АҚШ кино экранында — «ӘМІРЕ»

АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында халықаралық Hollywood Film Festival кинофестивалі өтуде. Аталған сайыстың бірінші кезеңінде «Әміре» фильмі Silver Screen Award жүлдесіне ие болды. Қазақтың тенор дауысты біртуар әншіcі Әміре Қашаубаевтың ғұмырын баяндайтын фильмнің жарыққа шыққанына көп бола қойған жоқ. Сөйте тұра көптің ықыласына бөленген «Әміре» шет мемлекеттерде ел тарихын танытуда. Hollywood Film Festival-дің алғашқы кезеңінде Silver Screen Award жүлдесіне үміткерлер қатарына байқауға қатысатын әр елдің бірнеше фильмі ұсынылған болатын. Бұл кезеңде Қазақстан атынан үш толықметражды және үш қысқаметражды фильм таныстырылған. «Әміре» картинасымен қатар «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарған үш фильм бақ сынады. Нақтырақ айтқанда, толықметражды фильмдер байқауында Төлеген Байтөкеновтің «Саташ» фильмі және Елжас Рақымбековтің «Эль Фриман» картинасы, ал қысқаметражды фильмдер бөліміне Берік Жақановтың «Асан» фильмі қатысты.

«Әміре» фильмі енді Франция, Германия, Чили, Жапония мен Швеция сынды басқа да 16 мемлекеттен қатысатын фильмдермен бірге фестивальдің басты жүлдесі үшін бақ сынайды. Аталған фестивальде фильмді режиссер Джефф Веспа таныстыратын болады. Жаңа таланттарды ашатын және тәуелсіз киноны насихаттайтын голливудтық кинофестиваль 1997 жылдан бастап өткізіліп келеді. «Үлкен оқиғалар әлемді өзгертетінін және әлеміміз өзгерістерді күтетінін білеміз. Сонымен қатар, Голливуд ‒ әлемдік мәдениетті жырлайтын тәуелсіз кино суреткерлер қатары жиналатын тиімді әрі беделді орта», ‒ дейді Hollywood Film Festival кинофестивалінің ұйымдастырушылары.

Back to top button