Шудағы пойыз апатына кінәлілер анықталды

Шудағы пойыз апатына кінәлілер анықталды

Шудағы пойыз апатына кінәлілер анықталды
ашық дереккөзі
336
Үстіміздегі жылдың 17 маусымында «Астана-Алматы» бағытындағы №9/10 жолаушылар пойызы апатқа ұшыраған болатын. Оқиғаға байланысты жүргізілген сотқа дейінгі тергеу ісі аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Тергеу анықтағандай, темір жол төсемін күтіп ұстау бойынша жоспарлы алдын-алу жұмыстары уақытында жүргізілмеген. Соның салдарынан көлденең күштердің ықпалымен темір жол қисайған. Осылайша, вагондар жолдан шығып кетті» делінген Шу көлік прокуратурасы таратқан хабарламада. Аталған жол бөлігіне Шу жол дистанциясы бастығының орынбасары, №2 учаске бастығы және оның орынбасары жауапты. Аталмыш мамандар күдікті ретінде танылып, олардың іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 344-бабы 2-бөлігі аясында қаралды. Бұл қорытындылар сот сараптамасымен, мамандардың зерттеуімен, куәгерлердің жауаптарымен, алынған құжаттармен, сондай-ақ басқа да айғақтармен расталды. «Іс бойынша 700-ден астам адамнан жауап алынып, 75 заңды және жеке тұлға жәбірленуші деп танылды.  50-ден астам түрлі сараптамалар мен зерттеулер жүргізілді. Олардың жиынтығы 70-тен астам томды құрады» деп мәлім етті көлік прокуратурасынан. 1 қарашада қылмыстық іс Шу аудандық сотына жолданды. Айта кетейік, ағымдағы жылдың маусым айында Шуда 8 вагон рельстен шығып кетіп, пойыз аударылып қалған болатын. Көп ұзамай апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Серіктес жаңалықтары