301
Айбек Нұғымаров екі дүркін «Әлем барысы» атанды
Айбек Нұғымаров екі дүркін «Әлем барысы» атанды
Алматыда «Әлем барысы-2018» чемпионаты соңына жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Финалда Қазақстанның екі балуаны - Айбек Нұғымаров пен Ерсұлтан Мұзафаров кездесті. Белдесу 4 минутқа созылды. Алғашқы минутта Айбек ескерту алып, Ерсұлтанның еншісіне бір ұпай жазылды. Мұзафаров екінші минутта әдіс жасап, ұпайын еселей түсті. Бірақ, үшінші минуттың ортасына қарай Айбек есепті теңестіруге жақындап, тартыс қыза түсті. Ақыры, Нұғымаров төртінші минутта таза жеңіп, жеңісті жұлып алды.
Айта кетсек, жартылай финалда Ерсұлтан Мұзафаров Ресей балуаны Роман Бобиковтан басым түссе, Айбек Нұғымаров гүржі балуаны Гурам Тушишвилиді жеңген еді.
Үшінші орынға ресейлік Роман Бобиков ие болды. Оның қарсыласы гүржі балуаны Гурам Тушишвили боз кілемге шықпай қойды. Айта кетсек, былтыр елордада өткен «Әлем барысында» Гурам Тушишвилимен Айбек Нұғымаров финалда кездесіп, қазақ балуаны «Әлем барысы» атанған болатын.
31 жастағы Айбек Нұғмаров Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Спорттағы жетістіктері: «Қазақстан барысы» (2013), «Әлем барысы» (2017), қазақ күресінен 4 дүркін Әлем чемпионы (2010, 2013, 2014, 2016), қазақ күресінен 4 дүркін Азия чемпионы (2008, 2009, 2014, 2018), «Құрмет» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Чемпионат Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Оған әлемнің түрлі елдерінен 33 балуан қатысты, Қазақстан намысын 5 спортшы қорғады.