Жамбыл студенттері жатақханамен қамтылады

Жамбыл студенттері жатақханамен қамтылады

Жамбыл студенттері жатақханамен қамтылады
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Бес бастаманың» бірі ретінде студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге айрықша назар аударғаны белгілі. Студенттерді жатақханамен қамту – Елбасы тапсырмасы. Сондықтан, алдағы 4 жылдың ішінде бұл мәселе түбегейлі шешілуі керек. Жергілікті биліктің бұл іске жедел кірісуі маңызды. Осы жағдайға байланысты Жамбыл облыстық әкімдігінде семинар кеңес өтті. Жиынға ҚР Ұлттық экономика министрлігі «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының» өкілдері арнайы келіп, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік  аясындағы тірліктердің тиімділігін түсіндіріп,  бизнес құрылымдарын жатақхана салуға шақырды. Ұлт көшбасшысының бес әлеуметтік бастамасының үшінші бағыты бойынша 2020 жылға дейін 75 мың орынға жатақхана салу міндеттелген. Бұл оңай шаруа емес.  уақыт тығыз. Мамандардың зерделеуінше, 4 жылдың ішінде аталған тапсырманы толықтай орындау қиынға соғуы мүмкін. Сондықтан, бұл іске мемлекеттік-жекеменшік механизмді қосу арқылы біраз нәрсеге қол жеткізуге болады.  Яғни, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік Жамбыл облысындағы студенттердің 66 пайызы жатақханамен қамтылған. Өңірдегі 49 колледждер бойынша 750 орынға жатақханаға қажеттілік бар. Жатақхана тапшылығы өңірдегі жоғару оқу орындарында да сезіледі. Мемлекет қазір жатақхана саламын деген кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге дайын. Айта кетерлігі, нысанды нөлден бастап салу міндетті емес. бұл ретте бос тұрған ғимараттарды мақсатты пайдаланып, жатақханаға айналдыру мүмкіндігі де бар. Тек ол ғимараттың соғылған мерзімі 50 жылдан аспауы керек. Сондай-ақ, ол нысан келісім-шартқа сәйкес, жатақханалық қызметтен өзге мақсатқа пайдаланылмауы тиіс. Ал егер, ғимарат бес қабатты болып, оның тек төртеуін ғана жатақхана қыламын десе, кәсіпкердің өзге қабаттарды студенттерге қажет компьютерлік орталық, кітапхана немесе өзге де қызмет көрсетуге бағыттауына болады. Министрліктен келген қонақтар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмінің тиімді тұстарын терең түсіндіріп берді. Жиында түрлі ұсыныс-пікірлер айтылып,  қатысушылардың сауалдарына жауап берілді. Сонымен қатар, Тараз қаласындағы Жамбыл даңғылының бойында орналасқан «Тараз» қонақүйі Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің жатақханасы болады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған бұл ғимараттың жалпы аумағы 7656,2 шаршы метрді құрайды. 6 қабатты ғимараттың әр қабатында қырық бөлме бар. Осылайша, 400 орындық жатақхана биыл дайын болады. Аталған университет «Тараз» қонақүйін өз қаражатына сатып алып, ғимараттың кей бөліктерінде жөндеу жұмыстарын бастап та кетіпті. Университеттің тәрбие және стратегиялық дамыту жөніндегі проректоры Санат Әшірбеков алдағы уақытта бұл ғимараттың 400 орындық Студенттер үйіне айналатынын айтады. Биылғы жылдың өзінде 200 студент жатақхана алуға сұраныс беріпті. Ал күзге қарай тағы 160 студентті үймен қамту жоспарлануда. Бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін табады. Қонақүйдің әр қабатындағы 40 бөлменің әрқайсысын екі адамдық бөлме ретінде жабдықтау жоспарлануда. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетіне шетелден және еліміздің өзге өңірлерінен келіп қызмет атқарып жүрген ғалымдар мен профессорларды, сондай-ақ жас мамандарды аталған оқу орны осы уақытқа дейін қызметтік пәтерлермен қамтып келген. Енді қайта жаңғыртылып жатқан жатақханадан оларға бөлмелер беріледі екен.  Бұрынғы «Тараз» қонақүйі, бүгінгі Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің жатақханасында студенттердің өзін-өзі дамытуға арналған кабинеттер, сабаққа дайындалу, психологиялық көмек көрсету бөлмелері, интернет-кафе, кітапхана, спортзал және түрлі үйірмелер ашылады. Мұның бәрі жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына, сонымен қатар өзін-өзі дамытуына септігін тигізбек. Жатақханада тұру ақысы студенттерге қолайлы, өңірдегі өзге оқу орындарындағы жатақхана бағасынан аспайтын деңгейде белгіленетін болады.