Жамбылдың жарқын жолы

Жамбылдың жарқын жолы

Жамбылдың жарқын жолы
ашық дереккөзі
578
1984 жыл. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін екі жігіт (бірі – Нұртөре Жүсіп, қазір республикалық «Айқын» газетінің Бас редакторы, екіншісі – мен) жолдамамен Павлодар облыстық газетіне жұмысқа орналасып, жалпақ тілмен айтқанда «жапырып жазып жүрген» уақытымыз. Шыны керек, бұрын-соңды аяқ баспаған бөтен облыс деп жатсынған жоқпыз. Алғашқы күннен бастап-ақ редакцияны бұрыннан бауыр басқан ұжымдай көріп, үлкен-кішісімен біте қайнасып кеттік. Жұмыстан басқаға мойын бұрмаймыз. Өзімізді көрсеткіміз келеді. Танытқымыз келеді. Бір нөмірде кейде, тіпті, үш-төрт мақаламыз жүреді. Әр аптаның дүйсенбісінде – лездеме. Апталық нөмірлер талқыланып, жақсы-жаман мақалалар сарапқа салынады. Сақа журналистер – Қажымұрат Смағұлов, Тұрсынбай Ибадуллин, Төлеубек Қоңыров, Нәсіполла Есімов, Бақыт Баймұратов, Мұхамеджан Дәуренбеков, Социал Әйтенов, Шолпан Байғалина, Ғалымбек Жұматов ... біздің жазған-сызғанымызға жоғары баға беріп жатады. Бас редактор Балтабай Сейсенбеков пен оның орынбасарлары Айтжан Бәделханов, Әжібек Жүсіпов те «Жастар газетімізге жаңа серпін берді» деп желпіндіріп қояды. Мақтағанды кім жек көрсін?!. Осыны естіген Нұртөре екеуміз келесі жолы, тіпті, өндіре жазамыз.  width= Міне, осылай күндер зулап, жылдар жылжи берді... Күндіз-түні ойлайтынымыз – газеттің тірлігі. Шапқылап қалаларға, шапқылап ауылдарға барамыз. Кейде ауыр жүк көліктеріне, кейде тіпті трактордың тіркемесіне мініп, бір ауылдан екінші елді мекенге жетіп жүрген кезіміз де болды. Ел-жерді аралап жүргенде талай жаны жайсаң адамдармен танысып, әңгіме-дүкен құрдық. Арасында таныстығымыз сыйластыққа ұласқандары да бар. «Сарыарқа самалына» сіңірген еңбегіміз еленіп, ел-жұрт біле бастады. Нұртөреге «Егемен Қазақстан» «құда түсіп», ол Алматыға ауысты. Мені Павлодар облыстық телерадио хабарларын тарату комитетіне, Бас редактордың орынбасары қызметіне шақырды. Шақырған – комитеттің төрайымы Алма Әжібаева. Мұны неге айтып отырмын. «Сарыарқа самалы» газеті ғана емес, облыстық телеарна арқылы да көптеген павлодарлықтармен ет-жақын араласып кеттім. Аузын ашса жүрегі көрінетін қарапайым еңбек адамдарымен де, әдебиетке, журналистикаға жақын жүретін жандармен де талай мәрте жүздесіп, телерадиохабарлар дайындағаным әсте естен шыға қоймас. Телеарнаның арқасында танысқан сондай асыл адамдардың бірі – Жамбыл Айтмағамбетұлы Түсіпбеков. Алма Мұқанқызынан кейін облыстық телерадиокомпанияны Гүлбарам Наурызбаева басқарды. Оның комсомол, партия жұмыстарында әбден ысылғаны күнделікті ісінен көрініп тұратын. Телеарнаның қым-қуыт тіршілігіне де тез-ақ төселіп алды. Ештеңені жасыра алмайсың. Сезіп-біліп отырады. Кабинеттен аттап шығу мүмкін емес. Журналист болған соң, ауыл-ауыл аралап хабар дайындағым келеді. Оған күнделікті қым-қуыт ұйымдастыру жұмыстары мұрша бермейді. Алыс аудандарға бару – арман. Барып-қайтудың өзіне екі-үш күн керек. Гүлбарам Әуезханқызы бұл ойымды түсінгендей болады, бірақ рұқсатын бере қоймайды. Бірақ жаңа кейіпкерлер тапсам, жаңа жобалар дайындасам деген тәтті арман бір сәт естен шыққан емес. Төрайымды күндердің күнінде ақыры көндірдім-ау. Онда да облыс орталығынан алыс емес ауылдардың біріне бір күнге барып, хабар түсіріп қайтуға келісімін берді. Бір күннің ішінде жақсы хабар түсіру мүмкін емес болса да, амал жоқ, көндім. Журналист болғаннан кейін кейбір тақырыптар мен кейіпкерлерді алдын-ала зерттеп, қадағалап жүретін әдетіміз емес пе? Ақсу ауданына қарасты «Ақжол» туралы жақсы әңгімелерді естіп-біліп жүрген едім. Оның үстіне бұрынғы Куйбышев кеңшарының атауын еліміз тәуелсіздік алғанына бір жыл өтер-өтпес уақытта «Ақжол» деп өзгертуге күш салған адамның бірі Жамбыл Түсіпбеков екенін білген едім. Ол осындай қайсарлығымен бірге «Шешен адам, әңгіменің майын тамызады» деп еститінмін. Бізге керегі де осы. Жасырып қайтеміз, Павлодар облысында дәл бір сол кезеңде қазақ тілінде шешіліп, көсіліп сөйлейтін кісілер аз болатын. Бір рет эфирге шыққан адамға амалдың жоқтығынан қайта-қайта қолқа салатынбыз. Жергілікті ұлт көбірек шоғырланған Баянауыл, Май, Лебяжі (қазір Аққулы), Ақсу аудандары болмаса, басқа аудандарда экранға шығаратын кісілерді алдын-ала дайындаған да кезіміз болды. «Ал Жамбыл Түсіпбековтің тілін тапсаң, ағыл-тегіл әңгіменің тиегін ағытады» дейтін білетіндер. Сондықтан сол кісімен жүздесіп, әңгімелессем екен» деп армандап жүретін едім, соның сәті түскендей. Таңғы жеті болмай қаладан шығып кеттік. «Ақжолға» ертелетіп жеткенімізді қайтейін, шаруашылық басшысын орнынан таба алмадық. Таңғы бес жарымда бес-он минуттық жоспарлауды өткізген соң директор бірінші бөлімшеге кеткен болып шықты. – Алдын-ала хабарласып, келетіндеріңізді ескертпедіңіздер ме? – деп қояды хатшы қыз. – Мен қазір ол кісімен байланыс жасап, сіздердің күтіп отырғандарыңызды айтайын. Бөлімше алыс емес, он-он бес минутта келіп қалады. Қабылдау бөлмесінен көп ұзай қойған жоқпыз. Хатшы қыздың дауысы анық естіліп тұр. – Жамбыл Айтмағамбетұлы, сізді облыстық телевидениеде істейтін ініңіз күтіп отыр... Өз құлағыма өзім сенбедім. Телеоператор маған қарайды, мен оған қараймын. Аң-таңбыз. – Директорды танымаймын дегеніңіз қайда, ағаңыз екен ғой, – деп жымияды телеоператор. Қапелімде аузыма сөз түспей қалды. Қандай қарекет қыларымды білмей, хатшы қыз бен телеоператорға жалтақ-жалтақ қарай бергенім есімде. Шаруашылық басшысы: «Менің туған інім жоқ, мүмкін басқа біреумен шатастырып келген болар», – деп сұрап жатса керек, хатшы қыз да қояр емес, «Мұрты жоқ демесеңіз, сізден айнымайды» деп тақылдап тұр. Бақсам, хатшы қыз бет әлпетімізден ұқсастық тапқан болуы керек. Басшысына хабарласқанда соны жасыра алмаған ғой. Оның әзілдеп тұрмағанына көзі жеткен болуы керек, директор тез арада жетіп келді. – Шынында да бір-бірімізге ұқсайды екенбіз ғой, – деп әзілдей келіп амандасты. – Қазақ танысын-танымасын бір-біріне бауыр емес пе? Хатшы қыздың ұлты – неміс, ол дұрыс айтып отыр, қазақтан басқа ұлт бір-біріне «бауырым» демейді, соны меңзеп отырғаны ғой, – деп қояды. Жамбыл Түсіпбековпен таныстығымыз осылай басталған еді. Аға тапқаныма мен ризамын, іні тапқанына ол қуанышты. Сол жолы осындай жадыраңқы көңіл-күймен хабарымыз да әп-сәтте таспаға жазылып алынды. Жәкең де еш мүдірген жоқ. Қандай сұрақ қойсам да, қазақтың құнарлы тілімен ойын нақпа-нақ жеткізіп отырды. Орысша қоспайды. Ойын асықпай-саспай, баппен, байсалды жеткізеді. Кейбіреулер секілді «Мына жерін алып тасташы», «Мына сұрағыңа жауапты қайта жазайық» деп керілген жоқ. Ой-өрісі кең екені әр сөзінен байқалып тұрды. Шаруашылықтың жай-жапсарын да бес саусақтай біледі. Жалтақтау, жалпақтау деген жоқ, ой-пікірін бүкпесіз жеткізді. Соның арқасында хабарды монтаждау да оңай болды. Алып-кесіп тастайтын артық-ауыс ештеңе жоқ, жұп-жұмыр хабар эфирге берілді. Бұл – сұхбаттасқан адамның, яғни «менің ағамның» еңбегі. Осыдан кейін Жамбыл Түсіпбековпен жиі жолығатын болдым. Әр кездескен сайын жаңа қырынан танимын. Жалықтырмайтын адам. Ауыл шаруашылығы маманы болса да, әдебиетке жақын. Қаражаяу емес. Қазақтың маңдайалды ақын-жазушыларының шығармаларын үзбей оқитыны сөзінен байқалып тұрады. Сондықтан болса керек, сөзге – ақмылтық. Бірқақпайларды қатырып тұрып жеткізеді. Оның сөзге шешендігін қатарластары мен жора-жолдастары да жақсы біледі. Бастары қосыла қалса «Жәкең айтқан екен» деген әңгімелердің тиегі ағытылады. Ара-арасында отбасы, орта туралы да әңгімелесетініміз бар. Көбіне сұрайтын – мен. Ондай кезде ол да тосылмайды. Жауабы да, әңгімесі де дайын. – Жамбыл Айтмағамбетұлы, балаларыңызды неге ерте үйлендірдіңіз? – Әдейі алдыма сондай мақсат қойғанмын. Қазақ «Он үште отау иесі» демей ме? Осыны біле тұра жиырмадан асқан соқталдай жігітті «Әлі бала ғой, бойдақ өмірдің қызығын көре тұрсын» дейтіндер бар. Өз басым бұған қарсымын. Кәмелеттік жасқа жеткен бала отбасылық өмірге бейім, тастүйін дайын болуы керек. Ақыл-есі тоқтаған баланы мәпелей берудің қажеті жоқ. Әке-шешесі оның жанында өмір бойы жүрмейді. Осыны жастар ұғынуы керек. Ертеңгі күні «Отбасымды қалай асыраймын» деп мең-зең күйде есеңгіреп қалмауы керек. Қандай қиындық болса да соны жеңуге өзін іштей дайындағаны жөн. Мені марқұм әкем Айтмағамбет осылай тәрбиеледі. Ол мені Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп келе салысымен үйлендірді. Келінді де өзі тауып берді. Дәлірек айтқанда, болашақ жан жарымды алдын ала таңдап, менің әскерден келгенімді күтіп отырған ғой. Мұнтаздай таза әскери киімді киіп алып, алшаң-алшаң басып, қыздардың көзіне түсуге де мұрша берген жоқ әкем, мен келген күні-ақ келінді түсіріп, ауылдастар мен ағайын-туысты жинап, беташарды жасап жіберді. Басқа қыздарға қарауға мұрша да берген жоқ. «Жақсы қыздарды көрсем» деген асыл арманым орта жолда үзілді. (Жәкең әдетіне басып әзілдеп алды). Мүмкін әкем ертерек немере сүйгісі келген шығар, ұрпағын көбейткісі келген шығар, кім білсін, әйтеуір ағам Өмірзақты да, мені де ертерек үйлендірді. Әкемнен асып мен қайда барамын, қанымыз бір ғой, оның жолын жалғастырып мен де балаларымды ерте үйлендірдім... Жәкең тағы да әзілін қосып қойды. Әкесі таңдаған келіннің есімі – Сақым. Қызылжар кеңшарының бөлімшесінде тұрған қарапайым отбасы Құсайын мен Төлештің қызы. Баласы әскерден оралатын жылы әкесі жақын маңдағы ауыл-аймақты түгел аралап, баласына лайықты жар іздеген ғой. Сондағы тоқтағаны – Сақым. Екеуі шаңырақ көтеріп, үш ұл, бір қыздың ата-анасы атанды. Олар да қазір балалы-шағалы. Үлкен ұлы Ардақ облыстық кіріс департаментінде жауапты қызметте. Ардақты өзі жақсы білетін жердің қызына үйлендірді. Алыстан емес, жақыннан тапты. «Ақжол» ауылынан алды. Құдасы Қайырболат Оразаев екеуі «Ақжолда» тізе қоса қызмет атқарғаннан кейін ол Май ауданында кеңшар директоры, ауыл әкімі болды. Қазір үлкен шаруа қожалығының басшысы. Ортаншы ұлы – Бауыржан, қазір «Бауыржан и К» шаруа қожалығының басшысы, Ақсу қалалық мәслихатының депутаты. Әке жолын жалғастырып келе жатқан бала. Бауыржанға да келінді алыстан емес, «Ақжолдан» алды. Бұл келіннің әкесі Балабек Нұркенов те «Ақжол» кеңшарында бас зоотехник болды. Әбден аралас-құралас болып кеткен таныс отбасы. Жәкең мен Сақым жеңгей қызы Ботакөзді де алысқа емес, «Ақжолда» бөлімше меңгерушісі болған Айтмұхамед Смақовтың шаңырағына ұзатты. Кіші ұлы Махамбет те құдайы көршісі, шаруашылықта бас агроном болған Шарапиден Жұмашевтің қызына үйленді. Бәріне де дәнекер – ерлі-зайыпты Жамбыл мен Сақым. – Қызды білетін жерден алу керек. Сонда мықты отбасы болады. Амандық болса, үлкен немерем Нұрқуат агротехникалық университетті бітірді, оған да білетін жердің қызын алып берсем деп отырмын. Бұл әкемнің өнегесі, әкемнің мектебі – дейді Жәкең әзіл-шыны аралас. – Шешемнен бастап келіндерімнің де есімі «Ә» әрпінен басталады. Анам – Әдемі, үлкен келінім – Әсем, ортаншысы – Әлия, кіші келінім – Әсемгүл. Үлкен немерем Нұрқуатқа да есімі «Ә»-ден басталатын келіншек бұйыратын шығар, бәлкім, кім біледі... Әкесі Айтмағамбет «Екібастұз» кеңшарында бас агроном болып жүргенде тұңғышы Өмірзақ дүниеге келген. Араға төрт жыл салып Жамбыл іңгәлап жарық дүние есігін ашады. Ол бір жастан асып, тәй-тәй басып жүрген уақытта Өмірзақ ағасы қатты сырқаттанған. Оның солғын тартқан жүзін көріп әкесі Айтмағамбет пен анасы Әдеміде ес қалмайды. Ауданға, облысқа шапқылайды. Көрсетпеген дәрігерлері жоқ. Бірақ ешқайсысы да баланың қандай сырқатқа ұшырағанын дөп басып айта алмайды. Амалы таусылған әкесі не істерін білмей жүргенде Ертіс өзенінің екінші бетіндегі Чернорецк елді мекеніндегі емші-көріпкел туралы өткен-кеткен адамдардан естиді. Сырқатына шипа тауып жатқандар көп екенін білгеннен кейін Айтмағамбет әке, тіпті, байыз тауып отыра алмайды. «Шипасы болып қалар» деген үмітпен жолға шығады. – Мен ес білген кезде әкем сол емші туралы айтып отыратын. Бойында қандай тылсым күш-қуаттың бар екенін кім білсін, әйтеуір, тиісті ем-домын жасағаннан кейін ағам ауруынан айығып кетеді. Сөйтіп ол бір өлімнен қалған. Қазір Қызылжар ауылында тұрады. Ағам да шаруашылықты басқарды. Үбірлі-шүбірлі. Үлкен шаңырақтың иесі. – Жәке, сіз де бақсы-балгерлерге, емшілерге сенесіз бе сонда? – Бұған бір жақты жауап беру қиын. Халық емшілерінің ішінде де талай адамды ажал аузынан алып қалғандар бар. Мұның құпиясы, сыры неде? Кейбір адамдарда көбіміз әсте түсіне қоймайтын ерекше қабілет бар екенін мойындауымыз керек. Қазақстанда халық емшілері қауымдастығының құрылуы да жайдан-жай емес шығар. Олардың қабілет-қарымын мойындағанымыздан болар. Өз басымнан өткермесем мен де түсінбес едім. Ағам Өмірзақты емдеген емші әкеме біздің отбасының болашағы туралы анық-қанық ақпарат берген. Оның көріпкелдігі керемет болған деседі. Сол емші ағамды емдеген кезде оның артынан ерген бір жарым жасар бала бар, оның болашағы зор, ел басқарады деген екен. Ол бала – мен. Емшінің айтқаны айдай келіп, осы жасыма дейін біраз қызметтің басын қайырдым. (Жәкең тағы бір жымиып алды). «Ақжол» – Ақсу ауданы аумағындағы кеңшар. Жамбыл Түсіпбеков осында директор болып жүргенде қазір есімі елге белгілі азамат Қуат Есімханов ауданды басқарды. Сол уақытта аудандағы кеңшарлардың басшылары бір-бірімен араларынан қыл өтпестей ынтымақты болғанын жұрт әлі күнге жыр қылып айтады. Кейіннен Қуат Есімханов Солтүстік Қазақстан облысына, «Қазақстан теміржолы» акционерлік қоғамына лауазымды қызметке ауысып кетсе де, бұрынғы кеңшар директорлары арасында қалыптасқан сыйласымды қарым-қатынас үзілмеген. Әлі күнге солай. «Ақжол» кеңшарынан кейін Ақсу ауданында тұрғындарды әлеуметтік қорғау басқармасын басқарды. «Бәріміз де қартаямыз ғой, қарт кісілердің қас-қабағына қарамаса болмайды» деп әзілдейтін сол кезде. Павлодар облысындағы белгілі тұлға Нұрлан Абзалұлы Нәбиев облыстық деңгейдегі бірқатар жауапты салаларды басқарды. Жәкеңді де жақсы біледі. Оның ұйымдастырушылық қабілетіне, білім-тәжірибесіне жақсы қанық. Нұрлан Абзалұлы облыстық экономика басқармасында, одан кейін өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасында басшы болғанда Жамбыл Түсіпбеков оның орынбасары қызметін абыройлы атқарды. Нәбиев Екібастұз қаласына әкім болып тағайындалғанда ауыл шаруашылық мәселелерімен айналысатын орынбасарлық лауазымды ұсынды. Жетік білетін саласы болғандықтан, тартынған жоқ, бел шеше жұмыс істеді. Кейінгі жылдары Жамбыл Айтмағамбетұлы Қалқаман кентінің әкімі болды. Бұл Ақсу қаласына қарасты ірі селолық округтердің бірі. Еселі еңбегін ескерген халық қалаулылары оны «Ақсу қаласының құрметті азаматына» лайық деп тапты. – Жамбылдың өз жолы бар. Жамбыл жолынан жаңылысқан жоқ, енді жаңылмайтын да шығар, – деп әзілдеп қояды сөз арасында Жамбыл Түсіпбеков. Тфә-тфә, Жәкеңнің жақсы жолы, өнегелі, ғибратты жолы жалғаса берсін...

Ғалым Орынбасарұлы

Павлодар облысы

Серіктес жаңалықтары