Қатерлі ауру адамның жасына қарамайды

Қатерлі ауру адамның жасына қарамайды

Қатерлі ауру адамның жасына қарамайды
ашық дереккөзі
1126
Бүгінде қатерлі ісік күллі жаһанның айтуға ауыз бармайтын түйткіліне айналды. Біздің елімізде де   жыл өткен сайын қатерлі ісікке шалдыққандар саны артуда. Өкініштісі,  қатерлі ісік дерті балалар арасында да дендеп барады. Деректерге сенсек, бір жылда онкологиялық ауруға шалдыққан кішкентай қазақстандықтар қатары 10 пайызға артқан. Күнәсіз сәбилер арасында бұл індет неге көбейді?

Аты жаман ауру, шарасыз балалар

Қатерлі ісік ауруымен көп жағдайда егде тартқан адамдар ауыратыны белгілі. Біз солай деп келгенбіз. Алайда бүгінгі күні жаңа туған нәрестелер де осы дертке шалдығуда. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 2018 жылдың алғашқы 6 айында 246 балада қатерлі өскіндер пайда болған, оның 113-інде – ақ қан ауруы, 133 балада лимфома мен елеулі ісіктер анықталды. Балалар арасында ақ қан ауруы көш бастап тұр. Ал науқастардың 16 пайызы мидың қатерлі ісігіне шалдыққан. Одан кейінгі орында нейробластома немесе жүйке талшықтарында болатын рак. Мұндай көрсеткішті мамандар диагностиканың дамуымен де байланыстырады. Яғни, ауру дер кезінде әрі дәл анықталатын болған. Тіпті, аты жаман кесел ана құрсағындағы сәбилерден де табылып жатыр. Қатерлі ісікке шалдыққан балалар ауруының 80 пайызының себеп-салдары белгілі болса, 10 пайызы туа біткен дерт. Сондай-ақ, министрлік Қазақстанда жыл сайын шамамен 600 баланың қатерлі ісік ауруларына шалдығатынын растайды. 2016 жылы ел аумағында 558 баланың онкологиялық ауруға шалдыққаны анықталса, былтыр 610 бала тіркелген. Яғни, 9,3 пайызға өскенін байқауға болады. Тіркелгендердің 55 пайызы 3 пен 15 жас аралығындағы балалар. «Бұл балалардың бәрі емделіп кетеді деп айта алмаймын. Басты түйткіл балалардың ауруы асқынғанда анықталатыны болып тұр. Әрине, диагноз қою сапасы жақсарғанымен әлі де ақсау бар. Оған дәлел – ауру сатысының тіркелуі. Яғни, бүгінде 60 пайызға жуық жастың ауруы әбден асқынғанда, III, IV санатқа жеткенде белгілі болып жатады. Ал I, II санаттағылар көрсеткіші 40 пайызды құрап тұр. Егер ерте анықталса, оны емдеу де, ауруынан айықтыру да нәтижелі болар еді», – дейді ҚР ДСМ педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры Риза Боранбаева. Орталық директорының пайымынша, аурудың белең алуына жас мамандардың тәжірбиесіздігі де себеп болып отыр. Бұл олқылықты жою үшін қазір ғылыми орталық педиатрлар мен жалпы тәжірибедегі дәрігерлерді үйретуді қолға алған. Одан бөлек заман талабына сай ем-шаралар жасау үшін шетелдіктермен де тәжірбие алмасу жолға қойылған. Медициналық мәліметтерге сүйенсек, жылына қатерлі дертке шалдыққан балалардың 40 пайызы осы аурудан көз жұмады екен. Қазіргі уақытта сырқатқа шалдыққан адамдарға (үлкендерге) арналған емдеу мекемелері Алматы, Павлодар, Өскемен, Қарағанды, Қостанай, Семей қалаларында жұмыс істейді. Аталмыш мекемелерде онкологиялық ауруларға, созылмалы инфекцияларға шалдыққан адамдар емделуде. Десек те, балалардың денсаулығын жақсартып, қатерлі дерттің алдын алу мақсатында бүлдіршіндерге үміт сыйлайтын медициналық мекеме ашу мәселесі әлі күнге толықтай шешімін таппады.

Өңірлердегі ахуал алаңдатады

Дамыған елдерде аталмыш дертке қарсы тұрарлық ізденіс пен ғылымның жетістігі ауруды ауыздықтауға мүмкіндік туғыза алады. Сонда да дүниежүзі елдеріндегі ауру көрсеткіші көңіл алаңдатады: АҚШ пен Еуропа елдерінде балалар қатерлі ісігінің кездесуі 100 мың балаға шаққанда – 15-16, Ресейде – 10-12, Белорусьте – 14-15, Түркияда – 11-12. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш – 7-8 баладан айналатындығы мәлім. Сонымен қатар, бұл дерттің әр жыл сайын жасарып бара жатқандығы ғалымдарды қатты мазалап отыр. Мәселен, Маңғыстау облысында қатерлі ісікке шалдыққан науқастар саны артқан. Өңір онкологиялық аурудың таралуы бойынша республикада 3-ші орында тұр. Әсіресе, балалар арасында ми ісігі мен ақ қан дертіне шалдыққандар көп. Осы жылы есепте 115 бала тұр. Ақтөбеде де қатерлі ісік ауруына шалдыққан балалар көбейген. Жылына өңірде 30-дан астам бүлдіршіннен қатерлі ісік ауруының белгілері анықталады. «Бізде, өкінішке қарай, балалар арасында да онкологиялық аурулар кездеседі. Облыс бойынша жылына шамамен 30-35 баладан онкогематологиялық ауру белгілері анықталады. Атырау, Ақтау секілді жалпы батыс өңіріндегі қалаларымен есептегенде жылына 140 балаға онкогематологиялық диагноз қойылады. Осы мәселені біздің облыста шешу мақсатында облыс әкімі Берлин қаласынан балалар онколог-дәрігері Гюнтер Хенцемен кездесу өткізді», – дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев. Жыл басындағы деректерге сүйенсек, Ақтөбе облысында 162 жеткіншектен қатерлі ісік анықталып отыр. Бүлдіршіндерден анықталып жатқан онкологиялық дертке көмек көрсете алмаған дәрігерлер ата-аналарды сергек болуға шақырады. Дерт әбден асқынғаннан кейін ғана дәрігерге келіп, ем сұраудан нәтиже жоқ. Түркістан облысында жылына шамамен 3 мың адам қатерлі ісік ауруымен тіркеуге алынады. Дәрігерлер соңғы 10 жылда мұндай дерттілер саны екі есеге артқанын айтуда. Олардың ішінде жатыр мойны рагына ұшыраған әйелдер де көп. Қазіргі таңда 13 мыңнан аса тұрғын диспансерде тұрақты тіркеуде тұр. Оның ішінде мыңнан аса адам жатыр мойны ісігіне шалдыққан. 2017 жылдың өзінде жатыр мойны ісігімен 234 адам жаңадан тіркелді. Олардың жас шамасы 29-54 жас аралығында. Емханаларда скринингтен өту жүйеленген соң, онкологиялық аурулардың саны да артқан. Әсіресе, бірінші және екінші сатыдағы аурулар көп. Бұрын жылына орташа есеппен 100 адамның қатерлі ісік ауруына шалдыққаны анықталса, қазір бұл көрсеткіш 200-ден асқан. Сырқатпен күресті күшейту үшін емханалардың жауапкершілігін арттыру мәселесі қаралуда. Отандық дәрігерлер дертті емдеудің жаңа тәсілдерін енгізіп жатқанын айтады. Бірақ балалар дәрігерлерінің жетіспеуі тиісті нәтижеге жетуге қол байлау болып тұр.

Қатерлі ісік неден пайда болады?

Жалпы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының бағалауы бойынша, 30 пайыз жағдайда қатерлі ісіктің пайда болу қаупін дұрыс тамақтану, белсенді өмір салтын ұстану және шылым шегуден бас тарту арқылы алдын алуға болады. Бұдан бөлек, мамандар теріге ультракүлгін сәулелердің әсерін төмендету мақсатында солярий қабылдау санын азайту керек екендігін айтады. Мамандардың айтуынша, өкпе қатерлі ісігінің 35 пайызы темекі шегуден пайда болады екен. Темекі түтінінің құрамында өте қауіпті зат – бензопирен бар. Күніне 20-30 тал шылым шеккен адамда бензопирен көбейіп, өкпені зақымдайды. Бензопирен қуық қатерлі ісігін де тудырады екен. Ал өңеш қатерлі ісігі тағамды – шайды, кофені, майлы сорпаны өте ыстық күйінде ішкеннен, қақталған, қуырылған, тұзды, ащы және қатты тамақтарға әуестіктен, тамақты әбден шайнамай жұтудан, күйдірген май-ды бірнеше рет қолданудан пайда болатын көрінеді. Сүт безіндегі қатерлі ісік әйелдің жыныс мүшесінің созылмалы аурулары, тұқымқуалаушылық, жиі күйзелу мен гормондар деңгейінің бұзылуынан басталады. Омырау обырымен тіркелген әйелдердің жартысына жуығы жарық дүниемен қоштасатыны өте қайғылы жайт. Мамандардың айтуынша, пайда болғаны бірден білінбейтін кеселдің кесірінен көптеген келіншек ауруын асқындырып алады. Сондықтан әйелдер мүмкін болса сүт бездерін айына бір рет тексеруден өткізгені жөн. Міне, қай жағынан қарасаңыз да қауіпті ісіктің туындауына адамның өзі себепші болады екен.

Емнің уақытында жасалмауы – қылмысқа тең

Мамандар соңғы 5 жылда елімізде қатерлі ісік ауруына шалдыққан балалар санының көбейгенін растап отыр. Оған себеп – емнің уақытында жасалмауы. Ал балалардағы қатерлі ісікті дер кезінде анықтау және оны емдеу – медицина саласындағы аса күрделі мәселелердің бірі. Себебі олардың басым көпшілігі көзге көрінбейтін дене мүшелерінде пайда болады. Оның үстіне, ісік балаларда қарқынды түрде өседі. Аурудың I сатысында дәрігердің көмегіне дер кезінде жүгінген балалардың дерттен айығуға деген мүмкіндігі жоғары. Сонымен қатар қатерлі ісіктің I сатысында қолданылатын емнің бағасы да төмен, II сатылы ауруды емдеу шығыны 4 есе, III сатысында 6 есе, IV сатыда шығын көлемі 10 есеге дейін көбеюі ықтимал. Қатерлі ауру азабын тартқан балалар елімізде тегін емделеді. Әрқайсысына мемлекет орта есеппен 10-12 миллион теңге бөлетінін айтуымыз керек. Бірақ ата-аналардың отандық мамандарға сенімсіздік танытып, баласымен бірге шетел асатындары көбейді. Дәрігерлер аурудан өз елімізде де айығуға болатынын жиі ескертуде. Науқасқа сәйкес донор табылмаған жағдайда ғана өзге елге жолдама беріледі. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, елімізде қатерлі ісікке шалдыққан балаларды емдеу үшін 25 жылдан астам уақыт бойы BFM неміс бағдарламасы қолданылып келеді. Бағдарлама аясында лимфобласты аққан ауруынан айыққан балалар саны – 76,3 пайызға дейін, ал миелобласты аққан ауруынан жазылған балалар саны 42 пайызға дейін көтерілген. Интенсивті емдеуден соң, ремиссияға кеткен науқастар саны жылдан-жылға артып келеді. 2016 жылы – 1866 бала, 2017 жылы 2000-нан астам бала дерттен айықты. Денсаулық сақтау саласының сарапшылары 2012 жылдан бастап, балалардың полихимиялық терапияның заманауи жоғары дозалы бағдарламалары бойынша емделіп жатқанын хабарлады. Сараптама нәтижесіне сәйкес, терапия тиімділігі 66,9 пайызды құраған, оның арасында ретинобластома (96 пайыз), остеосаркома (91,7 пайыз), нефробластома (82,4 пайыз), герминогенді-жасушалық ісіктер және Ходжкин лимфомалары (75 пайыз) анағұрлым тиімдірек емделген. Отандық хирургтер бала өмірін сақтап қалу үшін жыл сайын жасайтын операцияның санын арттыруда. Былтыр 46 жеткіншектің жілік майын ауыстырса, 2016 жылы 16 бүлдіршіннің өмірін аман сақтап қалған. Мамандар қатерлі ісікке шалдыққан балаларды аман сақтап қалу үшін барын салғанымен, нәтиже көңіл көншітпей тұр. Демек, денсаулық сақтау саласына жауаптылар бұл мәселенің шешімін табу үшін әрекет етуі қажет. Бастысы, ұлт болашағы – келешек ұрпақтың алдында қарыздар болып қалмасақ болғаны.

Серіктес жаңалықтары