1323
Астық жинауға кедергі болған жауын
Астық жинауға кедергі болған жауын
Жауын-шашын Қостанай облысы диқандарының астық жинауына кедергі келтіріп тұр. Қазірге дейін өңірде 165 мың гектар астық жиналды. Бірақ бұл егістік алқабының 4 пайызын ғана құрайды.
Қостанай облысында биыл 4,5 миллион гектар аумаққа егін егілген. Еліміздің солтүстігінде арпа мен асбұршақ ертерек піссе, бидай кешеуілдеп жетіледі. Бұған күн сәулесінің жетіспеуі мен тамыздағы жауын-шашын себеп. «Былтырғы жылмен салыстырғанда, биыл егіннің жай-күйі көңіл көншітпейді. Бұған көктемгі салқындық әсер етті. Сонымен қатар, маусым айы да дәнді дақылдардың өсіп-өнуіне аса қолайлы болған жоқ», – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Сәлімжан Есенаманов.
Өңір шаруаларына егін науқанын еңсеруге жауын-шашын қолбайлау болып тұр. Синоптиктердің болжауынша, өңірде алдағы бірнеше күн тағы да жауын-шашынды болмақ. Содан кейін ғана күннің қабағы ашылып, диқандар орақ науқанын жалғастыра алады. Шуақты күндері диқандар орта есеппен әр гектардан 8-10 центнерге дейін бидай жинайды. Өңір элеваторлары да астық қабылдауға әзір. Бүгінде мұнда негізінен бұршақ дақылдары тазартылуда. Ал астық жинау жұмыстарына қажетті дизель отыны бұл өңірге жеңілдетілген бағамен жеткізілгенімен, шаруаларды жанармай құны бәрібір алаңдатады. Шаруалардың айтуынша, дизель отынының әр литрін 172 теңгеден сатып алу қалтаға салмақ түсіреді.