кездесуінде кең көлемде баяндап берді емес пе? Менің түпкі ойым, ұстанар мұратым: кез келген халықтың рухани мұрасы – фольклордан және жазба жәдігерлерден, яки өзіндік даму тарихынан, бел-белестерінен тұрады. Ұлт тарихы көне кезеңдерден бастау алады. Ендеше, оның Сөз өнері, рухани құндылықтарының тарихы да, тамыры да тереңде. Ұлт тәлімі, ұрпақ ұлағаты, тарих тағылымы осы. Руханият саласындағы ендігі міндет табанды ізденіс, маңызды тақырып, зерттеулерге бет бұру болмақ. Түпкі мұрат қазақ тарихын кешенді түрде қарастыру, зейінді зерделеу. Ұлт тарихы мен руханиятында бұған қатысты тұстар көп-ақ. Бұған төл әдебиетіміз, оның тарихы да енеді. Оның жалпы аты – Қазақ әдебиетінің тарихы. Р.Т. – Тәуелсіздік туын желбіреткелі «нарық нақыштарының» өңін айналдырып, алып-сату жолына түскендер, жеке мектеп, институттар ашқан, оп-оңай оқулықтар жазып, шығарғандар т.т. шаш-етектен. Осының қажеттілігі мен берер мүмкіндігі, себеп, сырлары неде? Х.С. – Мұның басты көрінісі – адамдардың өзіне, ойлау жүйесіне байланысты. Айталық, алып-сату деген не? Бұған үлкен ақыл-парасат, арнайы оқу орнын бітіру қажет емес. Аз-кем қорың мен ішкі есебіңе берік болсаң болғаны. Бар жерден аласың, жоқ жерге сатасың… Р.Т. – Әлгінде айтқан «оп-оңай оқулықтар жазып, шығаратындар» мен жаңа уақыт талабына сай оқулық, оның авторлары кімдер болу керек? Автор мен оқулық ұстанымы неде? Х.С. – Оқулық – өмір тәжірибесінен туындайды. Оның авторы сол пәннің иесі болуға тиіс. Әрине, әңгіме өмірін, өнерін арнаған адам, яки жаны мен жүрегі шуаққа толы маман жөнінде болып тұр ғой. Бірақ, өмірде керісінше көрініс белең алғанын жасыру қиын. Нақтырақ айтсақ, мектеп оқулықтарынан бастап жоғары оқу орындары, тіпті талапкерлерге көмек үшін дайындалған тест үлгілеріне дейін бұрыннан бар, белгілі жайттар «шебер қолдардың» сүзгісінен өтіп, тоқтаусыз, талғамсыз қалың көпшіліке ұсынылып келеді. Нарық экономикасына байланысты алып-сату, яки жабайы сауда сырына көз тойып, көңіл қалып еді. Ал, руханият әлеміне, оның ішінде төл оқулықтарға әлгіндей «шебер қолдардың» араласуы, әрине, көңілді алаң етеді. Асылы, оқу құралы мен зерттеу еңбекті шатастырмау керек. Бұлар – екі бөлек нәрсе. Соған қарамастан, бағыттары бір, мақсаттары айқын, ортақ тұстары да бар. Бірақ оқулық – оқу, оқыту пәні. Оның өзіне тән заңдылығы, жүйесі бар. Әрі зерттеулер жүргізіледі. Біз оқулық пен зерттеу еңбектің орнын алмастырып алатын кездеріміз көп. Бұл бақылаудың жоқтығынан, жүйенің әлсіздігінен, талап-талғамның төмендігінен екені жасырын емес. «Оңай оқулықтың»  уыстан шығып кететін тұсы, сыры мен сипаты осыған әкеліп саяды. Оның зардабын көпшілік, жас ұрпақ тартады... Асылы, оқулық – өмір тәжірибесінің жемісі. Оқулықтан сан мыңдаған, миллиондаған адам рухани нәр алады. Оқулықтың артында адам бар, оның болашағы, тағдыры тұр. Ендеше, оқулықты оңай олжа, табыс көзі, сауда кілті санау – қиянат! Жалпы, арнаулы министрліктер мен баспа орындарының, жекелеген авторлардың бірлесіп еңбек етер тұстарының бірі осы. Адал еңбектің тасы өрге домалап, бағы жанып, бәсі биіктейтін сәті де осы кез. Р.Т. – Сіздің өмірбаян беттеріңізді білім-ғылым жүйесінен тыс қарау мүмкін емес. Осы орайда, кейінгі жылдарғы оқыту салаларында қандай бір жаңалық, іргелі ізденістер мен ерекше өзгерістер бар деп ойлайсыз? Х.С. – Оқу, оқыту ісі қашанда маңызды, әрі абыройлы еңбек. Қоғамдағы, өмірдегі барша өзгерістер білім беру саласынан да айқын аңғарылады. Әйтсе де күрт өзгеріс, есте қалар елең еткізерлік жаңалық байқалмайды. Капитализмге қайта оралғанымыздай гимназия, колледж, лицей жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап-ақ кетті. Бакалавр, магистратура да бұрыннан бар академиялық дәрежедегі екі сатылы оқу жүйесі болатын-ды. Демек, бұл атау, жүйелерден аса бір ерекшелікті көріп, естіп жүргенім жоқ. Айталық, автоматтандырылған, компьютерлік тестілік әдісте ешбір құпия, техника жоқ. Пайдасы аз, зияны шаш-етектен. Біріншіден, бұл әдіс оқытушыға сенімсіздік туғызады. Екіншіден, талапкер-студенттің білім-таным жүйесін бағалап-анықтауда ағаттыққа, сенімсіздікке душар етеді. Тегінде, оқыту ісінде ілгерілеу үшін компьютерлік жүйеге алыс-жақындағы оқыту ісі түгелдей көшуі қажет-ақ. Техникалық прогреске ұмтылғанмыз абзал. Бұл ретте мектептің төменгі сыныптарынан емес, 5-7 сыныптардан кейін-ақ үйретіп, қолданса да ұтылмас дер едім. Меніңше, білім-ғылым жүйесі мемлекеттік бағытта болу керек. Білім негізі мектепте алынатындықтан, оқушы мен оқыту ісінен көмек-қамқорлықты аямау керек. Өкініштісі, бізде бұл бағыт керісінше немесе талап деңгейінде емес. Бұл баршамызға ой салуы керек. Өйткені білімді ұрпақ – ұлт мақтанышы! Еліміздің қай жерінде де ұстаз мерейін үстем ету керек. Бұл күнде олар уақытпен санаспай еңбек етеді, бірақ беделдері төмен, жалақылары аз, жағдайлары жоқ. Мұғалім мәртебесі, маман дайындау ісі – басты мұрат. Бұл – бір. Екіншіден, бала – болашаққа жүйелі білім береміз десек, ақыл-парасатқа кең өріс ашамыз десек, оқу, оқыту ісі бейберекеттікке салынбауы керек. Мысалы, ұстаз беделі төмен, оқулықтар төңірегінде дау-дамай көп т.т. Үшіншіден, мектеп жүйесінде, жоғары оқу орындарында оқушы-студентке көзқарас төмен. Ақылы оқуға есік айқара ашылған. Бұған халқымыздың әлеуметтік, материалдық ахуалы келе ме? Ауыл төңірегіндегілердің жағдайы жақсарды деп айту әлі ерте. Мұны әкім де, оның төңірегіндегілер де біледі, бірақ халықтың алдына бармайды, олардың бетіне тура қарай да алмайды. Қысқасы, ауыл мен қаланың арасында алынбас асу, «қазақы қамал» берік-ақ… Талапты мен таланттыны тану қиынның қиыны. Меніңше, білім жүйесіне қатысты реформа жауапсыз сұрақтарға нақтылы іс-әрекеттермен талдау жасаулары қажет. Әзірге, бұл бағытта елең еткізерлік бастама да, байыпты талдау да, нақтылы іс те көрінбейді… Р.Т. – Қоғамда, өмірде, тіпті адамдар арасында өзгерістер көп. Алыпсатар да, жоқ-жітік те, қылмыс хроникасы да күн сайын артып, шеті-шегі көрінер емес. Өмір мен өлім арасы тым жақын. Қылмысқа жаза сай еместігі, тапсырыс беру т. т. етек алып барады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері негізгі назарға ілінді. Бірақ, басқарудың басындағылардан бастап ағайындыққа, туыстық қатынастарға, жемқорлық пен парақорлыққа есігіміз айқара ашық, оларға кең жол да сайрап жатыр… Х.С. – Сұрақ сырын да, ой жүйеңді де түсіндім. Бұл туралы айтылып та, жазылып та келеді. Алайда мен үлкен саясаттың адамы емеспін. Әйтсе де реформа дегенге бойымыз үйреніп-ақ алды. Басқарудың негізгі тұлғалары арасында ауыс-түйіс болады, бірақ халық бұрынғысынша жүріп жатады. Осындайда ойға оралады, Елбасының – «2030 бағдарламасы», меніңше, экономикалық қатынастарды нығайтуға негізделгені көрініп-ақ тұр. Ақиқатында халқымыздың арғы-бергі тарихы, қалыптасу, даму жолдары бар емес пе?! Хан-би, шешендеріміздің даналық ойлары, шежірелер шерткен сыр қайда? Ұлттық ерекшелігіміз, болашаққа бет түзеген бағыт-бағдарымыз қайда? Біз ең алдымен қайда, қандай формацияға – қоғамдық нысанаға бет алдық? Осыны бір електен өткізіп, халықтың қазіргі өмір-тұрмысын неге ойламаймыз? Ауыл мен қаланың арасы неге алшақ? Қалада дәулеттілер, байлар тұрады, ауылда неге кедейлер қалып, аштыққа ұшырауы керек? Ауыл ұлттың тірегі, алтын тамыры емес пе еді? Айталық, қазірдің өзінде ақшалы, қалталы капиталистер қалыптасып қалды. Солардың ішінде жергілікті өнеркәсіпке, ұлттық мүддеге қызмет етіп жүргендері сирек. Керісінше, шетелдік инвесторлар «тұрақты тұрғындар» секілді «еңбектеніп-ақ» жатыр. Ал олар жергілікті халықты жарылқап жатыр ма, әлде есін шығарып, қанап жатыр ма? Әлде үлкен жерден келген екен деп қол қусырып, құлдай жорғалап, жоралғысын жасап, алдарына қылмысты адамдай басымызды иіп, тізе бүге береміз бе? Әрине, көңілді күпті ететін, жүрекке салмақ салатын сұрақтар көп. Тегінде, адамға бет бұратын мезгіл келді. Шыдамның да шегі, судың да сұрауы бар емес пе? Жаңатастың жанайқайы, Кентаудың керуен-көші, Желтоқсан оқиғасы т.т. ден қоярлық, тағылым алатын дүбір-дүрбелеңі мол ескертулер емес пе? Шағын қалалардың алыс ауылдардан не айырмасы қалды? Оралмандарды шақырдық. Жөн екен. Ендеше, баспана, құжат хикаясы, жұмыс кедергісі неге бөгет болу керек? Елдегі, шетелдегі бала тағдыры, жезөкшелік сыры т.т. қашан ашылады? Ендеше, ел басқару ісінде нақтылы қимыл керек, ол адамға, халыққа қызмет етуде болса керек. Р.Т. – Ауылға бет бұрылды. Мәдени мұраға ден қойдық. Тіл тұғырын биіктетіп, асқақтатсақ деген асыл арман да бар. Бірақ, кедергілер кездеседі, кемшілік те жоқ емес. Х.С. – Дұрыс айтасың, мен де сол кедергі-кемшіліктен бастасам деймін. Әруақ сыйлаған елміз. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген өмірден, тәжірибеден алынған ақиқат бар емес пе? Ауыл – ұлттың алтын діңгегі болса, Тіл – халық айнасы. Елдік тұғыр – ұстанымымыз ғой. Мұны баршасы біледі. Алайда әлеуметтік-қоғамдық ахуалды, қаржы-қаражатты себеп-салдар етіп, көлденең қоямыз. Ақиқатын айтсақ, алдымен бұзып, бүлдірдік. Қалпына келтіріп, орын-орнына қояр тұста ат-тонын ала қашып, теріс айналу, сыртын көрсету бар. Бәрі де халықтың көз алдында болды. Алайда халықтан ешкім үлкен емес. Әулет, отбасы болып естелік, шежіре жазамыз. Ататарихты өзімізден бастайтын болдық. «Атамның аты – ауылға, көкемнің аты – көшеге» деп ұран саламыз. Талап, талғам деңгейін осыдан-ақ бағамдай беруге болады. Асан қайғы айтқан: Ата жұрты бұқара Өз қолында болмаса, Қанша жақсы болса да Қайратты туған ер ғаріп, Жамбылдан жеткен: «Ел бірлігін сақтаған татулықты айт», сол секілді Батыр Баукең – Б.Момышұлы мән берген: «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін; жерге тер төгіп, халыққа қан төгіп қызмет етуден аянба; Отан үшін отқа түс – күймейсің; Ел үшін аянба – ерлігіңе сын, жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын» екенін назарда ұстасақ, үлгі-өнеге алар тұстар аз емес. Асыл арманымыз, болашаққа бағытталған бағдарлама, реформалар халыққа арналып, қызмет ету керек. Заң алдында бәріміз бірдейміз, жауаптымыз. Мұны әркімнің білгені жөн. Р.Т. – Қазақ әдебиеттану ғылымының басты мұраты, міндеттері хақындағы көзқарас, түйіндеріңіз қандай? Х.С. – Асылы, Қазақ әдебиеттану ғылымы – тамыр-тарихы тереңде, бастау-арнасын көне кезеңдерден алады. Қазір өткен тарихқа бет бұрылды. Меніңше, Қазақ әдебиеттану ғылымы дәуірлеу жайын қайтадан зерттеп-зерделеп алса, бұдан көп ұтар едік. Ұлт тарихы өмірдің барша саласын қамтитынын ескерсек, сөз өнері осы бағыт-арнаны кең көлемде дамытып, өрістете түссе – Руханият әлеміміз байып, толысары хақ. Бұл бағыттың кешенді сипат алғанын, жас ғалымдар үлесін қалар едім. Нарық талабы, салмағы жас ғалым, қаламгерлерге де тым ауыр тиді. Талапты мен таланттыны тану қиынға соқты. Айтып-жазғанын жеткізу, жариялау да оңай болмағаны анық. Алайда қазір уақыт өзгерді, көп нәрсе оң бағытқа бұрылды. Осы тұста жас ғалым, қаламгерлер дарын-талантын шындыққа суарып, жаңа-соны ізденіс, бастамаларға бет бұрғаны жөн. Өткен тарихқа, тұғырлы тұлғаларға, даңқты даму жолдарымызға ден қойып, Өмірдің өзіне, шындық көзіне, Ақиқат сөзге жол ашсақ, Талант табиғаты таныла түсер еді. Ол үшін, әрине жас ғалым, қаламгерлер – ізденісті серік, еңбекті – мұрат, білімді – қару еткені нұр. Өйткені «Білімді болу деген сөз – белгісіз нәрсені ашу қабілетіне ие болу деген сөз. Ал белгісіз нәрсені аша білу деген сөз – ол теориялық өнердің барлығына тән, ортақ жайт» (әл-Фараби). Демек, білім – ұлы күш! Р.Т. – Хан-аға, келешекті ойлайсыз, кейінгілерге де алаң көңілде екендігіңізді әңгіме арқауынан аңғарып отырмын. Не ойландырады, неге мазасызданасыз? Х.С. – Өмірдің күрестен, үміттен тұратынына көз жеткізіп, көңіл сенген ғой. Келешекті ойлағанда елімізде бірлік-береке болса дейді екенсің. Мұны Майқы би былай айтыпты: Бірлік түбі – береке, Береке түбі – мереке… Кейінгілерге елдік мүддені қорғап, халықтық қасиет, дәстүрге адалдық таныту керек дер едім. Өткен тарихымыз – тағдырымыз әрі тәжірибеміз емес пе? Маңызды жайттың бірі – ұлттық рухты, мұратты асқақтатудың сәті түсіп-ақ тұр. Өткен тарихымызды, яки халық зердесін бар қырынан жарқырата көрсетіп, әдебиет, мәдениет мұратын көп болып, кең көлемде ойлауымыз, жүзеге асыруымыз керек. Ол үшін кешенді ізденіс, маңызды мәселе, зерттеулерге бет бұруымыз қажет. Ерте дәуірлердегі әдеби-мәдени мұрағаттардағы аңыз бен ақиқатты, ақын-жыраулар мен би-шешендер сөздеріндегі даналық ойларды, имандылық иірімдерін тәуелсіздік талаптары тұрғысынан танып-таразылау міндеттерін жүзеге асыру кәделі іс болып табылады. Тегінде, мұндай маңызды міндеттерді «бармақ басты, көз қысты» қағидасына табан тіреп, жең ұшынан жалғасып, жеңіл-желпі жүргізбей (күнделікті өмірде мұның мысал, деректері көп), керісінше көңіл қалауымен, жүректің әмірімен атқарған абзал. Өйткені халық тарихы – әдебиеттің биік мұраттары негізінде кейінгі буындарға рухани нәр ретінде жетеді. Әдебиет тарихы – халық зердесі, ғасырлар мұрасы, шежіресі дейтініміз сондықтан. Асылы, халыққа қызмет ету асыл арман, ұлы мұрат, басты борыш болуы тиіс. Осы бағыт, жолда жүру – ғанибет әрі кәделі іс. Өмір мұраты осы. Р.Т. – Әсерлі әңгімеңізге, өмірге құштарлығыңыз бен емен-жарқын көңіліңізге, сырлы сұхбатыңызға көп рахмет!

Рақымжан ТҰРЫСБЕК

Серіктес жаңалықтары