1767
Сиыр сүтінен – сары қымыз
Сиыр сүтінен – сары қымыз
Қызылорда облысының Шиелі ауданында сүт өндеу кәсіпорнының технологы Баян Дүйсенбек сиыр сүтінен қымыз сусынын шығару ісін қолға алған. Осыған дейін жас ғалым сүт өнімдерін 5 айға дейін сақтауға болатынын дәлелдеген еді. Енді сиыр сүтінен де қымызға ұқсас сусын жасамақ. «Қазіргі таңда сиыр сүтінен қымыз өңдеу ісін жүргізіп жатырмыз. Бұл жобаны ұлттық сараптама орталығымен бірге қолға алдық. Осының нәтижесінде қымыз сусынын жасап шығардық. Кәдімгі қымызбен салыстырғанда бұл сусынның аса көп айырмашылығы жоқ. Дәмі мен сапасына келетін болсақ, кәдімгі қымызбен тең дәрежеде деп айтуға негіз бар. Бұл жоба еліміз бойынша алғаш рет қолға алынып отыр. Қазір оны патенттеп жатырмыз. Сусын ауамен қанықтыру ісімен әзірленеді. Келесі жылдан бастап еліміздің барлық аймағына шығарсақ деген жоспарымыз бар. Сауылған таза қымыз болмаса да химиялық тағамдық құрамы, микроэлементтері кәдімгі қымызбен пара-пар», – деді Баян Дүйсенбек. Баян Дүйсенбек одан бөлек сиырдың қаны арқылы оның ауруын анықтайтын ғылыми-тәжірибелік жұмысты қолға алуды жоспарлаған. Ол «Иммунохроматографиялық тест жүйесі» арқылы мал ауруын 20 минут ішінде анықтай алады.