1156
Айбары асқақ Ата заң
Айбары асқақ Ата заң
Ата-бабамыз аңсаған егемендікке қол жеткізуіміздің арқасында осыдан жиырма үш жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанның жаңа Ата Заңы қабылданды.
Конституция – жоғары заңды күші бар нормативтік құқықтық акт. Негізгі Заң мемлекетіміздің қалыптасып, нығая түсуінде, адамдардың демократиялық сана-сезімінің жаппай дамуында маңызды рөл атқарып келеді. Сонымен қатар, ол біздің қоғамымызды демократияландырудың және нарықтық экономиканың қалыптасуының саналы түрде басталуына негіз болды.
Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасы. Біз туылып, оқып және өмір сүріп жатқан ел. Біз өзіміздің өмірімізді Қазақстан Республикасының Конституциясы деп аталатын мемлекетіміздің Бас кітабы бойынша құрамыз.
Конституция – негізгі заң, бұл еліміздің барлық азаматтары тату-тәтті өмір сүріп, жұмыс істеп және демалуға мүмкіндік беретін ережелер мен міндеттердің жинағы.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде: «Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғарғы мектебі», – деді.
Азаттықты армандаған қазақстандықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатын қызу қолдай отырып, демократиялық даму жолын таңдады.Елімізде жүзеге асып жатқан күрделі өзгерістер, еліміздің қарқынды дамуы-мемлекетіміздің Конституциясымен тікелей байланысты. Бірлігіміздің мызғымастығын қамтамасыз еткен Конституцияға құрметпен қарау және оның қағидаларын қатаң сақтау – әрбір азаматтың қасиетті борышы.
Бүгінгі біздің Ата Заң – «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысының» заңды жалғасы.
Ата заң – Тәуелсіз ел екендігін танытатын, азаттықты білдіретін, құқығыңды сақтайтын, мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетілген.
Егемендікті берік еткен көшбасшымыз Н.Ә. Назарбаевтың сындарлы саясаты елдің өсіп-өркендеуіне зор ықпал еткенін халқымыз жақсы біледі.
1995 жылы 30 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен мемлекетіміздің басты құжаты қабылданған болатын. 30 тамыз мемлекеттік мереке — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні болып жарияланды.
Бейбітшілік, келісім, тұрақтылық үлгісін көрсетіп, Қазақстан жүздеген ұлт өкілдерінің аяулы атамекеніне айналды. Құқықтық мемлекет орнатып, әлемнің өркениетті елдерімен жан-жақты экономикалық-саяси тең дәрежеде қарым-қатынас жасау, ірі реформалар жүргізу, демократиялық принциптерді құрметтеу – осының бәрі Ата Заңымыз аясында атқарылып жатқан іс.
Бүгінгі Қазақстанның әлемдегі жоғары беделі – бұл біздің тікелей ішкі жеңістеріміздің, бейбітшілік сүйгіш саясатымыз бен сарабдан басшылықтың нәтижесі.
Ел қорғау – ердің еншісі. Бұл халқымыздың сан ғасырдан бергі бұлжымас заңы, айнымас ережесі. Сондықтан да қиындығы сан қилы әскери қызметте қайғылы тұстар да жоқ емес.
Біз әрқашан Отан қорғау жолында қаза тапқан Ұлттық ұлан ержүрек жауынгерлерінің алдында басымызды иеміз.
Қазақстанның Ұлттық ұлан әскерінің басты мақсаты – еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Біз заңдарымызға, мемлекет қауіпсіздігіне және азаматтарға қол сұғатын қарсыласқа өз қаруымызды бағыттаймыз! Жау үшін біз – семсерміз, ал ел үшін біз – қалқанбыз!
Біз мемлекеттік рәміздерімізді ұлықтап, тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз!
Біз ұланғайыр байтақ даланы ақ білектің күшімен қорғап қалған батыр бабаларымыздың асқақ аманатына адал болуымыз керек.
Халқымыз Жерұйықта ғұмыр кешуді аңсады. Осы арманды ақиқатқа айналдыру бақыты біздің ұрпаққа бұйырды. Елімізді әлемнің маңдай алды мемлекеттерінің қатарына қосып, қарқынды дамытып, Қазақстанды қарыштап өркендете беру – біздің қастерлі де қасиетті борышымыз!
Тәуелсіздігіміздің тірегі, мемлекеттігіміздің жүрегі болған Ата заңымыз мәңгілік болсын! Еліміз шырқау шыңдарға, асқар асуларға алқынбай жете берсін!
Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ашық аспан, ел игілігі жолындағы істеріңізге табыс тілеймін.
Әлібек Сералиев,
генерал-майор,
Қазақстан Республикасы
Ұлттық ұлан әскерлері
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы
Орал қаласы