Елбасы Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VI саммитіне қатысты

Елбасы Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VI саммитіне қатысты

Елбасы Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VI саммитіне қатысты
ашық дереккөзі
214
Саммитті ашқан Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековке дәстүрлі қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, саммитке Өзбекстан  Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев пен Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбанның қатысып отырғанын ерекше атап өтті, деп хабарлайды  Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. «Бүгінгі басқосуға құрметті қонақтардың келуі Түркі кеңесінің ықпал аясы кеңейіп, маңызы артқанын көрсетеді. Саммитте қол жеткізетін уағдаластық пен шешімдердің арқасында өзара ынтымақтастығымыз бен бауырластық байланыстарымыз одан әрі арта түсетініне сенімдімін», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы кіріспе сөзінің соңында Түркі кеңесінің төрағалығын Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековке табыстай отырып, оның жаңа мәртебесіне орай табыс тіледі. Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жаһандану заманында ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді жас ұрпаққа қалдыру ерекше маңызды екенін айтты. «Осыған байланысты бүгінгі саммит ұлттық ойын түрлерін және жастар саясатын дамытуға арналып отыр. Жүйелі түрде Түркі кеңесі жастары көшбасшыларының форумын, ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізуді, түркі әлемінің бірегей тарихи жерлеріне өлкетану экспедицияларын ұйымдастыруды ұсынамын. Бұл шаралар жастарымызды жақындастырып, елдеріміздің мәдени ерекшелігі туралы білімдерін тереңдетуге септігін тигізеді деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Түркі кеңесіне төрағалық еткен кезеңдегі нәтижелеріне арнайы тоқталды. «Біздің төрағалығымыз барысында ғылыми-ағартушылық жұмыстарға айрықша көңіл бөлінді. Атап айтқанда, «Ортақ түркі тарихы» оқулығы әзірленіп, Әзербайжанның, Түркияның, Қырғызстанның және Қазақстанның мектеп бағдарламаларына енгізілді. Түркі Академиясы тарихымызды танытып, сананы жаңғыртуға бағытталған 90-нан астам кітап шығарды. Төрт мың жылдық мәдени мұрамызды жинақтап, оны жариялауға арналған «Аталар мирасы» порталы іске қосылды. Туысқан елдердің тіршілік тамырын басып отыратын «Түркбарометр» әлеуметтік зерттеу жобасы жүзеге асырыла бастады. Туризм саласындағы әріптестігімізді жандандыру мақсатымен «Заманауи Ұлы Жібек жолы» атты жоба іске қосылды. Бұл Ұлы Жібек жолында орналасқан елдеріміздің көне тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін киелі орындарын 14 күнде аралап шығуға мүмкіндік береді», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық ахуалдың өзгеруіне орай халықаралық қауіпсіздік проблемалары шиеленісе түскенін атап өтті. «Бұл – терроризм, діни экстремизм, ұйымдасқан қылмыс, заңсыз миграция және есірткі тасымалы. Аталған заманауи сын-тегеуріндер түркі дүниесіне де әсер етпей қоймайды. Мұның барлығы біздің кешенді іс-әрекеттерді қолға алуымызды талап етеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Түркі кеңесі аясындағы ынтымақтастық күш-жігерді жұмылдырып, өзара даму үшін елдеріміздің одан әрі өркендеуіне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретінін айтты. «Астана халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін бірлесе пайдалануымыз керек. Онда қаржы құралдарын дамытуға, капиталды шоғырландыруға және танымал инвесторлар мен қаржы эксперттерін тартуға барлық жағдай жасалған. Осыған орай, елдеріңізді қаржы орталығының жұмысына белсене қатысуға шақырамын», – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды тереңдетудің маңыздылығын атап өтіп, елдердің транзиттік әлеуетін пайдаланудың басымдықтарын тоқталды. «Біздің елдеріміз құрлықтың ортасында Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасын жалғастырып жатыр. Ақтауда қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі конвенция өңіріміздің транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға септігін тигізеді. Сондықтан, Түркі кеңесі көлік және теңіз әкімшілігі министрлерінің кездесуі аясында тариф саясаты мен әкімшілік тәртіптерді жеңілдету жөніндегі жұмыстарды белсенді жүргізуі керек», – деді Қазақстан Президенті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуына орай Мемлекет басшысы түркі халықтарының рухани жаңғыру мәселесіне тоқталып, осы елдердің қасиетті орындарын көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа лайықты мұра етіп қалдыру үшін Түркі кеңесінің жанынан «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім», «Түркі әлемінің киелі жерлері» арнайы  жобаларын әзірлеуді ұсынды. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Түркі кеңесінің басқарушы органдарының қызметін оңтайландырып, тиімділігін арттыру мәселелеріне арнайы тоқталды. Жиын соңында Мемлекет басшысы қырғыз тарапын Түркі кеңесіне төрағалығының басталуымен тағы да құттықтап, табыс тіледі.

***

Мемлекеттер басшылары саммиттің қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойды: 1.Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі VI саммитінің декларациясы. 2.Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы мен оның орынбасарын тағайындау туралы шешім. 3.Венгрияға Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіндегі бақылаушы мәртебесін беру туралы шешім. Мемлекеттер басшылары саммит қорытындысы бойынша мынадай құжаттар қабылдады: 1.Түркі тілдес мемлекеттер интеграциясының тұжырымдамасы. 2.Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі мемлекеттері басшыларының ұлттық спорт түрлері саласындағы ынтымақтастықты дамыту және жастар саясаты туралы бірлескен мәлімдемесі. 3.Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі мемлекеттері басшыларының Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына байланысты бірлескен мәлімдемесі.

Серіктес жаңалықтары