895
3 тоқсаннан бастап 5, 7 сынып оқушылары жаңа пән оқиды
3 тоқсаннан бастап 5, 7 сынып оқушылары жаңа пән оқиды
2018-2019 оқу жылының 3 тоқсанынан бастап 5 және 7 сынып оқушыларына жаңа курс енгізіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатындағы Үкімет сағатында Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Орта білім беруді жаңартылған мазмұнға көшіру жұмыстары бекітілген кесте бойынша жалғасуда. Биылғы оқу жылынан бастап 3, 6, 8 сыныптар осы бағдарламамен оқи бастады. 4, 9, 10 сыныптарда апробациядан өткізілуде. Оқулықтардың сапасы мен мазмұнын жақсарту үшін біраз жұмыс жасалды. Атап айтсақ, оқулықтардың электронды нұсқалары енгізілді. Пәндік және республикалық комиссиялардың құрамы білікті мұғалімдермен, әдіскерлермен толықты. Оқулықтарды 4 жыл сайын қайта басып шығару нормасын ережеден алып тастау не қалдыру мәселесі қарастырылып жатыр», - деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 5, 7 сыныптарға «Өлкетану» курсы биылғы оқу жылының екінші жартыжылдығынан бастап алғаш рет енгізілмек.
«Оқулығы дайын. Жергілікті атқарушы органдар сатып алып жатыр»,- деді Эльмира Суханбердиева. Оның дерегінше, биылдан бастап 1, 11 сыныптарға арналған жаңа типтік оқу жоспары бекітілген.
«Енді тек бір ғана үлгідегі оқу жоспары болмайды. Бірнеше үлгідегі оқу бағдарламасын дайындап бекіттік. Мектептер өздеріне жарамды бағдарлама бойынша жұмыс жасауына мүмкіндік бердік. Барлық мектептерде осы үлгілік оқу бағдарламасы арқылы академиялық дербестік алады деп есептейміз. Қай бағдарламамен жұмыс істейтінін өздері шешеді», - деді вице-министр.