313
Алматыда 1000 үй сүрілмек
Алматыда 1000 үй сүрілмек
Алматыда Қазақ ұлттық зерттеу жобалау институтының мамандары қала билігіне мыңдаған үй сүруді талап ететінін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі таңда сүруді талап ететін үйлердің саны 1000-ға жуық. Оларды бұзу бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Мәселен Жандосов көшесінің Алтынсарин мен Береговой көшелерінің арасындағы қосқабатты каркас пен қамыстан жасалған үйлер мен кірпіштен тұрғызылған бәкене үйлер сүріліп, олардың орнына 9-12 қабатты үйлер тұрғызылды», - деді ҚҰЗЖИ басқарушы директоры Ералы Шоқбаров.
Оның айтуынша, мұндай нұсқаулықтар Алматының барлық аудандары бойынша берілген.
«Өткен ғасырдың 30-40 жылдары аралығында салынған үйлер каркас пен қамыстан, ағаштан тұрғызылған. Олардың көпшілігі эксплуатациялық мерзімінен өтіп кеткен. Бұл үйлер қазіргі сейсмотұрақты құрылыс талаптарына сай келмейді», - деді ол.