Өлеңнен маржан терген

Өлеңнен маржан терген

Өлеңнен маржан терген
ашық дереккөзі

Ел-жұрттың аузында өлеңі жатталып, әуезді әні шырқалған, сондай-ақ, лирика, сатира жанрына қалам тербеген көрнекті ақын Әбдірахман Асылбек туралы осылай өткен шақта сөйлейміз деп кім ойлаған?

Ол 80 жыл ғұмырында 1000-ға жуық әнге сөз жазып, 30-дан астам жыр жинағын шығарған. Артында мол мұрасы, таусылмас қазынасы қалған ақын жүрегі мәңгілікке тоқтады. «Жар-жар» мен «Желтоқсан желін» білмейтін қазақ кемде-кем. Бірі – тойдың сәнін келтірсе, екіншісі – ел жастарының тәуелсіздік алуға ұмтылған ерік-жігері мен сол уақыттың тынысын көз алдыңызға әкеледі. Халықтық әндерге айналып кеткен туындылардың сөзін жазып, балалар әдебиетіне сүбелі еңбек сіңірген ақын өмірінің соңғы жылдарында қасиетті Құран Кәрімді өлең тілімен жазып шығуға бекінген болатын. Уақыты жетіп, сағаты соққанша ол парызын да орындап кетті. «Қасиетті Құран – мәңгілік мұраң» атты тәржіма кітабы жарық көрді.  «Өзі өлгенімен, сөзі өлмейтін» талант иесі әдебиет пен мәдениетке ұшан-теңіз еңбек сіңірді. Қазақ руханиятында, әсіресе, ән өнерінде өшпес ізі қалды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Әбдірахман Асылбек Жамбыл облысы, Талас ауданына қарасты Үшарал ауылында жарық дүние есігін ашты. Ақынның балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Оның іштей ширығып, рухани тұрғыдан қайралып шығуына заманның сол бір кесапаты да ерекше әсер еткен секілді. Небәрі 17 жасында «Бейбітшілік бақшасы» және «Жауды аяған жаралы» атты шығармалары баспа бетінде жарық көрді. Бұдан соң тура 6 жылдан соң, яғни 1961 жылы алғашқы жыр жинағын оқырман қауымға ұсынды. Сол уақыттан бері ақынның 30-дан астам кітабы оқырманға жол тартты. Әбдірахман Асылбек  Қазақ КСР Министрлер кеңесінің баспа, полиграфия бөлімінде, Жазушылар одағының әдебиетті насихаттау бюросында қызмет етті. Сондай-ақ, «Жазушы», «Жалын» баспаларында, Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облыстық бөлімшесінде, республикалық «Әділет», «Мәдениет», «Заң», «Көзқарас» газеттерінде қызмет істеген. «Заңгер» журналында бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, ҚР Бас Прокуратурасының «Құқықтық Қазақстан» газетінің Бас редакторы қызметін атқарған. Биыл ақынның 80 жылдық мерейтойы аталып өтті. Сол кезде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет жылы лебізін арнап, «Өлеңі жазыла салып, сиясы кетпей жатып әнге айналып, көпшіліктің жүрегін тербеп кететін өлеңдер болады. Ағамыздың әрбір өлеңі солай. Туа салып әнге айналып жататын өлеңдер» деген еді. Оның ендігі ғұмырын ақынның жырлары мен рухани мұрасы жалғастырары күмәнсіз.

«Түркістандықтар»

Әбдірахман Асылбек аға өмірден озарынан бір апта бұрын редакциямызға келіп, Түркістан қаласының облыс орталығына айналғанына орай өлең жазғанын айтып, реті келсе газет бетіне жариялауды сұраған еді. Тіпті, осы мәтінге ән шығарып, марш жазамын дегендер болса, қалауына ұсынамын дегенді де айтқан. Алайда бір апта өтер-өтпестен суық хабар келіп жетті. Ағамыздың аманатын орындауды парыз санап, сол өлеңді жариялауды құп көрдік. Егер өлеңге тамаша ән жазылып жатса, қазақ руханиятын толықтырар дүние болатыны сөзсіз.   

 ТҮРКІСТАН

Қазақтың дарқан даласы Елдік пен кеңдіктің саласы: Алтай мен Атырау арасы, Астана, Түркістан қаласы.   Түркістан – алтын кент алдағы, Арайлап атады таңдары. Айналып келеді шындыққа Мұстафа Шоқайдың арманы.            Қайырмасы: Түркістан, Түркістан – Түркілер елінің түндігі. Түркістан, Түркістан – Түркілер елінің бірлігі.   Қияннан көз тартқан ажары Ахмет Ясауи мазары. Санаға сіңірген сәулесін Рухани байлықтың базары. Түркістан – киелі мекенім, Өзіңді мақтаныш етемін. Мұсылман қауымы бас иген Екінші нұсқасы Меккенің.           Қайырмасы:   Күміс күн күлімдеп көгінде, Рухы нұр құйып көңілге, Қазақтың хандары, билері Жатыр ғой Түркістан төрінде.   Ұқсаған түрі де, тілі де, Ұстаған ортақ діл,  діні де. Қазағым түркі елі ішінде Алдыңғы қатарда бүгінде.