ТҮРКІ  ӘЛЕМІНІҢ  ОРТАЛЫҒЫ – ОРТАҚ МАҚТАНЫШ

Түркістан қаласында «Киелі Түркістан және Түркі дүниесінің рухани жаңғыруы» атты ғылыми-теориялық конференция өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы маңызды жиынды Түркістан облысының әкімдігі мен Халықаралық Түркі Академиясы бірлесіп атқарды.

Жиынға Әзірбайжан, Ресей, Түркия, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, АҚШ, Тәжікстан, Үндістан мемлекеттерінен түркологтар, ғалымдар және дипломатиялық өкілдіктерден қонақтар келді. Конференцияны Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізіп, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани және мәдени орталығына айналдыру бағытындағы жұмыстардың басталғанын жеткізді.

–Таяу уақытта Түркістанда Түркі әлемінің орталығы бой көтереді, – деп атап өтті Жансейіт Қансейітұлы өз сөзінде. – Мұнда – бүкіл Түркі дүниесінің ойшылдары мен ағартушыларының, ғалымдарының еңбектері қойылып, ғылыми жетістіктері көрсетіледі. Елбасы ұсынған «Түркі әлемінің 100 есімі» жобасын Түркістанда жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар. Облысымыздың тарихи орындарын «Түркі әлемінің киелі жерлері» тізіміне енгізу жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен бірге, Түркістанда Түркі кеңесі жастарының құрылтайын өткізуге де дайынбыз. Қазір жұмыр жер бетінде 200 миллионнан астам түркі тілдес бауырларымыз бар. Егер саяси, ғылыми және рухани бірлігіміз мығым болса, бұл үлкен күшке айналады. Жаһандану заманында біз бірге болып, қиындықтарға бірге төтеп беруіміз қажет. Бүгінгі түркологтардың басқосуы осы сенім үдесінен шығады деген ойдамын. Түркі әлемінің орталығы Түркістанымыз осындай игі бастамаларды қолдауға әрқашан дайын,– деді Ж.Түймебаев.

Конференцияда Түркістан облысы әкімдігі мен Халықаралық Түркі Академиясы арасында ғылыми және іскерлік байланысты нығайту бағытында Меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, Халықаралық Түркі Академиясы мен Өзбекстан республикасы арасында да келісім жасалды. Алдағы уақытта Түркістан қаласында осы академияның ғылыми орталығы бой көтермек.

Түркістан төріндегі конференция «Түркі әлемінің қасиетті жерлері», «Түркі әлемінің атақты тұлғалары» және «Түркі тілдері мен жазуы» деп аталатын 3 секциядан тұрды. Секцияларда Халил Акынджы (Түркия), Виктор Бутанаев (Ресей), Мекемтас Мырзахметов (Қазақстан), Әбсаттар қажы Дербісәлі (Қазақстан), Кюршад Зорлу (Түркия), Қаныбек Иманалиев (Қырғыз Республикасы), Рамиз Аскеров (Әзірбайжан), Өмірзақ Айтбаев (Қазақстан), Бахтиер Каримов (Өзбекстан), Рахмоил Сафаров (Тәжікстан), Александр Васильев (Ресей) және тағы басқа тарихшылар мен ғалымдар, профессорлар мен түркологтар өз ойларын ортаға салды.

«Түркі әлемінің киелі жерлері» деп аталатын секцияда Түркі дүниесінің киелі жерлерін анықтау жобасын әзірлеу, оның нақты белгілерін табу, жобаны іске асыру мерізімі мен кезеңдері, жүзеге асыру тәртібі және өзге де мәселелер талқыланса, «Түркі дүниесінің атақты тұлғалары» секциясында тұлғаларды анықтау талаптары мен осы жобаны жүзеге асырудың тетіктері сөз болды. Ал «Түркі тілдері мен жазуы» тақырыбындағы үшінші секцияда түркі тілі, түркі әдебиеті, түркі тілдес елдердің латын графикасына көшуі туралы мәселелер көтерілді.

Конференцияға қатысушылар Түркістанның Түркі әлемінің рухани орталығына айналуға толық мүмкіндігі барына тоқталып, осы бағыттағы жұмыстарға үлес қосуға дайын екендіктерін жеткізді.

Сейітхан Зеберханұлы

Back to top button