«Нұртасымды ертегі етіп айтармын...»

«Нұртасымды ертегі етіп айтармын...»

«Нұртасымды ертегі етіп айтармын...»
ашық дереккөзі
848

Қазыбаев Нұртас Кәкімжанұлы

27.09.1958 – 05.08.2012

Медицина ғылымының докторы, 50-ге жуық ғылыми жұмыстың, іш құрылысы ауруларын емдеудегі бес бірегей өнертабыстың авторы. Дәрігер Нұртас Қазыбаев кемінде 5000 адамның өмірін сақтап қалған. ...Тән ауруына емес, жан ауруына шалдығып, төсекке таңылып жатқаныма бүгін – он күн. Таң атпайтын, күн батпайтын күйге ұшырадым. ішіңдегі дерт от болып жанып, күйдіріп, жүрегіңді шыжғырып жатқанда өзіңді-өзің меңгере алмай, төсекте бүк түсіп, жансыз жатасың, дәрігерлер күндіз-түні қасыңда. Анау-мынау инелерін салып, тыныштандырғысы келетінін байқаймын. «Ойбуй, айналайын-ай, менің тәнім емес, жаным ауырады. Оған ем жоқ, ем жоқ. ...Баламды көрсет, балам қайда?» – деймін. «Апай, бізге де оңай дейсіз бе? Аурухананың сәні, ұжымның жаны, жанашыры, басшысы, кейбір әпербақан басшылардан ұжымды қорғап қалған, отыз мыңдай адамды ажалдан арашалап, өмір сыйлаған Нұртас аға енді жоқ. Ауруханамыздың бір жақ қабырғасы құлап қалды», – деп мені құшақтағандардың көз-жастары кеудемде көл болып ағып жатады. «Сендерге де қиын болған екен» деп өзіме-өзім ұрысып есімді жиям, мүсәпір қалпым есіме түсіп, қайта зарлаймын, дауыс салып жоқтаймын. Қайдан пайда болғанын білмеймін, зарлы дауыс ішімнен ақтарылып сыртқа шығады, жер астынан қысылып, еркіндік алып сарқырап жатқан судай гүрілдейді. Япыр-ау, кейінгі кезде өлең айтуға күшім жетпейтін болған соң, ән айтуды қойып кетіп едім, о, құдірет, неткен күшті едің, баламды о дүниеге алып, үнімді күшейтіп, зарлатып қойған! Құлағыма қайтыс болардан екі сағат бұрын сөйлескен үні келеді... Күн жексенбі еді, яғни тамыздың бесі, ертеңгі сағат он кезі. Күн тамылжып тұр. Айнала көз жауын сүріндіретін, исі бұрқырап тұрған неше түрлі гүлдер, ағаш көлеңкесіндегі жанға жайлы тербетілетін орындықтар. Таза ауаны бұрын-соңды жұтпағандай жаным рахаттанып отырғанмын. «Қаланың ыстығынан, қызметінің ауырлығынан Нұртасым шаршап қалды-ау, үйге келіп, бір-екі сағат ауа жұтып, бассейнге шомылып кетсе», – деп отырғанымда келінім Шолпан телефон соғып: «Мама, Нұртас футбол ойнап болған соң, сіздерге барып келем деген», – деді. «Жақсы болды. Мен де күтіп отырмын», – деп қуандым. Келінмен сөйлескеніме 15 минут өткенде Нұртасым телефон соқты. Үні ұнамады. «Мама, Лаура тәте қайтыс болды. Палатасына кіріп шыққанымда өте көңілді сөйлескен, мен кетісімен 15 минуттан кейін жүрегі тоқтап қалыпты...» Мен де оны күтпеген едім. Біраз үнсіздіктен соң: «Балам, – дедім, – біз сексенге келдік қой, қиналма. Мен қазір үйіне кіріп шығамын...» Лаура туралы түсінік бере кетейін. Күйеуі Бекмырза Баймақанов кезінде республикаға белгілі журналист болған, менің жолдасым Кәкімжан Қазыбаевпен «Лениншіл жаста», кейін «Қазақстан коммунисі» журналында бірге істеді. Сөзге шешен, жазуы көркем, көрген-білгені ұшан-теңіз, журналистердің атасы деуге болады. Ұлы Отан соғысының ардагері. Лаура – ғылым кандидаты, доцент, профессор. Екі ұл тәрбиеледі. Үлкені – Марат, кішісі – Олжас. Біз үйленгенде Мараты үш жаста еді. Тойымызда болды. Содан бері 60 жыл өтті. Бірімізге-біріміз бауыр басып, жолдастан туысқа айналып кетіп едік. Қайғымыз да, қуанышымыз да ортақ, жеті сайын телефонмен сөйлесіп, шерімізді тарқатып отыратынбыз. Лаура ақкөңіл, қулық-сұмдық дегенмен ісі жоқ, жақсы көретін адамын құлай сүйетін адам болатын. Бұдан бес жыл бұрын Мараты тосыннан жол апатына ұшырады. Нұртасым оның әрі інісі, әрі досы еді. Жол апаты болған жүздеген шақырым жерден әкеп, өзінің ауруханасында емдеп, жазған, бірақ жүректен о дүниелік болып кетті. Лаура сырты бүтін болғанмен, іші дертті болып жүрген. Лаура қайтыс болды дегенге жүрегім шымыр етті, Бекмырзаның үйіне келдім. Ол мені көріп, мұңын шақты, қартайғанда Лаураның артында қалғанына қынжылдық, өйткені өмір бойы Бекмырза қазан-ошақтың қай жақта екендігінен хабары болмаған, өзі тұрмақ, кісі үйіне барса да Лаура оған өзі ұнайтын, жейтін тағамды бергізіп, барлық жағдайын жасап жүретін. Сондықтан да тоқсанға келіп қалса да аспай-таспай, көп мылжыңдамай, дәмді сөйлеп отыратын қазақтың аристократ шалы еді. Ол үйден шыққан соң үйге келдім. Үйіміз тым-тырыс, Нұртасым келмепті. Батырым асығып кетіп бара жатты. Әншейінде бетімнен сүйіп, құшақтап кететін. Оның бірін жасамады. Бір сағат өткенде келінім Зәуре: «Мама, ауруханаға барайық. Нұртас аға ауырып қалыпты» дегенде тұла бойым жанып, дірілдеп, үнсіз машинаға отырдым. «Алла-ай, Алла-ай, Нұртасымды аман сақта» дей бердім. Жылап едім, Зәуре: «Машина рөлінен айырылып қаламын, жамандықты шақырмаңыз» деген соң өзімді-өзім ұстадым. 30 минуттық жер 30 шақырымға айналып кетті. ...Аурухана ауласында адамдар толып тұр, ар жағы белгілі ғой. Баламның мұздай денесін құшақтап қалдым. Қара торының әдемісі, арыстандай денелі еді, өңі сәл көгеріпті. Жер-дүние айналып, өзім зынданға түсіп кеттім. Ой, несін баяндайын, ол тірі болғанда өзімді құрбандыққа шалатын едім. «Неге ертерек айтпадыңдар?» деп зарладым. Жан бөлек болған соң, төрт инфаркт алған менің жүрегім үзілмей, тірі отырмын. Өңім бе, түсім бе, білмеймін. «Отыз мыңдай адамды ажал құшағынан алып қалды. Өз мамандығын мейлінше меңгерген азамат еді. Оған айтылған сөз жауапсыз қалмайтын. Қаншама мыңдаған адамдарға кеңесін берді, жәрдемдесті. Осы ауруханада қаралатын зейнеткерлер оған өз әкесіндей еркелеп келіп, еркін жатып, дәрігерлік көмек алып, жасарып кететін еді. Кейбір басшылардың «зейнеткерлер ауруханадан шықпайтын болды» деген сөздеріне Нұртас «Олар кезінде еңбек еткен, енді демалсын. Оларды сөз қылатындай мәселе жоқ» деп жатқанын талай естіп едік. Кейінгі жылдары бұл аурухана беделі мүлдем ерекше болды. Нұртастың басшылығымен жүрек талмасына ұшырағандар үшін коронарография бөлімі ашылып, қаншама жүздеген адам жүрегіне ота жасатып, тірі қалды. Тізесі кілтілдеп, сіңірі үзіліп немесе тосын жарақат алып қалғандарға жедел көмек көрсететін травматология бөлімі, көзіне шел қаптап кететіндер, көзі көрмей қалатындар үшін офтальмология бөлімі ашылды. Осының басы-қасында маман дәрігерлерді іздестіріп, оларды орналастыру, ол бөлімдерді керекті аппаратпен қамтамасыз ету, шетелден мамандар шақырып, олардың тәжірибесін үйрету, қызметкерлерді шетелде оқыту, бәрі-бәрі Нұртастың мойнында еді. Мұндай жұмыстарды Нұртас айқай-шусыз жасайтын және соны «мен жасадым» демейтін. Кезекті демалысына шықса да, күн өтпей жатып, қайтадан шақырып алатын. Адам темір емес қой, темірдің өзі де шіриді. Нұртас демалыссыз жұмыс істеп, жүрегінің ауыратынын да сезбей қалған. Ол нағыз азамат еді. Ондай жан өмірде сирек туады. Соншама мыңдаған адамдарды ажалдан арашалап алғанда өзін бірде-бір дәрігер құтқара алмады», – деп өкінген сөздер құлағыма жетіп жатты. Ішім күйіп, күйікті сыртқа шығару үшін баламды жоқтап кетемін. Найзағайдай жарқылдап, жұлдыздай ағып кетті-ау, қайран балам! Үйінде де еркін демала алмайтын. Енді келіп шешіне берсе, телефон соғылады. Бір қалтасынан біреуін алып сөйлесіп, енді қоя берсе, екінші қалтасынан тағы біреуі шырылдайды. «Қан кетіп жатыр», «өліп барады», «ауыр науқас келді, не істейміз?» дегендей бізге үйреншікті болып кеткен сөздер естіле бастағаннан ашу шақырып: «Болды, өлмес, басқа дәрігерлер бар ғой, тамағыңды іш», – дегеніме қарамай, жалма-жан қайта киініп: «Мама, мама, қазір келем», – деп бетімнен сүйіп, алдап кететін. Үйіне келген шығар-ау деп, үйіне телефон шалам. «Мама, келген жоқ, күтіп отырмын. Келемін деген, тағы да ота жасап жатыр», – дейді Шолпан. «Әлгі қан кетіп жатқандар, кома болғандар қалай?» десем, «Олар тірілді. Соған қуанып жүр», – дейді. «Қолы тисе, хабарлассын, – деймін, – не келсін, мен де сағындым». Сол кеткеннен мен оны кейде бір жеті көрмеймін. «Сені хирург оқуына бекер берген екенбіз, не үйде, не тойда, не қонақта бір сағат отырмайсың, балаңмен де, келіншегіңмен де еркін сөйлесе алмайсың» десем, «Мама, мен – дәрігермін. Ол – менің өмірім» дейді. Сонымен сөз бітетін. «Балам-ай, өмірің – не өмір? Үнемі екі қолың – қанда, күндіз-түні науқастың ішек-қарнын ақтарып, ішекке өскен етін сылып, жамбас сынығын қалыпқа келтірем деп жүріп өз денсаулығыңа қарамайсың, кейде ақсаңдап, кейде толып, кейде сылынып қалып жүргенің сол, өзіңді ойла, мені жылатпа», – дегенімде: «Еш жерім ауырмайды» дейтінсің. «Кейінгі кезде бет-әлпетіңде бір кірбің бар» дегенімде: «Мама-ау, мен де 53-ке келдім, бәлкім, қартайған шығармын», – деп езу тартып едің. Сосын: «Мама, уайымдама, бәрі жақсы», – дедің. «Дегенмен де операцияны азайт, басқа да жұмыстарың жетеді», – дегенмін. «Адам сүйген жұмысынан шаршамайды, шаршататын – өсектер, басшылар тарапынан болатын әділетсіз сөздер», – дедің. Не болды ақыр соңы? Өзіңді ойламасаң да неге мені құзға құлатып кеттің, анаңды зарлатып, өзіңе топырақ салдырғанша, менің қабіріме неге топырақ салмадың? «Әкең де жүректен кетті, менің де жүрегім ауру» деген жоқ па едім? Бұдан үш жыл бұрын жүректен кетіп қала жаздаған жоқпын ба? Сонда мені неге құтқардың? «Айтып едім ғой, мені өледі деп ойлама. Жасым сексенге келеді, артымды ойламаймын, өмірден тыныш, алаңсыз өтемін. Өйткені Аллаға шүкір, екі ұлсыңдар, балалы-шағалы болдыңдар, оның үстіне Нәтәйім, оның күйеуі Нұркен, олар да немере сүйді, біріңе-бірің сүйеу болдыңдар. Әкеңнің атын әсіресе балам, Нұртас, сен шығардың. Пендешілік жасап, әкеңнің қызметін қызғанғандардың өзі сенің алдыңа келді. Қайтсін, жан керек? Жүзін төмен салып, өздерінің бір кезде қызғаныш отына жанып жүргендерін ұмытып әрі сенен кешірім сұрап келді ғой талайлары. Оларға сен өмір бердің, бір ауыз жиіркенішті сөз айтқан жоқсың. «Анда-санда солар келіп жүреді, мен ештеңе білмегендей боламын» дейтінсің. Мен: «Әкең кешірімді еді. Сен де кешір», – дейтін едім. ...Іш күйді, жанды. Қайтадан естен тану. Дәрігерлер абыржып қалады. Балаларым менен де айырылып қаламыз ба деген ойда. Қорықпаңдар! Мен жаман адаммын, баласын о дүниеге жіберіп, артында қалған... Өлмеймін. Әкеңнен кейін де есімді жиғанмын. Тірі болсам, енді Нұртасымды ертегі етіп, жүрген жерімде айтамын. Алла мені сондайға жаратқан шығар... Сүйген жарым мені алақанға салды, ауылдың қызын республика төріне отырғызып еді. Ол да маңдайыма сыймай кетті. 23 жыл өтсе де атағы ұмытылмайды. Ол өлгенде де қазасына жер қайысқан адам жиналды. Оның жасаған жақсылығын осы кезге дейін жыр қылып айтатын еді. Аллаға шүкір, атында көше, Мәдениет үйі, мектеп бар. Мүсіні қойылды. «Кәке, енді халыққа да, маған да, балаларға да әруағың жар болсын, кейде сені ұмыт қалдырсам, өкпелеме, балаларымның қуанышына қуанып жүріп жатқан жайым бар, сондықтан сен алаңсыз тыныш ұйықта» деген едім. Қайтейін, сен бірінші Кеңсайдасың, Нұртасың екінші Кеңсайда мәңгілікке ұйқыға кетті. Кеңсай – өлілердің қаласы. Ұлтымыздың мақтаныштарын, қаймағын жұтып жатыр. Хирургия саласындағы халықтың сүйіктісі болған, қазасына жер қайысқан адам жиналған Нұртасың да сонда. Нұртасыңа аяғым ауыр кезі. Бірде көрген түсіңді айттың. «Қазақ халқының би өнерінің негізін қалаған, насихаттаған, қырық тілде ән айтып, билеп, дүниежүзіне қазақтың атын шығарған, халқымыздың сұлу қызы Шара Жандарбекова түсімде маған бәкі берді. Алла қаласа, амандық болса, ұл туасың. Атағы Шара апасындай елге, халыққа белгілі болады», – деп бетіңді сипап едің. Бірақ сен ұлыңның биіктігін, ұлылығын, мыңдаған адамның өміріне араша болғанын көре алмадың. Бірақ рухың сезген болар. Мақтанышың еді ғой. Мен ғана жылап жатқам жоқ. Мыңдаған адам «Мені өлімнен құтқарып еді, қалайша мезгілсіз кетті» деген пікірін жазып, көз жастарын төгіп жатқанын күнде оқып жатырмыз. Әлі есімде, Қарғалыда 9 шаршы метр етіп салынған саяжайымыз бар болатын. Бір демалыста Нұртасқа соған барайық десем, «өте ауыр науқасты қарауым керек, сені саяжайға соның әкесі жеткізеді» деді. Жағдай былай болған екен. 18 жастағы баласы велосипедпен келе жатқанда КамАЗ қағып әрі ондаған метр жерге сүйреп, ішек-қарны шашылып қалған екен. Соны өлімнен құтқарды. Күніне бір рет ішек-қарнын ішінен алып жуып, дәрілеп, рет-ретімен ішке қайта салып, таңуға үш сағат кетеді. Ондай тәсіл Нұртастың қолынан ғана келеді екен. Сол жігітті үш ай күтті. Ол кезде Нұртастың қызметке алғаш кіріскен жылдары еді. Қалқаман ауруханасында жүрген кезі. Автобустар сирек жүретін. Жолаушылар сығылысып, жағаласып, иін тіресіп көлікте тікесінен тік тұрып кетіп бара жатады. Ел-жұрт ұйқыда жатқанда Нұртасым таңғы 5-те тұрып, ауруханаға кетеді. Ұйқысы қанбайды. Кеш келеді, кейде ауруханада түнеп қалады. Тамақты беріп жіберемін, бірақ соны жеуге де уақыты болмай, аш жүретін күндері көп еді. Сонда да ренжімейтін. Баламның қабағы ашық, жүріс-тұрысы сұлу, келбетті, ақкөңіл, жақсылықтан жаралған жан еді ғой. Өзіне қастық жасап жүргендерді де досына айналдырып, кеудесін соғып, «мен сондаймын, пәлен дегеннің жақынымын» деп келгендердің өзін кішірейтіп жіберетін қасиеті болатын. Осындай ойлармен жатып өзімді-өзім алдаймын, «ол тірі» деймін. «Өлді» деуге қимаймын. Ол сөзді естігім де келмейді. Әншейінде телефонмен сөйлескіш едім, телефон жауым болды. Ол шырылдап жатса, дірілдеп қалам, ешкіммен тілдескім келмейді. Балконға шығам, өзімді-өзім тастап жібергім келеді. «Жынды болма. Қалған балаларыңды ойла» деген ішкі сезім сыбырлайды. Енді не істеймін? Өртеніп барам әлде күйіп өлейін бе? «Жоқ, өз өліміммен өлейін» деп ақылға келем. Япыр-ау, кеше ғана үйім бақытқа толы еді. Әрбір затым қымбат еді. Бөлмеден-бөлмеге кіріп, аялап тұратын едім. «Қартайғанда бақыт бер деген осы шығар» деп, Аллаға ризалығымды білдіріп отыратынмын. Енді не болды? Үйімнің сәнін алып кеттің-ау, Нұртасым. Аһ ұрып іштегі уды сыртқа шығарып тастап, ақылға келіп: «Батырыма, Нәргүлімнің бала-шағасына, Нұртасымның көзі – Салтанаты мен Дарқанына амандық бер» деп жалбарынам. Қақпаның қоңырауы шырылдаса, Нұртасым келіп тұр екен деп терезеге жүгірем. Ой-сезім, алдайсың-ау... Адам өмірі алдаудан тұратынын енді білдім. Ажал Нұртасымды да алдап алып кетті-ау! Ең болмаса, бір ине денесіне шаншылмай, бір дәріні ауырдым деп ішпеп еді. Жоқ, ауырды ғой, талай рет «ыстығы 39 болды. Тамағы ауырды, мені тыңдамай, қызметке кетіп қалды» деп Шолпан телефон соқты ғой. Мен де дәрменсіздік танытып: «әкесі де сондай еді, ұқсамасаң, тумағыр», – деп қоятынмын. Кешке үйіне телефон соқсақ: «әлі келген жоқ, тәуірмін деп телефон соқты, ота жасауға кіріп кетті» дейді. «Бойыңдағы ыстығы қайтты ма екен?» десем, «Оған қарамайды, мама. «Ауру – ажал аузында» деген» – дейді. «Ота жасап тұрып әлсіздіктен өзі құлап қалса, қайтеді?», – деп ашуланам. «Қасындағы медбикелер әлсін-әлсін маскасын ауыстырып, терін сүртіп тұрады», – деп Шолпан да алданатын. Үйге келген соң денесінің ыстығы қайта көтеріледі. Ертеңіне «бәрі дұрыс» дегенде даусы қарлығып тұратын. Үнемі тамақ ауруына ұшырайтын, жүректің тамырын біртіндеп жұқартып үзді ғой... Ой, балам-ай, жеті сағаттап ота жасағанда тікеңнен тік тұратын аяғың, ішектен обыр іздеп қанға малынған саусақтарың қалайша тыныш жатыр? Кеудеңде жаның болса, «мама» деп күніне бір рет телефон соғатын едің ғой, балам... Міне, ойламаған жерден төбеге жай түсті. Ойпыр-ай, түсім бе дейін десем, соншама мыңдаған халық қазаңа келіп, жылап жатты. Жансыз денең Кеңсай деген адам өліміне тоймайтын төбеде жатыр. Сенсең де, сенбесең де осы. Сабыр сақтамасаң, жынданасың. Өлген қайтып келмейді, басқа балаларыңның берекесін алма, олар да жетісіп жүрген жоқ. Іші түтін, сырты бүтін. Бір жылдары, сірә, 1997 жылы болуы керек, «Рәтбек қажы Нысанбайұлымын» деп телефон соқты. «Әйелімді ажалдан алып қалған – сіздің балаңыз Нұртас. Сізге рахмет айтып әрі кешірім сұрағалы тұрмын. Алдымен істің мән-жайын түсіндірейін, тыңдайсыз ба?», – деді. «Әрине, тыңдаймын». Рәтбек қажының сондағы айтқан әңгімесі: «Әйелім түнімен ауырды, Нұртасқа әкеліп едім, қолымен бүйірін сипап көріп: «тас тұрып қалған, дереу операция», – деді. Шошып кеттім. «Әу, жігітім не деп кеттің? Ине салмайсыңдар ма, бірден ішін жару деген не сұмдық?» – деп ашуландым. Ол сөзімді құлағына да ілген жоқ. Қасындағыларға: «Дереу операция залына дайындаңдар!», – деп бұйрық берді. Мен ашумен бас дәрігерге келдім. Өзім дірілдеп тұрмын. «Бірден ішті жарып тастаймын деген не сұмдық? Анау жігіт кім өзі? Әйелімді өлімге итермелеп...» – деймін. Бас дәрігер: «Қорықпаңыз. Нұртастың ең үлкен қасиетінің бірі – ол аурудың диагнозын бірден дәл қояды. Екіншіден, отаны өзі жасаса, біріншіден, Аллаға, екіншіден, Нұртасқа сыйыныңыз. Әйеліңізді аман-есен тік тұрғызып береді», – деді. Көңілім жайланғандай болды. Аурухана ауласында біраз жүрдім. Дегенмен қорқамын. Дәрігерлердің бірі: «Алаңсыз үйіңізге қайтыңыз, ота біткен соң шақырамыз», – деді. Амал жоқ, үйге келдім. Бір кезде «әйеліңіз аман, келіңіз» деп телефон соққан соң бардым. Дәрігерлер бөлмесінен күлімсіреп Нұртас қарсы алды, екі алақаны толған – ірілі-ұсақты тастар. «Бұл не?» деймін көзім бадырайып. «Бауырдан алынған тастар». «Қой, мүмкін емес», – деп сенімсіздік білдірдім. «Өзіңіз біліңіз», – деді Нұртас нық сөйлеп. Нұртастың өз мамандығын жетік меңгерген, атағы бүкіл Қазақстанға белгілі хирург әрі Кәкімжан Қазыбаев ағаның ұлы екендігін кейін білдім, жеңгей. Өзім қажылыққа кетіп барамын, әйелімді Нұртастың қарауына қалдырып, көңілім жайланды. Сізге сыйға өзім аударған Құран Кәрімді беремін». Сол Құран Кәрім бүгінге дейін жазу үстелімнің үстінде тұр. Күніне бір бетін ашып қоятын едім, түгел оқып шықтым, оның қасына Нұртасым Израильдің мешітінен әкелген таспиықты қойып, кейде санап отырып, балаларыма амандық тілеуші едім. Нұртасымның өмірін ұзарта алмады-ау, балам кетіп, шалқақ жүрген еңсем түсіп, дәрменсіз бос кеуде болып қалдым-ау. Қарағым, балам-ай, сен барда жан-жағым толып, өмірде менен бақытты жан жоқ еді-ау. ...Сен туарда Татарка көшесінен ауласы кең, қазіргі тілмен айтқанда, коттедж, бес бөлмелі үй жалдадық. Әкең ол кезде «Лениншіл жастың» жауапты хатшысы. Айлығы шайлығына жетпейтін. Бірақ жастықтың жалындап тұрған кезі. Айлығымыздың жартысын жалдаған үйге береміз. «Өлсең, көрің кең болсын» деген бар, тұрған үйіміздің кеңдігіне қуанамыз, келімді, кетімді қонақтар да «жақсы жайда тұрады екен» деп мақтанып жүреді. Барымызды соларға арналған дастарқанға саламыз. Қалған уақытта қарыз алып, айлыққа жетеміз, сонда да қабағымыз түйілмейді. Дос-жарандармен бас қоса қалсақ, әнімізді айтып, биімізді билеп, жарқырап жүреміз. Әр күніміз бақытты-ақ. Сөйтіп жүргенде толғағым басталды. Әлі есімде, 1958 жыл, қыркүйектің 26-сы. Кәкең Қостанайдан іссапардан келді. Ол жылы егін бітік шығып, республика диқандары алас-ұрып жатқан кез. Студент біткеннің бәрі астық үшін айқаста. Жастар газеті қызметкерлері де диқандардың арасынан табылады. Босанатын күнімнің жақындығын ескерген Кәкеңнің ерте келген беті. Кәкең келісімен үйіміз қуанышқа бөленді. Соңғы күндері денем ауырлап, жүрісім баяулап жүрген еді, бәрін ұмытып, атқа мінгендей шауып кеттім. Нәтәйімізге 1 жас 6 ай болған. Соны көтеріп алыппын. Кәкең Нәтәйін өз құшағына алды. Көз қиығымен-ақ мені еркелетіп әрі жаны ашып тұрғанын сездірді. Ол күні алаңсыз ұйықтап тұрдық. Өйткені жеке үйде тұрғандықтан, түнде қорқатын едік. Таңғы астан кейін Кәкең қызметіне кетті. Ол кетісімен толғақ басталды. Қайынсіңлім Рая аялдамадағы телефоннан «Жедел жәрдем» шақырды. Нұртасымның толғағы да, тууы да өте жеңіл болды. Күндізгі сағат 12-де перзентханада, балам өмірге келді. Әкесі келгенде дәрігерлер сүйінші сұрап қуантыпты. Сол күні марқұм жолдастарымен терезе алдына келіп, «дүниеге ұл келді» деп, бәрі қуаныштарын ішке жасыра алмай мақтана айқайлап еді. О, дүние, көрген түстей зымырап жылдар өте шықты. Ол кезде материалдық жағымыз төмен болғанымен рухани бай едік. Бақыттан шалқып едім-ау... Енді көзімнен қанды жасым ағуда, Кәкең де, оның атын шығарған перзенті, ел-жұрттың сүйіктісі болған Нұртасым да жоқ. Бірге жүрген, дос болған, бірін-бірі қолтықтан демеген, бірінің қуанышына бірі қуанған Хайдолла Тілемісов, Сапар Байжанов, Саттар Бөлдекбаев, Төлеухен Кенжебаев, Кекілбай Нүсіпбеков, Ұзақ Бағаев, бәрі – о дүниелік. Осы азаматтардың көбісі бұл өмірден ерте кетті. «Неге?» деймін өзіме-өзім сұрақ беріп. Өйткені біздің замандастарымыздың балалық шағы болған жоқ, ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс, сұм заманды бастарынан өткізді, жүйкелері тозды. Оқу іздеп Алматыға келді. Күндіз-түні ашқұрсақ жүріп білім, ғылым іздеді. Өз күштерімен республиканың бір-бір тұтқасын ұстады. Бірақ еңбектерінің қуаныштарын, балаларының азамат болғандарын көре алмады. Өкінішті-ақ. Сонымен Нұртасым екеуміз сегіз күн перзентханада жаттық. Тоғызыншы күні шығаратын еді. Кәкең жолдастарымен үйімізде шілдехана өткізуге дайындалып жатқанын күнде келіп айтып кетеді. Жігіттердің арасында жүрген жалғыз әйел – менің құрбым, балаларымның кіндік шешесі, Кәкең өлгенде үйінен безіп, бірнеше жыл қасымда сүйеу болған – Мәуле, Кәкеңнің Мәулешкасы, Хайдолланың жары. Мәуле жаным, кешір... Төсек тартып жатқандықтан, сен о дүниелік болғаныңда жылыңа да бара алмадым. Өйткені сен қаладан кетіп қалып едің ғой. Бірақ Нұртасың сенің өлі денеңді өз ауруханасына әкеп түнетіп, жуындырып, жаназаңды шығартып, сіңлің Сәуленің үйінен соңғы сапарға шығарып салды. Нәргүлім, Батырым, Нүркенім Нұрланыңның жанында болды. Кейін аурудан айыға бастағанда зиратыңа бардым. Нұрланың әкесіне Ақтаудың тасынан кесене салған. Оны өзің көрдің. Сол кесене – мәңгілік тұрақтарың. Хайдолла екеуің қосылып ән айтқанда отырғандарды тамсандырып, ұйытып, жүректерін елжірететін едіңдер, жүріс-тұрыстарың да әдемі еді-ау. Бәрі өтті, кетті. Өмірлерің жалғасып жатыр. Нұрланнан ұл-қыз, немере, шөбере бар. Сонымен, перзентханадан бізді шығарады деген күні шығармады. Нұртасымыздың кіндігі түспеді. Ол кезде шақырылғандарға «бүгін келме» деп айтқанға қазіргідей қалта телефоны тұрмақ, үйлерінде жай телефон да жоқ. Бәрі үй жалдап тұрады. Бізсіз шілдехана өтті. Барлық жиған азық-түлік, арақ-шарап ішіліп, желініп қойды. Енді не істейміз? Ақша жоқ, қарыз беретіндер де табылмай тұр. «Бүгін қалайда шық, жігіттерден аздап жасырып қалғандарым бар», – деп күлімдеп тұрған Мәуленің терезенің ар жағындағы бет-әлпеті әлі көз алдымда. Мәуленің сөзіне сүйсініп тұрғанымда Кәкең, Хайдолла, Саттар келді. «Түнде өте жақсы отырдық. Бүгін балаң екеуің шығыңдар, тағы тойлаймыз, ақша табылады, алаңдама», – деп бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, рахаттана күлімдеп сөйлеп, құшақтасып, бір үйдің баласындай жарасып тұрды. Түнгі отырыстан шаршап қалған, өздерінше білдіртпейді. «Сен, келіншек, ұл таптым деп Кәкеңе еркелей берме, бүгін шық» дейді Саттар. «Келіншегіме даусыңды көтермеші. Ол өмірге ұл әкелді, не айтса да орындаймын» дегендей, Кәкеңнің тұрысы өзіне жарасып, жолдастарын еркелетіп тұр. Елуінші-алпысыншы жылдардағы қуанышты, бақытты күндерімді еске алып, рахаттанып отырғанымда Нұртасымның о дүниелік болғаны ойыма түсіп, есімнен қайта адаса бастадым. Қайғыдан өртеніп өлсем де Нұртасым жоқ. Іштегі дертті сыртқа шығару үшін аулаға кеттім. Біраз дауыстап жылап болып, өзімді-өзім қолға алып, Нұртасымды ел есінде қалдыру үшін қаламымды қолға алдым. Сонымен перзентханада он күн жатып, үйге келдік. Үйге Бауыржан Момышұлының бәйбішесі – Жамал апай келіп, үй шаруашылығын басқарып кетіпті. «Қазір Баукең келеді, бәріңе шай қамын жасап жатырмын», – деп анамдай қарсы алып, баланың бетін ашып көріп: «Алла қаласа, үлкен азамат болады, Баукең көрімдігін береді», – деді. Сөйткенше Баукең келді. «Көрімдігі» деп 50 сом берді. Апай: «Бала менікі», – дегендіктен, 25 сомын апайға бердім. Қалған 25 сом ол кезде үлкен ақша еді, байып қалдық. Кешке жолдастар келді. Үйімізге 50 адам сыйды. Баламызға қойылған атты қалпаққа салып араластырып, өзім таңдадым. Кейін «Социалистік Қазақ­стан» газетінің бас редакторы болған, өмірден ерте озған Ұзақ Бағаевтың қағазға жазған аты «Нұртас» екен. Сөйтіп, ұлымыздың есімі Нұртас болды. «Бір кезде Министрлер кеңесінің төрағасы болған, ел азаматы Нұртас Оңдасыновтай атақты болсын», – деп тілек тіленді. Сол тілек орындалды. Нұртасымды халық жақсы көретінін білетінмін. Мақтағандарға рахметімді айтып кететінмін. 2008 жылдары Оқжетпеске демалысқа бардым. Әрі өтсем де, бері өтсем де танымайтындар тоқтатып: «Апай, мен Оралдан едім», – десе, енді бірі: «Ақтөбеден», «Атыраудан», «Алматыдан», «Астанадан едім», – дейді. Сонда бәрі де: «Сіздің балаңыз маған ота жасап, өлімнен қалдым. Сіздің Нұртастың мамасы екеніңізді естіп, сәлем бергелі тұрмыз. «Нұртастай баланы өмірге әкелген алып ананы көрдік» деп ауылымызға айтып барамыз» дегенді айтатын. «Солардың сөзін естіп қанаттанып, өсіп қайтып едім-ау», – деп зарлаймын. Балама көз тиіп кетті. «Ойпырай, өмірің өтіп барады екен ғой, неге елдің сүйіктісі болдың, көзге көрінбей-ақ тірі жүрмедің бе?» деймін. Несін айтасың, өзімді-өзім жеп жіберем, тіпті өзімді жек көрем. Нұртасымның қарамағындағы бір хирург «Нұртас аға ғасырда бір туатын сирек хирург» деді... Одан сайын ішім күйеді. Сондай баладан қалайша айырылып қалдым? Күйретіп кеттің-ау, еңсемді түсіріп кеттің-ау, балам... Баласы өліп, артында қалған шеше кімге керек? Өзімді қалай жазалаймын? Тағы да өзімді сабырға шақырып: «Батырыңның, Нәргүліңнің амандығын тіле», – деп ұрсамын. Бірақ Нұртасымды ұмыта алмаймын. «Мама, сен ауырсаң, жүрегім ауырады, сен ауырмашы», – деуші едің. Жүрегім ауырып, талай рет өлім аузында жаттым. Сонда қасымда түнеуші едің. Бір күні бар күшімді жиып: «Балам, мен өлсем, несі бар? Бәрің өстіңдер, жасым ұлғайды, әкеңнің атын шығару үшін бар шаруасын жасадық. Мені уайымдамашы, сен қалған балаларға бас-көз боласың», – дегенімде: «Бұл сөзді айтпа, мама! Айтпа, мама! Жалынамын», – дегенсің. Ойпырай, өз денсаулығыңды ұмытып, Құдайдан менің тірі қалуымды сұрапсың, ол тілегіңді беріпті, бірақ өзің кеттің. Ондай тірліктің маған қажеті жоқ еді-ау, жоқ еді-ау... Мен ғана жылап жатқам жоқ. Сені білетіндердің де көз жасы төгілді. Өзіңмен дос болған, институтта бірге оқыған Алмас Шарманның «Литер» газетінде (17 тамыз, 2012 ж) шыққан «Огонь высокого служения» деген естелігінен үзінді келтірейін: «Не стало Нуртаса Казыбаева. Он ушел из жизни полным энергии, планов, перспектив. Те кто знал его близко, тяжело осознают потерю, чувствуют опустошение, горькое ощущение того, что мы лишились феномена чистой доброты, искренности, бескорыстия, порядочности. Его огромная работоспособность, высочайший профессионализм и гуманное отношение к пациентам позволили ему спасти многие сотни жизней. Блестящий врач Нуртас обладал филигранной хирургической техникой. В Америке хирурги такого масштаба и квалификации зарабатывают миллионы долларов. Он не стремился к бутафорным регалиям и мнимым привлегиям. Кандидатскую диссертацию он защитил еще в советское время в Москве под руководством известнейшего хирурга-академика Стручкова. Мы лишь учились по учебникам Стручкова, а Нуртас вместе с ним уже оперировал. Он гордился своей принадлежностью к этой академической школе». Иә, Нұртасты Стручков аспирантураға өзі қалдырды. Сол ауруханада партия ұйымының хатшылық қызметін атқарды, әрі оқыды, үйренді. Мәскеуде хирургия институтының орталығында қорғады. Әкесі екеуіміз 800 адам сиятын залға кіргенімізде ақ халаттылар толып отыр. Орын жоқ. Алдыңғы қатарда генерал-лейтенанттар отырды. Әскери дәрігерлер болар деп ұқтым. Нұртасым қорғауға шыққанда залда шыбын ызыңы естілмеді. Әр сөзі нық, бірақ мен медицина терминін түсінбедім. Сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр. Үні жағымды. Қорқыныш, үрей жоқ. Әкесінің қолын ұстап отырмын. Бұл – қуанғаным. «Балам өте әдемі екен», – деп сұқтанып қоям, «ой, Алла, кешір мені, тіл-көзім тасқа» деймін. Әкесінің түрі қуанғаннан қызылшырайлана түсті. Балама қараймын, айтарын айтып болысымен, сұрақтар жаңбырша жауып кетті. Бойымды қорқыныш биледі. Жаңағы генералдар өші бардай сұрақтың астына алды. Кәкең марқұм маған қарап: «қорықпа» деді. Жанымда отырған ақ халаттылар қолымды ұстап, маған қарап жымиып қояды. Сұрақ тоқтатылды, мен де есімді жидым. Медицина ғылымының докторы Стручков сөз алды. Сөйтсем, академик Стручковтың баласы екен, академик ауырып, келе алмады. Шығып сөйлеушілердің бірі – генерал-лейтенант Самохвалов қой деймін (аты-жөнін ұмыттым, сұрап алатын балам енді жоқ қой), мақтап жатыр, мақтап жатыр. Сөз тоқтатылды. Баламды айналасындағылар құшағына алды. Бізді де жан-жағымыздағылар қоршауға алып, құшақтап жатты. Бұдан өткен бақытты сәт болмас. Кәкең екеуміз аспанға ұшып кеткендей болдық. Артынан банкет бердік. Кәкең академикке телефон соқты. Оның айтқаны: «Нұртас енді докторлықты қорғасын. Мен о дүниелік болып кетсем, балам жетекшісі болады», – депті. Академик сол жылы қайтыс болды. Баласына көңіл айттық. Алматыға келіп, үйімізде қонақ болды. Нұртас бір-екі жыл Алматыда қызмет істегісі келетінін айтты, содан тәжірибе жинақтау үшін Қалқаман ауруханасына орналасты. Келесі жылы Кәкең Мәскеуге барған сапарында Нұртастың ғылым кандидаты құжатын әкелді. Менен көрімдік алды, содан он күн өткенде жүректен Кәкең о дүниелік болды. Шаңырағымыз сынды, бірақ уықтары аман қалған соң барлық ауыртпалықты көтеріп едік. Нұртас солай Мәскеумен қош айтысты. Негізі, Нұртасымның жолы құтты болды. Жыл сайын туған күнінде үйімізде бір қуаныш болатын. Бір жасқа толар кезінде әкесінің қызметі өсіп, облыстық «Жетісу» газетінің бірінші орынбасары болды. Үкіметтен екі бөлмелі үй алдық. Үйлі болдық, өз шаңырағымыз бар деп қуандық. Сол үйді аларда біраз қызықтар болды. Ол кезде үйлер өте аз салынады, «үйдің бүкіл құжаты дайын болғанша, үй алатындар өз үйлеріңді күзетіңдер, біреу-міреу басып кіріп алса, шығару оңайға соқпайды» деп ескерткен. Мен Нұртасыммен ауруханаға түсіп қалдым. Қызымызды бір апаға бақтырамыз. Кәкең қызметтен түнгі бірсіз шықпайды. Бірде үйін күзетуге барса, үйдің кіре берісіндегі шамдар әлі жағылмаған, тастай қараңғы. Біздің үйіміз төртінші қабатта. Әр үйдің есігінің алдында бір-екі адамнан. Бәрі Кәкеңді тексереді. Төртінші қабатқа шыққанда біреу: «Ілгері жүрме, атам» деген. «Үйімді иемденіп алған екен» деп жүрек құрғыр ұшып кете жаздады. «Сен Кәкімжанбысың» дегенде ғана Саттардың ағасы Жапсарбай екендігін таниды. «Саттар екеуіңнің үйіңді күзетіп жатырмын» дегенде ғана тұла бойдағы діріл азайды», – деп күлетін. Бірде «Ордер алдым. Үйге қызымыз екеуміз көшіп алдық» деп келді. Қуанышы қойнына сыймай жүр. «Мектепке алғаш барғаннан кісі есігінде жүрдім. Енді өз үйім бар. Балаң екеуің жатып алмай, тез шық. Көршінің бәрін танисың, өзіміздің жігіттер. Күнде бір үйден тамақ ішеміз, күн сайын той» дегенде бет-жүзінен нұр шашылады. Нұртасымды құшақтап үйге келдім. Кішкене екі бөлме. Қазіргі шамамен айтқанда, 34 шаршы метр. Ас үйі төрт-бес шаршы метр. Жалдап тұрған үйіміз 250 метр еді. Көңілім қоңылтақсып қалды. Телефон соғылды. Кәкең. «Қалай, үйіңді аралап жүрсің бе, кең сарай емес пе?» Амалсыздан «Құтты үй болсын» дедім үнім баяулап. Қазір ойласам, не деген астамшылық! Сол заманым қайтып келсе, одан артық бақыт жоқ еді, беу дүние-ай...

Орынша Қарабалина-Қазыбаева

Серіктес жаңалықтары