Шетелдіктер шошыған «Вазар»

Шетелдіктер шошыған «Вазар»

Шетелдіктер шошыған «Вазар»
ашық дереккөзі
1402
Адам денсаулығына қауіп тудыруы мүмкін дәрілік преператтарды қайтару жұмыстары әлі де жүргізілуде. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі құрамында валсартан бар препараттарды нарықтан шығару туралы шешім шығарған. Қан қысымы жоғары науқастар қолданып жүрген «Вазар», «Вазар-Н» және «Нортиван» дәрілік препараттарының құрамындағы қауіпті қоспа қатерлі ісіктің пайда болуына әсер етеді екен. Соңғы деректер бойынша, «Вазар» препаратын қабылдаған 12 мың қазақстандықтың екеуі рак ауруына шалдығуы мүмкін. Нұсқаулығында қан қысымын қалыпты етіп, инфаркт пен инсульттің алдын алатын дәрілер бауыр обырына әкеп соқтыруы мүмкін. Енді министрлік тауар өндірушіні дәріні қабылдағандардың денсаулығына жауапты қылып қана қоймай, миллиондап тегін таратылған дәрілерді толықтай қайтаруды талап етіп отыр. Бауыр обырына әкеп соқтыруы мүмкін дәрілер мәселесі қоғамда бұған дейін де талай рет айтылған. Бұл жолы құрамында «валсартан» атты химиялық қоспасы бар «Вазар» және «Нортиван» препараттары қауіпті деп танылды. Денсаулық сақтау министрлігі дәрілерді өндіруші компанияға таблеткаларды қабылдаған науқастар жағдайына жауапты болуды жүктеді, сондай-ақ, тауар өндірушілерден қауіпті деп танылған препараттарды түгелдей тәркілеуді міндеттеген. Айта кетейік, бұл дәрілердің белсенді субстанциясын Қытайдың «Чжэцян Хуахай Фармасьютикалс» компаниясы өндірген. Бұл дәрілердің құрамында онкологиялық ауруды тудыртатын канцероген табылғанымен, ол әлі нақты емес.  Себебі мамандар олардың ауруды туғызатынын әлі дәлелдеген жоқ. Дегенмен бұл дәрілерді тек қазақстандықтар емес, әлемнің бүкіл азаматтары қайтарып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда валсартанды шамамен 12 мыңға жуық науқас қабылдаған. Фармацевтиканың өзінің ережесі бар. Қауіпті қоспа табылған жағдайда тексеру жұмыстарын жүргізеді. Қазақстандық тарап қазір ЕМА, FDA ұйымдарынан жауап күтіп отыр. Елде қатерлі ісік жасушаларын қоздыратын күмәнді 3 препараттың біреуі – «Вазардың» 3 миллионға жуық түйірі таратылған. Астанада  науқастарға 9 мың түйірі берілсе, оның 8 мыңы кері қайтарылған. Ал ел бойынша 1 миллион түйірі тәркіленіпті. «Вазар»,  «Вазар-Н» препараттары Қазақстанда 2010 жылы тіркелген. Бірақ қауіпті деп саналып отырған дәрілерді «Балканфарма-Дупница АД» тек осы жылы ғана шығара бастады. Даудың басы Даниядан басталған. Даниядағы медициналық агенттік зерттеушілерінің айтуынша, гипертонияға қарсы дәрінің құрамындағы валсартан қоспасы онкологиялық ауруды тудыруы мүмкін. Дания дәрігерлерінің дабылынан кейін құрамында валсартаны бар кейбір препараттардың қатерлі ісік тудыру қаупі бар екендігі туралы ақпарат желіні жаулады. Зерттеушілердің мәлімдеуінше, бұл дәрімен ұзақ уақыт бойы емделген науқастың денсаулығы күрт нашарлай бастайды. Еліміздің дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығындағылар оны өндірушілердің өзі айтты дейді. Қытайлық компания екі жыл бұрын валсартаны бар препараттың кейбір серияларын өндірудің жаңаша тәсілін ойлап тауып, оны нарыққа шығарып болған соң, құрамында қауіпті қоспа барын анықтаған. Дәрілерді тексеретін Ұлттық экспертизаның мәлімдемесінше, халықты тегін емдеу мақсатында қазақстандықтарға дәрінің 47 мың данасы берілген. «Егер адам 7 жыл бойы үздіксіз 320 мг-дық валсартанды қабылдаса, 5 мың адамның біреуінің ғана қатерлі ісікке шалдығу қаупі бар. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша Қазақстанда валсартанды шамамен 12 мыңға жуық науқас қабылдаған. Яғни, 2 адамға қауіп тудыруы мүмкін», – дейді Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы директорының орынбасары Арнұр Нұртаев. Талай жылдан бері қолданылып келген препаратты мамандар бұған дейін неге тексермеген? Сонда әлемдік деңгейде дабыл қағылмаса, қазақстандықтар бұл препаратты қолдана берер ме еді?

Серіктес жаңалықтары