Қымбат баға жоғары сапаны білдіре ме?

Қымбат баға жоғары сапаны білдіре ме?

Қымбат баға жоғары сапаны білдіре ме?
ашық дереккөзі
344
Қылышын сүйреткен қыстың келетін күні де жақын. Сондықтан дәл қазір тұрғындарға жылу беріліп, қыстық отынмен қамтамасыз ету күн тәртібіндегі міндет болып тұр. Әсіресе, Арқа жұртын көмірмен қамту аса маңызды. Апта басында Астанаға 34 вагон көмір жеткізіліпті. Оның 21 вагоны – Майкүбі, 11 вагоны – Шұбаркөл, 2 вагоны – Қаражыра көмірі. Болжамдарға сенсек, астаналықтар жылыту маусымында 400 мың тонна көмір тұтынуы мүмкін. Биыл елорда әкімдігі 8 сауда орнымен келісімге қол қойған. Құжатта Шұбаркөл көмірінің құны 14500 теңгеден жоғары болмау керек деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Талап әзірге орындалуда. Көмір сататын орындарда қара отын 13500 теңгеден саудалануда. Бәлкім, бұл тек ресми сауда орындарының бағасы шығар. Өйткені алыпсатарлардың иелігінде көлеңкелі қамбалар да бар. Ондағы баға жоғары болғанымен сапасы жақсы, ал әкімдік ұсынған отынның көбіне бірден жана қоймайтынын айтады жеке сатушылар. «Жоғары сұрыпты көмірді бірден байқауға болады. Бағасы  жоғары болса да, сатып алушылар одан бас тартпайды. Ал арзанға  жүгірсеңіз, ақшаңыздан екі есе қағыласыз. 13500 теңгенің отыны құм аралас  болып келеді. Оның үстіне оны сатып алу үшін ұзынсонар кезекте  тұруыңызға тура келеді. Негізі сапалы көмірдің орташа бағасы 17 мың  теңге», – дейді елордалық көмір сатушылар. Ал Астана қалалық әкімдіктің отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов «Биыл Астана қаласының әкімдігімен көмірді сату бойынша өте үлкен жұмыс атқарылды. Яғни, біз былтырғымен  салыстырғанда көмірдің жеткізілуін екі есе арттырдық. Мысалға, биылғы тамыздан бүгінгі күнге дейін біз қалаға 160 мың тонна көмір әкелдік. Астана қаласы әкімдігі атынан бізде 109 номері құрылды. Яғни, 109 нөмірі арқылы әрбір тұрғын телефон соғып, қай жерде қандай көмір және қандай маркамен, қандай бағамен сатылатынын біле алады. Күнделікті негізде біздің басқарма қызметкерлері әрдайым сату орындарына барады, ол бойынша барлық мониторинг, анализ жүргізеді», – дейді. Қалай десек те, астаналықтарға қажетті көмір қоры бар. Тек тұрғындар оны қайдан және қандай бағаға сатып алатындарын өздері таңдайды. Бірақ бағаның қымбаттығы үнемі өнімнің сапалы екенін білдірмейтінін есте ұстаған абзал.

Серіктес жаңалықтары