270
Қазақстандықтар екі ай бойы қалаған емханасына тіркеле алады
Қазақстандықтар екі ай бойы қалаған емханасына тіркеле алады
Ертең, 15 қыркүйекте елімізде емханаға тіркеу науқаны басталады. Бұл туралы арнайы брифингте «Əлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҚЕАҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ботагөз Жақселекова айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Ботагөз Жақселекованың айтуынша,15-ші қыркүйекте елімізде басталатын емханаға тіркелу науқаны екі айға созылады. Осылайша, жыл сайынғы дәстүрлі шара 15-қарашада аяқталады.
«Науқанның мақсаты – қаралып жүрген емханасына көңілі толмайтын азаматтарға емдеу мекемесін ауыстыруға мүмкіндік беру. Сондай-ақ, бұл шара нарыққа жаңадан қосылған медицина ұйымдарының келер жылы халыққа қызмет көрсетуге тапсырыс алуына жағдай жасау мақсатында өткізіледі. Былтырғы тіркеу науқаны барысында 300 мыңнан астам қазақстандық азамат емхана таңдау құқығын пайдаланған болатын. Бұл алдыңғы жылдардағы көрсеткіштерден екі есе көп. Яғни, осыдан халықтың тіркеу науқанына қызығушылығының артқанын көруге болады», - деді Жақселекова.
Қор басшысының айтуынша, отбасылық қызмет көрсету жəне медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі принциптерін іске асыру үшін емхананың үйге жақын маңда болғаны дұрыс.
«Оған қоса, дәрігерлерге түсетін жүктеме мен емханалардағы кезекті азайту мақсатында тіркеу шегі белгіленіп отыр. Ол бойынша 1 жалпы практика дəрігеріне тіркелетін адам саны 1700-ден аспауы тиіс. Бұрын бізде бір дəрігер 2 мың адамға қызмет көрсететін», - деді Ботагөз Жақселекова.
МСҚ Медициналық көмекті пайдаланушылармен жұмыс жəне мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі басқарушы директоры Забира Оразəлиеваның айтуынша, азаматтар емханаға үш жолмен тіркеле алады.
«Олар таңдап алған медицина ұйымына тікелей барып, электронды үкімет порталы арқылы онлайн режимде жəне Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркеле алады. Емхана арқылы тіркелу үшін жеке куәлік пен бас дəрігердің атына жазылған өтініш талап етіледі. Ал egov.kz порталы арқылы тіркелу үшін жүйеге кіріп, электронды өтінімді толтыру керек. Қызмет нәтижесі өтініш берушінің жеке кабинетіне жолданады. ХҚКО арқылы тіркелу үшін Connection Point бөлімінің қызметін пайдалануға болады», - деді Оразəлиева.
Мамандардың мәліметінше, халықты тіркеумен айналысатын емханалардың тізімі Əлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтындағы «Клиника таңдау» бөлімінде орналасқан.