307
Қазақстанда заңсыз тұрып келген 8 мыңнан астам шетелдік анықталды
Қазақстанда заңсыз тұрып келген 8 мыңнан астам шетелдік анықталды
«Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Қазақстан аумағында заңсыз тұрып келген 8 мыңнан астам шетелдік анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, учаскелік полиция инспекторларының халықпен жұмысын жақсарту мақсатында 5 қыркүйектен бастап еліміз аумағында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оның барысында учаскелік полицейлер пәтерлер мен аулаларды аралап, көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтауда. Сондай-ақ азаматтық қаруды сақтау талаптарының орындалуы мен ішкі істер органдарында есепте тұрған адамдар тексерілуде.
Сонымен қатар өндіріс объектілері, ұйымдар мен мекемелер бақылауға алынды. Учаскелік полицейлер гараждар мен саяжай аумақтарын, бос қалған ғимараттар мен құрылыс нысандарын, жылу трассалары мен құдықтарды тексеруде.
«Учаске» операциясы барысында 1 миллионнан астам тұрғын үй мен саяжай тексерілді. Аталған шара барысында 89 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 8 мыңнан астамы - тіркеусіз тұру фактісі, 9,7 мыңнан астамы шетел азаматтарының көші-қон заңнамасын бұзуы. Үш жүзге жуық шетелдік сот шешімі бойынша елден шығарылды», - делінген ІІМ хабарламасында.
«Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.