Боксшыларымызды жерге қаратқан Жакарта

Боксшыларымызды жерге қаратқан Жакарта

Боксшыларымызды жерге қаратқан Жакарта
ашық дереккөзі
528
2 қыркүйек күні 2018 жылғы жазғы Азия ойындарының жабылу салтанаты өтті. Индонезия астанасы – Жакарта мен Палембанг қалаларында өткен байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасының спортшылары 15 алтын, 17 күміс және 44 қола медаль жеңіп алды. Жалпы есепте 76 медаль жинаған Қазақстан құрамасы Азия ойындарын 9-орында қорытындылады. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы Азия ойындарында тіркелген ең төменгі нәтиже. Қазақстандық спортшылар жазғы Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. Биыл елімізден Азия ойындарына 440 спортшы қатысты. Оның ішінде 404 спортшы 25 олимпиадалық спорт түрінен бақ сынады. Азия ойындарында ел намысын қорғаған қазақстандық спортшылар велоспорт, байдарка мен каноэде ескек есу, көркем гимнастика, самбо мен джиу-джитсуден қос-қостан алтын медаль еншіледі. Одан бөлек Қазақстан қоржынына карате, жеңіл атлетика, дзюдо, су добы және семсерлесу бойынша алтын жүлде түсті. Бірақ 15 алтын медаль Қазақстанның алғашқы бестікке кіруіне мүмкіндік берген жоқ. Алтын медаль саны бойынша Өзбекстан Азия ойындарының үздік бестігін қорытындылады. Өзбекстан қоржынында – 21 алтын медаль. Ал алғашқы үштікті Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея түйіндеді. Төртінші орын Азия ойындарын өткізген Индонезия еліне бұйырды. Осылайша, Қазақстан 2018 жылғы Азия ойындарында үздік бестікке кіре алмады. Қазақстан өз тарихында Азия ойын­­дарына жетінші рет қатысты. 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен XVII жазғы Азия ойындарында 28 алтын, 23 күміс, 33 қола медаль еншілеп, ұлттық құрамамыз жалпы есепте 4-орыннан көрінген. Жакартадағы додада боксшылардың жолы болмағанымен, 15 спортшы ел қоржынына алтын жүлде салды. Қазақстан құрамасы алғашқы алтын медальге ойынның бірінші күні-ақ қол жеткізді. Семсерлесуші Дмитрий Алексанин финалда Рио олимпиадасының жеңімпазы Сан Ен Пактан айласын асырып, 15:12 есебімен Азия чемпионы атанды. Ал жартылай финалда Дмитрий Лондон олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы Джунг Джинсунды тізе бүктірді. Екінші алтынды велоспортшылар сыйлады. Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко 150 шақырымдық топтық бәсекеде қарсыластарын шаң қаптырып кетті. Ол аталған қашықтықты 3 сағат 25 минут 25 секундта жүріп өтті. Мәре сызығын Алексеймен тағы екі велошабандоз қатар кескен. Алайда мәредегі арнайы фотоқұралдың көмегімен отандасымыз жарыс жеңімпазы деп танылды. Алексей Луценко 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында да жеңісті ешкімге бермеген еді. Бұл жолы да өзінің мықтылығын дәлелдеп, велошабандоз жекелей сында да алтыннан алқа тақты. Межеленген 40 шақырымды 55 минут 37,13 секундта жүріп өткен Луценконың нәтижесін ешкім қайталай алмады. Қазақстан қоржынындағы төртінші және бесінші алтын джиу-джитсу спорты бойынша бақ сынаған спортшылар еншісінде. 62 келі салмақта белдескен балуан Дархан Нұртаев Біріккен Араб Әмірліктерінен келген спортшыны тізе бүктірді. Ал 77 келі салмаққа дейін өнер көрсеткен Руслан Исраилов финалда қырғызстандық Нұрсұлтан Әлімқұловты жеңіп, чемпиондық атаққа қол жеткізді. 27 тамыз күні қазақстандық каратеші Гузалия Гафурова XVIII жазғы Азия ойындарының жеңімпазы атанып, Қазақстан құрамасының қоржынына алтыншы алтын медальды салды. 68 келі салмақта бақ сынаған Гузалия алғашқы кездесуінде Өзбекстаннан келген Ділдор Аннадурдиевадан басым түсті. Одан кейін ирандық қарсыласы Пегах Зангенехкаркутиді жеңді. Ал жартылай финалда Вьетнам спортшысы Тхи Нгуенді жеңіп, финалға жолдама алды. Алтын медальді қытайлық Танг Линглингпен сарапқа салған айқаста отандасымыз қарсыласынан айласын асырып, Азия чемпионы атанды. Айта кетейік, Гузалия Гафурова 2014 жылы Инчхонда өткен додада да топ жарған болатын. Көркем гимнастика бойынша өнер көрсеткен Алина Әділханова, Адиля Тілекенова, Даяна Әбдірбекова сынды спортшыларымыз командалық сайыста жеңіске жетіп, ел абыройын асырды. Ал гимнастшы Алина Әділханова жекелей сайыста да топ жарды. Қазақстандық спортшы жекелей сындағы төрт жаттығу қорытындысы бойынша 66,500 ұпай жинап, Азия чемпионы атанды. Азия ойындарындағы Қазақстанның тоғызыншы алтын медалін байдарка мен каноэде ескек есу командасы жеңіп алды. Қазақстандық ескек есушілер өз шеберлігін дәлелдей білді. Нәтижесінде, К-4 дисциплинасы бойынша Сергей Токарницкий, Илья Голендов, Андрей Дергунов және Евгений Алексеев алтын жүлдегер атанған. Одан кейін 81 келі салмақта бақ сынаған дзюдошы Дидар Хамза Азия чемпионы атанды. Бұл – Қазақстан қоржынындағы оныншы алтын медаль еді. Дидар ақтық белдесуде ирандық дзюдошы Саид Моллаимен кездесіп, соңғы сәтте жеңіске жетті. Ең алғашқы кездесуде Дидар тай спортшысы Терада Масаюкиді ваззари әдісімен жеңсе, моңғол Ууганбаатар Отгонбаатарды иппонмен жеңді. Жартылай финалда жапон Такеши Сасакиден айласын асырды. Үміт артқан спортшыларымыздың бірі – жеңіл атлет Ольга Рыпакова болған. Ольга отандастарының сенімін ақтап, алтыннан алқа тақты. Индонезиядағы Азия ойындарында Ольга Рыпакова Қазақстан қоржынына он бірінші алтын медальді салды. 33 жастағы атлет үш дүркін қарғып секіруден үздік деп танылды. Екінші мүмкіндігінде 14 метрге қарғып, алға озды. Ал бесінші мүмкіндігінде 14,26 метрге секірді. Айта кетейік, Ольга Рыпакова төртінші рет Азия чемпионы атанып отыр. Самбодан 52 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Бағлан Ибрагим ел қоржынына он екінші алтынды салды. Финалда ол моңғолиялық қарсыласын 4-0 есебімен ұтып, алтын медаль иеленді. Сонымен қатар, байдаркамен 200 метрге жарысуда Инна Клинова Азия ойындарының чемпионы атанды. Инна Клинова 2014 жылы Инчхонда өткен Азиадада осы қашықтықта алтын жүлде иеленген. Қазақстандық балуан Ділдаш Күрішбаева да самбодан Азия чемпионы атанды. 68 келіде белдескен жерлесіміз финалда өзбекстандық Нилуфар Дәулетованы жеңді. Есеп – 4:0. Осылайша, самбошылар ел қоржынына екі алтын салды. Су добынан Қазақстан ерлер құрамасы да Жакартада өтіп жатқан Азия ойындарында чемпион атанды. Олар финалда Жапония құрамасын жеңді, есеп – 7:8. Қазақстан құрамасы ойын барысында 2:5 есебімен жеңіліп жатқан. Соңғы таймда есепті теңестіріп, ойын аяқталуға екі минут қалғанда Қазақстан ойыншысы Рустам Укуманов жеңіс голын салды. Су добынан Қазақстан ерлер құрамасы 1994, 1998, 2002, 2010 және 2014 жылғы Азия ойындарында да чемпион атанған. Ал 2006 жылғы Азия ойындарында Жапония чемпион болып, Қазақстан қола иеленген.

Боксшылардың бағы тайды ма?

Спорт дегенде ең алдымен ауызға оралатын қазақ боксшылары еді. Қазақстандық былғары қолғап шеберлері әлемдегі үздіктердің қатарында екенін дүйім жұрт жақсы біледі. Сондықтан қазақ жанкүйерлері әрдайым боксшыларға үлкен үміт артатын. Бірақ XVIII жазғы Азия ойындары қазақстандық былғары қолғап шеберлері үшін онша сәтті аяқталмады. Бұл додада боксшылардың ешбіріне алтыннан алқа тағу бұйырған жоқ. Бұл жанкүйерлер үшін де, боксшылар үшін де тосын жайт болды десек қателесе қоймаспыз. 1994 жылдан бері қазақстандық боксшылар бұл бәсекеден басты жүлдесіз қайтып көрмеген еді. Биыл да олардың алтыннан алқа тағып қайтарына барша жанкүйер сенім артқан. Тіпті, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері де былғары қолғап шеберлерінің алтынсыз оралмайтынын сенімді түрде мәлімдеген еді. Бірақ нәтиже қазақстандық жанкүйерлердің көңіліне қаяу түсірді. Оның үстіне, биылғы Азия ойындарынан ауыр салмақ дәрежесі алынып тасталған болатын. Бұл да қоржынымызға алтын жүлде салуға кедергі келтірді. Боксшылар бабында болмады деуге де ауыз бармайды, тек бабы келіскендердің бағы жанбаған болар деп топшылауда жұрт. Ал бас бапкер төрешілердің бұра тартқанына ренжулі. Азия ойындарындағы бокс бәсекесінен кейін ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің ресми сайтына арнайы сұхбат беріп, мән-жайды түсіндірді. «Азия ойындарына бес жүлде аламыз деп келгенбіз. Оған шамамыз да жететін еді. Алайда тым төмен нәтиже көрсетіп отырмыз. Әр ел өз спортшысын қорғайды. Сол себепті, бір елдің соңына түсіп алғанымыз дұрыс болмас. Жігіттер бар күшін салды, оларға айтарым жоқ. Көптеген кедергілер мен келеңсіз жайттар орын алып отыр. Финалға дейін үш боксшымыздың жолын кескен. Енді міне, екі жігітіміздің алтынын тартып алды. Сабыр қылғаннан басқа амал жоқ. Жалпы, бізге шаршы алаңдағы қарсыластармен ғана емес, басқалармен де күресуге тура келді. Қайрат Ералиевті алып тастағаннан кейін-ақ қиын соғарын сездім. Тіпті, Азия ойындарына аттанар кезде де бұл белгілі болған. Себебі біздің бір өкіліміз жоқ. Қазақстандық төрешілер де алынбаған. Сондықтан Азия ойындарында саясат жеңді. Асланбек Шымбергеновке жоқ жерден ескерту беріп, ұпайын алып тастады. Боксшыға үш-төрт рет ауызша ескерту берілген соң ғана, ұпайын алып тастаушы еді. Бұл жолы бірден... Жігіттерге айтар өкпем жоқ. Бар күшін салды», – деді бас бапкер. Иә, «сабыр қылғаннан басқа амал жоқ». Әдетте, осынау сөздер адамның (қоғамның) басына ауыр қайғы түскенде айтылушы еді. Шынымен, боксшыларымыздың бағы тайды ма? Ең бастысы, бас бапкердің «бір өкіліміз жоқ» деп «аһ» ұруын қалай түсінуге тиіс жұрт? Азия чемпионатына боксшымыз қатыса ма, әлде «өкіл» қатыса ма? Азия ойындарында алтынмен оралады деп үміт артқан боксшыларымыздың бірі – Әлем чемпионы Қайрат Ералиев болатын. Өкінішке қарай, ол алғашқы айналымнан кейін-ақ додадан шығып қалды. 56 келі салмақта жұдырықтасқан Қайрат Ералиев қазылар шешімі бойынша, тай боксшысы Чатчай Будтиден жеңілді. Боксшы кейіннен берген сұхбатында қазылардың шешімімен келіспейтіндігін жеткізді. Жакартадағы Азия ойындарында Қазақстан намысын 10 боксшы (7 ер, 3 әйел) қорғады. Бірақ қазақстандық боксшылардың тек екеуі ғана ақтық бәсекеге жолдама алды. «Қазақтың салмағы» атанып кеткен 69 келі салмақта да жүлде бұйырмады бұл жолы. Атаулы салмақ бойынша өнер көрсеткен Асланбек Шымбергенов финалда өзбек боксшысы Усмон Батуровқа есе жіберіп, күміс медальді қанағат тұтты. 2006 жылдан бері Азия ойындарында бұл салмақ бойынша қазақ боксшыларын ешкім де жеңе алмаған еді. Өкінішті-ақ... Ал 75 келі салмақта шаршы алаңға шыққан Әбілхан Аманқұл да өзбек боксшысы Исраил Мадримовтан ұтылды. Сөйтіп, ашылу салтанатында Қазақстанның туын көтеріп шыққан боксшы Әбілхан Аманқұл Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Бұл – Әбілханның Азия ойындарына алғаш қатысуы. Айта кетейік, аты аталған екі боксшы өткен жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатының жартылай финалында жұдырықтасқан болатын. Ол сайыста да Өзбекстан боксшылары жеңген. XVIII жазғы Азия ойындарында боксшыларымыз осы екі күміс медальді ғана қанағат тұтты. Бұл сында өзбек боксшыларының алдына ешкім шыға алмады. Өзбекстан құрамасы 5 алтын, 2 күміс медаль еншілеп, бірінші орынға шықты. Ал Қазақстан құрамасы үздік үштікке де жете алған жоқ.

Ақталмаған үміттер...

Қазақ балуандары да былғары қолғап шеберлерінің жолын қайталады. XVIII жазғы Азия ойындарында отандық балуандарымыз жеңіс тұғырынан көрінбеді. Грек-рим күресі бойынша жанкүйерлер үміт артқан Нұрмахан Тыналиев финалда өзбек спортшысына есе жіберіп алды. Егер Нұрмахан осы сында жеңіс тұғырынан көрінгенде үш дүркін Азия чемпионы атанар еді. Әттең... Күрес түрлерінен жүлдесіз қайтпайтын балуандардың бұл додада жолы болмаған сыңайлы. Дзюдодан әлем чемпионы Елдос Сметовтен де үміт күткендер көп еді. Бірақ Елдос жарыстың соңына дейін жете алмады. Бірінші айналымда қарсыласын айқын басымдықпен жеңген Елдос екінші кездесуде Солтүстік Корея балуанынан ескерту санымен ұтылған болатын. Осы жекпе-жектен соң Елдос Сметовті ауруханаға алып кетті. Айта кетейік, Елдос Сметов жұбаныш белдесуіне де шыққан жоқ. Ал Рио олимпиадасының жеңімпазы Дмитрий Баландин бұл жолы елімізге қола медаль сыйлады. Отандасымыз 100 метрге брасс әдісімен жүзуде жапон және қытай елінің спортшыларына жол беріп алды. Финалдық бәсекеде Дмитрий 59,39 секунд көрсеткішімен үшінші болып келді. Алтын медальді Азия рекордын жаңартқан жапон спортшысы Ясухиро Косеки иеленді. Ал қазақстандық спортшы 2014 жылы Инчхондағы Азия ойындарындағы рекордынан айырылып қалды. Айта кетейік, Дмитрий Баландин 2014 жылғы Азия ойындарында 50, 100 және 200 метр қашықтықта үздік болып, үш дүркін чемпион атанған.

Жеңімпаздар қандай сыйақы алады?

Жакартадағы Азия ойындарында жүлделі орындардан көрінген спортшылар мемлекет тарапынан арнайы сыйақы алады. Бұл – әлемдік спортта қалыптасқан қағида. Азиада және басқа да жарыс түрлерінің жүлдегерлеріне сыйақы төлеу 2014 жылы 19 желтоқсанда ҚР Үкіметінің үкіміне сай реттеледі. Алтын медаль үшін – 10 мың, күміс – 5 мың, ал қола үшін 3 мың АҚШ доллары беріледі. Ал спортшы екі немесе одан да көп медаль алған жағдайда, оның сыйақы мөлшері екі еселенеді. Биылғы Азия ойындарында бірнеше медальді еншілеген спортшылар баршылық. Олардың қатарында велошабандоз Алексей Луценко, Дмитрий Баландин бар. Сонымен қатар, командалық спорт түрінің және эстафеталық жарыстардың жеңімпаздарына 100 пайыздық сыйақы төленеді. Мәселен, Су добынан чемпион атанған Қазақстан ерлер құрамасының 13 ойыншысы алтын медаль үшін 10 мың АҚШ долларын алады. Спортшыларды сынға дайындаған бапкерлер де мемлекет назарынан тыс қалмайды. Олар үшін де арнайы сыйақы қарастырылған. Азия ойындарында жүлделі орын алған спортшылардың бапкерлеріне алтын медаль үшін – 5 мың, күміс – 3 мың, қола – 2 мың доллар сыйақы беріледі. Vesti.kz порталының есептеуінше, Азия ойындарынан жүлделі оралған спортшылар мен олардың бапкерлеріне 1 млн 210 мың АҚШ доллары сыйақы ретінде берілмек. Оның 767 мың доллары спортшыларға бұйырса, 443 мың доллары бапкерлерге үлестіріледі.

Серіктес жаңалықтары