293
ҰБ қыркүйекте жүздеген миллион доллар интервенция жасады
ҰБ қыркүйекте жүздеген миллион доллар интервенция жасады
Қазақстан Ұлттық банкі (ҰБ) қыркүйектің 5-7 аралығында шетел валютасы тапшылығына байланысты валюта нарығында 520,6 миллион доллар сатқанын хабарлады, деп жазды centralasian.org.
Бұл күндері Ұлттық банктің қор нарығында сатылған валютадағы үлесі шамамен 80 пайызды құраған. Бірақ қор нарығында бір айда валютамен жасалған сауданың 13,6 пайызы ғана Ұлттық банкке тиесілі болған.
Ұлттық банк мәліметінше, ішкі қор нарығының қатысушылары әлемдік қор нарықтарындағы жағдайға "ерекше назар аударып", салдарынан елде шетел валютасына сұраныс артып, ұсыныс азайғанын айтады.
Бұған қоса АҚШ-тың санкция саясаты мен АҚШ Федералдық қор жүйесінің мөлшерлемені ұлғайтуынан қыркүйектің басында Ресей валютасы құлдырап, ол теңгенің құнсыздануына ықпал еткен.
Ресейде доллар бағамы тамыз айының өзінде рубльге шаққанда бес рубльден астам өсті. Тамыздың 1-і күні Ресейдің Орталық банкі бекіткен ресми бағам бойынша, 1 доллар 62,3 рубльге тең болса, тамыздың 31-і күні бұл шама 68,28 рубльді құраған.
Ізінше қазақстандық теңге де дереу арзандады. Қазақстан қор биржасының күн сайынғы сауда-саттығында доллар бір-екі теңгеге өсіп отырды. Салыстыра кетсек: тамыздың 1-і күнгі ресми бағам бойынша 1 доллар 346,7 теңге болса, тамыздың 31-і күні 363,43 теңгеге жетті. Қыркүйекте теңге жылдам құлдырай бастады. Қыркүйектің 12-сі күні Ұлттық банк бекіткен ресми бағам бойынша 1 доллар 380,93 теңгеге жетті.
Өткен аптаның соңғы жұмыс күні - 5 қазанда доллар бағамы 66,62 рубль болды. Ал Ұлттық банктің қазанның 8-іне белгілеген ресми бағамы бойынша доллар 373,71 теңгені құрайды.
Қазақстан Ұлттық банкі бұған дейін теңгені еркін айналымға жібергендіктен, валюта бағамын реттеуге араласпайтынын мәлімдеген еді. Ұлттық банк ұстанымы бойынша, бұл саясат экономикада "теңгерімсіздік туындауына" жол бермейді.