Алғыс арқалаған жандар

Алғыс арқалаған жандар

Алғыс арқалаған жандар
ашық дереккөзі
Қоғам мейірімді, ізгі жандарға толы. Ал оларды қоғамдық тұрғыдан марапаттау жыл сайынғы «Алтын жүрек» қоғамдық сыйлығы арқылы жүзеге асуда. Аталмыш шара жыл сайын «Baurzhan» қорының бастамасымен, «Нұр Отан» партиясы, «ПетроКазахстан» АҚ және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп жүр. «Алтын жүрек» – еліміздің еңбектеген баласынан бастап, еңкейген қарттарына дейін қайран қалып тамашалайтын, тың бастамада дәстүрге айналып үлгерген жыл сайынғы жалпыұлттық марапат. Осымен он екінші рет ұйымдастырылған «Алтын жүрек» сыйлығын табыстау салтанатының ұйымдастырушылары қолғабыс пен мейірімін өзгелермен бөлісуге дайын жандардың басын қосуды, қайырлы іс қылуды қарапайым адамдардың күнделікті өмір салтына айналдыруды және оларды ынталандыра түсуді мақсат тұтып отыр. Сонымен, 12 жыл қатарынан еліміз бойынша нағыз мейірбан, жаны жомарт жандарды іздеп келетін дәстүрлі «Алтын жүрек» сыйлығының иегерлері анықталды. Биыл барлығы 300 өтінім келіп түссе, солардың ішінде үміткерлер іріктелді. Біз бір жылдың ішінде 38 отбасыға баспана алып берген «Харекет» қорының өкілі Алғадай Әбілғазыұлын аз-кем әңгімеге тартып едік.   Алғадай Әбілғазыұлы, «Харекет» республикалық қайырымдылық қорының өкілі:

Бір жылда 38 отбасыға үй алып бердік

– «Харекет» қайырымдылық қоры былтыр қыркүйек айының соңында құрылды. Бір жыл енді болды. Әуелгіде «1000 теңгеге – баспана» деген идеямен басталды. Бұл идея замандасымыз Гүлмира Мұқанқызынан шықты. Ол әлеуметтік желіде: «1000 теңге жинап, баспана алуға көмек берсек қалай болады?!» деген ұсыныс тастаған екен. Сосын біз хабарласып, «идеяңыз жақсы екен, бірлесіп жүзеге асырайық» деген ойымызды білдірдік. Бірқатар қолдаймыз деген жігіттер жиналып, ақылдастық. Кеңесе келе, заңды түрде қор құрып, есепшот ашып, халыққа жариялайық дедік. Қазақта жылу жинау деген игі дәстүр бар. Ауыл-аймақта ағайын қиналып қалса, аяғынан тік тұрғызуға тырысады. Міне, осы дәстүрді жаңғыртсақ несі айып?! Біз кемінде 1000 теңге жинауға ұсыныс жасадық. Әрине, кім қанша салады, өзі біледі. 1000 теңге деген шартты нәрсе ғой. «Көп түкірсе – көл» демей ме? Кез келген адам айына бір рет болсын, садақа да береді ғой. – Сіздер баспанаға мұқтаж жандарды өздеріңіз табасыздар ма, әлде... – Біз қор құрылып, есепшот ашылғанын жариялаған соң, хабарландыру бердік. Содан жан-жақтан өздері-ақ хабарласты. Алғашқы кезде баспанасы жоқ отбасының тізімін жергілікті әкімшіліктен, мешіттен алдық. Қазір WhatsApp желісі жақсы болды. Бізге мәліметтерін жібереді. Тізімде адам өте көп. Бір жылдың ішінде 38 отбасына үй алып бердік. Баспанаға қолы жеткендердің қатарында негізінен мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты ана асырап отырған отбасы, содан кейін 8 баладан кем емес толыққанды отбасылар бар. Және де осы тізімге іліккендер еліміздің түкпір-түкпірінде өз шаңырағына қол жеткізді. Бізге бәрінен алғашқы үйді алу қиын болды. Істің алға жүретінін дәлелдеуге тырысу оңайға соқпады. Бір баспананы негізінен 2, 2 жарым млн теңге көлемінде алдық. Ауылды жерлерден алған үйлер 3-4 бөлмелі, ал қаланың шетінен бұйырған баспана 2 бөлмелі болды. Алдында азын-аулақ жері де бар. Мұның өзі жоқтан тәуір емес пе?! Сондай-ақ, біз қаладан шеткері Талғар, Ұзынағаш қаласынан 2 жарым млн теңге көлемінде баспана тауып, мұқтаж отбасына хабарласып айтамыз. Олар жердің шалғайлығына да қарап жатқан жоқ. «Баспана болса, бара береміз» деп келісімін беріп жатады. – Осы игі шараның басы-қасында жүрсіз ғой. Қалай ойлайсыз, қазақ қоғамында жанашырлық танытып, көмек қолын созғысы келетіндер көп пе? – Иә, шүкір дейікші. «Қазір қоғам жылтыраққа әуестеніп, мейірімнен ада болып барады» дегенді жиі естісек те, қайырымдылық – ата-баба дәстүрі. Бұл дүниеде жиған-тергенің ешкімге керек емес. Оны сауапты іске жұмсауға тырысқан абзал. Осы қорды ашып, мақсатты түрде жұмыс істеп жатқандардың бәрі өзіміздің мұсылман бауырлар. Әуелгіде 8 жігіт атсалысып, істі ілгерілетуге күш салды. Болашақта қатарымыз көбейіп жатса, қуанышты болар едік. –  Баспана алуға үмітті жандардың тізімі ұсынсонар шығар...  –  Қазір үй тізімінде 6 мың адам тұр. «Үмітсіз шайтан» демей ме? Естіп, хабарласып, тізімге енгізуін өтініп жатқандар көп. Біз болашақта да осы қарқынмен жұмыс істейміз. Шүкір, халықтың бойында мейірімділік пен жанашырлық сезімі жоқ емес, бар. Тіпті, қазір өңірлерде, ауданда жергілікті халық өздері ақша жинап, бізге хабарласады. «Біз шамамен 500 мың, 1 млн теңге жинап қойдық. Осыған қалғанын қосып, үй алып берсеңіздер екен»  дейді. Қысқасы, ауыл халқы біздің тәсіл арқылы есепшот ашып, мұқтаж жандарға өздері үй алып беріп жатыр. Бұған біз қуанамыз. Бұл халықтың бойында жылу жинау дәстүрінің оянғанын көрсетеді. Бейжай қарап жатқан ешкім жоқ. Біздің де мақсат – қазақың бойында көмескіленіп қалған қасиеттерді ояту ғой. Жер бетіндегі әлем халықтарының қай-қайсысына қарасаң, адамзат баласы айнымайтын махаббат пен мейірімнің, нұрлы жүректің, шуақты шапағаттың, адал ниеттің, кіршіксіз көңіл мен жатты таңғалдыратын сыйластықтың жүректен жүрекке жететін ең керемет көрінісі бар, бұл – қайырымдылық. Қайырлы іс қылудың белгілі дәстүрге айналғанын айтпай кетпеске болмас, қайырымдылық кеше болған, бүгін де бар және ертең жалғаса беретін дәстүр. Демек, жақсылықпен бөлісіп, қайырлы істі қолдай жүріңіз.