Ауыл шаруашылығы саласында жеткен жетістік көп

Ауыл шаруашылығы саласында жеткен жетістік көп

Ауыл шаруашылығы саласында жеткен жетістік көп
ашық дереккөзі
711
Мемлекет тарапынан агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісіне баса назар аударылуда. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қолға алынғаны белгілі. Бағдарлама бойынша ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытып, болашақта оны экспортқа шығару мәселесі алға қойылды.Қазіргі таңда агро саланы тұрақты қолдаудың арқасында өңірде ірі-ірі шаруашылықтар құрылып, осы іспен тұрақты түрде айналысып келеді.Талас ауданындағы «Әден» шаруа қожалығында қазір төрт-түліктің  бәрі бар. Негізгі мақсат – қазақтың кең даласын малға толтырып, ет бағытындағы жұмыстарды жандандыру. Оның үстіне шаруаға  Талас ауданының жері қолайлы, шөбі шұрайлы келеді. «Бұл шаруашылықта жұмыс істейтін азаматтардың барлығы да осы Үшарал ауылының тұрғындары. Олар туған жерінен ешқайда шықпай ақ жұмыс тапқандарына қуанышты. Айлық жалақылары  да тұрақты. Сонымен қатар, ұжымда бес жылдан артық жұмыс істеген адамға тегін үй салып беру дәстүрі қалыптасқан», – дейді шаруа қожалықтың төрағасы Ғалымжан Асанқұлов. Ал Үшарал ауылының әкімі Рақымжан Айтуов: «Шаруа қожалықтары  малды асылдандыру жұмыстарына да бет бұрып отыр.  Ол үшін Қостанай облысынан ет бағытында өсірілетін қазақтың ақ бас сиырларының тұқымы әкелінген. Болашақта мұнда үлкен мал бордалықау кешенін салу да  жоспарда бар», – деп атап өтті. Жамбыл облысында жыл санап ет экспортын арттыру жұмыстарына ерекше ден қойылып отыр. Қазір аймақтың шаруа қожалықтары Иран мен Бахрейн елдеріне қой етін өткізіп келеді. Мәселен: «Меркі ет комбинаты» жыл басынан бері 60  тоннадан астам ет экспорттаған. Қиын-қыстау кезеңде тоқтап қалған «Меркі ет комбинаты» өткен жылдан бері өз жұмысын бастаған болатын. Өткен жылы 200 тоннадан астам қой етін экспорттаған серіктестік, қазіргі уақытта сиыр етін өңдеуді де қолға алып отыр. Иран еліне бір реттік тасымал кезінде 20 тонна ет жөнелтіледі.  Шет мемлекеттер тек 13 пен 20 келі арасындағы тоқтылардың етін алады. Бұл бір ауданның ғана көрсеткіші емес, мұнда былтыр бүкіл облыс бойынша мал өткізген. Ал Меркі ауданында орналасқан «Гүлдер» серіктестігі бүгінде 25 гектар жерге алма бағын егіп, одан мол өнім алып отырған іргелі ұжым. Мұнда негізінен алма және өрік жемістері өсіріледі. 2002 жылдан бері осы салада еңбек ететін шаруашылық биылдан бастап тамшылатып суару жүйесіне көшіп отыр. Осыдан оншақты жыл бұрын егілген алма ағаштары биыл жақсы өнім беріп тұр. Мұнда алманың «Голден делишн», «Айдаред» секілді атақты сорттары отырғызылған. Бойы аласа болса да, бұл тұқым түрі өнімді де көп береді. Алма ағаштары тамшылатып суару жүйесі арқылы суғарылады. Түрлі тыңайтқыш дәрілер де алманың түбіне осы әдіспен жіберіледі. Алманың бұл түрі тасымалдауға, сақтауға да төзімді келеді. Ол ағзаға қажетті дәрумендерге өте бай дейді мамандар. Алма ағаштарын жылына 4 рет дәріленеді.  Қара күзде ағаштар күзеліп, қарама-қайшы өскен өскінді бұтақтарын бұтау кезінде мұнда Ақарал ауылының 50 адамы жұмыспен қамтылады. Жалпы, қазіргі таңда ауылда осы бағытта жұмыс істейтін шаруашылықтар көбейіп келеді дейді сала мамандары. «Гүлдер» серіктестігі биылдан бастап интенсивті алма бағы жүйесінде жұмыс істеуге көшіп отыр. Олар алдағы уақытта осы арқылы алма бағының аумағын 100 гектарға дейін де ұлғайтатындығын айтады. Кәсіпкерлерге қазір бұл бағыта мемлекеттен қолдау да жеткілікті», – дейді Ақарал ауылының әкімі Ораз Естаев. Сонымен қатар, Жамбыл облысындағы  суармалы егіншіліктің санын арттыру қажеттігі сөз болуда. Өйткені қазірдің өзінде пайдаланылмай жатқан жерлер көп. 2017-2018 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға сай, жер және су ресурстарын пайдаланудың тиімді жолдары қарастырылған болатын. 5 жылдың көлемінде суармалы жерлерді 610 мың гектарға ұлғайтып, оның жалпы ауданын 2 млн 10 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Жамбыл облысы таулы және жазықты жерде орналасқандықтан, аймақтағы суармалы алқаптарды көбейтудің жолын табу қажет. Шетелдік тиімді технологиялардың арқасында қазірдің өзінде бірнеше аудан шаруалары ұтымды еңбек етуде. Суармалы егіншілікті дамытуда суды үнемдеу құрылғыларын пайдалану қолға алынуда.  Бұл жабдықтар суды үнемдеп, егістік көлемін арттыруға сеп. Дегенмен, суармалы егіншілікте шешімі табылмаған мәселелер де бар.  

Серіктес жаңалықтары