Қалы кілемді басқан бүлдіршіндер

Алматыда 15-19 қыркүйек аралығында Алматы қаласы әкімшілігініӊ бастамасымен Astana Film Fund ұйымдастырған Almaty Film Festival I Халықаралық кинофестивалі өтті. Бұл ауқымды шара 15 қыркүйекте қала күніне орай еӊ әуелі Dostyk Plaza кешенініӊ жанында балаларға арналған қызыл кілемнен басталды. Бірінен бірі өткен көйлектерін киіп, ерекше сәнденген кішкентай бүлдіршіндер өздерін нағыз өнер жұлдызы сезінді. Одан кейін балалар үшін Cinemax (Dostyk Plaza) кинотеатрыныӊ қос залында «Көліктер» және «Арыстан патшасы» мультфильмдерініӊ көрсетілімі өтті. Шараға «Арыстан патшасының» режиссері Роберт Минкофф жары Кристал Кунгпен бірге келді. Айта кетейік, Кристал Кунг Қытайдыӊ әйгілі ойшылы Конфуцийдіӊ ұрпағы. 

Іс-шарада сөз алған қала әкімі Бауыржан Байбек кішкентай көрермендерге мәртебелі қонақтарды таныстырып, осыдан 25-30 жыл бұрын көптіӊ көӊілінен шығып, кино тарихында еӊ мол кассалық табыс жинаған, әлі де талай буын бүлдіршіндердіӊ сүйікті туындысына айналатын, көптеген басқа да көркем фильмдер мен театрдағы қойылымдардыӊ арқау негізіне айналған атақты мультфильмді өз қолымен жасаған адамныӊ Алматыға келуі үлкен құрмет екенін тілге тиек етті. «Мен бұл кинофестивальдіӊ балаларға арналған қызыл кілеммен басталғанына қуаныштымын. Өйткені біздіӊ ертеӊгі болашағымыз және киноныӊ болашағы осы кішкентай бүлдіршіндеріміздіӊ қолында. Біздіӊ «Болашақ» корпоративтік қоры «Уолт Дисней» студиясымен 2011 жылдан бері бірлесіп жұмыс істеуде. Осы уақыт аралығында Диснейдіӊ 27 мультфильмін қазақ тіліне аудардық. Балаларымыздың әлемге танымал болған, тамаша анимациялық туындыларды қазақ тілінде көре алатыны қуантады. Фестиваль аясында да кішкентай көрермендеріміз үшін арнайы көрсетілімдер болады», – деді Алматы қаласыныӊ әкімі Бауыржан Байбек.

Almaty Film Festival I Халықаралық кинофестивалініӊ ресми ашылу рәсімі Республика сарайында өтті. Кинофестивальді режиссер Сергей Дворцевойдыӊ «Айка» фильмі ашты. Алты жыл бойы түсірілген фильмніӊ бюджеті 2,5 миллион еуроны құраған. Ал қазақстандық актриса Самал Еслямова 2018 жылғы Канн кинофестивалінде «Айка» фильмінде әйел рөлін үздік сомдағаны үшін бас жүлдені жеӊіп алғаны және осындай мәртебелі сыйлық алған ТМД көлеміндегі алғашқы актриса болғаны белгілі.

Кинофестивальдіӊ ашылуынан кейін өткен шеберлік сабағында кореялық режиссер Ким Ки Дук фильмнен алған әсерімен бөлісті.

Кинофестивальдіӊ қазылар алқасы құрамында Гүлнәр Сәрсенова («Айка» фильмініӊ продюсері), француздық продюсер Пьер Спенглер («Супермен», «Үш мушкетер», «Андэграунд»), режиссер, продюсер, неміс актрисасы Настасья Кински (1981 жылғы «Алтын глобус» сыйлығыныӊ иегері, «Cesar» сыйақысыныӊ бірнеше мәрте номинанты), француздық продюсер Марк Рускар бар. Сонымен қатар кинофестивальге оӊтүстіккореялық режиссёр Ким Ки Дук (Венеция кинофестивалініӊ «Алтын арыстан» иегері), продюсер Алексей Петрухин және т.б. келді. Кинофестивальдіӊ қазылар алқасына ресейлік танымал режиссер Сергей Бодров басшылық етуде.

Ол болашақ жоспарларымен де бөлісті: «Қазақстанда жаӊа фильм түсіре бастағанымды айта кетейін. Еӊ бірінші фильмімді де осында түсірдім. Ал қазір танымал Калашников автоматын жасап шығарған өнертапқыштыӊ өмірі туралы фильмді осында түсіруге дайындалып жатырмын. Оныӊ өмірі аса шырғалаӊға толы болған. Отбасы Алтайдан Сібірдіӊ солтүстігіне қоныс аударылған. Ол 18 баланыӊ 17-шісі болған. Балалардыӊ жартысы өмірден озған көрінеді. 15 жасында айдаудан қашып, жасанды құжаттармен Қазақстандағы Матай бекетінен бір-ақ шыққан. Бұл туралы білетін адамдар некен-саяқ. Ол осылайша өз автоматыныӊ алғашқы нұсқасы – самострелді осында жасаған. Қазақстанда оған көп көмек көрсетілген. Бұл аса қызықты тағдыр. Өз өмірі туралы автоматтыӊ авторы 50 жылдай ешкімге айтпаған. Айтқанда, оны ешкім қаруға жолатпас еді. Фильмніӊ түсіруші тобы кешікпей осында келеді. Мен бұл фильмніӊ Қазақстанмен бірлескен туынды болғанын қалар едім», – деді С.Бодров.

Айта кетейік, Almaty Film Festival I Халық­аралық кинофестивалі бірлескен туындыларға (копродукция) арналған. Негізгі конкурсқа 10 картина қатысуда, онда келесі номинациялар көзделген: «Үздік режиссер», «Үздік актер», «Үздік актриса», «Қазылар алқасыныӊ арнайы жүлдесі».

Almaty Film Festival I Халықаралық кинофестивалінің бас продюсері Эрнар Құрмашевтіӊ айтуынша, фестивальді ұйымдастыруға барлығы 350 млн теӊге жұмсалды. Гран-при бас жүлдесіне 3 миллион теӊге беріледі. Ал «Үздік режиссер» 2 млн теӊгені қанжығасына байлайды. «Үздік актер және актриса» және «Қазылар алқасыныӊ арнайы жүлдесі» аталымдарына 1 миллион теӊгеден қарастырылған.

Back to top button