Жамбылда цифрландыру ісі жандана түсті

Жамбылда цифрландыру ісі жандана түсті

Жамбылда цифрландыру ісі жандана түсті
ашық дереккөзі
277
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында салаларды цифрландыру мәселесіне айрықша назар аударған болатын. Бұған дейін Елбасы тапсырмасымен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы іске қосылды. Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде аталмыш бағдарлама бойынша табысты жұмыс жүргізіліп келеді. Жамбыл облысында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында электр энергетикасы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына цифрлық технологияларды енгізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Шын мәнінде, инфрақұрылым мен тұрғын үй кешенінің барлық саласы бір терезе қағидаты бойынша құрылады. Баршаға белгілі, отандық коммуналдық қызметтерді модернизациялау және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту міндеті «Аймақтарды 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасы» арқылы іске асырылады. Соның нәтижесінде, көптеген үрдістер автоматты режимге ауыстырылады,. Бұл бірінші кезекте тұрғындар мен коммуналдық қызметкерлері үшін тиімді. Сонымен қатар, тұрғын үй секторы әлдеқайда ашық, қарапайым және тиімдірек болады. Жүйенің пайдаланушылары, ең алдымен, өздерінің үйі мен пәтері туралы ақпаратқа қол жеткізе отырып, мемлекеттік қызметтердің нақты тұтынылуын бақылай алады. Тұрғындар үшін желіде шағымдар мен ұсыныстар жасауға да мүмкіндік туады. «Бұл жүйенің мақсаты – елімізге экожүйені енгізе отырып, барлық ақпараттық ресурстар мен жүйелерді жинау. Нәтижесінде, тұрғындар үшін коммуналдық қызметтің жұмысында ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, яғни олар өздерінің шығындарын, қарыздарын көре алады. Арыз-шағымдарын жіберуіне болады. Ал мемелкет коммуналдық қызметтің жұмысын қадағалап, шағымдар мен өтінімдерді қарай алады. Сондай-ақ, монополиялық субьектілердің жұмысын жеделдетеді», – дейді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту орталығы басшысының орынбасары Қуандық Бекенов. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай интеллектуалды ақпараттық жүйесі енгізілгенде тұтынушылар нақты тұтынылған ресурстарға ғана төлем жасайды. Бұл өз кезегінде, басқару компанияларының, мемлекеттік органдардың және коммуналдық қызметтердің жұмысын жеңілдетіп, халыққа бір терезе қағидаты бойынша қызмет көрсететін болады. Жамбыл облысында цифрландыру сот өндірісі сапасын да айтарлықтай арттыра түсті. Аймақта пилоттық жоба алғаш рет енгізіліп отыр. Енді судьяға іс материалдар тіркелген сәттен бастап электронды түрде қолжетімді болады. Яғни тың жүйенің тиімділігі арқасында тергеушінің, адвокаттың, сарапшының әрбір процессуалды іс-қимылы көрініп тұрады. Бұл – судьяға істі жан-жақты түсініп, әділ жүргізуіне үлкен мүмкіндік. Процеске қатысушылар, оның ішінде қорғаушы да іспен қашықтан таныса алады. Мәселен, биыл электронды түрде 79 азаматтық іс қаралған. Цифрландыру саласындағы жаңа технологиялар уақытты тек үнемдеп қана қоймай, коммуникация мен басқарушылықты жеңілдетуге өз септігін тигізуде. «Жамбыл облыстық соттарына әкімшілік істердің 98,2 пайызы цифрлы форматта түседі. Сонымен қатар қазіргі таңда заңдылық судьяға көмек модулі ретінде бағдарламасы енгізілді. Бұл бағдарлама сот судьяға, сотталшыларға жаза тағайындауға өз ықпалын, өз көмегін тигізіп жатыр», – дейді Жамбыл облыстық сотының судьясы Ғалым Құлекеев. Жамбылда руханияттың қазығына айналған кітапханаларды цифрландыруға басымдық беріле бастады. Қазіргі таңда Жамбыл облысында 288 кітапхана болса, олардың қорында 4 миллионнан астам кітап бар екен. Оның 243 мыңы Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына тиесілі. Оқырман мен кітап арасын жалғастырушы мекемеде 5 мың 705 кітаптың электрондық нұсқасы жасалды. Цифрландыру жобасы аясында мекемедегі 10 мыңнан астам құнды кітаптың 5 мың 588-і,  «Шоқан асулары» бағдарламасы бойынша 40 кітап, жергілікті ақын-жазушылардың 77 жазбасы электрондық жүйеге көшірілді. Әзірге кітапхана қызметкерлері 20-ғасырдың ортасына дейінгі шығармалар мен ақын-жазушылармен келісімшарт жасалған кітаптарды цифрландырып жатыр. Әр кітапты сканерлеу оқулықтың қалыңдығына байланысты. Мәселен, 300 беттік кітапты сандық форматқа көшіру үшін шамамен 2 жарым сағат уақыт керек. Цифрландыру дәуіріне енген кітапхана ұжымы бүгінде үш бағытта жұмыс істеп жатыр.    

Серіктес жаңалықтары