Студенттер қоғамға қызмет етсе...

Студенттер қоғамға қызмет етсе...

Студенттер қоғамға қызмет етсе...
ашық дереккөзі
5758
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында білім берудің жаңа сапасына айрықша тоқталғаны белгілі. Әсіресе, білім беру саласында кез келген өзгеріске бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту қажеттігі ескертілді. Осы орайда, Алматы қаласындағы «U38» университеттер альянсы студенттерді қоғамға қызмет етуге үйрету бойынша курс енгізуге баса мән берді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Community Service Learning» бағдарламасын енгізу бойынша әлемдік тәжірибені таратуға бағытталған семинарда қоғамға қызмет ету мәселесі студенттер үшін басты құндылық болуы керектігі сөз болды. Жоғары оқу орындары студенттерді қоғамға қызмет етуді оқыту үшін арнайы курс ашу мәселесі қаралған жиын Almaty Management University-де өтті. Семинарға қаладағы жоғары оқу орындарының проректорлары, кафедра меңгерушілері, «Bauyrzhan Foundation», «Special Olimpics», «Аман Саулық» және «Жігер» қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысты. Айта кетейік, шараны ұйымдастырған «U 38» Алматы университеттерінің альянсы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда мұғалімдердің әлеуетін нығайту үшін құрылған болатын. Альянс жоғары оқу орындарына рухани жаңғыруға жетекшілік етуге көмектесетін тәжірибе алмасу және жаңа жобаларды дамытуға арналған алаңға айналды. Бүгінде бұл ұйым «Almaty study English project» жобасын, «Алматы жайлы 100 қызықты дерек» және тағы басқа да жобаларды сәтті жүзеге асырып жүр. Аталмыш университетте 3 жылдан бері «Community Service Learning» пәні оқытылып келеді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай жоба арқылы студенттер қоғамның әлеуметтік мәселелерін көріп, шешу жолдарын үйренеді әрі әлеуметтік мекемелерде іс-тәжірибеден өтеді. Яғни, аталған оқу курсы аясында білім алушылар қоғамға қызмет етуді оқиды және қарттар үйінде, мүгедектер үйінде, сондай-ақ, басқа да әлеуметтік ұйымдарда жұмыс істеу арқылы алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолдануды үйренеді. Енді бұл пән Алматының басқа да оқу орындарында енгізілмек. Бұл әдісті ертерек енгізген жоғары оқу орындары басқа білім беру ордаларына семинар-тренингтер ұйымдастыру арқылы әдістемелік көмек көрсетеді. Семинарда алғашқылардың бірі болып сөз алған Almaty Management University ректоры Гүлмира Қорғанбаева «Community Service Learning» пәнінің студенттерді тәрбиелеудегі маңызы айрықша екенін атап өтті. «Қоғамға қызмет көрсету – «Рухани жаӊғыруға» негіз болатын бағдарлама болуы тиіс. Бұл – жаӊа сапалы қадам. Біз университеттердің қоғам дамуына қалай атсалысуы керектігін ойладық. Түлектеріміздіӊ мансап, табыс, жақсы жалақы, атақ қуып кетпей, түрлі оқиғаларға байланысты қиын жағдайға тап болғандар туралы да ойлауы тиістігін ескердік. Студенттердіӊ тек менталды ғана емес, эмоциялық ой-өрісін де дамытуымыз керек», – деді Гүлмира Қорғанбаева. Бұл оқу орнындағы «Community Service Learning» пәні аясында студенттер балалар үйіне, мүгедектер мен қарттар үйіне, өзге де әлеуметтік ұйымдарға барады. Студенттер жұмыс істейтін жерін өзінің әлеуметтік икеміне қарай таңдайды. «Бұл – мен үшін де, студенттер үшін де жаӊа пән. Студенттер бір ай бойы университет қабырғасында сабақ оқиды. Дәрістерге, тәжірибелік сабақтар мен семинарларға қатысады. Сабақтарда студенттерді құрамаларға бөлеміз, сосын олар серіктес ұйымдарды таӊдайды да, жұмысқа кіріседі. Жастардыӊ көбі мектепті жаӊа ғана тәмамдағанына қарамастан, жұмысқа дайын екенін мәлімдеуде. Бізде «Service Learning» дәрісінен өтіп «Қызыл Жарты Ай» қоғамында жұмыс істеп жүрген жастар бар. Бұған қоса, олардыӊ өздері алғашқы медициналық жәрдем көрсету бойынша тренинг өткізуде. Бұл пәнді оқытуға барлық бірінші курстағы студенттер жаппай жұмылдырылған. Бірінші және екінші семестрде «Service Learning» міндетті пән ретінде оқытылады. Ал жылдыӊ аяғында олар түрлі әлеуметтік жобалар дайындайтын болады», – деп түсіндірді Almaty Management University оқытушысы Гүлнәр Сепулова. Ал еліміздегі жетекші оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Жаманбалаева альянс мүшелерінің қоғамға қызмет етудің білім беру әдістерін енгізуге дайын екенін жеткізді. «Қоғамға қызмет ету дегеніміз не? Бұл – адамдардыӊ қоғамныӊ игілігі үшін риясыз еӊбек етуге әзірлік танытуы. Сол себепті біз бұл құндылыққа мектеп және университет қабырғасынан бастап баулу қажет деген ойдамыз. Жастарымыз өздері еӊбек ететін қандай салада болмасын игілікті істер тындыруға дайын болғаны абзал. Егер біз студенттерді осыған баули алсақ, осы құндылықты бойларына сіӊіре алсақ, қоғамға және адамдарға қызмет етуге әзірлік жағдайына келтіре алсақ, сонда ғана біз санасы жаӊғырған қоғам құра алғанымыз», – деді Шолпан Жаманбалаева. Қазіргі уақытта Қазақ ұлттық университетінің де студенттерді қоғамға қызмет етуге баулу тәжірибесін қолға алғанын айта кеткен абзал. «Қоғамға қызмет ету идеясы – еріктілердің ісі. Ол барлық университеттерде қалыптасқан дәстүр. Себебі еріктілер әлеуметтік істерге қол ұшын созып, балалар үйлеріне, қарттар үйлеріне барып көмек көрсетеді. Мысалы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінде әлеуметтік жұмыс деген мамандық бар. Мұнда әлеуметтік педагог, психологтар білім алады», – деп атап өтті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, философия және саясаттану факультетінің деканы Әлия Масалимова. Семинар соңында жастарды қоғамға қызмет етуге үйрету бойынша жасалатын жұмыстарды әрі қарай дамыту, бұл пәнді еліміздегі жоғары оқу орындарына базалық пән ретінде енгізу бойынша ұсыныстар жасалды. Сондай-ақ, студенттердің дәріс және тәжірибелік сабақ арқылы жиған білімдерін белгілі бір қоғамдық ұйымдарда тереңдету мәселесі айтылды. Айта кетейік, «Service Learning» бағдарламасы алғаш рет АҚШ-та дайындалып, сынақтан өткізілген. Кейін Аргентина, Чили және басқа да Еуропа елдеріне тарады. Ал алдағы уақытта бұл пән еліміздегі жоғары оқу орындарында да оқытылмақ.

Серіктес жаңалықтары