Еңбек пен достықтың ордасы

Еңбек пен достықтың ордасы

Еңбек пен достықтың ордасы
ашық дереккөзі
Жастарды еңбекпен қамтып, студенттердің үш айлық демалысын тиімді пайдалануына мүмкіндік беретін «Жасыл ел» бағдарламасы мен студенттік құрылыс жасағы жұмыстарын табысты жалғастыруда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Студенттік құрылыс жасағы да маусым айының алғашқы күнінен өз жұмысын бастады. Биыл Студенттік құрылыс жасағына 120 студент іріктеліп алынды. Студенттерге ҚазҰУ тарапынан 40000 теңге, ал «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы (ЖЕЖ) тарапынан 36000 мың теңге айлық төленеді. Құрылыс жасағының қатарына қабылданған студенттерге күн сайын екі мезгіл тамақ беріледі және тегін жатақханамен, бірыңғай формамен қамтамасыз етілген. Студентік құрылыс жасағы бойынша университеттегі өндірістік департамент қызметкерлерімен бірігіп ҚазҰУ қалашығының аумағын тазартып, кампустағы барлық жатақханалар мен оқу ғимараттарының бөлмелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, университетте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құрылыс жасағында қызмет етіп жүрген студенттерге арналған рухани-тәрбиелік сабақтар мен іс-шаралар өткізілуде. Аталмыш бағдарлама негізінде студенттердің әдеби шығармашылығын жетілдіруді көздейтін «Кітап оқушылар» бірлестігі өз жұмысын бастады. Студенттер бос уақыттарында «Step by step» шет тілін үйрету курстарына қатысып жүр. Одан бөлек, Студенттік құрылыс жасағы жастарының достығы мен ауызбіршілігін арттыру үшін демалыс күндері «Бөкейханов» шыңы, «Көкжайлау», Медеу шатқалындағы көрікті жерлерде демалыстар ұйымдастырылды. «Студенттік құрылыс жасағы – жаздық демалысын тиімді әрі пайдалы өткізгісі келетін студенттерге қарастырылған тиімді жол. Жазғы демалыста қалашықта жүріп, оның тазалығы мен жасыл алқаптың жайқалуына өз үлесімізді қосып жатқанымызға қуаныштымын. Қызығы мен шыжығына  толы студенттік шақта, СҚЖ-ның құрамына қосылып, жаңа достар таптым», – дейді ҚазҰУ филология және әлем тілдері факультетінің 3-курс студенті Ару Әшім. Бүгінгі жас – ертеңгі кемел болашақтың кепілі әрі қоғамның айнасы. Ал ҚазҰУ-дың Студенттік құрылыс жасағы сол жастардың қиялына қанат бітіретін еңбек пен достықтың ордасы.

Перизат ЖАРЫЛҚАСЫНОВА