462
Индустрияландыру - жаһандық дамудың бастауы
Индустрияландыру - жаһандық дамудың бастауы
Елімізде индустриялық-инновациялық дамуға баса мән берілуде. Яғни, өңірлерде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үлкен мәнге ие болып отыр. Жамбыл облысында да индустриялық дамуға, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға айрықша назар аударылып келеді.
Жамбыл облысының әкімдігінде Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен тағы бір жиын өтті. Мұнда кәсіпкерлік саласында және өңірдің индустриаландыру картасы шеңберінде жасалып жатқан жұмыстар талқыланды. Басқарма басшысы жалпы, ағымдағы жылдың жеті ай қорытындысы бойынша мәліметтермен таныстырды. Жыл соңына дейін жалпы құны 16,9 млр теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба іске асырылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде 947 жұмыс орны ашылады. Ал индустриалды-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 42 инвестжоба ұсынылған. Олардың жалпы құны 584,2 млрд теңгені құрайды. Дегенмен, бұл жеткіліксіз. Яғни, әрбір іске асырылатын жоба бойынша нақты талдау қажет, деді әкім.
Атап айтқанда, жобаның қуаттылығы, ол іске қосылғанда аймақ экономикасына келер пайдасы, сонымен бірге, тірлікке тұсау болып отырған жағдайлар қандай деген сынды терең зерделеу жұмыстары жасалмай отыр. Өңірлік немесе Үкіметтік деңгейде шешілетін проблемалар нақты көрсетілуі тиіс.
Сонымен бірге, бұл істе сылбырлық танытып отырған кәсіпкерлік палатасының жұмысына сын айтылды. Асқар Мырзахметов сонымен бірге аудан әкімдеріне де нақты тапсырмалар берді. Аудан басшылары бір аптаның көлемінде өз аумақтарындағы кәсіпкерлермен кездесіп, кәсіпкерлік палатасы және басқармамен бірлесіп, іске асырылатын жобалар жайын анықтаулары тиіс.
Сонымен бірге, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандарындағы проблемаларға да назар аударуды міндеттеді. Осылайша, анықталған өзекті жайттар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілмек. Даму картасы бекітілді, енді ондағы көрсетілген міндеттемелердің орындалуына әр айда анализ жасалып тұруы керек, деді әкім.
Сондай-ақ, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тапсырмасына сәйкес өңірдің бизнес-климатын жақсарту, өндірістік секторды дамыту бағытында Таразда шағын индустриялық аймақ құру жоспарлануда. Қазір жоба аясында өнідірістік алаңдар үшін қаладағы бос орындар мен ғимараттардың тізімі жасақталуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сала мамандары айтты.
Облыс әкімінің бастамасымен кәсіпкерлер палатасы түрлі экономикалық саладағы және орта бизнес өкілдерінің арасында сауалнама жүргізген. Нәтижесінде қандайда бір жобаларды жүзеге асыруда бос өндірістік алаңдарға деген сұраныс пен кедергілер анықталған. Оның ішінде дайын алаңдар мен жер телімдерінің тапшылығы және жақсы дамыған инфрақұрылымның жоқтығы қолбайлау болып тұр.
Шағын және орта бизнес өндірушілерін қолдау үшін ашылатын аймақта жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік, қызмет көрсету саласы сынды бірнеше бағыт қамтылады.
Ең тиімдісі кәсіпкерлер палатасы жобаларды жүзеге асыруға жан-жақты көмек көрсетуге және сүйемелдеуге әзір. Оның ішінде резиденттер үшін тегін заңгерлік және бухгалтерлік қызмет, қаржыландыру тартуға жәрдемдесу сонымен қатар «Атамекен» бизнес мектебінде оқыту да қарастырылған.
Елімізде шетелдік инвесторларға қызмет көрсететін бірқатар ірі компаниялар бар. Түрлі жобаларға қаржы салуға ниет білдірген кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетуге дайын.
Әрине, шетелдік инвесторлар қазақ жеріндегі кәсіпке ерекше ықыласпен қарайды. Өйткені, Жамбыл өңірі ірі инвестициялық аймаққа айналып келеді. Форумның соңында тараптар жұмыс жүйесін нақтылау үшін меморандумға қол қойды.