Денсаулық сақтау министрі Жамбылға іссапармен барды

Денсаулық сақтау министрі Жамбылға іссапармен барды

Денсаулық сақтау министрі Жамбылға іссапармен барды
ашық дереккөзі
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында министр өңірдегі бірқатар денсаулық нысандарын аралап, олардың жұмыс барысымен танысты. Еліміздің бас дәрігері жұмыс сапарын  №1 қалалық «Жанұя» емханасынан бастады. Мұнда әрбір азамат ақпараттық көмек құралы ретінде пайдалана алатын  Элсимед мобильді қосымшасы жайында мәлімет алып, жаңадан енгізілген пилоттық жоба «Денсаулықты басқару бағдарламасының» нәтижелері таныстырылды. Дендеп бара жатқан қант диабеті, артериялық гипертензия сияқты диспансерлік тіркеуде тұрған науқастар санын төмендетуге, емханада  профилактикалық ем-дом жасаудың жандануына осы жоба септігін тигізбек.Министр аралаған келесі нысан қалалық №5 емхана болды. Мұнда қағаз бастылық толықтай жойылып, цифрланған жүйедегі қызмет түрлері көрсетіледі. Мекемеде жұмыс істейтін дәрігерлермен өткен  басқосуда министр әрбір сауалға жауап беріп, Елбасының кезекті Жолдауында медицинаға жүктелген міндеттерді баяндады. Әрмен қарай Елжан Біртанов онкологиялық диспансерінің құрылысы басына барды.2020 жылы ел игілігіне тапсырылады деп жоспарланған нысанға республикалық бюджеттен 250 млн тг, жергілікті бюджеттен 83 млн теңге бөлінген. Келер жылы толықтай медицина саласы компьютерленген жүйеге көшетін болса шалғай жатқан елдімекендерде қалыс қалмауы қажет. Топ мүшелері Жамбыл ауданына қарасты Гродикова дәрігерлік амбулаториясының да дайындығын пысықтады. Келесі кезекте №1 қалалық ауруханасына бас сұқты. Расында, қазір кез келген азаматты денсаулық жайы мен медицина сапасы алаңдатады.  Ем іздеп келген әр адам күйзелісте тұрса, тексеруге дейінгі ұзақ процедуралар одан әрі қажытады. Сондықтан да,  арыз-шағым жергілікті емханалар, стационар  мен жедел қабылдаған бөлмелер  қызметіне көптеп түседі. Толассыз қағазды толтырып,уақытты созбай, науқастың өмірін сақтап қалуға ат салысу керектігін айтады министр. Іссапар соңы алқалы жиында қорытындыланды. Мемлекет медицина саласына бар жағдайды жасауда.  Ендігі  міндет – қарапайым, ақ халаттылар  ем алушыларға жағдай  жасауы керек. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында да денсаулық мәселесіне баса көңіл бөліп, жаңа жылдан бастап олардың жалақыларын тағы да 35 пайызға көтеру қажеттігін ескерткен еді. Халықтың басты байлығына баса мән беретіндер қатары білікті дәрігерлермен қоса, жас мамандармен де толыға тусуде. Тұрар Рысқұлов ауданында соңғы жылдары үкіметтің «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 13 жас маман келіп жұмысқа кіріссе, оларға тиісті көмек те көрсетілуде. Ауылдық жерлерде ақ халатты абзал жандардың жетісе бермейтіні белгілі. Әйтсе де, бұл мәселе «Дипломмен ауылға» үкіметтік бағдарламасы арқылы өз шешімін тауып келеді. Алматы және Астана қаласындағы медициналық жоғарғы оқу орындарымен тығыз байланыс орнатылған. Ауыл түлектерін туған жерге қызмет етуге шақырып, келісімшарт жасалады.  Соның арқасында елдімекенге келушілер қатары артуда дейді сала басшылары. Аудандық ауруханада  соңғы кездері заман талабына сай медициналық құрал жабдықтар көптеп алынуда. Оның тілін жетік меңгерген тәжірибелі дәрігерлердің қатарын  жастар да толықтыра түсуде. Жас мамандарды ауылға тарту биыл да жалғасын таппақшы. Жамбыл облысындағы 5260 медициналық қызметкердің жұмыс орны бар болса, бүгінгі тағда олардың 97 пайызы компьютермен қамтылған. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу үшін жергілікті бюджеттен 1013 компьютерге 152 млн теңге бөлінді. 880-і нақтылы кезеңде сатылып алынды. Облыс бойынша 12 медициналық ұйымға «Е-kezek» электрондық кезекті енгізу үшін қазынадан 73,8 млн теңге бөлініп отыр. Жыл соңына дейін бұл қаражат толығымен игеріледі. Бұл жүйені енгізудегі қол жеткізілетін нәтиже кезек күту уақыты бір жарым сағаттан 15 минутқа дейін қысқармақ. Ал жалпы алғанда, компьтерлік сауаттылыққа 22300 медицина қызметкері оқытылған.