Жайлы жол, жайдары жүргізуші

Жайлы жол, жайдары жүргізуші

Жайлы жол, жайдары жүргізуші
ашық дереккөзі
369
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың қаңтар айындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту мақсатында автожолдарды жөндеу қажеттігін тілге тиек еткен. Бүгінде бұл тапсырма еліміздің басты экономикалық орталығы саналатын Алматы қаласында сәтті жүзеге асып келеді. «Ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемін көбейту керек. Осыған жыл сайын бөлінетін бюджет қаражатының жалпы көлемін орташа мерзімдегі кезеңде 150 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Бұл жұмысқа өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын қамтамасыз ету керек», – деді Елбасы Жолдауда. Осыдан кейін Алматы қаласының әкімдігі, оның ішінде Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жұмысқа білек сыбана кірісті. Тіпті, таяуда Алматы көлік жүйесін кешенді реформалағаны үшін ақылды қалалардың Еуропалық форумының жоғары марапатына ие болды. Конкурс комитеті Алматының көлік реформасын жүйелі жүргізгенін, қоғамдық көліктегі табыстың ашықтығына цифрлық технологияны ұтымды пайдаланғанын, кірісті көлеңкелі айналымнан шығарғанын, жаяу жүргінші және қоғамдық кеңістікті модернизациялау нәтижесінде экологияны жақсартуға басымдық бергенін және басқа негізгі критерийлерді жүзеге асырғанын атап өтті. Биыл Алматы қаласы үшін ғана емес, республика үшін маңызы бар Мемлекет басшысының инфрақұрылым бағдарламасы бойынша жоспарланған Үлкен Алматы автомобиль айналма жолының құрылысы басталды. Ұзындығы 66 шақырымды құрайтын 6 жолақты алып жол төрт жылда салынып бітпек. Алматыны айналып өтетін автомобиль жолы I техникалық санат бойынша салынады. Бұл өз кезегінде Алматы қаласының аумағындағы қозғалыс ағынын азайтуға, транзиттік көліктер санын қысқартып, экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жоба үздіксіз және қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етеді. Оған қоса Еуропа мен Азия арасын жалғайтын автокөлік дәлізімен жүретін қозғалысқа да дем бермек. Құны 180 млрд долларды құраған жол құрылысына 200-ге жуық техника мен 3 мыңнан астам жұмыс күші тартылады. Бір қуантарлығы, құрылысшылардың 90 пайызын жергілікті азаматтар құрайтын болады. Құрылыс жұмысына бетон, цемент, қиыршық тас сияқты түгелдей дерлік отандық өнімдер қолданылмақ. Үлкен айналма жолды салуға бұған дейін еліміздегі Ақтөбе-Қостанай, Бейнеу-Атырау, Алматы-Қордай сынды үлкен жолдардың құрылысына қатысқан түрік және корей компаниялары жұмылдырылған. Сонымен қатар, Алматының 157 көшесі күрделі жөндеуден өтті. Бұл мәселені көктемде шаһар басшысы Бауыржан Байбек шегелеп айтқан болатын. Жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталуы тиіс. Сондай-ақ, қаладағы 24 көшенің бордюрлері толық жаңарып, көшелердің 43 пайызының жеке бөліктері қайта жасалды. Айта кетейік, көктемде қала басшысы Бауыржан Байбек мердігер компаниялардың тайм-менеджментке мұқияттылық таныту керектігін бас айтты. Мәселен, мердігер мекеме жолдың небәрі 5 шақырымын жөндеуді мойнына алса, оны қарашаның қара суығына дейін созудың қажет еместігін ескерткен еді. Сонымен бірге, келер жылы Алматы қаласы мен Талғар қаласы арасындағы автомобиль жолы күрделі жөндеуден өтпек. Әсіресе, жолдың Тұздыбастау кенті мен Талғар қаласы арасындағы 12,5 шақырым бөлігі үлкен қауіп туғыза бастаған еді. Сондықтан да келер жылдан бастап Алматы-Талғар күре жолы толықтай күрделі жөндеуден өтіп, заманауи келбет алатын болады. Оған республикалық бюджеттен 650 млн теңге бөлініп, жол бойында тротуарлар, жаяу жүргіншілер өткелдері, жарық желісі мен аялдамалар салынады деп жоспарланып отыр. Ең бастысы, қазіргі екі жолақты жол, жөнделіп болған соң төрт жолақты болмақ. Одан бөлек, қазір қаладағы Абай даңғылын созу жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Құрылыс үш бөлікке бөлінген. Алғашқы Наурызбай ауданындағы бөлігі қазіргі уақытта аяқталды. Оның ұзындығы 1 шақырымнан асады. Екінші бөлігінің ұзындығы 2 шақырымға жуық, құрылыстың құны – 8 миллиард теңге. Үшінші бөліктің ұзындығы – 1 км 250 метр. Оның құны – 2,5 миллиард теңге. Қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, Абай даңғылын созу жұмыстары 2019 жылы толық тәмамдалады. Ал Назарбаев даңғылын Жансүгіров көшесіне қосу 2018 жылы толық бітеді деп жоспарланған. Бұл жұмыстар үшін республикалық бюджеттен 2 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ, Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесі бойына жолайрық салу көлік қозғалысы легін 20 пайызға арттыруы тиіс. Құрылыс жұмыстары 2019 жылдың төртінші тоқсанында аяқталады деп болжануда. Рысқұлов даңғылы мен Құлжа трактісінің қиылысында да жаңа жолайрығы салынуда. Бұл солтүстік-шығыс бағыттағы кіші көлік айналымының көлік өткізу қабілетін арттырады. Қазіргі кезде мұнда эстакада тіреуінің астына өндіріс қондырғылары орнатылуда және инженерлік желілер қайта ауыстырылуда. Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесі бойында да жаңа жолайрықтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Наурызбай ауданын орталықпен қосу үшін Шаляпин және Жандосов көшелеріне басымдық берілуде. Абай даңғылының бойында Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін үңгілеу жұмыстары жалғасын табуда. «Ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемін көбейту керек. Осыған жыл сайын бөлінетін бюджет қаражатының жалпы көлемін орташа мерзімдегі кезеңде 150 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Бұл жұмысқа өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын қамтамасыз ету керек». ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан

Серіктес жаңалықтары