818
«Махаббатта бәрі болады»
«Махаббатта бәрі болады»
Есті ән жүрек қылын тербеп, санаға түрлі ой салады. Ал сөздің құдіретін жақсы түсінетін қазақ халқы үшін ән мен мәтіннің мазмұнды болуы өте маңызды. Өкініштісі, бүгінгі күні өнер әлемінде есті ән салатындардың қатары азайып барады. Әсіресе, кейінгі жас буынның орындап жүрген әндерінің сөзін ұғыну мүлдем қиын. Қысқаша айтқанда, «құлақтың құрышын қандыратын» әндердің орнын мәтіні мәнсіз «даңғыр-дұңғыр» даңғаза басты.
Мәнсіз мәтіндер қашан түзеледі?
Ән құдіреті адамды еріксіз елітіп, көңіліңді желпіндіретіні жасырын емес. Бірақ бұл күнде «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» болмаған соң, «әу» дейтіннің бәрі елдің алдына шығып, аузына түскен әнін орындап жүр. Яғни, ән сөзі деп айтуға есті кісінің дәті бармайтын жолдарды әуенге салып айтушылар қалың түменге айналды. Олардың көбі өздерін «жұлдызбыз» деп есептейді, кейбір теледидар жүргізушілері де олардың «жұлдыз» екеніне еш күмәнданбайды. Ал сол «жұлдыздар» не сөзінің мәні жоқ, не әдемі әуені жоқ әндерімен жаппай тыңдармандарды қалпақпен «ұрып», жалп еткізбек. Мағынасыз мәтін, әуезі келіспеген әндер өскелең ұрпаққа қайдан жақсы әсер етсін. Өкінішке қарай, мұндай ажары кеткен әндерді эфирге жібермес бұрын сапасын салмақтап, парқын таразылайтын көркемдік кеңес те жоқ. Сондықтан кейбір қалжыңбастар «кеңкелес көп, кеңес жоқ» деп мысқылдап жүр. Ал тыңдарман қауым әншілердің көмейінен шыққан бар әнді амалсыз естуге мәжбүр. Талғамсыздық пен сауатсыздық жайлаған қазақ сахнасындағы бүгінгі жағдайдың орын алғанына наразылық білдіретіндер көп. Алайда бұл жайт «шөп те өлең, шөңге де өлең» дейтіндерді онша алаңдатпайтын тәрізді. Әйтпесе, тыңдармандар «зың-зың, дың-дың», «чип-чип» деген сынды мәнсіз, мағынасыз әндерді естімей-ақ өтетін еді, оған еш өкінбейтін де еді ғой. Қазір әншілердің көбі қонақтардың бір бөлігі қызған, бір бөлігі сызданған тойда жұрт билейтін ән айтса (шығарса), соған мәз күй кешетін болды. «Әннің де естісі бар, есері бар» деген қазақы тәмсіл жайына қалды. Есті ән жазуға әнші де, сазгер де, ақын да құлықты емес сияқты. Бүгінгі күні жұртшылық тыңдап жүрген қазақ әндерінің мәтіндерін қағазға түсіріп көрелік, не ұйқас, не мағына таба алмайсыз бұл мәтіндерден. Оны іздеп те әуре болудың керегі жоқ. Қазақ эстрадасында Жанар Дұғалова есімді талантты әнші қыз бар. Бір жылдары «Тюрквижн» байқауынан бас жүлде алып, қазақ елінің абыройын асқақтатқан. Бірақ сол кезде де Жанарға жеңіс сыйлаған «Ізін көрем» әнінің мәтінін сынға алғандар көп болып еді. Біраз уақыт сахнадан алыстап кеткен әнші таяуда жаңа әнін жарыққа шығарды. Ән «Сүйем – жек көрем» деп аталады. Әннің атауынан-ақ сүю мен жек көру қалай жалғасар екен деп алаңдап отырасың. Әннің мәтіні былай басталады: Кинодағыдай ғажайып емес Махаббатым менің мүлде. Десем де оңай, табамын сылтау бір көруге сені күнде, Көп қызғанамын, ашуланамын жас баладай. Еркелей берем сен қасымда болғанда, Неліктен олай өкпелеп тұрып мәз болам-ай, Сұрама жауабын менен! Ал енді осы әнді тыңдаған тыңдарманға қалайша жаныңыз ашымайды. Ән емес есі ауысқанның әңгіме айтып тұрғанын көз алдыға келтіретін мәтін соңына дейін осындай қойыртпақ сөздермен жалғасады. Қайырмасын тіптен жаңылтпаш дерсіз: ...Сүйем, сүйем, сүйем – жек көрем, Сүйем, сүйем – жек көрем, Сүйем, сүйем – жек көрем неге?! Түсінбеймін Сүйем, сүйем, сүйем – жек көрем, Сүйем, сүйем – жек көрем. Қазақ эстрадасында жеңіл сөздің құлына айналғандар көбейгені жан ауыртады. Ауызекі тілдегі бір сөзді әннің «жүрегі» етіп алып, «хит» жазып жүргендер қаншама. Кезінде топта ән салып, кейінірек өнерден мүлдем қол үзіп, діни сауатын арттыруға бет бұрған Бейбіт Көшқалиев есімді әнші бар қазақ эстрадасында. Бүгінде жұлдызы жанып тұрған азамат. Өйткені тойда билететін әні бар. Әннің негізгі атауы – «Лаула» болғанымен, халық арасында «Бүйтіп биле» деп танылған. Иә, «бүйтіп биле, бүйтіп биле» деген ән де талай сахналарда орындалып жүр. Дыбыс, әртүрлі аспаптар айнала, Жарық шамдарға толы сахна. Тыныш тұруға болмайды жай ғана Тыңда әуенді келіп жақында. Осы әннің арасына «бүйтіп биле» деген «паразит» сөзді қосып жібергенін, дәл сол сөз туындыны «хитке» айналдырып отырғанын орындаушының өзі де мақтанышпен айтып жүр. Ол ол ма, Жігер Ауыпбаев есімді әнші «Ғашық болу» атты әнін ұсынды тыңдармандар назарына. Әннің қайырмасы мынадай: Махаббатта бәрі болады Ғашық болу, асық болу. Махаббатта бәрі болады Тасып толу, қашық болу. Ең бастысы ғашық болу, Ғашық болу, ғашық болу. Міне, нағыз жаңылтпаш ән. Халықта «Алуа деп мың рет айтсаң да, аузыңа тәтті дәм келмейді» деген қуақы сөз бар. Жігер «ғашық болуды» мың рет айтып, мыңдаған адамды қосүрей қылып қоймақшы. Бірақ бір сөзді бірнеше рет қайталап ән жазу сәнге айналғалы қашан. Бұл үрдіс Жігер Ауыпбаевқа дейін де болған, әрі қарай да жалғаса беретін түрі бар. Қазіргі заманның сазгерлері музыка өнерін бизнеске айналдырып алғанын несіне жасырамыз. Көбі жасанды, асығыс, шала дүние екенін аузы дуалы композиторлар талай рет қынжылып айтты. Бір ғажабы, бұл күнгінің әншілері де шетінен бесаспап әшейін. Кез келген айқайдың әнін де, сөзін де өзі жазады. «Жүректен шыққан туындысын» тыңдарманға еш қымсынбастан ұсынады. Және әннің де, мәтіннің де авторы өзі екенін көбі мақтанышпен айтуды әдетке айналдырып та алған. «Білем», «көрем», «жүрем», «өлем» деп ұйқастырғансиды да, «хит» деп халыққа ұсынады көп ұзамай. Кейбіреулер, «қиналмай өліп-ақ кетсе екен, бұл шіркін!» деп мысқылдайды содан соң. Осының арқасында қазіргі таңда талғам-талаптан жұрдай, мағынасыз, мәнсіз мәтіндер қаптап кетті. Сыры терең, ұлттық бояуы қанық әндерді табу қиындап барады.Шата әндер шошытпай ма?
Ғаламтордың мүмкіндігі артып, жаһанданудың ығына жығылып бара жатқанымыздың әсерінен қазақ өнерінде теріс бір түсінік қалыптасты. «Хайп» деген термин. Ешкім сол сөздің байыбына бармаса да, «бұл – хайп» деп ерсі тірлігін жалғастыратындар көбейіп барады. Ең өкініштісі, сол «хайп» арқылы қазақ сахнасының төріне ерінбегеннің бәрі шығып жүр. Қазақша түсіндірсек, хайп – «атың шықпаса, жер өрте» деген сөз. Бүгін қазақ өнерінде «жер өртеп» жүргендердің қарасы қалың. Тіпті, олар әндеріне жұрттың назарын аударатын сөздерді қосып немесе бірнеше тілдің сөздері қойыртпақталған дүбәра ән жазып танымал болуға талпынады. Халқымызда ескіден қалған «шата» деген ұғым бар. Ұры сөздер кірген тіркесті де шата деп шын ашуланатындар да аз емес. Қазақ эстрадасында мұндай әндер көбейіп барады. Сондай әндердің бірін Райым мен Артур айтып жүр. Қарапайым қазақ жігіттері «Самая вышка» әні арқылы танылған. Атауы орысша болғанымен, ән қазақ және орыс тілдерінде, арасында ағылшынша сөздері де бар. Дәл осы ән арқылы жас жігіттер еліміздегі айтулы өнер сахналарының бәрінде тайраңдап жүр. Отандық телеарналар да аталмыш әншілер мен олардың әндерін жарыса жарнамалауда. Сені мен көрген сайын, как будто тебя знаю, Жақындап танысам десем, орысша ғой не знаю. Ай, дауысың сенің, ай қимылың сенің. Майысқан шыбық белің, общем кайф әрбір жерің! Әдемісің до того, көзім тоймайды... Кім болса да все равно сендей болмайды... Моя малышка, твоя улыбка Ең әдемі, самая вышка... Міне, қазақ телеарналарынан таратылып жүрген әннің сиқы осы. Тіпті, бұл ән мемлекеттік деңгейдегі мерекелік шараларда да еш кедергісіз шырқалып жүр. Бұл ән өскелең ұрпаққа не үйретеді? Онсыз да қазақ тілінің мәртебесін биіктете алмай жүргенде бұл әндер бізді ұшпаққа шығара ма? Бүгінгі жастардың аузынан түспейтін бұл ән эфирге қалай жіберіліп жүр? Сауал көп, бірақ оған нақты жауап қататын ешкім жоқ. Бұл жігіттер осы әнмен тоқтай қойса, қуанар едік. Танымалдылықтың дәмін сезгендер тоқтасын ба?! Әндері «хитке» айналған соң, көпшіліктің көңілінен шығатын осы тектес әндер екен деді ме, осындай дүбәра әндердің бірінен кейін бірін шығара бастады. Бұл күні жастардың сүйіктісіне айналған «91» тобы да дүбәра әндер жазудан алдына жан салмайды. Талай сынға ілігіп, наразылыққа тап болғанымен, аталмыш топ жұмыстарын тоқтатқан емес. «Қазаққа қажеті жоқ топ» деп бағаланған жігіттердің шырқап жүрген әндерін түсіну мүлдем қиын. Соңғы шыққан әндерінің бірі «All I Need (Ол айниды)» деген туындыларының мәтіні төмендегідей: Сау есімді ұрлайды оның қиылған... «ай сыйы» Керім бәрінен сұлу, керім бәрінен сұлу Оның... оның әр қимылын білемін, бірақ келуге де қасына кедергілер көп сондай. Дегенмен ол айниды, Менде, менде дым жоқ байлайтын оны оңай, Тебірентіп, биге шақырайын десем, әдемі сөйлей алмаймын олай оңай! Ал осы әннің сөздерінен не ұғуға болады? Осы әнді қазір қазақ жастары «91» тобымен бірге қосыла шырқап, жарыса айтып жүр. Мұндай әнмен сусындап өскен жастардың ой-санасы қалай қалыптаспақ? Осындай әндер мен әншілердің арқасында мәтінге мүлдем мән бермейтін жаңа буын қалыптасып келеді. Осылайша өңезе әндерді жағы талмай шырқап жүрген жастар айтары бар, үйретері бар, әуезді сазы мен мәнді мәтіні үйлескен әндерді тыңдай қояр ма екен? «Музарт», «Жігіттер», «Қоңыр» топтары, Тоқтар мен Бейбіт, Жанболат пен Жазира, Саят Медеуов, Досымжан Таңатаров орындап жүрген саналы әндерге жастардың назарын қайтіп аудармақпыз? Жоғарыдағы мысал ретінде келтірген әндердің әлі талай мыңы бар. «Ол апам бұл апамнан да сорақы» дегендей олардың сорақылығы бұлардан да асып түсер. Олардың бәрін тізбектеп шығу мүмкін емес. Ал осы тектес әндер жастар жанын жалаңаштап, адами сезімдерін сөндіріп, түйсіктерін тұмшалап жатқанын неге байқамаймыз? Өзі шалағай әншілердің аузынан «Тыңдарманда талғам жоқ» деген арсыз айыптауды естіп қаламыз кейде. Тыңдарманда талғам қалыптастыру үшін сахнадағы сәнді, әндегі сөзді түзеп алу керек емес пе? Абайда «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деген талап бар. Тыңдарманнан түзелуді талап ету үшін сахнадағылар өзін де, сөзін де түзегені жөн емес пе? Өлеңге үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын мәнсіз мәтіндер өршімесе, өшетін түрі байқалмайды. Көпті алаңдататыны да осы. Десек те, көңіл түкпірінде бір үміт бар. Бүгінгі таңдағы кейбір әндер тыңдарманын мезі етерліктей дәрежеде болса, оған уақыт төрелік жасар, мәні де, сәні де жоқ ән сөздері бірте-бірте киелі сахна төрінен шегінер. Ән сүйер қауымның талғамы ұлт рухына сай келетін әндерге қарай ауысар. Қазақ күтуден жалықпас, сірә?!