Төгілген тер, тынымсыз еңбек жемісін берді

Апта басында Түркістан облысы әкімі аппаратының мәжілісі өтіп, күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Алдымен ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы мен бюджеттің атқарылуы және 9 айға жоспарланған болжам туралы деректер тыңдалды. Бұл жөнінде облыстық қаржы басқармасының басшысы А.Тасыбаев, облыстық білім басқармасының басшысы И.Сағындықов және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Н.Бадырақов баяндама жасады.

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бюджетті дұрыс жоспарлап, қаржыны уақтылы әрі сапалы игеру керектігін айта келіп, аталған басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмаларын берді. Ал күн тәртібіндегі екінші мәселенің мән-жайын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Н.Бадырақов таратып айтып берді. Оның айтуынша, биыл өңірдегі егіс көлемі 807 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда (2017 ж. – 798,4 мың га) 90 мың гектарға артқан. Масақты дақылдар өткен жылғы көрсеткіштен 22,7 мың гектарға артып, 227,4 мың гектарға жеткен. Ал көкөніс, картоп, жүгері дақылдары 158 мың гектар алқапқа егіліп, шаруалар төккен терінің жемісін көріп отыр. Атап айтқанда, көкөніс, картоп, бақша дақылының өзінен шаруалар 2,7 млн тонна өнім жинауға қол жеткізген.

Облыста мал басы да айтарлықтай өсіп келеді. Мәселен, 8 айда ірі қара мал басы 30 пайызға артып, 998,1 мың басты құраса, жылқы 309 мыңға, түйе 27,5 мыңға жетіп отыр.

Сейітхан Зеберханұлы

Back to top button