Ким Чен Ын Дональд Трамппен тағы кездескісі келеді

Ким Чен Ын Дональд Трамппен тағы кездескісі келеді

Ким Чен Ын Дональд Трамппен тағы кездескісі келеді
ашық дереккөзі
АҚШ Солтүстік Кореямен қарым-қатынасқа қатысты қарама-қайшы екі мәлімдеме жасады. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерстің хабарлауынша, президент Дональд Трамп Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ыннен "жаңа саммит өткізуге қызығушылық танытқан" хат алған, деп хабарлайды  centralasian.org. АҚШ президенті екі ел басшылары маусымда Сингапурде алғаш кездескеннен бері Солтүстік Корея ядролық қарусыздану бағытында нақты әрекеттер жасамаса да, Ақ үй аппаратына жоғары деңгейдегі кездесу өткізуге дайындық жұмыстарын бастауға пәрмен берді. Ал Сандерстің мәлімдемесінен бірнеше сағат бұрын Трамптың ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джон Болтон АҚШ келіссөзге ашық екенін, бірақ Солтүстік Корея ядролық қарудан арылу шараларын жасамай отырғанын мәлімдеген. Өткен айда Трамп мемлекеттік хатшы Майк Помпеоның Солтүстік Кореяға сапарын "стратегиялық диалогта ілгері жылжу жоғын" айтып, тоқтатып тастаған еді. Алайда, өткен жексенбіде АҚШ президенті Солтүстік Кореяның құрылған күніне орай Пхеньянда өткен парадта бұрынғыдай АҚШ-қа жете алатын баллистикалық зымырандар көрсетілмегенін оң бағалаған. "Бұл өте жағымды белгі. Рахмет, төраға Ким. Біз олардың қаншалықты дұрыс емес екенін барлығына дәлелдейміз. Бір-бірін қолдайтын екі адамның диалогынан асқан ешнәрсе жоқ" деп жазған Трамп Twitter-де. Ақ үй сонымен қатар Пхеньяндағы парадта ілінген транспаранттардың көбі елдің әскери әлеуетін күшейту емес, экономикалық дамуға қатысты болғанын оң әрекет деп бағалаған.