Өткен күннен белгі қалды...

Өткен күннен белгі қалды...

Өткен күннен белгі қалды...
ашық дереккөзі
373
...Ташкент теміржол инженерлер институтын 1967 жылы бітірген соң, Шымкент вагон жөндеу депосында вагон қараушы қызметінен бастаған өндірістік жылдарым жастыққа тән албырттық сезімге толы болатын. Вагон депосы ұжымының ұсынысымен өз қызметіммен қатар, сол кездегі заңға сәйкес облыстық соттың халықтық заседательдігіне сайланып, абыроймен атқардым. Бірде, Алматы теміржолы Шымкент бөлімшесінің вагон шаруашылығы бөлімі бастығының орынбасары қызметінде жүргенде, облыстық партия комитетіне шақырып, өндіріс пен көлік бөлімінің штаттан тыс нұсқаушысы етіп бекітті. Онда өз міндеттеріммен қатар, облыстық кәсіпорындарын әдейі тапсырыспен тексеріп, экономикалық жағдайына талдау жасап, қажетті ұсыныстар және партия комитетіне анықтамалық мәліметтерді тапсыруға тура келді. Бір жылдай уақыт өткен соң облыстық партия комитетінің өндірістік хатшысы В.И. Николаев өзіне шақырып алып, енді өндіріс пен көлік бөліміне нұсқаушы қызметіне тағайындалғанымды хабарлап, қазірден бастап жаңа міндетті орындауға кірісуге тиіс екенімді айтты. Мен, әдет бойынша, «мұндай шешім партия комитетінің бюро мәжілісінде бекітілуі керек емес пе?» – деп сұраған едім, ол: «бұл мәселе бір жыл бұрын шешілген» – деп, жауап қатты. Сол кездегі бөлім меңгерушісі В.А. Константинов жұмыс орнымды көрсетіп, алдағы кезек күтпейтін өзекті мәселелерді жеткізді. Бұрынғы қызмет орныммен қоштасуға да мұрша келтірмеді, тек бұл мәселенің теміржол басшыларымен келісілгенін хабарлады. Бұл – 1978 жылдың 4 қаңтары еді. Ол кезде жоспарлы экономика жүйесі бойынша кәсіпорындардың белгіленген жоспарды орындауы өндірілген өнім санымен ғана емес, тапсырыс берушілерге жеткізіліп, қаржы төленгенде ғана есептелінетін. Алайда ел экономикасының күре тамыры – теміржол саласының Шымкент облысында жоғары қарқынмен дамып жатқан ауыр өнеркәсіп (қорғасын, цемент, эксковатор, трансформатор, «Шымкентшина», т.б., зауыттарының, сондай-ақ, фосфор және прес-автомат өндірістік бірлестіктері, «Ащысайполиметалл» комбинаттарының өнімдерін пайдаланушыларға уақтылы жеткізуде қиындықтар туып, шешуін күткен түйткілдер жинақталып қалған екен. Облыс көлемінде осынау күрделі мәселе терең зерттеліп, обкомның үлкен залында В.И. Николаевтың басшылығымен теміржолға, өнеркәсіп мекемелеріне қатысты орындалуы тиіс іс-шаралар анықталып, өндіріспен шұғылданатын қалалар мен аудандық партия комитеттерінің екінші хатшылары, мәселеге қатысты кәсіпорындарының бірінші басшылары қатысқан мәжіліс өткізілді. Баяндамада нақты фактілермен дәлелденген кемшіліктер ашық айтылып, мекеме басшыларының жауаптары тыңдалды. Дәйекті айтылған деректер мен қойылған қатаң талап ешкімді бейжай қалдырмады. Залда ұшқан шыбынның ызыңы естілетін тыныштық орнады. Ол кездің ерекшелігі – партия комитеті тарапынан дәлелденген кемшіліктен қорытынды шығарылып, олардың орындалуына қатысты басшылардың есебі тыңдалып, қатаң бақылауға алынатын. Көп ұзамай кәсіпорындар вагондарға жүк тиеу, түсіру процестерін механизациялау, теміржол жиектерін тәртіпке келтіру, жүк вагондарын тиімді пайдалану жұмыстарын қолға алды. Осынау ізгі істердің нәтижесі болар, хатшы В.И. Николаев кабинетіне шақырып, рахметін жеткізді. Оған дейін мені «теміржолшы» дейтін, енді аты-жөнімді толық айтатын болды. Облыстық партия комитетіндегі қызметім осылай басталған еді. Көп ұзамай бірінші хатшы К.Рамазановтың Семей облысына ауысуына байланысты, Шымкент облыстық партия комитетінің басшылығына Асанбай Асқаров тағайындалды. Асекеңнің талапшыл, тәртіпті сүйетіндігі тез арада белгілі болды. Ауқымды мәселелер облыс басшыларының қатысуымен шешілетін. Сондай бір облыстық саяси-ағарту үйінде өткен кезекті мәжіліс түскі тамаққа үзілістен кейін басталарда қатысушылар тізімі тексерілді. Нәтижесінде 4 жауапты қызметкердің кетіп қалғаны анықталды. Бірінші хатшының тапсырмасымен мұндай жауапсыздық тиісті партия комитеттерінде қаралып, оларға әкімшілік жаза қолданылды. Содан кейін мұндай іс-шаралар ұйымдастырылғанда шақырылғандар уақтылы келіп, орындарына жайғасулары әдетке айналды. Тағы бір есте қалғаны, облыстық партия комитетінің бюро мәжілісіне қатысушылар әрқашан костюммен келетін. Тіптен, асығыс келгендер обкомның нұсқаушы қызметкерлерінің костюмін сұрап алып, мәжіліске кіретін. Игі істерге жол ашыла бастады. Обкомның өндіріс пен көлік бөлімінің ұсынысымен облыстың өндірістік кәсіпорындарында «Өндірістің тиімділігін арттырудың комплексті жүйесінің» ендірілуі Республика көлемінде оң пікірге ие болып, Шымкент қаласында тәжірибелік-семинар өткізілді. Облыста атқарылған жақсы істер мен нәтижелері туралы баяндаманы А.Асқаров жасады. Бұл мәселенің республикалық маңызы мен болашағы туралы баяндаманы Қазақ­­­стан Компартиясының өндіріс саласы бойынша хатшысы Н.Ә. Назарбаев жасады. Әрине, мұндай мақсатты жұмыстар облыс экономикасының дамуына тікелей әсер етумен қатар, облыстың елге танымалдығын арттырды және әлеуметтік мәселелердің шешілуіне мүмкіндік туғызды. Қалада демалыс аумағы құрылып, дендропарк, автодром, хайуанаттар паркі, балалар теміржолының құрылыстары басталды. Ішінара аппарат қызметкерлері арасында өзгеріс болды, мен өндіріс және көлік бөлімі меңгерушісінің орынбасарлығына тағайындалдым. Ұсынылған игі шараларды іске асыруды кәсіпорын басшылары түсіністікпен қабылдады. Құрылысқа байланысты ұйымдастыру жұмыстары обком хатшысы В.И. Николаевқа жүктелгендіктен, өндіріс пен көлік және құрылыс бөлімдерінің жауапты қызметкерлері де аянып қалған жоқ. Әсіресе, балалар теміржолын салудағы жәйттер естен кетпейді. Оны жобалаған институт бірнеше варианттарын ұсынды. Алғашқысы қаладағы Абай паркін айналу түрінде еді. Дегенмен, кең талдай келе халық көп жиналатын орталық стадионнан демалыс орнына дейін ұзындығы 5,6 км құрайтын нұсқа қабылданды. Оның артықшылығы тек балалар ермегі емес, олардың ата-аналарымен бірге сапар шегетін тасымалдауды да атқаратындығы болатын. Жол бойының оң жағы раушан гүлі плантациясы, одан әрі егістік, терең сайдың үстінен көпір салынып, биік қырлар арасынан өтуі, соңғы бекет жасыл желекке тірелетіндігі қалалық сәбилерге таңғажайып әсер ететін. Бекеттер архитектуралық ерекшелігімен айқындалды. Салынған құрылыстарға кәсіп­­­орындар өздерінің қалауы бойынша аттары жазылған тақталар орнатуына рұқсат етілді. Балалар теміржолы пайдалануға берілгеннен кейін Одақ көлемінде үздік атқа ие болуына ұсыныс та жасалынды. Бірде оңтүстік өңірдегі үш облысты энергиямен қамтамасыз ететін «Оңтүстік Қазақ­­станэнерго» мекемесінің басшысы келіп, Республиканың энергетика министрінің орынбасарлығына тағайындалғанын, ол туралы облыстың бірінші басшысына кіріп, алдынан өткені және өз орнына кім лайық екені туралы хабардар еткенін жеткізді. Кадрды дайындау және тағайындау ең өзекті мәселенің бірі еді. Басшы қызметтерге алдын-ала іріктеу, оларды мүмкін болатын сынақтан өткізу және қажетті уақытта оларды тағайындауға ұсыну үшін «резерв тізбегі» жасалынатын. Біраз уақыт өткен соң бөлім меңгерушісі В.С. Черненко орнында болғанына қарамастан, А.Асқаров өзінің қабылдауына шақырды. Қай мәселе туралы әңгіме болатынын болжап біле бермейтіндіктен, әдейі арналған папкіде ең қажетті құжаттар дайын тұратын. Солай болса да, естіген хабардан соң Оңтүстік Қазақстан энергия басшылығына дайындаған мамандар тізімін ала жүрдім. Асекең кірген бойда: «Кадрлық өзгерістерден хабарың бар ма?», – деді. «Иә, жаңа ғана естідім», – деп жауап бердім. «Онда қандай ұсыныстарың бар?» – деді. Біртіндеп кадрлар туралы мәлімет қағаздарын алдына қойып, айта бастадым. Асекең біз білетін мінездемеден басқа олардың әрқайсысының кемшіліктері туралы айта келіп, «бұдан басқа бар ма?» деді. Мен бұрынғы басшы айтқан кісінің құжатын ұсындым. Ол кісі ойланып отырып, бюро мәжілісіне дайында деп тапсырды. Асекеңнің кадрларға деген өзіндік көзқарасы бар екендігіне, оларға сыни көзқараста болатынына көзім жетті. Облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Н.С. Давыдов Жезқазған облысының бірінші хатшылығына тағайындалуына байланысты В.И. Николаев екінші хатшы, өндіріс пен көлік бөлімінің меңгерушісі В.С. Черненко өндіріс саласы бойынша хатшы болып сайланып, Орталық Комитеттің келісімімен ол кісінің орнына бөлім меңгерушілігіне бекітілдім. Ол кезде мансап қуу емес, тапсырған жұмысты абыройлы атқару маңызды болатын. Сондықтан экономика және саясат туралы білім беретін партияның жоғарғы мектебіне сырттай оқуға түсіп, оны санаулылардың бірі ретінде үздік бітірдім. Обкомның хатшысы В.И. Николаев басқарған қалалық партия комитеттерінің бірінші хатшыларымен Ленинград (Санкт-Петербург) қаласында өндіріс орындарын аралап, сол кездегі заманауи технология жетістіктерімен танысып, семинарлық дәрістерге қатысып, білім мен тәжірибе жинау мүмкіндігін пайдаландық. Біраз уақыт өткен соң бүкіл КСРО бойынша облыстық партия комитеттері өндіріс саласы меңгерушілерінің Мәскеудегі қоғамдық ғылым академиясында білім көтерудің бір айлық курсын бітірдік. Онда біздерге аттары әлемге танымал академиктер дәріс оқыды. Тыйым салынғанына қарамастан, қызметіміздің телефон анықтамасын жасатқызып, бәрімізге тараттық. Жұмыс барысында оның көп пайдасы тиді. Бірде Кентау қаласының бірінші хатшысы Н.Ш. Кабиров қоңырау соғып, эксковатор зауытының құрастыру барысында қажетті детальдің келмеуіне байланысты айлық жоспар орындалмайтыны туралы хабарлады. Жабдықтаушы зауыт туралы толық мәлімет алғаннан соң, Киев қаласындағы әріптесіммен хабарласып, туындаған қиын жағдайды жеткізгенімде, қажетті деталь Ташкент қаласына самолетпен жеткізілетіндігі туралы хабарлады. Солай болды да. Сыйластықтың арқасында, қолма-қол әрекеттің нәтижесінде зауыт өз жоспарын абыроймен орындады. Облыстың өнеркәсіп саласын және кәсіп­орындардың мемлекеттік жоспарды орындауларын қадағалайтын облыстық партия комитетінің жауапты үш бөлімі: химия өндірісі, жеңіл өнеркәсіп және халық тұтыну тауарлары. Сондай-ақ, өндіріс пен көлік бөлімі жұмыс істейтін. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселесі жүйелі түрде екі рет алдын-ала, сонан соң ай біткенде бюро мәжілісінде қаралатын. Мұнда обкомның арнайы хатшысы емес, үш бөлімнің жұмысы сарапталып, неге екені белгісіз, менің есебім тыңдалатын. Бөлімдердің жауапты қызметкерлері өз міндеттерін аса ұқыптылықпен атқаруға тырысатын. Кәсіпорындар жоспарының орындалуы туралы ағымдық деректер облыстық статистика басқармасының мәліметтеріне қарағанда, дәлірек болатын. Өйткені обком қызметкерлеріне өтірік айтылмайтын және жауапты қызметкерлер кәсіпорындардың жұмысын тереңірек қадағалайтын. Бірде бюро мәжілісінде жаңадан іске қосылған «Шымкентшина» зауытының айлық жоспарды орындай алмайтындығына байланысты өндіріс саласы бойынша облыстық жоспарды орындай алмайтындығымызды баяндадым. Асекең қандай ұсыныс бар деп, сұрақты тіке қойды. Уақыттың тығыздығына байланысты, облыстық «Қазмақта өндірісі» мекемесінің мүмкіндігін пайдалануға болатындығын жеткіздім. Өйткені «ақ алтын» саналатын мақта өніміне сұраныс жоғары еді. Егер дайын мақтаны тұтынушыларға тездетіп жіберетін болсақ, онда өнім құнына төленетін қаржы ай соңына дейін уақтылы келіп түседі. Соңынан жеңіл өнеркәсіп және халық тұтынатын тауарлар бөлімінің меңгерушісі келіп, «Қазмақта өндірісі» мекемесінің басшысы қабылданған шешім үшін менің атыма ауыр сөздер айтқанын жеткізді. Асекең халқы жиі орналасқан оңтүстік өңірге Алматы-Шымкент бағытында «Алатау» жүрдек жолаушылар пойызы қатынауын, мақталы аудандардың орталығы болып есептелетін Жетісайға әуежай салынып, Алматы, Шымкент қалаларына «Ан-24» ұшағымен жолаушылар тасымалдауды ұйымдастырды. Ол кісінің тікелей тапсырмасымен Жетісайдағы істерді қабылдап, үш аудан басшыларының қатысуымен өткен мереке-қуаныштың куәгері болғаным бар. Оңтүстік облыстың ерекшелігі, абыройы мен жауапкершілігін арттыратын мақта шаруашылығы. Ең қауыртты кезең – мақтаны теру мен жинау. Техникамен қатар, қол күші кеңінен пайдаланылады. Мектеп оқушылары мен арнайы білім ордаларының студенттері де мақта теріміне жаппай қатысатын. Жоспарлы экономиканың көрінісі – оңтүстікте өсірілетін қауын-қарбыз өнімдері Сібірге жіберілетін. Олардың пісіп-жетілуі мақта терімінің басталуына сәйкес келеді. Ұзақ жерге жеткізуге әдейі арналған вагон-рефрижераторлар мен Шеңгелді стансасынан әрі қарай мақталы аудандардағы теміржолдар Орта Азия теміржолына тиесілі болатын. Қарбалас шақта олар арнайы вагондарды өздеріне ғана бөліп, біздің облыстың шеткі аудандарының шаруашылықтарына қарапайым жүк вагондарын беру себебінен алыс Сібірге жеткенше қауын-қарбыз бұзылатын. Оңтүстік аудандар басшыларының өтініштеріне байланысты, Орта Азия теміржолының басшысына баруыма тура келді. Ол кісі жылы жүзбен қарсы алды. Менің көзімше селекторлық мәжілісте теміржол бөлімшесі мен тиісті станса басшыларына қажетті арнайы вагондармен қамтамасыз етуге нұсқау берді. Ризашылығымды білдіріп, қайтар жолда тапсырманың орындалғанына көзімді жеткізу үшін аудандарды аралап шықтым. Өкінішке қарай, еш жерде рефрижератор-вагондар берілмеген. Сондықтан, Өзбекстан компартиясының Орталық Комитетінің көлік және байланыс бөлімінің меңгерушісіне баруға тура келді. Ол кісі өтінішімнің орындалуын қамтамасыз етті. Кейін де телефон арқылы көптеген мәселелерді шешуде түсіністікпен қарады. Айта кеткен жөн болар, мақта терімі кезінде өз міндетімізбен қатар, қайсыбір совхоздарға көмек беру үшін облыстан өкіл етіп жіберетін. Әрине, ондай кезде совхоз шаруашылығына қажетті көлік, мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету, қосымша жұмыс күшін ұйымдастыру сияқты игі істерді атқаруға тура келеді. Кезекті бюро мәжілісінде тағы да «Шымкент­шина» зауытының айлық жос­па­ры­ның орындалмауынан облыс жоспарына қауіп төн­гені туралы мәлімделді. Кәсіпорынды бақы­лай­тын химия өндірісі бөлімінің меңгерушісі ауруханаға түскен. Асекең обком бюросының мүшесі, қаланың бірінші басшысы мәжіліске қатысып отырғанына қарамастан, маған дереу зауытқа барып, жоспарды орындауды қам­тамасыз етесің деп нұсқау берді. Мәжіліс біткен соң ол зауыт біздің но­мен­клатураға кірмейтіндіктен, өндіріс саласы хатшысы В.С. Черненкоға кіріп, алдынан өттім. Ол кісі бірден кесіп айтты: «Бармайсың, ол мәселе сенің бөліміңнің ісі емес!». Амал жоқ, екінші хатшы В.И. Николаевқа кірдім. Виталий Сергеевичтің зауытқа баруға тыйым салғанын хабарладым. Владимир Иванович «саған тапсырманы кім берді?» – деп, сұрақ қойды. «Бірінші басшы» дедім. «Олай болса, орында!» – деп тапсырды. Химия өндірісі бөлімінің нұсқаушысын шақырып, зауыт басшысының өндіріс барысы туралы өткізетін мәжілісі уақытын анықтап, оған бірге барып қатысатындығымды және менің баратындығым туралы тіс жармауын ескерттім. Мәжілісті зауыт директорының өндіріс жөніндегі орынбасары (директоры мен партком хатшысы жоқ болып шықты) жүргізді. Ол бөлім нұсқаушысын жақсы танитындықтан, сәлемдесіп, оның қасына жайғасқаныма аса көңіл бөлген жоқ. Мәжіліс барысын мұқият қадағалап, өзіне керекті деректерді жазып алып біткен кезде орнымнан тұрып, өзімді таныстырдым. Директор орынбасары сыртымнан жақсы таниды екен. Дегенмен келген себебімді, облыс басшысының тапсырмасын жеткізген сәтімде, қатты абыржып қалды. Мәжілісті қайта жүргізуге тура келді. Айтылған күрделі мәселелердің зауыт басшылығына тиістілерін атап көрсетіп, орындау мерзімін тиянақтап, өнімді тиісті тұтынушыларға жеткізу мен олардың уақытылы қаржы төлеу, тағы басқа да күрделі мәселелерді шешуге жәрдем беретіндігімді нықтап айттым. Шешім қабылдаған мезгілден жоспар орындалғанша күнделікті байланыста болатындығымызды қатаң ескерттім. Әйтсе де, айдың соңғы сағатына дейін тағатым таусылды. Абырой болғанда, белгілеген межеге қол жеткізіп, ай соңында обкомның бюро мәжілісінде облыстық өндіріс жоспарының орындалғаны туралы баяндадым. Обкомның кезекті бюро отырысында құрылыс бөлімінің меңгерушісін Асекең қатты сынға алды. Қорытындысында, бұдан былай оның тек құрылыспен шұғылданатынын басып айтты, ал құрылыс индустриясын (құрылыс материалдары, детальдар және конструкциялар, сондай-ақ, темірбетон зауыттары, т.б.) өндіріс пен көлік бөлімі (меңгерушісі Н.Балқияұлы) шұғылдансын деген шешім қабылданды. Әрине, қабылданған шешім орындалуы тиіс. Дейтұрғанмен, бөлім қызметкерлеріне үлкен салмақ түсіп, жауапкершілік артты. Бірде тамағым ұшынуына байланысты облыстық ауруханада обкомның идеология хатшысы Ы.Тілеубергенов жатқан бөлмеге тап болдым. Ағамыз іш-құрылысы дертімен жатыр екен. Операция жасар күннің алдында Асекең келіп, Ы.Тілеубергенұлына денсаулық тілеп, жанға жайлы әңгіме айтып,ақ тілегін білдірді. Айтқандай, бәрі сәтті болып, ол кісінің өз қызметін абыроймен жалғастырғанына куәгер болдық. Облыстың бірінші басшысының жеке кісілерді өтініш-арыздары бойынша қабылдау тәртібі ерекше болатын. Келгендерді обкомның бөлім меңгерушілері қарсы алып, айтылған мәселелерді мүмкіндігінше өздері шешіп, ең күрделі болғанда ғана үлкен басшыға алып кіретін. Бірде сондай қабылдауға қария әже келді. Химия технологиялық институтында оқитын немересі қаладағы темір қысыммен өңдеу жабдықтарын шығарушы өндірістік бірлестігі директорының бір курста оқитын баласымен шекісіп қалғанына байланысты тергеу қозғалып, істің сотқа жіберілуіне байланысты әділдік іздеп келіпті. Негізгі себеп – директордың баласы әлгі әжейдің немересінің арына тиетін ауыр сөз айтқаны белгілі болды. Бұл жағдайды Асекеңе жеткізгенімде, облыстық прокурор мен сот төрағасын шақыруды тапсырды. Шақырылған кісілермен бірге кіргенімізде, жауапты қызметкерлер шынымен сот ісі қозғалып, айыпталушыға жаза белгілеу жоспарланғанын хабарлады. Асекең өзінің ұяң даусымен әңгімесін бастады. Оқиғаның байыбына терең мән берді. Ең алдымен, болған жәйт жастарға тән албырттық, оның ар жағында ұлттық намысқа тіл тигізілген, жәбірленушінің тәніне дақ түспеген. Елім, жерім деп жан беретін жастарымызды қолдамасақ, ел тағдырын кім шешпек? Қандай қызмет атқармасын, елдің татулығы мен бірлігіне сызат түсіруге бола ма? Отанымыздың ары мен намысы бәрімізге ортақ, оны қорғау парызымыз емес пе? Әлде сендер бала болмадыңдар ма? Олай болса, бұл оқиғаны өршітпей, екі жақтың өзара түсіністігін қамтамасыз еткен жөн болар. Түптеп келгенде, мәселе оң шешілді. Мәскеудің қайта құрылу атты басталған шараларына сәйкес, облыстық партия комитетінің жауапты қызметкері ретінде бюро мәжілісінде алғашқылардың бірі болып есебім тыңдалып, мінездемем бекітілді. Обкомның бөлім меңгерушісінің авто­кө­лігіне автобус соғылып, қайғылы оқыс жағ­дай орын алғанына байланысты, Шымкент қаласындағы жолаушылар тасымалдайтын кәсіпорындардың басшылары обкомның өндіріс және көлік бөлімінің кадрлық номенклатура тізіміне кіргізіліп, кінәлі автобус жүргізуші жұмыс істейтін кәсіпорын басшысының қызметінен босатылуына байланысты кадрларды іріктеу барысында тізімде тұрғанның бірі туралы облыстық ішкі істер басқармасынан айыпталған хат келіп түсті. Соған қарамастан, оны қызметке қою туралы қоңыраулар болды, тіптен, қатты құрметтейтін Республика деңгейіндегі жиен ағайым да хабарласты. Көп ұзамай обком хатшысы кабинетіне шақырып, бос орынға мына кісіні неге ұсынбайсың деп бірден дүрсе қоя берді. «Кешіріңіз, қазір» дедім де, жылдам барып ішкі істер басшысының ресми мәліметін қолына ұстаттым. «Оқып шығыңыз, егер жауапкершілікті мойныңызға алсаңыз, ұсынысыңызды дайындаймын» дедім. Хатты оқып шығып, алдыма лақтырып тастады, ештеңе демеді. Мен шығып кеттім. Келесі обкомның бюро мәжілісінде Асекең «осы күні кейбір бөлім меңгерушілері кадр мәселесін өздері шеше бастапты, олай болмайды»,– деп ой салды. Аз уақыт өткен соң кезектен тыс бюро мәжілісінде бірінші басшы осы мәселені қайта көтеріп, бұл жолы әңгіме өндіріс және көлік бөлімі туралы екенін ашып айтты. Мәселенің шиеленіскенін түсіндім де, обкомның екінші хатшысы В.И. Николаевқа кіріп, қызметтен өз еркіммен кететінімді жеткіздім. Ол кісі бірден қарсы болып, «сен әбден шаршаған екенсің, демалысқа барып, емделіп қайт» – деп, кесіп айтты. Демалыс алып, Есентукиде ем қабылдап оралған соң жұмысқа келсем, орнымда Мәскеуден келген партия Орталық Комитетінің ұйымдастыру бөлімінің сектор меңгерушісі отыр. «Кешіріңіз, сіздің жұмыс орныңызды пайдалануға тура келді», – деді. Мен де рұқсатсыз кіргеніме қолайсызданып қалғанымды жеткіздім. Рұқсат сұрап, сейфтен қажетті құжаттарымды алып, басқа кабинетте жұмысымды жалғастыруға тура келді. Мәскеуден келген топ – ішінде Орталық Комитеттің партиялық бақылау комиссия мүшесі де бар, біздің жұмысымызды тексерумен шұғылданды. Облысқа деген Мәскеудің ұзаққа созылған қатаң саясаты үлкен әбігер туғызып, қиын күндерді бастан кешірдік. Соңы немен тынғаны елге белгілі. «Жорғалай түс, қаламым!» атты өлеңінде Асекең: ...Елім мені біледі, Мен де елімді білемін. Ел тағдырын үнемі Ойланумен жүремін, – дегені өмір шындығы, оған қызметтес болған жылдары көз жеткіздік. Дос дегенім қас болып кездесті ме, не болды. Адам десем сайтан боп, жол кесті ме, не болды. Мәңкеңдеген қулардың бүркенгенін білмедім, Сиқырлықпен жаныма сүйкенгенін білмедім, – деген өлең жолдары жүректен шыққан лебіздері болар. «Қуаныш» деген өлеңінде: Кездессе қайғы-мұңға жасымаған, Есіріп қуанышта тасымаған. Барлығын ақылменен барлайтұғын, Сол нағыз парасатты, асыл адам, – дегеніне қосып-аларымыз жоқ. Қиын күндерін артқа тастап, қасиетті Түркістанға келгенде өзімнің «Жазушы» баспасынан шыққан «Сиқыр сөз» атты тұңғыш әдеби-публицистикалық кітабымды сыйға тартқанда Асекең ризашылықпен қабылдады.  

Нұридин БАЛҚИЯҰЛЫ,

М.Тынышбаев атындағы

Қазақ көлік және коммуникация

академиясының профессоры

Серіктес жаңалықтары