286
Атшабар сквері қайта жаңғырмақ
Атшабар сквері қайта жаңғырмақ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жерге тағзым» жобасы аясында жер-жерде түрлі шаралар қолға алынуда. Аталмыш жоба бойынша жоспарланған жұмыстардан Жамбыл өңірі де кенде емес. Өңірді дамытудағы қолға алынған шаралардың бірі - облыс орталығы Тараз қаласындағы "Атшабар" скверін қайта жаңғырту.
Келбеті мен сәулеті күн санап өзгерген Таразда ауқымды жобаларды жүзеге асыру ісі жалғасын табуда. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына сәйкес бұрынғы «Атшабар» сквері жаңа кейіпке еніп, түрленбек. Қазіргі таңда құрылыс қарқын алып, шаһардың шырайын кіргізер демалыс орнына айналмақ.
Бұған дейінгі сквердің ахуалы баршаға жақсы таныс, өте мүшкіл болатын. Демалып, тыныстайтын орын емес қайта көнерген саябақ көңілге кірбің салатындай-ақ. Ескірген су бұрқақтар, жолдағы тас төсемелер мен орындықтар, қоқыс жәшіктерінің әбден тозығы жетіп біткен. Махаббат аллеясындағы қос ғашықтың ескерткіші қаулап өскен шөптен көрінбей, арықтар сұрықсыз күйге енген.Бүгінде бұл орын құрылыс алаңына айналып, қызу жұмыстар жүргізілуде.
Мұндағылардың сөзіне сенсек, 2 шақырымға жуық аумақ танымастай өзгермек. Жолдар жаңартылып, тас төсемелер мен орындықтардың барлығы жаңартылады. Сквердің баурайы текемет тектес көрініспен көмкеріледі. Сәндік ақ және қызыл тастармен ою ойылып, арасына гүлдер отырғызылмақ. Қыстың қыр астында екендігін ескерсек, бұл тұста көптің көкейінде қар астында қалған тастар сырғып түспей ме деген сауал сайрайды. Ал құрылысшылар көркем кілемнің әлі талай жыл қала көркіне сән қосатынына кәміл сенімді. Беріктігі соншалық, қиыршық тастар цементке отырғызылып, арасы темірмен бекітілуде.Құрылыс жұмыстарына қазына қаржысына бір тиында жұмсалмаған.
«Туған жерге туыңды тік» жобасы аясында жергілікті кәсіпкер меценаттың бірі игілікті іс жасауда.Құрылыс материалдарымен қалалық әкімдік қамтамасыз етіп жатыр Жұмыстардың біршамасы аяқталып та қалды. Нәтижесі көзге ұрып тұр. Көнерген дүниелерді жаңғыртудан бөлек, сквердің кіре берісі мен шығысына қақпа орнатылады. Бестен астам шатыр тігіліп, өзге де жаңашылдықтар орын алмақ.
Сондай-ақ, Жамбылда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жерге тағзым» жобасы аясында жер-жерде мектеп түлектері өзі оқыған білім ордаларына демеушілік тұрғыда қолдау көрсетіп келеді.
Осы орайда, Шу ауданы Бөлтірік ауылындағы Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептің түлектері елімізге белгілі тілшілер қауымының басын қосып, келелі кездесу ұйымдастырды.
«Ынта мен жігер – мақсатқа жетелейді». Кездесудің тақырыбы осылай аталып, оған елімізге белгілі қаламгерлермен қатар, жергілікті баспасөз журналистері шақырылды. Мұндағы мақсат - журналистика саласында өз мамандықтарының майталманы атанған азаматтар мен жастар арасында тығыз байланыс орнату. Онда шығармашылықты қалай шыңдауға болады, тілшіліктің тізгінін ұстаған жанның бойында қандай ерекшелік болуы керек? – деген сұрақтар төңірегінде әсерлі әңгіме өрбіді.
Қонақтар оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап бере отырып, өздерінің авторлық кітаптарын сыйға тартты. «Үміт үйі», «Ядролық сынақ мүгедектері мен ардагерлері» қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері, «Компания Мар-Нұр» мен «Сауда-Сервис» ЖШС-нің атынан қаржылай және бағалы сыйлықтар берілді. Нақтырақ айтқанда, аз қамтылған отбасынан шыққан 30 шақты балаға 160 мың теңге көлемінде қыстық күртешелер, аяқ киімдер және 50 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіліп, спорттық ойындарға арналған киімдер мен ойын құралдары тарту етілді.