11 Қазан, 12:17 278 0 Білім Әсел ӘНУАРБЕК

Жасампаз білімнің жаңашыл бастауы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция және дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім беру мәселесіне, оның ішінде «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын әрі қарай жүзеге асыруға баса мән берілгені белгілі.

Жастарға кәсіптік-техникалық білім беру, нарық қатынасын орнықтыру, шағын және орта бизнесті дамыту, заман талабына сай бәсекелестікке төтеп бере алатын, жан-жақты іскер жұмысшы мамандарын даярлау – бүгінгі күннің басты талабы. Осы талапты орындауда техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарына үлкен міндеттер жүктелген. Жыл сайынғы Жолдауларында Мемлекет басшысы тегін кәсіптік-техникалық білім берудің халықты еңбекпен қамту мәселесін шешуге, ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге мүмкіндік беретінін еске салады. Оның үстіне, еңбек нарығындағы маманның жұмыс берушінің талабына сай білім алуы, білікті болуы, технологиялық үдерістерді тез меңгеруі, кәсіби машығы өте өзекті екені баршаға мәлім. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламада тек нарықта сұранысқа ие мамандықтарға басымдық берілген.

«Баршаға кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы 2017 жылы бастау алды. Аталмыш жоба бойынша тегін оқумен ең алдымен жұмыссыз және өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ, кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылады. Кәсіптік білім беру жүйесінде экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою – бағдарламаның басым бағыттарының бірі. Ол үшін кәсіптік стандарттар еңбек нарығының талаптарына және ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сәйкес жаңартылуы қажет. Осының нәтижесінде 2017-2021 жылдар аралығында кәсіптік даярлау және оқытумен барлығы 700 мыңнан астам адам қамтылады деп жоспарланып отыр. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, аталған бағдарламаға мемлекет тарапынан 4 млрд 300 млн теңге қаржы қарастырылған.

Еліміз бойынша барлығы 817 колледж жұмыс істейді, олардың 473 колледжі мемлекеттік, 344-і – жекеменшік. Оның 83-і Алматы қаласында орналасқан. Бүгінде 38 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында (27 мемлекеттік және 11 мемлекеттік емес колледждерде) 19,9 мың адам мамандықтар мен жұмысшы кәсіптерін алуда. Жұмысшы кадрлар мен мамандарды даярлау 74 мамандық және 139 біліктілік бойынша жүргізілсе, соның ішінде 38 техникалық, технологиялық және ауыл шаруашылық бағыттағы мамандықтар. Мемлекеттік колледждердегі 12520 білім алушы континентінің 4603 студенті (36,8 пайыз) жұмысшы мамандықтар бойынша білім алуда. Мемлекеттік емес колледждердің 8179 білім алушысы орта буын мамандықтарына оқытылуда. Мамандардың сөзіне сенсек, бүгінде нарыққа қажетті мамандықтарды тегін игеріп алу үшін жергілікті білім басқармалары мен жұмыспен қамту орталықтарына барып, тиісті құжаттарды тапсыру керек. Оның ішінде азаматқа жеке куәлігі, медициналық анықтамасы ғана қажет екен. Егер де азаматтың жоғары білімі болса, онда дипломды да көрсету қажет. Жалпы, қысқа мерзімді курстар 1 айдан 6 айға дейін жалғасса, жұмысшы мамандықтары 2 жыл 10 айға дейін созылады.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беру саласында мемлекеттік білім беру стандарттары толығымен жаңартылып, барлық мамандық бойынша 245 модульдік бағдарлама әзірленген. Оған сәйкес, колледждерге бағдарлама мазмұнын жұмыс берушінің талабы бойынша 50 пайызға дейін және қосарлы білім беру кезінде 80 пайызға дейін өзгертуге мүмкіндік бар.

Бүгінде елімізде шетелдік серіктестермен бірлесе индустрияландырудың басым бағыттары бойынша WorldSkills стандарттары ескерілген 61 білім беру бағдарламасы әзірленді. Оның 29-ы 2017-2018 оқу жылында 157 колледждегі оқу үдерісіне енді. 2016-2017 жылдары қолданыстағы 173 типтік білім беру бағдарламасын өзектендіру жұмысы жүргізілді. Барлық әзірленген және өзектендірілген білім беру бағдарламалары қатарынан үш жұмысшы біліктілігін алуға және орта буындағы мамандықты иеленуге, қолданбалы бакалавриат біліктілігін беруге жол ашты. Мысалы, «Түсті металдар металлургиясы. Ядролық отынды қайта өңдеу» мамандығы бойынша алдымен «аппаратшы» жұмысшы біліктілігін, «технолог» орта буынын және «гидрометаллургиядағы қолданбалы бакалаврды» алуға болады.

Биыл да білім беру мазмұнына жаңа сипат беру, құрылымын жандандыру бойынша жұмыс жалғасады, 13 жаңа білім беру бағдарламасы әзірленіп, қолданыстағы 73 типтік білім беру бағдарламасы өзектендіріледі. Біріншіден, «өмір бойы білім алу» ұстанымын орындауға мүмкіндік беретін кредиттік оқыту жүйесіне қатысты жұмыс атқарылуда. Мәселен, кәсіптік білім берудегі Еуропалық кредиттік жүйені (EKVET) зерделеп, жүзеге асырудың әдістемелік құралын әзірлеп, сондай-ақ, кредиттік технологияны қамтитын нормативті-құқықтық құжаттарға өзгерту мен толықтыру енгізілуде. Екіншіден, ұлттық біліктілік жүйесінің 5 деңгейіне сәйкес қолданбалы бакалавриатқа қатысты бағыт зерделенуде. Қолданбалы бакалавриаттың білім беру бағдарламасының пішіні мен әдіснамасы әзірленді. Биыл колледждерге қолданбалы бакалавриат бағдарламасын оқу үдерісіне енгізу бойынша әдістемелік көмек көрсету және 15 білім беру бағдарламасын әзірлеу жоспарда бар. Үшіншіден, инклюзивті білім беру бағытына көңіл бөлінуде. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың кәсіптік білім алуы және олардың одан әрі қоғамға сіңіп, әлеуметтенуіне, қоғам өміріне толық қатысуын қамтамасыз етуге, түрлі кәсіби және әлеуметтік қызметте өзін-өзі тиімді жетілдіруге қатысты колледждерге әдістемелік және кеңестік көмек көрсетілуде. Биыл ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуға бағытталған 20 білім беру бағдарламасы әзірленеді.

Дуальды оқыту – уақыт талабы

Кәсіптік білім алушылар үшін қарастырылған оқыту жүйесінің бірі – дуальды білім беру жүйесі. Осы жүйенің негізінде шәкірттер өндіріс орындарына барып, оқуды тәжірибемен ұштастыра білім алады. Бұл өз кезегінде отандық кадрлардың жан-жақты болуына септігін тигізбек. Дуальды оқыту жүйесінің негізгі мақсаты – техникалық-кәсіптік оқу орындарының жұмыс беруші жеке шаруашылық мекемелерімен серіктестік ретінде бірлесе отырып, осы нарық заманында бәсекелестікке төтеп бере алатын, жаңа заманауи технологияларды, жаңа инновациялық технологиялық бағдарламаларды меңгере алатын дайын жұмысшы мамандар даярлау. Қазіргі кезде оқытудың тиімді жобасы саналатын дуальды оқыту жүйесі кәсіптік техникалық колледждерде жұмысшы кадрлар даярлаудың ең тиімді жолы. Бұл жүйенің ерекшелігі – еңбек нарығына қажетті жас мамандарды даярлауға кәсіптік техникалық колледждер ғана емес, сонымен қатар жұмыс беруші, өндірістік мекемелердің де жауапкершілігі артады. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев техникалық және кәсіптік білім беру саласын жаңғырту мақсатында елімізде дуальды оқыту жүйесін енгізуді тапсырды. Еліміздегі компаниялар мен кәсіпорындарға шұғыл түрде дуальды оқыту жүйесіне араласуға тапсырма берді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында кәсіптік білімді дамытудың маңыздылығын айқындай келе, білім саласына қатаң тапсырма жүктеген болатын: «Үкіметке 2013 жылдан бастап халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылы инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді тапсырамын. Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді. Жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қалмауы тиіс. Олар қолданбалы және ғылыми-зерттеушілік бөлімшелерін құруы және дамытуы қажет». Осы негізде кадрларды дайындаудың мамандандырылған жүйесін жасауда ғылыми-техникалық прогресстің қазіргі деңгейін ескере отырып, білім беру саласына қойылатын жоғары халықаралық талаптарды да қанағаттандыру мақсатында еліміздің мұнайлы аймақтарында, кәсіптік-техникалық білім беру саласына жаңа жүйе дуальды оқыту әдісі енгізіліп, осыған орай, қазіргі қоғамға ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, оның ішінде, дуальдау оқыту жүйесін ендіру осы салада нақты біліктілігі мен мамандығы бар кадрларға деген сұранысты арттырады деп болжам жасалуда.

Дуальды оқытудың негізгі артықшылықтарына ең алдымен түлектердің жұмысқа орналасуының жоғары пайызын қамтамасыз ететінін көруге болады, өйткені олар жұмыс берушінің талаптарына толығымен жауап береді. Оқыту өндіріс қажеттілігіне барынша жақын. Есте қалатыны, дуальды оқытудың қатысушысы ең кіші компания болуы мүмкін, білім алудың жоғары деңгейіне жетеді, болашақ қызметкердің психологиясы қалыптасады. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда ерекше рөл атқарады. Қазіргі таңда кәсіптік салада жан-жақты білімді, білікті, бәсекеге қабілетті маман даярлау олардың әлеуметтік, кәсіптік, өзіндік жұмыс жасай алу қабілеттерін дамытумен белгіленеді.

Дуальды оқыту жүйесіне еліміздің 100 колледжі енгізіледі. Қазіргі кезде қалаларда техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері, ал жалпы алғанда, еліміздің 100-ден астам колледждерінде ауыл шаруашылығы, көлік, металлургия, машина жасау, мұнай-газ, химиялық және кен өндірісі салаларындағы кадрларды дуальдық білім беру жүйесімен дайындау элементтері енгізілу міндеттеліп отыр. Ал республика көлемінде 120-дан астам мамандық бойынша жаңа кадрлардың 70 пайыздық өндірістік тәжірибеден өте жүріп білім алуына жол ашылады. Осылайша, өндіріс орындары техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерімен біріге отырып, өздерінің талаптары бойынша білім алып шыққан дайын кадрларды бірден жұмысқа алатын болады.

Қазіргі таңда әлемнің 60 елінде дуальды оқыту жүйесімен жұмыс жасауда, оның ішінде индустриясы дамыған елдер – Германия, Англия, АҚШ, Оңтүстік Корея сынды мемлекеттер жұмысшы кадрларын даярлауда жақсы табысқа жеткен. Дуальды оқыту жүйесі – заманауи технологияның еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға мүмкіндік беріп, әрбір түлектің оқу орнын бітіріп шыққан соң, жұмысқа орналасуына кепілдік беретін бірден-бір таптырмас жүйелердің бірі. Колледждерде жастардың қалаған мамандығын игеру мүмкіндігіне ие болуы, заман талабына сай бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуы – еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру саласының ілгері басуы үшін жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың нәтижесі.

Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту керек. «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет. Мемлекет жастарға алғашқы мамандықты береді. Үкімет бұл міндетті орындауға тиіс.

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан

 

Соңғы жаңалықтар