МӘМС: Мемлекет үшін де, адам үшін де абзал жүйе

МӘМС: Мемлекет үшін де, адам үшін де абзал жүйе

МӘМС: Мемлекет үшін де, адам үшін де абзал жүйе
ашық дереккөзі
775
Медициналық сақтандыру – денсаулық сақтау саласындағы халықтың мүддесін әлеуметтік қорғаудың бір түрі. Яғни, медициналық көмек қажет еткенде сақтандырылған жағдай бойынша науқасқа жинаған қаржы кепілдік болады. Сондықтан елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу жұмыстары әлі де жалғасып келеді. Елімізде биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілуі тиіс міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі кейінге қалдырылғаны белгілі. Жүйені енгізу кейінге шегерілгенімен, сақтандыру қорына жарна аудару жалғасуда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да медициналық қызметті жақсарту мәселелеріне баса назар аударған болатын. Мысалы, 80-қадам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге арналған. Жалпы, медициналық сақтандыру тұңғыш рет 1871 жылы Алманияда әлеуметтік сақтандыру жүйесі ретінде енгізілді. Ал 1883 жылы Германия канцлері Отто Фон Бисмарктың бастамашы болуымен медициналық сақтандыру туралы арнайы заң жобасы дүниеге келді. Бұл жүйені кейінірек бірқатар Еуропа елдері де тәжірибелеріне енгізе бастады. Атап айтар болсақ, 1887 жылы Австрия, 1894 жылы Норвегия, 1900 жылы Жаңа Зеландия, 1901 жылы Швецияда медициналық сақтандыру жүйесі пайда болды. Бүгінгі таңда неміс елінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі халықтың 90 пайызын қамтиды. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі барлық сақтандырылған азаматтарға науқастанған жағдайда медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді. Германиядағы міндетті медициналық сақтандыру жүйесі коммерциялық емес ұйымдар арқылы жүзеге асады. Германия азаматтарының басым бөлігі мемлекеттік сақтандыру кассаларында сақтандырылуға міндетті. Ал Қазақстандағы сақтандырудың негізгі ерекшелігі – барлық елдердегі тәжірибені зерттей келе көптеген тиімді жақтарын қарастырған. Біріншіден, әлеуметтік әлсіз топтар, балалар, жұмыссыздар, студенттер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар медициналық қызметті тегін пайдаланады, екіншіден, төлемдерді тек жұмыс берушілер мен қызметкерлер жүзеге асырады, мемлекет құқықтық реттеу мен қадағалауды жүзеге асырады, үшіншіден, әр жылда сатылап көшуді қарастырады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылдың қараша айында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР заңына қол қойды. Содан бері халықты жүйе жұмысымен таныстыру, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғаннан кейін Қазақстанда медициналық көмектің екі пакеті қолданысқа енгізіледі. Оның бірі – қазір қолданылып жүрген кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті болса, екіншісі – міндетті сақтандыру пакеті. Бұрын кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетін қаржыландыру Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің мойнында болатын. 2018 жылы аталған комитет жұмысын тоқтатты. Сондықтан қор биылдан бастап заңда көрсетілген міндетін атқаруды бастады. Егер былтыр сақтандыру қорына салым 1 пайызбен аударылса, 2018 және 2019 жылдары бұл көрсеткіш 1,5 пайызға дейін көтерілмек. Ал 2020 жылы 2 пайызға, 2022 жылға қарай 3 пайызды құрайды деп жоспарланған. Міндетті әлеуметтік сақтандыруға 2018 жылдың 1-30 маусымы аралығында 8,7 миллиардтан аса теңге аударылған. Жалпы алғанда, жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2018 жылдың 30 маусымы аралығындағы аударымдары мен төлемдерінің жалпы сомасы 80,6 миллиард теңгеден асты. Өңірлер бойынша Астана қаласының жұмыс берушілері мен жеке кәсіпкерлері 10 миллиардқа жуық аударым жасаған. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы жиналған қаражат азаматтардың тегін медициналық көмек алуы үшін жұмсалады. Яғни, бұрын мемлекет есебінен жүзеге асырылған тегін медициналық қызмет түрлері аталған сақтандыру жүйесі арқылы орындалмақ. Міндетті медициналық сақтандыру кез келген тұрғынды медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді. Оның басты маңыздылығы да сонда. Медициналық сақтандыру ең алдымен адамның өз денсаулығына жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар, сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы азаматтар қалаған аурухана мен емханадағы дәрігеріне барып, емделуге мүміндік алады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ақшасы бар азаматтардың емдеу ақысы дәрігерлерге сол қордан төленеді. Ал медициналық қызмет үшін жасалатын төлемдер қордағы ақшадан алынатын болғандықтан, енді емдеу мекемелері арасында бәсекелестіктің басталатыны сөзсіз. Өз кезегінде бәсекелестік медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттырады. Көбірек пайда табуға тырысқан медицина қызметкерлерінің емделушілерге барынша сапалы қызмет көрсету көрсеткіші жоғарылайды. Өйткені емделушілер қай дәрігерге баратынын өзі шешеді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден босатылатын азаматтар да бар. Олардың қатарында балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алғандар, І, ІІ дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көп балалы аналар, соғыс ардагерлері мен мүгедектері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, интернатта тәрбиеленіп жатқан тұлғалар бар. Сонымен бірге, бала тууға, бала асырап алуға, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар, жұмыс істемейтін екіқабат әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар, зейнеткерлер, әскери қызметкерлер, арнаулы мемлекеттік қызмет жұмыскерлері, құқық қорғау органдарының жұмыскерлері, ең төменгі деңгейдегі қауіпсіздік мекемелерін есептемегенде сот шешімімен ҚАЖ мекемелерінде айыбын өтеушілер, уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларындағы азаматтар да жарна төлеуден босатылады. Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде емхана таңдау механизмі жалғасын тауып, жетілдірілетін болады. Яғни, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде әр азаматқа емхана мен аурухана таңдау мүмкіндігі шектелмей, азаматтардың мұқтаждығына сәйкес жетілдірілмек. Бірақ емхананы еркін таңдау мүмкіндігі азаматтарға жылына бір рет қана беріледі. Бір мезетте бірнеше емханаға тіркелуге болмайды. Былайша айтқанда, аумақтық принцип сақталуы тиіс. Сондықтан әркім өзіне ыңғайлы, барып-келуге қолайлы емдеу мекемесін таңдағаны жөн. Ол азаматтардың тұрғылықты жеріне, жұмысына немесе оқу орнына жақын орналасқан емхана болуы әбден мүмкін. Стационарлық ем қабылдау үшін аурухана таңдаудың өз ерекшеліктері бар. Стационарда жоспарлы түрде ем қабылдау үшін тұрғындар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен аурухананы ғана таңдай алады. Мұндай ауруханалардың тізімі Денсаулық сақтау басқармаларының, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының веб-сайттарында, баспасөз құралдарында жарияланады. Тағы бір айта кететін жайт, медициналық сақтандыруды денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көзі деуге әбден негіз бар. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін денсаулық сақтау саласына бөлінетін жалпы қаржы көлемі артады. Қаржы көбейгендіктен, медициналық мекемелерге қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, жаңадан заманауи аппараттармен қамтамасыз етіледі. Мамандардың біліктілігін арттырудың маңыздылығы артып, жастарды шетелге оқуға, тәжірибе алмасуға жіберу мүмкіндігі жоғарылайды. Ал азаматтардың медициналық қызметтер үшін қалтасынан төлейтін шығындары азаяды. Дүниежүзілік банк зерттеулеріне иек артар болсақ, біздің елде ақылы клиникаларда емделетін азаматтардың саны басым. Жалпы, елімізде денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығынның 35 пайызы, яғни, үштен бірі тұрғындардың еншісіне тиеді екен. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің тағы бір ұтымды тұсы – медициналық қызмет сапасын арттыруға, медицина субъектілерінің арасында бәсекелестікті қамтамасыз етуге, салаға жаңа технологиялар енгізуге мүмкіндік беретіндігінде. Әрине, мұның бәрі бірден бола қоймайтыны түсінікті жайт. Бюджеттік қаржыландыру салдарынан қызмет сапасы көпшіліктің көңілінен үнемі шыға бермейтін медицина саласын алға бастыру үшін бірнеше жыл қажет. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тағы бір артықшылығы – баршаға бірдей мүмкіндіктің берілуінде. Мұнда жарнаны әркім өз мүмкіндігіне қарай төлейді де, ал медициналық көмекті қажеттілігіне қарай алады. Егер әрбір қазақстандық жүйеге қатысып, жарна төлеп тұрса, жоғары технологиялық көмек түрлерін тегін пайдаланып, кез келген клиниканың көмегіне жүгіне алады. Ал қор міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде пациенттің емделуіне кеткен клиниканың шығындарын жауып отырады. Қормен келісімшартқа отырған емдеу мекемелеріне қаражат бөлгенде сапалы қызмет пен азаматтардың қанағаттану деңгейі есепке алынады. Осы арқылы денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығы артып, жұмыс нәтижесі жақсарып, медициналық қызмет сапасы мен денсаулық сақтау саласының бәсекеге қабілеттілігі артады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында білікті дәрігерлер көбейіп, медицина қызметкерлерінің жалақысы артады. Дәрі-дәрмекпен, амбулаторлық көмекпен қамту көлемі өсіп, диспансерлік есептегі науқастар үшін бөлінетін тегін дәрі-дәрмек босатуда арадағы делдалдар жоғалып, науқас үшін қолайлы жағдай туындайды. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі жұртшылықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін де шешуі тиіс. Бүгінде мемлекет кепілдендірілген медициналық көмек шеңберінде 40-тан астам ауру түрі бойынша 200-ден астам дәріні тегін береді. Ал бұл препараттардың дәріханаларға түсуі, оның тиісті адамдарға жетуі күрмеулі мәселеге айналғалы қашан?! Алдымен тендер жарияланып, оны белгілі бір компания ұтқанша, диспансерлік есепте тұрған халық дәрі-дәрмегін күтумен сарғаяды. Ал сақтандыру қоры дәріханалармен ешқандай делдалсыз, тікелей келісімшарт жасасуды қарастырып отыр. Мұндай тәсіл арқылы жұртшылық дәрілік препараттармен уақытылы қамтамасыз етіліп қана қоймай, дәріні таңдау мүмкіндігіне ие болады. Ең бастысы, медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін емханалардағы ұзынсонар кезек жойылады. Емделушілердің барлығы алдын-ала тіркелгендіктен, кезек күтіп тұруға еш негіз болмайды. Қорыта айтқанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мемлекет үшін ғана емес, қарапайым халықтың мүддесі үшін де қажет. Денсаулық сақтау саласы халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңімен көшетін болады. Оны енгізудің қажеттілігі ешқандай күмән туғызбайды. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі іске асырмаған дайындық жұмыстарын тыңғылықты жүргізу талап етіледі. Мемлекеттің міндеттерін нақты белгілей отырып, Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін әзірлеу қажет. Халық мемлекет тарапынан кепілдік берілмеген қызметтерді Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы ретінде немесе ерікті медициналық сақтандыру, сондай-ақ, бірлесе төлеу арқылы ала алады. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан

Серіктес жаңалықтары