Сырттай оқу сағынышқа айналар

Сырттай оқу сағынышқа айналар

Сырттай оқу сағынышқа айналар
ашық дереккөзі
405
Еліміздің білім саласында жыл сайын жаңаша реформалардың жасалатыны белгілі. Оның кейбірі жұртшылықтың көңілінен шықса, көпшілігі сын садағына ілігіп жатады. Ал Білім және ғылым министрлігінің таяудағы жаңалығын жоғары білім беру ісін алға бастыратын қадам деп бағалағандардың саны көп. Көптің талқысына түскен мәселе – университеттерде сырттай оқу бөлімін жабу. Білім және ғылым министрлігі 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жоғары оқу орындарында сырттай оқудың тоқтатылатынын мәлімдеді. Бұл бастаманы жақтаушылардың көп екені бірден аңғарылды. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бұл норманың азаматтардың жоғары білім алуына деген мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталғанын айтып отыр. Еліміздің бас ұстазы Ерлан Сағадиев сырттай оқу бөлімінің жабылуын былайша түсіндірді: «4 шілдеде университеттердің дербестігін арттыратын заң қабылданған. Осы заңға сай, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап сырттай оқуға құжат қабылданбайды. Бұл заңға сай білім бағдарламасын игеру үшін студенттерге нақты бір уақыт берілмейді. Жоғары оқу орындары білім үлгерімінің нәтижесіне қарай студенттердің бакалаврды уақытынан бұрын бітіруге мүмкіндік беретін ыңғайлы бағдарлама жасайды. Заңда университеттердегі оқу ақысын реттейтін норманы алып тастау қарастырылған». Сырттай оқу бөлімінің жабылатындығы мәлім болғаннан кейін бұған дейін сырттай білім алып келген студенттер ары қарайғы жағдайларына алаңдай бастағаны рас. Қазір елімізде жоғарғы оқу орындарында білім алып жатқан 534 мың студент бар. Олардың арасында докторантура мен  магистратурада оқитындар да бар. Оның 16-17 пайызы сырттай білім алады. Ол шамамен 84 мың студент. Биыл оның саны артады. Бірақ олар ескі жүйемен оқуларын аяқтайтын болады. Сырттай оқу бөлімі жабылғанымен, ол түбегейлі жойылмайды. «Жалпы, шетелдік тәжірибені алатын болсақ, жұмыс істейтін жастарға осы парт-тайм дейді, мемлекеттік стандарттарға сай барлық кредиттерді игере отырып, бірақ өзінің уақытына сәйкес ол әрбір кредитті белгілі өзінің жағдайына қатысты бөліп-бөліп алуына мүмкіндік алады. Бірақ бұл оқудың өзі қашықтан оқыту технологияларын кеңінен қолдану арқылы жүзеге асырылады», – дейді ҚР БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің орынбасары Бану Нұрбекова. Жоғары оқу орнында сырттай оқытуды тоқтату туралы мәселе бұған дейін айтылып жүрген. Көпшілік сырттай оқу бөлімін бітірген біліксіз мамандардың көбейгендігін алға тартып, бұл мәселенің шешімін табуды сұрап жүргеніне көп жылдар болды. Әсіресе, мектепте оқуды сырттай бітіріп, шәкірт тәрбиелеп жүрген мұғалімдер жайлы да талай мәрте айтылып, жазылған болатын. Ауылды жерлердегі мектептерде білім беріп жүрген мұғалімдердің 30 пайыздан астамы жоғары оқу орындарын сырттай оқып, диплом алғандар екен. Өзі оқып-білмеген мұғалім шәкіртіне не үйретпек? Соңғы уақытта білімі төмен оқушылардың көбеюіне осының ықпал етпегеніне кім кепіл? Ал «Аспандау» ғылым және білім қорының президенті Қайрат Нұров елімізде келер жылы тоқтатылатын сырттай білім алуды қашықтықтан білім алу жүйесімен алмастыру туралы ұсыныс білдірді. Отандық ақпарат порталдарының біріне өзінің ұсынысын тәптіштеп түсіндірген Қайрат Нұровтың айтуынша, сырттай және кешкі уақытта білім алу формаларының қажеті жоқ. «Қашықтықтан білім алу жүйесі оқу процесін жеңілдетеді. Сайтқа кіресің, тіркелесің, тест тапсырып, ондағы материалдармен жұмыс істейсің. Сондай-ақ, онда cенің сайтқа кірген уақытың, қанша сағат сабақ қарағаның көрініп, оған сәйкес баға қойылады. Сол себепті де алдағы уақытта сырттай білім алу мен кешкі уақытта білім алу жүйелерінің қажеті болмайды», – дейді ол. Сонымен қатар, сарапшы оқудың мұндай түрінде емтихан тапсыру кезінде студент өзінің орнына басқа адамды отырғызуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Қайрат Нұровтың сөзінше, күндізгі оқу кезінде де алаяқтық болмайды деп ешкім кепілдік бере алмайды. Бұрын жұмыс істеп жүрген мамандарға қызметтен қол үзбей жоғары білім алуға сырттай оқу бөлімі мүмкіндік беретін. Мұның артықшылығы – тәжірибе мен теория ұштасып жататын. Ал қазір ауылда жұмыс жоқ. Яғни, тәжірибе біліммен ұштаспайды. Демек бұл жерде сапа болмайды. Не дұрыс тәжірибесі, не дұрыс білімі болмаған соң, ондай маманды ешкім жұмысқа да алмайды. Демек, ата-анасының ақшасы желге ұшады. Жасыратыны жоқ, сырттай оқитындар жылына екі рет не бір рет 30-40 күн мұғаліммен тікелей байланысты болады да, жылдың қалған 11 айында оқу туралы ойлай қоймайды. Ал қашықтан оқу жүйесінде студент пен мұғалім интернет арқылы үнемі байланыста болады. Уақтылы тапсырма алып, уақтылы орындайды. Сонан соң, қашықтан оқытудың тағы бір артықшылығы – студенттің білім деңгейін мұғалімнен өзге адамдардың да тексеріп, бақылауына болады. Яғни, мұғалім студентке жайдан-жай баға қоя салмайды. Қашықтан оқыту – бұл заман талабы. Жалпы, заман желісіне орай, бар сала жаңаша дамуы тиіс. Ал министрліктің бұл мәселеге бейжай қарамай, сырттай оқу бөлімін жабу туралы шешімі орынды болған, болмағанын алдағы уақыт толық айқындайды.

Серіктес жаңалықтары