Алтыннан түйме түйіп, күмістен көзе соққан...

Алтыннан түйме түйіп, күмістен көзе соққан...

Алтыннан түйме түйіп, күмістен көзе соққан...
ашық дереккөзі
833
Зергерлік өнерді қазақ халқы қанша жоғары бағалайды десек те, бүгінгі ұрпақ мұны мойындамай жүрген тәрізді. Себебі бүгінгі жас ұрпақ ұсталық, зергерлік өнер дегенді ұмыт қалдырды. Жаһандану дәуірінің құрсауына түскен жастар ұсталық пен зергерлікті ортақол жұмыс көріп, мұндай өнердің қасиетін естен шығарып алғаны өкінішті-ақ.  Қазір Қазақстанның кез келген­ түкпірінен зергерлік дүкендерді оңай табуға болады. Ол дүкендерде қыз-келіншектерге арналған әшекей бұйымдардың сан түрін табуға мүмкіндік бар. Өкініштісі, бұйымдардың барлығы шетелдік туындылар. «TAIRA Diamonds», «ROBERTO Bravo», «Русский ювелир», «Магия золото» секілді шетелдік брендтер әшекей бұйымдар тағатын нәзік жандыларға жақсы таныс. Бұл брендтерді шетелге шықпай-ақ, өз елімізде сатып алуға болады. Сол шетелдік брендтермен тайталаса алатын ұлттық брендтерімізді неге қалыптастырмаймыз? Қолдан келмейтін шаруа емес. Бірақ бұл мәселеге назар аударатын ықпалды жандар табылмай тұр. Қазір елімізде «Қазақ ювелир» деп аталатын зергерлік орталық жұмыс істеуде. Аталмыш орталықта қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен әрленген, қазақи үлгіде жасалған сан түрлі әшекей бұйым бар. Өнімдердің бағалары да алуан түрлі. Мұндай орталықтар көп болуы қажет. Бір ғана орталық барлық сұранысты қамти алмайтыны белгілі. Сондықтан, осы тәрізді орталықтардың санын арттырып, өз ішіміздегі бәсекелестікті арттырса, ешкім қой демес еді. Шетелдіктердің жаңа туындыларына таңданып күтіп отыратын уақыт әлдеқашан өткен. Қазір өзіміз таңдандыруға тырысатын кез. Атадан балаға мирас болған бекзат өнердің бүгінгі тынысы тарылып отырғаны айтпаса да түсінікті. Сөйте тұра, «зергерлік өнерді қалай кәсіпке айналдырсам, қалай жастардың қызығушылығын оятсам» деп жанталасып жүрген жанашырлар бірді-екілі болса да бар. Бірақ жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпайтынын ескерсек, санаулы зергердің шырылынан бұл өнерді аяғына нық тұрғызу қиындау. Дегенмен соңғы жылдары елімізде ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдар қайта сәнге орала бастағандай. Қазір ұлттық ою-өрнектермен безендірілген сырға, сақина, білезік, алқа тәрізді әшекей заттарды қыз-келіншектердің бойынан жиі көретін болып жүрміз. Әсіресе, бұған жастар ерекше назар аударып, қызығушылық танытуда. Ал ұзату тойларында қыздардың тек қазақы үлгідегі көйлек пен әшекей бұйымдар пайдалануы көңіл қуантады. Қазақтың дәл осындай өнері мәңгілік болса екен деп іштей тілейтініміз рас. Бірақ сол мәңгілік өнерді сақтап қалу қолымыздан келер ме екен? Оны сақтап қалудың қандай жолдары бар? Ең алдымен, жоғарыда айтылғандай зергерлік, ұсталық өнерді үйрететін орталықтар ашу, бұл өнерді оқу орындарына арнайы пән ретінде енгізуді қолға алу керек. Орталықтарда білікті зергерлер шәкірт тәрбиелеп, жастарды осы өнер түріне баулыса, ұлттық өнеріміздің мәңгілік болуына аз да болса үлес қосар еді. Сондай-ақ, елімізде зергерлік бұйымдардың көрмелері ұйымдастырылып тұрады. Қазақ зергерлерінің басын қосып, ұлттық бұйымдарымызды елге таныстыратын мұндай шаралардың жиі ұйымдастырылуы қажет. Жылына бір немесе екі рет ұйымдастырылған шара арқылы бұл өнерге деген көптің қызығушылығын арттыру мүмкін емес. Бұл саладағы басты мәселе – елi­мiз­де зергерлiк өнермен айналысатын мамандардың тапшылығы болып тұр. Себебі жоғары оқу орындарында түрлі металдан әшекей бұйымдар жасайтын мамандар дайындалмайды. Қазір зергерлік дүкендерде қызмет етіп жүргендердің 95 пайызы бұл кәсіпті өз бетімен оқып үйренгендер. Мамандардың айтуынша, қолөнердің барлық саласының дамуына негіз болатын – бейнелеу өнері. Сондықтан әшекей бұйымдарды жасаушылар өз кәсібін меңгеруде ең алдымен кәсіби суретші болуы тиіс екен. Бүгінгі күні шығармашылықпен айналысатын жастар үшін мамандық түрлері жеткілікті-ақ. Жалпы, адам баласы дүниеге келгеннен бастап бойында жаңа идеяларды жүзеге асыруға шебер шығармашылық қабілет болады. Мұны ғалымдар қапысыз дәлелдеген. Алайда мұндай шығармашылық қабілет көбіне адам бойынан сыртқы ортаның әсерінен жойылады. Барлық балдырғандар бала күнінде сурет салатыны анық. Көбіне сол қолына қалам ұстаған баланың ары қарай ой-қиялын шарықтатуға ата-аналары мүмкіндік бермей жатады. Тума таланттар бізде қазір де бар. Тек оларды зергерлік өнерге баулуды қолға алу керек. Қолөнерге жаны жақын болса да, баласын нарық заманына сай экономист пен қаржыгердің оқуына жіберетін ата-аналар қатары аз емес. Әрине, зергерлердің қолынан шыққан ерекше туындылардың қадірін түсінетін жандар жоқ дей алмаймыз. Бірақ көбінесе жергілікті зергерлердің қызметіне адамдар қандай жағдайда жүгінеді? Көбіне шетелде жасалған әшекей бұйымдарын қалпына келтіру немесе тазалату үшін ғана зергерлердің шеберханасына бас сұғып жатады. Қырық-елу жастағы шеберлердің көпшілігі зергерлік өнерді бала күнінен жанына серік етіп, соны өзінің кәсібіне айналдырғандар. Олар бүгінде күнкөріс қамы үшін базарларда кішігірім шеберханаларын ашып, сол жерде өзінің тұтынушыларына қызмет көрсетеді. Күн сайынғы табатын табыстары да әртүрлі. Кез келген зергерлік бұйым – халықтық қолданбалы өнердің жемісі, көркем ойдың көрінісі. Жалпы, әшекей бұйымдар арқылы әр халықтың өзіндік сыр-сипаты, өнерге деген көзқарасы, ұлттық тағылымы мен қоршаған ортаға деген таным-түсінігі байқалып тұрады. Әр халықтың зергерлері жасаған бұйымдарда ортақ сипаттармен бірге түрлі айырмашылықтар да болады. Қазақ зергерлері әу бастан өздерінің қолтаңбаларын сақтай отырып, адамзатқа ортақ, биік талғамға сай бұйымдар жасауды әдетке айналдырған. Негізінен, қазақ халқындағы зергерлік өнер сонау ерте замандардан, алғашқы тайпалық бірлестіктерден бастау алады. Бұл сөзімізді Қазақстан аумағындағы түрлі қазбалардан табылған қолөнер ескерткіштері, әшекей бұйымдар дәлелдейді. Мәселен, мыс, қола, темір дәуірлеріндегі қазбалардан шеберлердің зергерлік өнермен айналысқанын айғақтайтын жеке заттар табылғаны белгілі. Археолог ғалымдардың зерттеуі бойынша, бір ғана «Алтын адамды» безендірген әшекейлердің саны 3 мыңға жуық болған. Шын мәнінде қазақ халқының зергерлік мұрасы өте бай. Мұндай күрделі өнер түрінің кеңес дәуірінде тоқырап қалғаны жасырын емес. Зергерлік өнерді тек үстем тап өкілдеріне қызмет етуге арналған ескіліктің қалдығы деп санаған асырасілтеушілердің кесірінен бұл өнер түрі көп жылдар бойы қағажу көрді. Дегенмен мұндай тосқауылдар тамырын тереңге жайған халықтық өнерді өшіре алмайды. Ата-бабадан жалғасқан өнер түрі еліміз егемендік алғаннан кейін қайта қалпына келе бастады. Қазір Қазақстан дербес ел атанып, әлемнің дамыған елдерімен терезесі тең өмір сүруде. Халықаралық аренада аты атала бастаған жас мемлекетке қызығушылық танытып, ат басын бұратын шетелдіктердің қатары да көбейген. Алыстан ат арытып келген шетелдік қонақтар міндетті түрде қазақ халқының мәдениеті, әдебиеті, өнері, тарихымен танысады. Әсіресе, сырттан келген саяхатшылар қазақтың зергерлік бұйымдарына қызығушылық танытып жатады. Осыны тиімді пайдаланып, зергерлік өнермен айналысатын жандарға мемлекет тарапынан қолдау білдірілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Серіктес жаңалықтары