341
КОБЗАРЬ ЕЛІНДЕГІ ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЙЫ
КОБЗАРЬ ЕЛІНДЕГІ ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЙЫ
Ән деген адам жанын тербейтін теңдесі жоқ құдірет қой! ХХ ғасырдың 80-90 жылдарында жалпақ КСРО-дағы жастардың тұтас ұрпағы украин әндеріне іңкәр болып, сол әндермен тербеліп өсті: жүректі тербеген нәзік әрі аса сыршыл әндермен жақсылыққа тәрбиеленді; сол әндермен сүйген жандарына жан сырын жеткізді; сол әндермен кеңістік пен шексіздіктің, адам көңілін шырқау биікке самғатар еркіндіктің сырын ұққандай күй кешті. Әсіресе, жаны сұлулыққа құмар қазақ жастары!
Бұған София Михайловна Ротарудың жан тебірентер ерекше әрі ғажайып дауысы, әрбір жастың жүрегін еріксіз елжіреткен ұяң да ибалы әншілік образы, аса кішіпейілділігі мен сыпайылығы, ең бастысы, өз елінің қайталанбас музыкасына шексіз құрметі әсер еткен шығар.
Бір ғажабы бауырлас екі ел – Украина мен Молдоваға тел өскен ару – София Ротару өз әндерін ылғи да украин және молдован тілдерінде, тіптен орыс тілінде шарықтата шырқаса да, қазақ жастары ол әндерді бәрібір украин тілінде айтылған деп қабылдайтын. Осыдан кейін құлаққа аса бір жағымды, сарғыш гүлдер жайқалған Украинаның шексіз даласын көз алдыға жайып салатын әуезді, көпшілік соншалықты түсіне бермесе де, ғажайып бір әдемілік пен іңкәрлік тұнып тұрған тілге деген сыйластығы, құрметі еселеп арта түсер еді. Сондықтан да бала күндерінен әйгілі жазушы Н.В. Гогольдің «Чуден Днепр и при теплой летней ночи, когда все засыпает – и человек, и зверь, и птица; а бог один величаво озирает небо и землю и величаво сотрясает ризу. От ризы сыплются звезды. Звезды горят и светят над миром и все разом отдаются в Днепре» деген әйгілі сөзін құлақтарына құйып өскендердің алыс та сырлы Украинаға, көркем Киевке неге аңсары аумасын? Украин тілі ғашықтардың тілі деп өндіршектейтіндерді қалай айыптауға болады? Ол ол ма, сол жылдарда қалжыңбас қазақ жастарының көбісі реті келсін, келмесін «Хаі жіве, Украіна!» – «Украина мәңгі жасасын!» деп әзілге сүйеп ұрандауға жандары жүдә құмар болатын.
«Хаі жіве, Украіна!» Расында да, жер көлемі 603 мың шаршы шақырымды алып жатқан көркем жер, шыбық қадасаң бәйтерек болып өсетін Украинаның қазақ даласына ұқсастығы соншалық көп, соның бірі – ел территориясының үштен екі бөлігін шетсіз-шексіз даланың, құнарлы қара топырақты, астықты алқаптардың алып жатуы.
Алтын астық туралы айтылса, Қазақстан мен Украинаның аты қатар аталады; көмір туралы сөз көтерілсе, тағы да солай. Бөгде ұлттың аруына ғашық болып, төмен етекті үшін туған Отанын сатқан сүйікті ұлын аяусыз атып тастайтын Тарас Бульбаның тағдыры қалмақ қызына ғашық болған інісін өлтірген Батыр Баянның тағдырына тым ұқсас; Маңғыстауда айдауда жүріп, езгідегі қазақ халқының мұң мен шерін теңдей бөліскен ұлы кобзарь – Тарас Шевченко шексіз даланың қайсар жырауындай немесе сары даланың сұңғыла абадан-абызындай. Қарт Днепрдің жағасындағы ит мұрыны өтпейтін қалың орман, Карпаттың құздары мен шыңдары «Дядя Вася» – қазақтың Қасым Қайсенові ата жаумен арпалысқан жерлер.
Қазақ жастары София Ротарудың тамаша әндеріне сүйсінсе, украиндар қазақ аруы Бибігүл Төлегенованың «Бұлбұлына» ғашық.
Тіпті, тарихи трагедияларымыз да ұқсас, ортақ. 1931 жылы күзде ВКП(б) Орталық Комитетінің құпия мәжілісінде Украинада бір келі де нан, бір вагон да артық астық қалдырмау туралы саяси қаулы шығарылғаны тарихшылардың көбіне мәлім. Осы бір қанқұйлы қаулының зұлмат жаңғырығы Қазақстанға да жеткен. Міне, осы қаулыдан кейін көп ұзамай – 1932 жылы басталған сұрапыл аштықта 8-10 млн украин опат болса, қазақ халқының тең жартысы – 2-2,5 млн адам аштан қырылып, көмусіз қалды. Осынау нәубет жылдары – 1932-33 жылдары Украинада күніне 33 мың адам өлген болатын. Қазір әр жыл сайын Голодомор күнінде – 26 қарашада Киевтің қайғы мен мұңға батқан алаңдары мен көшелерінде 33 мың қайғылы шырақ жағылады. Өткен жылдардың ауыр азабын, отар елдің басынан өткен қанды қырғынды, бейкүнә жандардың аянышты тағдырын тірілердің есіне салып, өкпек желдің өтінде лып-лып етіп жанып тұрады сол шырақтар.
Киевтің талшын ағаштары жайқалған Крещатик даңғылы талай қанды тарихтың куәсі. Бірнеше жыл бойы Украинаның экс-президенті Виктор Ющенконың қоғамдық негіздегі кеңесшісі болған Борис Немцов Украина демократиясының аяғынан нық тұруының куәгері ғана емес, сол жаңаруларға қолынан келгенше көмектескен жан болатын. Ол Украинадағы ішкі жағдайды жетік әрі терең білетін, онымен қоса, Леся Украинка отанының жарқын болашағына деген сенімінен айнымай өтті өмірден. Осыдан 11 жыл бұрын «Совершенно секретно» газетіне берген сұхбатында: «Мәселенің мәнісі мынада, биліктегі шенеуніктер бір-бірімен айқасып жатқанда, олар жұмыс істейтін және сол арқылы еңбекақы табатын адамдарды жайына қалдырды. Тексеру деп аталатын шапқыншылықтар жасаған жоқ, рэкетпен айналыспады, ешкімге «шатыр» болған жоқ. Украинада идеалды либералдық үлгі жүзеге асырылған көрінеді – адамдарға тыныш еңбек етуге мүмкіндік беріліпті («Совершенно секретно» газеті, №5, 2007ж.), – деп елдегі жағдайды жоғары бағалап, ризалығын білдірген болатын
Бірақ... Ресей демократиясының жалғыз жоқтаушысы, жаны жайсаң, қайтпас қайсар азамат Борис Немцов Мәскеудің қақ ортасында, Кремльге жақын маңда қапияда көз жұматынын ол кезде ешкім біле қоймаған еді. Бауырлас елдің қуанышы мен қайғысын бөлісу де кейде Ресейде өлімге әкеліп соғатыны өкінішті.
Иә, Украина 2014 жылдан бері қанды соғыстан көз ашпай келеді. Сол жылы көктемде Ресей Қырым түбегін өзіне қосып алғаннан кейін іле-шала басталған Донбас және Луганск өңірлеріндегі қиян-кескі ұрыстар әлі күнге тоқталар емес. Тоқтайтын да түрі көрінбейді. Күн сайын бірнеше украиндық азаматтар қаза тауып, талайы ауыр жарақат алуда. Тіпті, 24 тамыз – Тәуелсіздік тойы күні Украинаның төрт сарбазы өз Отаны үшін құрбан болды. Бірақ отансүйгіштік, бостандық жолында жанын пида етуге дайын украин азаматтары, жас ұрпақ қанша қиналса да, ел Тәуелсіздігін баянды ету үшін, егемендік үшін жоқшылық пен жетімсіздікке, азапты барша ауыртпалықтарға төзуге даяр. Барша кедергілер мен қиындықтарды ерен еңбектері, болашаққа сенімдері арқылы жеңіп, ақырындап алға жылжып келеді.
Жақында Finance.Ua порталы 2018 жылға қатысты қызықты мәліметтерді жариялады:
- жыл басынан бері Украинадағы ақша массасының көлемі 1,6 пайызға өскен;
- 2018 жылдың екінші тоқсанында елдің ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) өткен жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға артқан;
- биылғы жылы АҚШ Украинаға қаржылай көмек ретінде 620 млн доллар бөлді;
- ел экспортының 42 пайызы Еуропаға шығарылады. Жалпы тізімде 366 тауар түрі бар;
- өткен жылдан бері 800 адам сыбайлас жемқорлық үшін түрмеге тоғытылған;
- 2018 жылы 10 мың гривеннен жоғары айлық еңбекақы алатын жандардың саны 26,8 пайызға жетті, ал өткен жылы бұл көрсеткіш небары 17 пайыз болған еді.
Жаңабек ШАҒАТАЙ