349
Әр айдың үшінші жұмасы «Көліксіз күн» деп жарияланбақ
Әр айдың үшінші жұмасы «Көліксіз күн» деп жарияланбақ
Өзбекстандықтар айына бір күн жаяу жүрулері мүмкін. Яғни, әр айдың үшінші жұмасы «Көліксіз күн» деп жарияланбақ, деп хабарлайды Хабар 24.
Ішкі істер министірлігінің бұл бастамасын үкімет қолдап отыр. Тәжірибе ретінде қыркүйектің соңында арнайы акция ұйымдастырылады. Өзбекстандағы заң шығару палатасының депутаттары да көліктерін қойып, көпшілікпен бірге бір күн қоғамдық көлікпен қатынауға дайын. Бастама жұрттан қолдау тапса, бұл күнге арнайы мәртебе де беріледі.
Экономикасы екпін алып келе жатқан көрші елде жыл санап көлік саны да еселеп артып келеді. Бір ғана Ташкенттің өзінде миллонға жуық темір тұлпар бар. Оған қалаға келіп-кететін көлікті тағы қосыңыз. Басқа елдер сияқты өзбекстандықтар да кейде көліктерін қоятын жер таппай қиналып жатады. Қырық жылдан астам темір тұлпар тізгінімен алысып келе жатқан Ғани Абдуллаев айына бір күн жаяу жүру құптарлық іс деп отыр.
Өзбекстандықтар «Көліксіз күн» акциясын күздің соңында ұйымдастыруды жоспарлап отыр. «Билік ешкімді көліксіз жүр деп мәжбүрлемейді. Әркімнің өз еркі. Дегенмен, бұл жерде тек халықтың белсенділігі мен табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту», - дейді заң шығару палатасының депутаты. Бастама халықтан қолдау тапса депутат бір күн жаяу жүруге дайын екендігін білдірді.
Жалпы Өзбекстанда сәрсенбі «Өртке қарсы күрес» күні деп белгіленген. Ал бейсенбіде профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Енді әр айдың үшінші жұмасында жұрт машинасын тастап қоғамдық көлікпен жүрмек.