САЛТ-САНАНЫҢ САРҚЫЛМАС БҰЛАҒЫ

САЛТ-САНАНЫҢ САРҚЫЛМАС БҰЛАҒЫ

САЛТ-САНАНЫҢ САРҚЫЛМАС БҰЛАҒЫ
ашық дереккөзі
403
Түркістан облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық деңгейдегі 20 этномәдени бірлестігі мен олардың аудан, қалалардағы 50-ден астам бөлімшесі жұмыс істейді. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарады. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, бүгінде облыстық ассамблея 20 этномәдени бірлестік пен олардың аудан, қалалардағы 51 филиалын, түрлі деңгейдегі 203 қоғамдық келісім кеңесін, 201 Аналар кеңесін, 93 «Достық» клубын, 11 медиация кабинеті сынды қоғамдық институттарды бір арнаға тоғыстырып, ел бірлігін көздеген жоспарлы жұмыстарды өткізіп келеді. Сондай-ақ, ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық, ақпараттық-насихаттық және «Ел бірлігі» депутаттық топтары журналистер мен блогерлер клубының жұмысын бағдарлап, аймақтағы этносаралық ахуалды тоқсан сайын саралау және мемлекеттік бірегейлікті нығайтуға бағытталған қоғамдық-көпшілік іс-шараларды ұйымдастырып отыр. Өңірлік ассамблея мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі өткен жылы Ассамблеяның (2025 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасы аясында қазақстандық бірлікті бекемдеу бойынша жобаларды өңірде нәтижелі іске асырды. Қазақ қашанда берекені бағына балап, татулықты тоқшылықпен теңестірген. Шүкір дейміз, Тәуелсіздіктің арайлы таңымен еліміздің еңсесі тіктелді, жұртымыздың жүзі жадырады. «Жігерлі болса, ер болар, бірлікті болса, ел болар» деген дала даналарының сөзін өмір қағидатына айналдырған қазақстандықтар бүгінде іргелі ел, ірі жұрт екендігін дүниежүзіне паш етті. Қазақ халқы жаратылысынан құшағы ашық, жаны жомарт, қонақжай жұрт екені баршаға аян. Ұлтымыздың осынау ұлы қасиетін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басты бағдар етіп белгілеп, дара ұстаным етіп жариялады. Бұл жөнінде Президентіміз: «Тәуелсіздігімізді тұғырлы, мемлекетімізді ғұмырлы ету – біздің ортақ мүддеміз. Даму жолымызда тәуелсіздіктің жалғыз тірегі бірлік екенін ешуақытта ұмытпауымыз керек», – деп, жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді – Тәуелсіздігіміздің басты тұғыры етіп қалады. Елбасы таңдаған жол дұрыс екендігін уақыттың өзі дәлелдеді. Қазақстан қуатты мемлекетке айналып, Арқа төскейінде биыл жиырма жылдық белесті бағындырған арман қала – Астана салынды. Экономикамыз қарқын алып, әлеуметтің әлеуеті артты, аймақтардың бойына қан жүгіріп, талай-талай мектептер мен емханалар, заманауи автожолдар салынды, теміржол құрылысы, теңіз инфрақұрылымы бой тіктеді. Тереңіне бойлап, ой жүгіртсек, осы жетістіктердің барлығы да бейбітшілік пен бірліктің алтын арқауы екендігін түсінеміз. Тарихы тереңді бойлаған, өзіндік дара дәстүрдің ізін салған, халықтық руханияттың көзіне айналған Түркістан облысының халқы да тәуелсіздікпен келген шарапатқа кеңінен бөленіп келеді. Үш миллионға жуық тұрғыны, 900-ге жуық елді мекені бар Түркістан облысы бүгінде жүзден астам этнос өкілдерін бауырына басқан қасиетті өңір саналады. Бағалай білгенге бұл үлкен күш, ауқымы кең әлеует. Жоғарыда айтып өткеніміздей, өңірдің мәдени әралуандығын қамтамасыз етуде облыстық 20 этномәдени бірлестік жұмыс жүргізіп, халқымыздың байырғы меймандостық, бауырластық, еңбеккерлік сынды асыл дәстүрлерін үздіксіз жалғап келеді. Салт-сананың сарқылмас бұлағы болған Оңтүстік алуан түрлі этностың басын біріктіріп қана қоймай, оларды ортақ мақсатқа ұйыстырып отыр. Ассамблея атқаратын жұмыстың арқауы – Елбасы, Үкімет, әкімдік қабылдаған стратегиялық құжаттарды жұртшылық арасында түсіндіру, олардың іске асырылуына халықты жұмылдыру. Бұл бағытта облыстық ассамблея жанындағы ақпараттық-насихаттық топ мүшелері елді мекендерде халықпен 600-ден астам кездесулер өткізіп, оларға барлығы 500 мыңға жуық тұрғын қамтылды. Жалпыға ортақ Еңбек қоғамын құру жөніндегі талаптарды нақтылы іске асыруда халықпен өткен жүздесулер еңбек ұжымдары мен егіс алқаптарында ұйымдастырылды. Облыс халқының үштен бірін жас буын өкілдері құрайды. Қазақстандық патриотизм мен жалпыұлттық бірлік қағидаттарын өскелең ұрпақтың бойына сіңіру, сол арқылы қазақстандық қоғамның жаңа формациясы – ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда жоғары және орта арнаулы оқу орындарында 93 «Достық» клубы іске қосылды. Клубтың ұйытқы болуымен студент жастармен еркін форматтағы кездесулер, ашық әңгімелер, бизнес-тренингтер, пікір алмасу алаңдары, шеберлік сабақтары сынды 87 іс-шара өткізілген. Байқап отырғанымыздай, Ассамблея – әлеуеті орасан құрылым, үлкен саяси күш. Бірлікті – ұран, бауырластықты – ту етіп көтерген Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық сананы жаңғыртып, бұқара көзқарасын түбегейлі өзгертуде батыл бастамалар мен аршынды қадамдар атқаруы тиіс. Ауқымы кең осы институтты тиімді пайдалану – уақыт талабы, заман сұранысы. Бүгін ән-бидің дәуірі өткен, қазір ой жарыстыратын заман туды. Бірді-екілі адамның басын қосқан кез келген ұйым еліміздің экономикалық тынысын ашуға мүдделі болып, қызмет етуі керек деген қағидатты ұстанған Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің тікелей атқаратын қызметін түбегейлі қайта қарап, жұмыс бағытын жаңа мазмұндағы, экономикалық саламен тығыз байланысты серпінді жобалармен толықтырып жатқаны көңіл қуантады. Облыстық ассамблеяның пікір алмасу алаңдарында мал бордақылау, жылыжай шаруашылығын жүргізу, ет, сүт өнімдерін өңдеу, жиһаз шығару, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығару, туристік саланы дамыту сынды жобалар бойынша шеберлік сабақтары, семинар-тренингтер ұйымдастырылып келеді. Осы тектес алғашқы жобаны облыстық ассамблеяның бастамасымен облыстық өзбек этномәдени бірлестігі іске асырды. Сайрам ауданындағы өзбек этносы жинақы тұратын Қарабұлақ елді мекеніндегі мал бордақылау шаруашылығында мал бордақылау ісі бойынша семинар-тренинг өткізілсе, Мақтарал ауданында тәжік этносы өкілдеріне тиесілі жылыжай шаруашылығында аграрлық мәселе бойынша шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Облыстық ассамблеяның ұйытқы болуымен облыстық этномәдени бірлестіктер кәсіпкерлік негіздері, бизнес бастамалар бойынша өңірлік Кәсіпкерлік палатасы, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы және бірқатар даму институттары өкілдерімен кездескен. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың ұсынысымен облыстық ассамблея биылдан бастап апта сайын «Әр этностың бренді» жобасын іске асыруда. Жоба аясында өңірдегі этнос өкілдері өздерінің бизнес бастамалары бойынша шеберлік сабақтарын өткізіп, шығаратын өнімдерінің көрмесін ұйымдастырып келеді. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы рухани жаңғыру жөніндегі талаптарды іске асыруға да белсене кірісіп отыр. Осы тектес іс-шаралардың қатарында «Қазақ дастарханы» дәстүрлі фестивалін атап өтуге болады. Мақсаты – өңірдегі барша этностарды қоғамдық бастамаларға ұйыстыру арқылы мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтастыру, ұлтымыздың қонақжайлық дәстүрін дәріптеу болып табылатын бұл фестиваль дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп тұрады. Мәні терең, мазмұны ерек іс-шаралардың тізбегіне өңірдегі этномәдени бірлестіктердің облыстың тарихи-мәдени орындарына этносаяхатын, «Достық сыйы», «Достық тілегі» сынды жобаларды қосуға болады. Елбасы айтқан рухани жаңғыруға өзіндік үлес қосу мақсатында Оңтүстік биыл «Алғыс айту» күні мерекесін 10 күн бойы атап өтуді қолға алды. Мерекелік әрбір күн дербес атауға ие болып, елді біріктіруге арналған іс-шаралармен қамтылды. Тарихқа тағзым етуден бастау алған мереке қайырымдылық, шабыт, көршіге ізет, тазалық, құрмет, өлкетану, келісім, ықылас, алғыс айту күндерімен үйлесімді жалғасын тапты. Мерекелік бағдарламалар барлық аудан, қалаларда, ауылдарда өтіп, оған жергілікті мемлекеттік органдар, этномәдени бірлестіктер, оқу орындары жұмылдырылып, бүкілхалықтық сипат алды. Өңірде тұңғыш рет көршілік қарым-қатынасты жаңғырту ісі бастау алды. Мереке аясында Сайрам ауданының ақсақалдары іргелес Түлкібас, Төлеби аудандарының қарияларын қонаққа шақырса, Бәйдібек ауданында күрді, иран этностарының өкілдері бірігіп, қазақ ақсақалдарына сый-құрмет көрсетті. Абзал қариялардың бастамасымен спирттік ішімдік атаулыдан түгелдей бас тартқан Ордабасы ауданы Жусансай елді мекенінің белді азаматтарымен жүздесу өткізілді. Тұтастай алғанда, «Алғыс айту» күні мерекесіне орай ұлыстың ұйытқысына айналған Түркістан облысында 3 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, оларға барлығы бір миллионға жуық тұрғын қамтылды. Түркістан облысы байырғы көрші халық – Өзбекстанмен шекаралас өңір. Қос елдің ынтымақтастығын арттыру облыс билігінің басты жұмыс бағдарларының бірі. Шекаралық әріптестікті нығайту бағытында облыстық ассамблея мен облыстық өзбек этномәдени бірлестігі «Достық керуені» жобасын қолға алды. Жоба аясында Түркістан облысының жүзге жуық азаматы Өзбекстандағы мәдени-тарихи орындарға саяхат жасап қайтты. Сондай-ақ, Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының ұйымдастыруымен өзбекстандық қонақтардың облыстағы тарихи орындарға саяхаты да өте тартымды өтіп, есте қаларлықтай сипат алды. Ал Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының 25 жылдық мерейтойына облыстан арнайы делегация қатысып, бауырлас елдер арасындағы мәдени байланыстарды жаңа сатыға көтергені жұртшылықтың есінде қалды. Қазақстан халқы Ассамблеясы билік пен халық арасында конструктивтік байланыс орнықтыратын институт, халық мінбері рөлін атқаратыны жиі айтылып келеді. Осы орайда Түркістан облысы аймағында жер-жерлердегі түйткілдердің түйінін тарқатып, олардың оңтайлы шешілуіне үлес қосуды көздейтін түрлі деңгейдегі 203 Қоғамдық келісім кеңесі жұмыс жүргізеді. Мұндай кеңестер облыс, аудан, қала, ауылдық округ деңгейлерінде құрылып, жұмыстар атқаруда. Кеңестер халық мүддесінен шыққан талап-тілектерді жоғары органдарға жеткізіп, олардың орындалуына қоғамдық бақылау жүргізеді, сала басшыларының атқарған жұмыстары туралы тыңдаулар өткізеді. Былтырғы жылы кеңес отырыстарында 287 мәселе қаралып, олардың қорытындысы бойынша түрлі мемлекеттік органдарға 198 ұсыным жолданған. Тұңғыш мәрте облыстық қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері этнос өкілдері жинақы тұратын аудандарда 6 көшпелі қоғамдық қабылдаулар өткізіп, халық тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді жинақтады, олар бойынша пәрменді шаралар қабылдаған. Қазақ жұрты қашанда Ананы ардақ тұтқан халық, Ананы тәлім-тәрбиенің көзі деп білген жұрт. Халық жадында Ананың қадір-қасиетін арттыру, оның ұлт тәрбиесіндегі рөлін күшейту мақсатында облыстық, қалалық, ауылдық деңгейде және этномәдени бірлестіктер жанынан 202 Аналар кеңестері құрылған. Бұл кеңестер ұрпақ тәрбиесі, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды атқарады. Былтырғы жылы Аналар кеңестерінің ұйытқы болуымен жалпы 223 іс-шара ұйымдастырылды. Ағайын арасындағы түсінбеушіліктер мен кикілжіңдердің туындауына кейде болмашы нәрсе ғана себепші болып, арты үлкен дауға ұласады. Ел арасында тұтанған ұсақ-түйек дауларды өршітпей, ортақ келісіммен шешуде медиацияның атқарар рөлі айрықша. Бұқараның келісімін, қоғамның тұрақтылығын назарда ұстаған Қазақстан халқы Ассамблеясы құқықтық мемлекетке тән медиация желісін дамытуға ден қойып отыр. Бұл бағытта облыстағы 10 аудан, қала әкімдіктері жанынан медиация кабинеттері ашылған. Облыс әкімдігінің облыстық сотпен, адвокаттар алқасы, нотариалдық палата, әділет департаментімен түзілген меморандумы аясында өңірдегі 4 медиация орталығымен әріптестік байланыс орнатылып, қызмет атқаратын 57 кәсіби, 485 кәсіби емес медиаторлар туралы дерекқор түзілген. Осындай жұмыстардың арқасында облыстық ассамблеяның медиация кабинетінің өкілдері 323 азаматқа құқықтық кеңес берді. Жыл ішінде медиация институтын дамытуға арналған 18 іс-шара ұйымдастырылды. Ел тарихында тұңғыш рет Шымкентте Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Қоғамды жаңғыртудағы медиацияның рөлі» тақырыбында республикалық диспут форумының өткені белгілі. Сонда аталып өтілгеніндей, облыс бойынша медиация рәсімімен шешілген 8254 даудың 6950-і немесе 84 пайызы медиаторлардың араласуымен реттеліп, 2016 жылмен салыстырғанда көрсеткіш екі есеге дейін артқан. Халық арасындағы бауырластық бір-бірін жақын тұтудан, қиналғанда сүйеу болудан, қамқорлық танытып, жанашыр болудан басталады. Бауырластықтың жарқын үлгісі ретінде қайырымдылық жұмыстарын үйлестіру де ассамблеяға жүктелген негізгі міндет. Атап айтқанда, былтырғы жылы облыс аумағында 952 қайырымдылық іс-шарасы үйлестіріліп, 349,4 млн теңге көлеміндегі көмек мұқтаж жандарға бағытталды. Оның ішінде облыста алғаш рет «Қайырымдылық – қайырлы іс» форумы өткізіліп, жиналған 6 миллион теңгеден астам қаржы облыстағы ауыр науқасқа шалдыққан 14 баланың ем алуына жұмсалған. Сондай-ақ, Арыс қаласындағы балалар үйінің «Бәйтерек» тобындағы 10 бала ассамблея мүшелерінің тұрақты қамқорлығына алынған. Сайрамда «Бауырластық – балғын шақтан басталады!» тақырыбында қайырымдылық шарасы өткізіліп, өңірдегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан 400-ден астам бүлдіршінге кәсіпкерлердің қолдауымен сыйлықтар таратылды. Құрбан айт мерекесінде этномәдени бірлестіктердің жетекшілері 20-ға жуық ірі қара малдың етін 700-ге жуық мұқтаж жандарға тегін таратты. Мұндай бастамалар туған жердің тұтастығын, бірлігіміздің бекемдігін, ынтымағымыздың ыдырамауын көздейтіні сөзсіз.  

Сейітхан Зеберханұлы

Түркістан облысы

Серіктес жаңалықтары