412
Жабық есік жағдайында кездескендер
Жабық есік жағдайында кездескендер
Британияның жаңадан тағайындалған сыртқы істер министрі Джереми Хант осы аптада Вашингтонға бара сала халықаралық жанжал тудырды. Ресей президенті Путин туралы өз пікірін айтып: «Ол әлемдегі қауіпті арттыра түсті», – деді. Бұл қазіргі британ үкіметінің Солсбери оқиғасына берген ресми жауабы. Осылайша Ақ үй әкімшілігін Ресейге жаңа санкциялар жариялауға үгіттемек. Бірақ әлемдік саясаттың тетігін ұстаған басты ойыншылар – Трамп, Меркель, Си Цзиньпин және басқалардың Ресей туралы өз пікірі бар. Әттеген-айы сол, бұл ұстанымдар әралуан ғана емес, бір-біріне түбегейлі қарама-қайшы сияқты.
Өткен сенбіде Путин мен Меркельдің табиғаты әсем Мезеберг резиденциясында оңаша кездесуі бүгінде барлық ақпарат құралдарында талқыланып жатыр. Мұнысы түсінікті де – 2014 жылы Қырымды қосып алғаннан кейін халықаралық қауымдастық Кремльге арқасын беріп, соңғы төрт жыл бойы онымен саяси, экономикалық, қаржылық, басқа да салаларда әріптестікті шектеп келіп еді. Тіпті, Ресейді G8, яғни алпауыттар клубынан шеттетіп, сыртқа тепкен болатын. АҚШ, Британия мен Еуропалық одақ, жалпы Жетілік клубының мүшелері Ресейдің қазіргі басшылығынан Украинаның тұтастығын мойындауды талап етуде. Осы талап орындалғанға дейін саяси шектеу мен экономикалық санкциялар жалғаса береді деп табандап отыр. Бірақ 18 тамыздың тамылжыған күні Ресей президенті Путин мен Германия канцлері Ангела Меркельдің көзбе-көз жолығып, ресми кездесу жасағаны нені білдіреді? Осыған басы қатқан сарапшылар мұны «санкциялардың күні бітуі таяу» деп те, тіпті АҚШ-тан күдер үзген Германия өзіне мықты серіктес іздеуге мәжбүр деп те түрлі долбар айтып үлгерді.
Шамасы, алпауыттар клубында бұрынғыдай ауызбірлік жоқ екенін енді жасыру мүмкін емес. Ресейді Қырым үшін жазғырып, басқа елдердің ішкі ісіне, анығы сайлау процестеріне араласты деп айыптап, оны одан әрі тұқырту керек деп мәлімдеме жасағанымен, әлемдік көшбасшылар біртіндеп Кремль басшысымен мәмілеге келу жолдарын іздеуге көшкен сыңайлы. Осы орайда, 16 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамптың, ал 18 тамызда Германия канцлері Ангела Меркельдің Ресей президенті Владимир Путинмен кездесулерінде өзара ұқсастықтар бар. Екі кездесу де Путинмен көзбе-көз, сырт көзден таса, «оңаша» жағдайда өтті. Екі кездесудің ешқайсысында қандай да бір нақты шешім қабылданғаны жайлы хабарланбады, ешқандай ресми құжатқа қол қойылмады. Екі кездесу де достық шырайдағы жалпы пікір алмасу мақсатында, яғни қарсыластың аужайын байқау, болашақ жоспарларын аңдауды мақсат еткен. Бірінші кездесу екі сағатқа созылса, екіншісі үш сағат бойы жалғасты, екеуі де – жабық есік жағдайында өтті. Яғни, Дональд пен Владимирдің және Ангела мен Владимирдің не айтқандарын осы үшеуінің іші ғана біледі деген сөз. Ең бастысы, осы кездесуден соң Трамп Ресей президентін Ақ үйге қонаққа шақырса, Меркель бұдан соң Ресеймен келіссөздерді тұрақты түрде жүргізетінін айтты. Сонда АҚШ та, Германия да Ресеймен әріптестікті қайта жандандыруға кетәрі еместігін байқатты.
Оқырманның есінде болса, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп либералды демократиялық елдердің арасындағы ортақ құндылықтарды жойып, трансатлантикалық одақты іштен ыдыратуға себеп болуы мүмкін деген ойды айтқанбыз («КСРО НАТО-ға кіруге неге құмартты?» 2 тамыз, 2018 жыл). Осыған ұқсас ойды енді еуропалық саясаттанушылар ашық талқылап, Меркель пен Путиннің кездесуін Германияның АҚШ-тан алыстап, Ресеймен қарым-қатынасын дұрыстауға ұмтылуы дегенге жорыды.
Әлбетте, демократия үстемдік құрған елдерге де абырой керек. Сондықтан Ресеймен келіссөздерді қайта жандандырып, саяси пікірталас жүргізгенімен, экономикалық құрсаудан дереу бас тарта алмайды. Дегенмен сең орнынан қозғалды. Саяси бітім бар жерде екіжақты, көпжақты қарым-қатынастың басқа жолдары да ашылады деген сөз. Яғни, экономикалық санкциялардың тоқтатылуына, ең азында жаңа санкцияларды жариялауды кешеуілдетуге үміт оянды деген сөз.
Бірақ 8 тамызда АҚШ Ресейге қарсы жаңа санкциялар жариялайтынын мәлімдеді. Бұған себеп – британ саяси элитасы мен ақпарат құралдарында көп дабыра туғызған қылмыстық іс – бұрынғы орыс полковнигі Скрипаль мен оның қызының Солсбери деген қалада осы көктемде белгісіз химиялық заттан уланып, өлім аузынан әрең аман қалғаны. АҚШ-қа барған алғашқы сапарында Джереми Хант осы істі тағы қозғап өтті. Жаңа санкциялар осы аптада күшіне еніп, Ресейге баратын қаржы мен экспортты шектеуді көздейді. Яғни, Америкадан тасымалданатын электроника түрлері, мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қажетті құрал-жабдықтарға шектеу қойылады. Ақ үйден жеткен хабарларға қарағанда, бұл санкциялардың соңғы легі емес.
Өткен айда ғана Путинмен жылы сөйлесіп, жұмсақ қоштасқан Трамптың мұндай шешімді қабылдауына не себеп болды деген сұраққа жауап табу қиын емес. Америкалық ақпарат құралдары үшін қазіргі басты тақырып – Путиннің Трампқа қандай да бір ықпалы бар ма деген мәселе. Оның үстіне, Ресейдің 2017 жылғы АҚШ президент сайлауына араласқаны жайлы деректер жарияланып, енді осы аптада «Майкрософт» компаниясының Ресей тарапынан АҚШ Сенаты мен Консерваторлар партиясына хакерлік шабуыл дайындалып жатқаны жайлы мәлімдеме жасауы жағдайды күрделендірді. Мұндай жағдайда Трамп Конгресс пен қоғамның талабымен Ресейге қысым көрсетуге мәжбүр.
Ал Еуропалық одақтың бұдан кейінгі ұстанымы қандай болатыны түсініксіз. Меркель Ресеймен келіссөздер жүргізу керектігін ашық мойындады. Бірақ еуропалық елдердің бәрі бірдей Кремльге іштарта қоймайды.
Екінші жағынан, Ресейдің өзі де еуропалық, америкалық әріптестерімен қайта тіл табысуға, халықаралық қауымдастықта бұрынғысынша ортаға қосылуға мүдделі. Ресми басшылық қанша мойындағысы келмей, статистикалық деректерді сапырылыстырғанымен, елдегі экономикалық ахуал күрт нашарлады. Жұмыссыздық артып, халықтың тұрмысы ауырлады. Рубльдің құнсыздануы жығылған үстіне жұдырық болды. Жаппай деградация, ертеңге деген үмітсіздік осылай ушыға берсе, Ресейдің өз ішіндегі қайшылық қарсылық пен наразылыққа ұрындыруы әбден мүмкін. Сондықтан санкциялардың күшін жойып, шетелдік инвестицияларға қайтадан жол ашып, энергетикалық валютаның қызығын көру – бүгінгі билік үшін аса өзекті әрі маңызы зор мәселе.
Энергетикалық валюта демекші, Меркельдің Путинмен кездесуінде Германияның экономикалық мүддесі жатқанын есте ұстау керек. Шілде айындағы НАТО саммиті алдындағы таңертеңгілік ас үстінде Трамптың Германияны ащы сынға алуына себеп те осы мүдде болатын. Сол кезде Трамп Германияны «Ресейдің тұтқыны» деп атады. Бұған себеп – 2011 жылы іске қосылған «Солтүстік ағын» құбыры Украина арқылы Еуропаға Ресей газын жеткізіп отыр. Қазір «Солтүстік ағын-2» құбырының құрылысы жүріп жатыр. Расында, Германия мен Ресей басшылары талқылаған басты тақырып – осы «Солтүстік ағын-2» жобасы еді. «Солтүстік ағын» ресейлік компания «Газпромға» тиесілі болғанымен, оған Royal Dutch Shell, Wintershall, Uniper, OMV и Engie сияқты еуропалық ірі компаниялардың қатысы бар. Америкалық әкімшіліктің алдағы санкциялары дәл осы компанияларға салқынын тигізуі мүмкін. Қазіргі сәтте «Солтүстік ағын» арқылы жыл сайын тасымалданатын табиғи газ көлемі – 55 миллиард текше метр. Егер құрылыс келесі жылы аяқталса, онда кәрі құрлыққа тасымалданатын газ көлемі екі есе артады деген сөз. Мұның саяси салдары да болуы мүмкін – 2019 жылы Украинамен келісім-шарт аяқталған соң, «Газпром» бұл ел арқылы газ тасымалдауды мүлде доғаруы ғажап емес. Сондықтан да Меркель Путиннен «Солтүстік ағын-2» іске қосылған соң да Украинаны тасымалдан түсетін табыстан құралақан қалдырмауға уәде беруін сұрады.
Ал Трамптың «Солтүстік ағынды» сынауында және Германияны Ресейге тәуелді деп айыптауында АҚШ-тың өз экономикалық мүддесі жатыр деген долбар айтылады. Берлин әкімшілігінің бір шенеунігі айтқандай, Ақ үйдің көздегені Еуропаның Ресей газына тәуелділігін азайтып, АҚШ-тан сұйытылған табиғи газды көбірек сатып алуын қамтамасыз ету болуы да ғажап емес. Трамптың мықты кәсіпкер екенінде дау жоқ, сондықтан оның Меркельді сынауының астарында америкалық экспорттың мүддесі тұрса, оған таң қалуға болмас.
Осылайша, халықаралық саясатта баршаға мәлім және түсінікті ешқандай ойын ережесі қалмады. Ойыншылар ойларына келгенін айтып, өз білгендерімен өзгелерге есе жібермеудің амалын жасауға көшті. Еуропаны тарифтік қысымға алған АҚШ кәрі құрлықты Ресейге қарай қадам жасауға мәжбүр етсе, Ресей мен АҚШ арасының одан әрі шиеленісуінен Қытай өз пайдасын іздейді. Айтпақшы, қыркүйек айында Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Берлинге мемлекеттік сапармен барады. АҚШ-тың экономикалық қысымы түрік лирасын тітіретіп, онсыз да тәлтіректеуге шақ тұрған экономиканың іргесін шайқады. Енді ол Еуропаның экономикалық көмегіне қаншалықты зәру болса, кәрі құрлық мигранттар дағдарысының қайталанбауына соншалықты мүдделі. Бұл арада Ресей Қытаймен серіктестікті күшейтуге ұмтылса, Германия Иранды шектен шығармау үшін Кремльдің көмегіне жүгінуге әзір. Сонымен, ойын тақтасында – хаос. Мұндай жағдайда екі жеп биге шығатын ешкім бола қоймас.
Ұлыбритания