Түркістан мұқтарияты нені көздеді?

Түркістан мұқтарияты нені көздеді?

Түркістан мұқтарияты нені көздеді?
ашық дереккөзі
1424
Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы Қазақстан халқының озық идея және тың тұжырым төңірегінде топтасуына жол ашты. Тұтас халық, бірегей ұлттың рухани жаңғыруы бір күнде, бір сәтте орындала қалатын оңай шаруа емес. Өткенді таразыламай, болашақты бағдарлай алмайсың. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ретінде қарастыруда болып отыр. Алайда өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» деуі де сондықтан. Ал Мұстафа Шоқайдың соқтықпалы, соқпақсыз тағдырын жадымыздан шығарсақ, қазақ тарихының, рухани мәдениетінің парақтары түгел болмайтыны түсінікті. Түркістанда билік басына большевиктер келіп, Қоқан автономиясын құлатқаннан кейін, елде ешқандай демократиялық іс-әрекетке жол бермейтін тоталитарлық жүйенің қалыптаса бастағанын таныған және өз отанында қалуы қауіпті екенін білген Мұстафа Шоқай өмірінің соңғы 20 жылдайын Францияда өткізгені белгілі. Кеңестік кезеңде оның атын атауға тыйым салынып, тіпті ағайынтуған, жора-жолдастарына дейін қуғын-сүргінге түсті. Сол себепті бүкіл түркі халқының азаттығы үшін бар рухани күш-қуатын аямаған, тіпті, ғұмырын да құрбан еткен Мұстафа Шоқайдың өмірі, саяси қызметі мен шығармашылығы әуелде шетелде – Түркияда зерттелген болатын. Қайсар күрескер Францияда тұрғанда Түркияның тәуелсіздік алғанына ерекше қуанып, кейін оны қызғыштай қорғағаны, бірнеше мақала жазғаны белгілі. Ал Кеңес елінде коммунистік насихат Мұстафа Шоқайға «сатқын», «опасыз», «контрреволюционер», «нағыз пантюркист» және «панисламист» деп толып жатқан аттар тақты. Осынша үркетіндей қайсар тұлға Кеңес өкіметіне қарсы не істеп еді? Әділеттілік пен тазалықты тұрақты мұраты еткен қайсар күрескер кеңестік шынайы шындықтан басқа ештеңе айтпады, айта да алмады. Ол кеңестік шындықтың кейбір оң жағын жоққа шығармады, өзінің «Кеңес үстемдігінің 16-ыншы жылдығына орай» деген мақаласында: «Кеңес өкіметі өмір сүрген 16 жыл ішінде ешқандай бір оңды істер болмады десек, ол да дұрыс болмаған болар еді. Табыстар да жоқ емес» деп жазған болатын. Жиырма жылдан астам уақыт бойы шет елде тұруға мәжбүр болған аса көрнекті саясаткер-публицист Кеңес Одағындағы түркі халықтары туралы, оның ішінде тұтас Түркістан аймағындағы большевиктік болмысты әшкерелеп, пролетарлық Ресейдің озбыр саясатын әлемге паш ету үшін Станбұл, Париж, Берлин, Лондонда сөз сөйлеп, баяндамалар жасады, батыстық басылымдарда толып жатқан мақалалар жариялады. Оған дереккөз етіп кеңестің лауазымды қызметкерлерінің жасаған баяндамаларынан, жазған мақалаларынан, сөйлеген сөздерінен, «Еңбекші қазақ», «Қызыл Өзбекстан», «Правда Востока», «Правда», т.б. бұқаралық ақпарат құралдарынан материалдарды екшеп, сұрыптап ала білді. Бұл сонау Мәскеуге, кеңес басшыларына да жетіп жатты және оларға еш ұнамады. Тіпті, оларды сескендірді. 1925 жылдың 29-мамырында И.Сталин РКП(б) Қырғыз (Қазақ) өлкелiк комитетiнiң бюро мүшелерiне жолданған хатында: «Бiз өкiметтi, жастарды саяси және идеологиялық тәрбиелеудi партияда жоқ буржуазиялық интеллигенттерге табыстау үшiн алғанымыз жоқ. Бұл шайқас толығымен және еш күмәнсіз коммунистердiң пайдасына шешiлуi қажет. Олай болмаған жағдайда Қырғызстанда (Қазақстанда – автор) шоқайшылардың жеңiске жетуi әбден мүмкiн. Ал бұл Қырғызстандағы коммунизмнiң идеологиялық және саяси күйреуiмен теңбе-тең» – деп жазуы жайдан-жай емес еді. Мұстафа Шоқайдың большевиктік саясатты жанжақты талдаулары кеңестік билікке әсер етпей қалмады. Халықты қырғынға ұшыратқандардың көбісінің өзі кейін сотталды, атылды. Осылайша бір қылмыс екінші қылмыспен жуып шайылғандай болды. Бірақ коммунистік партия жалғыз билеп, жүзеге асырған астамшылық пен озбырлыққа түгелдей тыйым салынған жоқ. Салынуы да мүмкін емес еді. Өйткені жеке билік ешуақытта жақсылыққа жеткізбеген. Тарихта жеке билеу мемлекетті көбіне мүгедек күйге түсіріп отырған. Жалғыз коммунистік партияға сүйеніп, бірінші хатшыларға ғана бағынған Кеңес Одағының құлауының аса елеулі бір себебі де осында жатқан-ды. Міне, осылай кеңес көсемі Сталиннің өзін қауіптендірген Мұстафа Шоқай егемендіктің елең-алаңында ғана сағыныштан сарғайтқан Отан есігін қақты. 1990 жылдың 2 қарашасында «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған Бейбіт Қойшыбаевтың «Мұстафа Шоқаев» атты мақаласы – кеңес заманындағы жабық тақырыптың пердесін ашқан алғашқы мақаланың бірі еді. Ал белгілі қоғам қайраткері, атақты жазушы Әнуар Әлімжановтың «Қазақ әдебиеті» газетінің 1991 жылдың 24 және 31 мамырдағы сандарында «Мұстафа Шоқай... Ол кім?» деген тақырыппен жарық көрген терең толғаныс пен келелі пікірлер оралымды ойларға толы мақаласы Мұстафа Шоқай атына деген қызығушылыққа ерекше екпін берді де, талай мақалалар жазылып, диссертациялар қорғалып, көптеген іргелі еңбектер жарық көре бастады. Бұл қызығушылық 90-жылдардың екінші жартысы мен 2000-жылдың басынан айрықша қарқын алды. Түрлі тақырыптарда ғылыми-тәжірибелік конференциялар өтіп, көркем шығармалар, кинофильмдер дүниеге келді. Белгілі қаламгер, тарихшы, саясаттанушы ғалымдар Бақыт Садықова, Мәмбет Қойгелдиев, Қалдарбек Найманбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Оразбек Сәрсенбаев, Талас Омарбеков, Бүркіт Аяған, Бейбіт Қойшыбаев, Әбу Тәкенов, Хамза Абдуллин және т.б. қайсар күрескер тұлғаның бейнесін ашып, оның шынында кім болғанын ашып айтуға тырысты. 2015 жылы Мұстафа Шоқайдың туғанына 125 жылдығы қарсаңында Алматыдағы Ұлттық кітапхана шығарған «Библиографиялық көрсеткіште» ұлы күрескердің қызметі мен шығармашылығы туралы 8 тілде жазылған 1405 еңбек орын алған екен. Бұл әуелі қарқындағы жиырма шақты жылға аз емес. Мұстафа Шоқай мұралары Қазақстан оқырмандарының қолына өткен ғасырдың аяғында тие бастады. 1998-1999 жылдары алғаш шыққан екі томдық шығармалар жинағына негізінен 1929 жылдан 1939 жылға дейін Германияда басылған «Яш Түркістан» журналындағы мақалалар енді. 2007 жылы осы басылым толықтырылып үш томдық болып қайта басылды. Бұл томдарды шығаруға белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, сол кездегі «Қайнар» баспасының директоры Оразбек Сәрсенбаев ерекше еңбек сіңірді. Реті келгенде алғашқы екі томдықтың дүниеге келуіне себепкер болған, «Яш Түркістан» журналының тұтас бір тігіндісін отанға жеткізген Айтан Нүсіпханұлының атын да атай кетсек артық болмас. Көп ұзамай Мұстафа Шоқайдың өмірі, саяси қызметі мен шығармашылық мұрасына қатысты арнайы зерттеу еңбектер де жарық көрді. 2002 жылы Бақыт Садықованың «История Туркестанского легиона в документах» және 2009 жылы «Мустафа Шокай в эмиграции», 2004 жылы белгілі шетелдік мұстафатанушы Абдуақап Қараның қазақ тілінде «Мұстафа Шоқай: өмірі, қызметі, шығармашылығы», 2007 жылы Дархан Қыдыралиевтің «Мұстафа Шоқай», т.б. кітап, монографиялар оқырмандар қолына тиді. Бұлар Мұстафа Шоқайдың сан қырлы қызметін ашуға ұмтылған іргелі еңбектер еді. Осылай елімізде мұстафатану ғылымы да бірте-бірте қалыптаса бастады. Мұстафа Шоқайды жан-жақты зерттеудің келесі бір айрықша бетбұрыс кезеңін Қазақ-станның шетелдік тарихнамасын зерттеудің негізін қалаушы, ағылшын тілінің білгір маманы, кәсіби аудармашы Көшім Есмағамбетов шығармашылығымен тікелей байланысты деп түсінемін. Ол берісі Түркістан аймағының, арысы бүкіл түркі жұртының тәуелсіздігін ту еткен, өмірінің соңғы күреске толы жылдарын сонау Еуропаның төрінде өткізген Мұстафа Шоқайдың шетелдік мұрағаттар мен кітапханаларда сақталған өмірі мен қызметі туралы мәліметтер мен шығармаларын зерттеп, соның нәтижесінде 30-ға тарта ғылыми мақалалар жазып, 2006 жылы екі томдық «Мұстафа Шоқайдың эпистолярлық мұрасы» атты жинақты шығаруға ғылыми жетекшілік етті. 2008 жылы көлемі 30 баспа табақтан астам «Әлем таныған тұлға» атты монографиясымен Мұстафа атын азынаулық білетіндерді де, атақты саясаткерді зерттеу объектісі етіп жүргендерді де елең еткізді. Шын мәнісінде, бұл еңбекте шынайы гуманист, қажырлы да қайсар тұлғаның саяси қызметімен, энциклопедиялық білімдар және қаламы жүйрік публицист ретінде әлемге танылғандығы жанжақты дәлелденіп, Мұстафа Шоқай болмысын ашуға ерекше үлес қосылды. Ал 2012-2014 жылдар аралығында ерекше шығармашылық қайраттың иесі Көшім Лекерұлының жетекшілігімен Мұстафа Шоқай мұрасының жалпы көлемі 400 б.т. 12 томдық толық жинағы шықты. Отандық мұстафатану ғылымына қосылған теңдесі жоқ бұл толымды жинақтың ең басты жетістігі мен ерекшелігі Мұстафа Шоқайдың Франциядағы жеке мұрағаттық қорынан, Өзбекстан, Қазақстан, Германия, Түркия және т.б. елдердің мұрағатынан алынып, жанжақты сараланып және талданған қазақ, орыс, шағатай, ағылшын, француз, түрік, поляк тілдеріндегі шығармалардың түпнұсқа күйінде тұңғыш жарық көргендігінде. Жеке мұрағаттық қордан алынған материалдар да бай, әрі қызғылықты. Мұның үстіне М.Шоқайдың 40 шамалы бүркеншік есімдері болғанын, оны анықтаудың да оңай болмағанын ескерте кеткен артық болмас. Жұмыстың бірегейлігі мен жоғары деңгейлігін бірнеше факторлармен анықтауға болады. Біріншіден, бұл шығармашылық мұра өз оқырманына түпнұсқа күйінде жеткізіліп отыр. Енді кез келген зерттеуші әртүрлі ауытқулар болмас үшін осы басылыммен жұмыс істеуі қажет. Екіншіден, көптомдық өзінің құрылымы, дайындалу сапасымен ерекшеленеді. Бірінші том М.Шоқайдың өмірі мен қызметіне арналған да, қалған томдарында шығармашылық және эпистолярлық мұралар берілген. Үшіншіден, зерттеушінің терең білімді, ғылымға адал, өзіндік әдіс-тәсілі қалыптасқан зерделі тарихшы екендігі. Біз әңгімемізге негізгі арқау етіп осы он екі томдықтың беташарындай көлемі отыз төрт баспа табақ бірінші кітапты алып отырмыз. Мұнда Көшім Есмағамбетов күрескер тұлғаның қайраткерлік болмысын, терең дүниетанымы мен мол шығармашылық мұрасын талдап, ғылыми мәні зор тұжырымдар мен қорытындылар жасаған. Бірнеше жыл тынымсыз және жүйелі жұмыс негізінде дайындаған бұл еңбек бұрын әр қырынан зерттеліп жүрген М.Шоқайдың шынайы да күрделі тұлғасын аша түсіп, өз тұғырына қондырғандай әсер етеді. Күрделі зерттеудің алғашқы бөлімінде ұлы күрескердің шығармашылық мұрасының жай-жапсары, олардың сақталу, жиналу және жарық көру мәселелері келелі сөз болады. Көшім Есмағамбетов мұстафатанудағы кейбір қайшылықты пікірлерге тоқтай келе, оның орын алуын тарихи шындыққа жету процесінің күрделілігімен байланысты екенін атап көрсетіп: «...кез келген, аса ыждағаттылықпен жазылған тарихи еңбектің өзіне де ақиқаттың салыстырмалы шама екендігі жөніндегі принцип тұрғысынан қарау керек» деген қағидалы тұжырым жасайды. Бұл ойдың, бір жағынан, ғылым-біліммен, зерттеу жұмыстарымен айналысып жүргендер үшін де, екінші жағынан, кітаптың кейінгі тарауларын түсінуде де әдістемелік мәні бар. Мұстафа Шоқайдың дүниетанымы аса күрделі жағдайларда қалыптасқаны белгілі. Біріншіден, ХХ ғасыр басында Ресейді сансалалы саяси өзгерістерге толы еді. Оны тарихтан жақсы білеміз. Екіншіден, бұл кезде империялық өктемдік пен отарлық саясаттың зардаптары әрбір қазақ ауылдарына да жеткен болатын. Орыс қоныс аударушылары мен патшаның жергілікті шенеуніктері тіпті, Сыр бойына аты мәлім Шоқай әулетінің кірпіштен салынған үйін екі рет ақысыз-пұлсыз, ал егістігін тіпті күштеп тартып алған еді. Ташкенттегі гимназияны үздік бітірген Мұстафаға тиесілі алтын медальді басқа ұлт өкілі деп сыртқа теуіп, орыс баласына бергізу де бала сезімде өшпестей із қалдырған болатын. Реті келгенде айта кету керек, көрнекті қайраткерлер туралы жазылған кейбір іргелі әдебиеттерде болашақ тұлғаның ата-тегіне, отбасылық өміріне, жас шағындағы әлеуметтік және саяси болмысына жеткілікті көңіл бөліне бермейді. Қандай тұлға болмасын ол дүниеге келген әлеуметтік орта, отбасындағы көрген тәрбиесі мен өнегесі оның болашағының негізін қалайтынын ұмытпаған абзал. Бұл жағынан зерттеуші еңбегіне өкпе жоқ. Осы бағытта Мұстафа Шоқай ең алғашқы тәрбиені өз кезіндегі тұрмысы жоғары мәдениеті қалыптасқан елге танымал әулеттің отбасында алғанына, өскен ортасына, оқу-білім жайларына, алғашқы алған әлеуметтік-саяси сабақтарына ерекше көңіл бөлінген. Бұл бала Мұстафаның келешек шығар биігін, алар асуын байқатады. Мұстафа Шоқайдың алғашқы күрескер ретінде қалыптасу үдерісіндегі шынайы болмысын танып-білуде оның жәдиттер қозғалысына қатысы ізтүзсіз кеткен жоқ. Көшім Есмағамбетов Мұстафаның жас кезіндегі жәдитшілдік ықпалдағы көзқарастары еуропалық және Алаш қозғалысы жетекшілерінің ой-пікірлеріне ұласып, жаңа арнада дамып, өзгеше сипат алғандығын айта келіп, кейбір зерттеушілердің жәдитшілдік түрік әлеміне Мұстафа Шоқай да қосылды дегенімен келісе бермейтіндігін білдіреді. Мұстафа Шоқайдың отаршылдықтың зардаптарын оқу-білім саласындағы реформа күшімен емес, саяси амалмен, яғни патшалық режимді конституциялық демократиялық жүйемен ауыстыру арқылы болады деген тұжырымды ұстанғанын ескертеді. Бұған Мұстафа Шоқайдың Екінші жалпықазақ съезіне қатысып, оның Алашорда Ұлт кеңесінің және үкіметінің құрамына кіруі, Сыртқы Істер министрі болып сайлануы дәлел. Бұл, шынында да, оның Алаш қозғалысы жетекшілерінің тікелей ықпалында болғандығынан еді. Сондай-ақ, Мұстафа Шоқайдың мұны қанағат тұтпай, Екінші жалпықазақ құрылтайы делегаттарын Түркістанмен бірге болуға шақырғаны да белгілі. Бұл – Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының Алаш қозғалысымен тұтас, оның оңтүстік қанаты екендігін дәлелдейтін фактор. Мұстафа Шоқайдың күреске толы ғұмырының алғашқы қадамдары сол кездегі Ресейдің бас қаласынан бастау алды. Бас-аяғы 6-7 жылға созылған Петербургтегі кезең әлеуметтік те, саяси да тағылым берген жылдар болғанына сөз жоқ. Ол ең алдымен университетте терең білім алды, сонан соң сол кездегі орыс қоғамындағы демократиялық үрдістерді бойына сіңірді. Оған Ресейдің орталық аудандарында бірінші орыс революциясынан кейін пайда болған саяси партиялар мен қозғалыстардың бағдарламаларымен жете танысуы да елеулі ықпал еткеніне дау жоқ. Бұл туралы Мұстафа 1933 жылы жазылған «Есімдегілерден... (Ресейдегі түрік студенттер өмірінен) атты мақаласында былай деп жазған еді: «Мен Ресейді реакция жайлаған, жоғары оқу орындары, әсіресе, университеттер тікелей полицияның бақылауына алынған 1910-1914 жылдары Петербургте оқып жүрген болатынмын. Жағдайдың сондайлығына қарамастан, біз, студенттер, саяси бой көрсетулерге шығатынбыз. Үкіметке қарсы шешімдер қабылдап, көшелерде демонстрациялар жасайтынбыз». Көшім Есмағамбетов болашақ заңгердің саяси көзқарастары оның Санкт-Петербургте өткен түркімұсылман халықтары жиындарының барлығына дерлік қатысу барысында шыңдалып, нақтылана түскенін де атап көрсетеді. Мысалы, студент Мұстафа 1914 жылдың маусымында болған Бірінші Бүкілресейлік мұсылман съезін ұйымдастыруда ерекше белсенділік танытады. Ал осы жылдың желтоқсан айында өткен мұсылман қоғамдық ұйымдары өкілдерінің съезінде Ресей мұсылмандары қоғамдық ұйымдарының Орталық комитетінің мүшесі болып сайланады. Бұл, біріншіден, Мұстафаның Ресейдегі түркі халықтарының қайраткерлерімен жиі араласуына мүмкіндік жасаса, екіншіден, кейін оның Мемлекеттік думаның Мұсылман фракциясының Бюросында жұмыс істеуіне игі ықпал еткен болатын. Бүкіл Ресейдегі түркі халықтарының наразылық жүгін арқалаған Мемлекеттік думаның Мұсылман фракциясын тиісті мәліметтермен қамтамасыз етуде М.Шоқай аса іскерлік көрсетеді. «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» атты еңбегінде ол былай жазған еді: «Түркістан туралы материалдар жинайтынмын әрі Мемлекеттік думадағы мұсылман өкілдеріне Түркістанға қатысы бар, қажетті материалдарды дайындап беретінмін. Революция қарсаңында бітірген соңғы ісім – депутаттардың дума мінбесінен сөйлеуге қажетті 1916 жылғы бүкіл Түркістан көтерілісі туралы материал әзірледім әрі мұсылман тобы атынан сөйлейтін депутат Мұхаммад Юсуф Жағыфардың сөзін жазып бердім». Көшім Есмағамбетовтің «Бюро ол (Мұстафа – Ә.Б.) үшін шын мәнісіндегі саяси мектеп болды, онда дүниетанымы, парасат-пайымы кең, алдыңғы қатарлы қоғам қайраткерлерінің бірі ретінде қалыптасты» деуі төркінді сөз болатын. Мұстафа Шоқайдың қажырлы еңбегін, терең білімін, саяси сауаттылығы мен ерекше іскерлігін байқаған мұсылман депутаттар оған өздеріне әріптес ретінде де қараған еді. Мария Шоқай өз естелігінде Мұстафа Шоқайдың түркі халықтарының саяси өміріне араласқанын айта келіп, Еділ татарлары, Қырым татарлары, Кавказ халықтары, Орал башқұрттары оған түрлі саяси міндеттер жүктейтінін, оның бұл міндеттерді ылғи өте жақсы орындап отырғанын жазған болатын. Егер 1917 жылғы Ақпан төңкерісі болмағанда Мұстафа Шоқай Мемлекеттік думаға мүшелікке сайлануы да мүмкін-тұғын. Патша жарлығына сәйкес Түркістанның думаға өкіл жіберуге рұқсаты жоқтығынан Мұстафаны Уфа уәлаятынан сайлау ойластырылған еді. Уфа уәлаятының помещигі, қазақ сұлтандарының бірі С.Жантөрин (Мемлекеттік думаның мүшесі болған, белгілі саяси қайраткер – Ә.Б.) оған өз иелігіндегі жерін сыйлап, Дума мүшелігіне кандидатурасын осы өлкеден ұсынуға келісім де берген болатын. Түркістан өлкесіндегі ең алғаш азаттыққа жеткізген мемлекеттік құрылым ретінде «Түркістан Мұқтарияты» ауызға түссе, Мұстафа Шоқай атының алғаш аталуы заңды. 1917 жылдың сәуір айының басында Ташкентке келген кезден бастап Мұстафа Шоқай аймақ тұрғындарын басқа халықтармен тең құқылы екенін кеңінен насихаттап қана қоймай, оны теориялық тұрғыдан негіздеп, барлық күшті автономия жолындағы күреске жұмылдыру бағытындағы сан салалы жұмыс атқарды. Алайда жергілікті тұрғындарды ұлттық идеялар төңірегіне топтастыру оңай бола қойған жоқ. Сол кезде бір Ташкенттің өзінде жұмыс істеген не жарғысы, не бағдарламасы жоқ екі жүзге тарта түрлі ұйымдар бар болатын. Солармен қарым-қатынас орната біліп, өлкедегі автономия мәселесіне аса сақтықпен қарап, оған қол жеткізудің объективтік және субъективтік факторларын мұқият зерттеп, жергілікті халықты ұлттық идеялар маңына ұйыстыра алған Мұстафа Шоқайдың саяси қызметі аса қаурыт болған еді. Бұл туралы Украина халық республикасының бұрынғы сыртқы істер министрі Александр Яковлевич Щульгин сол кездегі Мұстафа Шоқай туралы айта келіп: «белсенділігі мен ел арасындағы беделі аса зор еді. Жастығына қарамастан (ол кезде отызға да толмаған еді) ол қайта өрлеген Түркістанның нағыз көсемі бола білді» деді. Осылай маңайына жергілікті халық пен оның қамын ойлаған әлеуметтік һәм саяси күшті ұйыстыра алған Мұстафа Шоқай Түркістандағы алғашқы ұлттық мемлекеттік құрылымының басшысы әрі басты идеологы болды. Ал 1918 жылғы 18-23 қаңтарда Ташкентте өткен Түркістан кеңестерінің IV съезі «Қоқан автономиясы үкіметін заңнан тыс деп жариялап, оның басшыларын тұтқындау және автономияны тарату» жөнінде қаулы қабылдады. Содан 1918 жылғы 29 қаңтардан 30 қаңтарға қараған түнде Қоқан автономиясы мен Түркістан совет үкіметінің арасындағы қақтығыс басталады. Мұның аяғын большевиктер қанды қырғынға ұластырды. Оның құлауының себептері жеткілікті болатын. Кеңес үкіметі Қоқан автономиясын алғашқы күндерден бастап-ақ мойындамай, жергілікті халық арасында кең көлемде қарсы үгіт жүргізді. Ең бастысы, Петербургтен бастау алып, Ташкентте өрістеген жұмысшы-солдат депутаттарының үкіметі Қоқан автономиясын Түркістан өңірінде қауіпті аймақтың бірі деп санады. Түркістан автономиясының құрылуы, оның екі ай шамасында, нақты айтқанда 64 күн өмір сүруінің ең негізгі нәтижесі, тарихи маңызы өлке халқының өзін-өзі үшін бағытталған қиын да болса батыл қадам жасай алғандығында болатын. Осы сәтте бір жарым ғасырдан астам уақыт бұрын Шоқан Уәлиханов айтқан: «халықтың қалыпты түрде өсуі үшін ол дамудың қандай сатысында болмасын қажет нәрселер: өзіндігінен даму, өздігінен корғану, өзін-өзі басқару және тергеусіз соты» болуы керек деген қағидатты мәселе ойға оралып тұр. Бүгінгі күні Түркістан Мұқтарияты туралы жазылған дүниелер аз емес. Алайда ерен еңбек пен ұшан-теңіз ұйымдастырушылықтың, саяси деңгей мен ақыл-парасаттың нәтижесі болған Орта Азиядағы алғаш бой көтерген ұлттықдемократиялық мемлекеттік құрылымды Мұстафа Шоқайға қиғысы келмейтіндер болды, бәлкім, олар бүгін де бар шығар. Кешегі кеңестік әдебиетті былай қойғанда, Мұстафа Шоқайдың өзімен көп жылдар бірге қызметтес, 1917-1919 жылдарғы Башқұртстан автономиясының төрағасы Ахмад Зәки Валиди өз естелігінде Түркістан Мұқтарияты туралы бастама да, түпкілікті шешім де Қоқан қаласындағы мұсылмандардың жалпытүркістан құрылтайында емес, Бүкілресейлік уақытша үкіметтің Торғай облысы бойынша комиссары Әлихан Бөкейханның Орынбордағы кеңесесі резиденциясында қабылданған деп жазады. Мұстафа Шоқай Түркістан ұлттық қоғамының басшыларының бірі, кейін Станбұл университетінің профессоры болған Заки Валидидің Қоқан автономиясы туралы бұрмаланған пікіріне өз көзқарасын «Яш Түркістан» журналының 1931 жылғы №25, 1932 жылғы 26 және 27 сандарында жарияланған «Бір ғылыми өтірікке қарсы (Қоқан автономиясына 14 жыл толуына орай)» атты мақалада-ақ білдірген болатын. 1917 жылғы 25 қазандағы Петроградтағы большевиктер ұйымдастырған қарулы көтерілістен кейін Түркістанда қиын жағдайдың қалыптасуына байланысты осындағы ұлттық күштердің жайын талқылау мақсатында Мұстафа Шоқай іссапармен Орынборға барғаны белгілі. Онда қазақ зиялылары тәуелсіздік үшін күресті жалғыз Түркістанмен шектемей, оны қазақ облыстарымен, башқұрт, татар халықтарының қозғалыстарымен ұштастыру, большевиктерді мойындамау, Бүкілресейлік құрылтай жиналысына адалдықты сақтау туралы ұйғарымға келгені рас. Алайда жоғарыдағыдай нақты тапсырма берді деу ретсіз, шындықты бұра тарту. Бұл Түркістан Мұқтариятын құрудағы Мұстафа Шоқайдың сан салалы қайраткерлік те, ұйымдастырушылық та, көсемдік те еңбегін елемеуге ұмтылудан басқа ештеңе емес. Жалпы, автономия туралы идея Алаш қозғалысының алғашқы қадамдарының ортақ мұраты болғанына дау жоқ. Мұстафа Шоқай Мемлекеттік думаның Мұсылман фракциясында жұмыс істеп жүрген кезінде қазақ халқының өзін-өзі билеу құқығын қамтамасыз ету жөнінде ізденіп, көптен бері жинақталған ой-пікірге негізделген жоспар жасағаны белгілі, соған сәйкес бірыңғай Түркістан конфедерациясын, оның құрамында ұлттық автономиялар құру да көздеген болатын. Мұстафа Шоқай 1917 жылдың сәуір айының басында Петербургтен кетер алдында бүкіл Ресей империясында маңызды рөл атқарған Петербург жұмысшы және солдаттары кеңесінің төрағасы Николай Семенович Чхеидземен жолығып, Түркістан туралы әңгімелескен еді. Мұстафа Шоқай өз жұмысы жайында айта келіп: «Біз Түркістанның автономия алғанын қалаймыз. Сондықтан автономияға әзірлік жасап жатырмыз» дегенде, Чхендзе: «Құдай сақтасын, Шоқайұлы жолдас, еліңіздегі жерлестеріңіз арасында автономияны ауызға алмаңыз. Біріншіден, қазір бұл туралы сөз қозғау ерте. Екіншіден, сіздің Түркістан сияқты елде автономия дереу дербестік алып, бөліну деген мағынаны аңғартады»,– деп Мұстафа Шоқайдың сөзінен шошып түскен болатын. Міне, автономия алу, өзін-өзі басқару мәселесі жалпы Алаш ұлт-азаттық қозғалысына ортақ стратегиялық мақсат-мүдде болса оның жүзеге асуында тактикалық амал-тәсілдердің болғанын да ескерген жөн. Мен мұны кейбір Алаш ұлт­азаттық қозғалысы мен оның оңтүстік қанатын бірібіріне қарсы қойғысы келетіндер үшін айтып отырмын. Әңгіме өзегі болып отырған томның «Түркістаннан Парижге», «Ұлттық қозғалыстың ұйымдық негіздерін қалау» және «Ұлттық қозғалыстың стратегиясы мен тактикасын айқындау» атты көлемі жағынан да, мазмұны жағынан, мәселені нақты қоюымен де, терең зерттеуімен де ерекшеленетін тараулар кітаптың негізгі салмағын көтеріп, мән-маңызын арттырғаны сөзсіз. Ұлы күрескердің ұлттық қозғалыстың ұйымдық негіздерін қалау, оның стратегиясы мен тактикасын айқындау, ең алдымен жалпы бірлік атаулының ұясы Түркістанның ішкі тұтастығын нығайту, Түркістан бірлігін түркі бірлігіне ұластыру, одан езілген халықтардың біртұтас майданына шығу турасындағы қажырлы еңбегін терең зерттеп, ғылыми мәні зор тұжырымдар мен қорытындылар жасау Көшім Есмағамбетовті тамаша тарихшы, әлеуметтанушы, саясаттанушы, халықаралық сарапшы ретінде айқын көрсете алған. Беймәлім жат жерде Батыс елдерінің Түркістан мәселесіне көзқарасын, олардың большевиктер тепкісіндегі түркі халықтары туралы түсінік-пайымдарын айқындау энциклопедист білімдар Мұстафа Шоқайдың жанжақты терең ғалымдық болмысы кімді болса да қызықтырмауы мүмкін емес. Баламалап айтқанда, халықаралық саясаттың майталман білгірі, алдына Жер глобусын алып, әлемдегі мемлекетаралық қарым-қатынастарды талдап, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының мақсат-міндеттерін жүзеге асыру үшін оған ниеттес күштерді анықтап, сонымен бірге тәуелсіздік үшін күресте қолайлы жағдайдың қалыптасуын бақылап отырған сияқты. Мұстафа Шоқайдың шығармашылығында оның эпистолярлық еңбектерінің орны бөлек. Оның эмиграциядағы Ресей, Әзірбайжан, Грузия, Кавказ, Украина халықтарының жетекшілерімен, Батыс пен Шығыстың 10-нан астам елдерінің саяси және қоғам қайраткерлерімен, шығыстанушы ғалымдарымен, Түркістан өңіріндегі ағайын-туыс және жора-жолдастармен жазысқан хаттары оның саяси және шығармашылық қызметіндегі адами болмысын, кісілік келбетін, қайраткерлік қажырын, саяси сергектігін, әділетті ұстанымын айқындай, ажарландыра түскен. Міне, осылай тамаша тарихшы, абзал азамат, қағидатты ғалым Көшім Есмағамбетов бірнеше жыл тынымсыз және жүйелі талдау негізінде бұрын әр қырынан зерттеліп жүрген қайсар саясаткердің шынайы адами, күрескерлік һәм шығармашылық болмысын айқындауға өлшеусіз үлес қосты. Әрине, қазағым айтатындай, сегіз қырлы, бір сырлы Мұстафа Шоқайдың қайраткерлік, шығармашылық болмысын әлі де аша түсу – алдағы күрделі де қасиетті міндет екеніне дау жоқ. Біз таудай шындықтың әлі етегінде жүрміз. Отандық мұстафатану ғылымының келер белесі оның шығармашылық мұрасындағы идеялар мен ойлардың жүйелі зерттелуі деп ойлаймыз. Бүгінгі күнге дейінгі әдебиеттерде көбіне ұлы тұлғаның саяси қызметіне, қайсар күрескерлігіне көбірек көңіл бөлініп келді. Әрине бұл бағытта да аша түсер мәселелер әлі аз емес. Дегенмен, Көшім Есмағанбетовтің сөзімен айтқанда, «қайраткерлігі мен ғұламалығына, мәмлегерлігі мен шешендігіне, дүниетанымы мен идеялық мақсат-мұраттарына, адамгершілік биік қасиеттеріне тірі куә іспеттес аса құнды шығармашылық мұрасы» әлі талай зерттеушілерге тақырып боларына күмән жоқ. Алдағы асу осы бағытта болмақ. Сөзімізді қорыта келіп, ұлттық тәуелсіз­дік­тің бірден-бір жалынды жаршысы және тамаша ұлттық идеялардың иесі болған, туған еліне жете алмай, жат жерді мәңгілік мекен еткен, әлем таныған да, әлемге танылған да қайсар тұлғаны тұғырлы ете түскен Көшім Лекерұлы Есмағамбетов екенін айта кеткен жөн болар. Сондықтан отандық мұстафатану ғылымының шыққан бүгінгі деңгейі де осы есіммен тікелей байланысты десек, артық айта қоймаспыз. Бұған зерттеушінің толымды да тұрлаулы, түрлі тақырыптардағы мол мұрасы толық дәлел бола алады. Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ретінде қарастыруда болып отыр. Алайда өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан  

Әбдіжәлел Бәкір,

Қорқыт Ата атындағы

Қызылорда мемлекеттік университетінің

профессоры, саяси ғылымдарының

докторы

Серіктес жаңалықтары