Әлеуеті еселеп артқан өңір

Әлеуеті еселеп артқан өңір

Әлеуеті еселеп артқан өңір
ашық дереккөзі
343

Электрондық денсаулық паспорты жасақталмақ

Түркістан облысындағы 69 медициналық ұйым бүгінде медициналық ақпараттық жүйемен жұмыс істеуге көшті. Ал мұның жартысы ішінара қағазсыз құжат айналымына ауыстырылған. Жыл соңына дейін қалған 10 медициналық мекеме ақпараттық жүйемен толық қамтылады. Бұл туралы селекторлық режимде өткен ҚР Үкіметi отырысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті. Облыс басшысының айтуынша, интернет желісімен аудан деңгейіне дейінгі елді мекендер түгел қамтылған болса, 2021 жылға дейін аудан деңгейінен төмен ауылдарды қосу жоспарлануда. Осының нәтижесінде өңірдегі 2 миллионнан астам тұрғынның электрондық денсаулық паспорты жасақталған. Бұдан бөлек әкім осы жылдың 1 сәуірінде Түркістан облысымен бірге Алматы, Павлодар, Маңғыстау облыстары «қағазсыз аурухана» пилоттық жобасына кіргенін айтып, аталған облыстардың ішінде ақпараттық жүйелерді енгізу бойынша бірінші орында екенін жеткізді. «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының облыста жүзеге асырылу барысын баяндаған өңір басшысы осы жылдың алты айында межеленген негізгі көрсеткіштерге қол жеткізілгенін атап өтті.  width= «Түркістан облысы – денсаулық сақтау аясындағы мемлекеттік бағдарламаларының негізгі нәтижелі көрсеткіші бойынша бесінші орында. Мұның ішінде сәбилер өлімі өткен жылмен салыстырғанда 12,6 пайызға төмендеді. Бұл бойынша республикада 8-орында болса, ана өлімі көрсеткіші бойынша облыс елімізде 9-орында. Ал туберкулезден болған өлім-жітім көрсеткіші 33,3 пайызға төмендеген. Бұл нәтижелі жұмыстар мемлекеттік бағдарламалардың аясында атқарылған жұмыстардың көрсеткіші деп білемін», – деді Ж.Түймебаев. Баяндама барысында өңір басшысы кадрлық мәселелерді шешу мақсатында арнайы бағдарлама жасалынып, ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын жою үшін аудан орталықтарынан қызметтік тұрғын үйлер салынып жатқанына тоқталды. Айта кету керек, жаңа жылдан бастап денсаулық сақтау саласында біршама өзгерістер орын алмақ. Сала жұмысын қайта жаңғырту жобасы аясында қолға алынған бастамада алты мәселеге басымдық берілмек. Әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу, жекеменшік медициналық мекемелер мен бәсекелестікті нығайту, бірыңғай ақпараттық кеңістік құру, дәрі-дәрмек нарығын, медициналық туризм мен импортты алмастыру және әлеуметтік маңызы бар ауруларға түсетін ауыртпалықтарды азайту сияқты ауқымды мәселелер жүзеге асырылады. Міне, осы мәселелерді кеңінен түсіндіру мақсатында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің басшылық етуімен құрылған жұмыс тобы өңірге арнайы келді. Құрамында республикалық денсаулық сақтау орталығы мен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мамандары бар топ арнайы семинар өткізіп, аталған алты бастаманы іске асыру жолдарын түсіндірді. Семинар барысында емделушінің медициналық қажеттілігін айқындайтын дерекқор, алғашқы медициналық көмекті дамыту, инвестиция тарту, электронды денсаулық сақтау жүйесі мен дәрі-дәрмек нарығын дамыту, медицина ғылымы мен білімін жаңғырту, денсаулық саласына ұжымдық басқаруды енгізу, қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру мен аймақтық қарым-қатынастарды дамыту сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев өз кезегінде денсаулық сақтау саласында аса маңызды болып саналатын мәселелердің жүзеге асуына атсалысып, арнайы келіп, кездесу өткізген жұмыс тобына алғысын айта отырып, өңірдегі медициналық мекемелердің жаңа бастаманы жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

Жаңа басымдықтар пайда болды

Алтыншы шақырымдағы облыстық мәслихаттың кезектен тыс жиырма сегізінші сессиясында депутаттар Түркістан және Кентау қалаларының әкімшілік шекараларын өзгерту туралы мәселені қарап, бірауыздан шешім қабылдады. Оған сәйкес бұған дейін Түркістан қаласына қарап келген 12 ауыл округі ендігі жерде Кентау қаласы әкімдігінің бағынысына өтті. Сессияда халық қалаулылары облыстық мәслихаттың «2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» және «Облыс және аудандар бюджеттерінің арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Сессия жұмысына қатысқан облыс әкімі Ж.Түймебаев өңір орталығының Түркістан қаласына көшуіне байланысты бюджетті қалыптастыруда жаңа басымдықтар пайда болғанын, сондықтан қабылданған шешімдердің маңыздылығын атап өтті. 2018 жылғы бірінші жартыжылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының мемлекеттік бюджеттің кірістер жоспары 104,5 пайызға орындалған. 4 млрд теңге артық түсіп, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда түсімдер 8,3 млрд теңгеге өскен. Бұл туралы селекторлық режимде өткен ҚР Үкімет отырысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді. Өңір басшысы өңір бюджетінің шығыстар бөлігі 99,9 пайызға атқарылып, 296,3 млрд теңгенің игерілгенін жеткізді. «2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыстың макроэкономикалық көрсеткіштері келесідей болып қалыптасты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 209,9 млрд теңгені, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 96,1 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 147,1 млрд теңгеге жетті. Облысқа бағытталған инвестиция көлемі 93,6 млрд теңгеге жетіп, 2017 жылдың сәйкес кезеңіне 102,4 пайызды құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 44,2 млрд теңгені немесе 117,8 пайызға орындалған. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 202,4 мың шаршы метр болып, өткен жылдың сәйкес кезеңіне 130,0 пайызды еңсерген. Алдағы уақытта көрсеткішті ұлғайту мақсатында іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті шаруалар атқарылатын болады», – деді Жансейіт Қансейітұлы. Айта кетейік, еліміздің экономикалық процесінің өсімі сақталып, жалпы ішкі өнім көлемі 4,1 пайызға артқан. Экспорт көлемі 27 пайызға өсіп, импорт көлемі 19,4 пайызға жеткен. Облыста жыл басынан бері ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 146,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өнім көлемі 25,4 млрд теңгеге артқан. Түркістан облысы бұл көрсеткіш бойынша республикада Алматы облысынан кейінгі екінші орында. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Тұрбеков өзі жетекшілік ететін салада атқарылған осы және өзге де жұмыстарға тоқталды. Экспорт көлемі 68,6 млн АҚШ долларын құраған. Сондай-ақ, бүгінде облыс бойынша 60 мыңнан аса үй мен шағын фермерлерден құралған 704 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркеліп, жұмыс жүргізуде. Биыл ауыл шаруашылығы саласына қажетті 520 техника жаңартылған. Басқарма басшысы республикадағы салынған жылыжайлардың – 77, тамшылатып суару әдісінің 73 пайызы Түркістан облысына тиесілі екенін атап өтті. Сондай-ақ, тамшылатып суару технологиясы жаңадан 6 223 гектар аумаққа ендіріліп, жалпы көлемі 64,2 мың гектарға жетіпті. «Облыс бойынша дәнді дақылдардың барлық егіс көлемі 280,9 мың гектарды құрап, межеден 35,9 мың гектарға артты. Ал мақтаның егіс көлемі 129,7 мың гектарға жетіп, жоспар 24,7 мың гектарға артық орындалған. Бүгінгі таңда облыстағы барлық бау көлемі – 21 600 гектар, оның ішінде қарқынды баулар – 2 800, жүзім – 10 200, таңқурай – 208 және жаңғақ шаруашылығы 350 гектарды құрайды. Биыл қосымша қарқынды баулар – 940, жүзім – 570, жаңғақ 207 гектар алқапқа егілді», – деді Серік Ордабекұлы. Басқарма басшысы биыл құрғақшылық салдарынан мал азығын дайындайтын алқаптың 40 мың гектарға кемігенін, яғни әзірге жем-шөп дайындау көрсеткіші 70 пайызға ғана орындалғанын жеткізді. Алайда бұл кемшіліктің орны сабан мен жүгерінің және таулы аймақтарда шығымы жақсы болатын жоңышқаның есебінен толтырылатынын атап өтті. Сонымен бірге, жылыжайларды жылумен қамтамасыз етуде, басқа да инновациялық бағыттағы ғылыми-технологияларды енгізу аясында жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды. Брифингте бұдан бөлек суармалы жерлердің жай-күйі, субсидия мәселесі, бидайдың биылғы өнімділігі де сөз болды.

 Жүзім бағы жайқалып, алма жемісін төккелі тұр

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Төле би ауданында болып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын пысықтады.  width= Облыс әкімі алдымен Көксәйек ауылдық округіне келіп, А.Озықбай басқаратын «Keremet agro Group» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің жұмысын көрді. Кооператив өткен жылы 40 гектар жерге алма бауын егіпті. Осы жұмыстар үшін 503 млн теңге көлемінде инвестиция тартқан. Шаруашылыққа қажетті техниканы «Ырыс» МҚҰ арқылы 43 млн 100 мың теңгеге лизинг бойынша қаржыландырған. Мұнда «Гала», «Голден делишес», «Айдаред» және «Ред делишес» атты алманың сұрыптары жайқалып өсіп тұр. Кооператив төрағасының айтуына қарағанда, баудағы жас көшеттердің ұзын саны 87500 түп екен. Кооперативте 50 адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың орташа айлық жалақысы 90 мың теңгені құрайды. Бұдан кейін облыс әкімі Тасарық ауылында орналасқан жеке кәсіпкер С.Танабаевтың жүзім шаруашылығында болды. Кәсіпкер тастақ жерді тиімді пайдаланып, 2016 жылы жаңа технологиямен 10 гектарға жүзім еккен. Ал өткен жылы қосымша 10 гектар жерге 16 мың түп көшет отырғызылыпты. Шаруашылыққа қарасты 20 гектарға жалпы саны 32 мың түп «Таифи-Розовый» жүзімі егіліп, бетон тіреуіштер орнатып, тамшылатып суару жүйесін қолданған. Көшеттерді Сарыағаш ауданынан алдырыпты. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 50 млн теңгені құрайды. Шаруашылық басшысының айтуына қарағанда, бұл қаржының тең жартысын «Даму» бағдарламасы аясында «Оңтүстік» аймақтық инвестиция орталығы бөлген. Қожалық 10 гектар жерді сатып алса, 10 гектар жерді мемлекеттен 49 жылға жалға алған және жүзім алқабының әр гектарына мемлекет тарапынан 750 мың теңгеден субсидия берілген. Жүзім бағы биыл алғашқы өнімін бере бастамақ. Шаруашылық басшысы бақтың әр гектарынан 35-40 тоннадан өнім аламыз деп үміт етіп отыр. Бүгінде жүзімбақта 10 адам тұрақты еңбек етеді. Олардың жалақылары орташа есеппен 50 мың теңгені құрайды. Ал маусымдық жиын-терім мезгілінде мұнда 20-ға жуық адам жұмысқа тартылады. Шаруа қожалығы алдағы жылдары жүзімді қайта өңдеу ісін қолға алып, жүзімбаққа жақын маңнан көкөніс сақтау қоймасының құрылысын бастамақ көрінеді. Іскер шаруалардың жұмысымен танысқан өңір басшысы жеміс-жидекті өңдеу мәселесін қолға алуға және сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға кеңес берді.

Тұрғын үй құрылысы қарқын алуда

 width=

Түркістан облысында «7-20-25» бағдарламасы бойынша 18,6 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Яғни, «7-20-25» бағдарламасы аясында биыл жеке салушылар арқылы 360 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Аталған үйлер 2019 жылы пайдалануға берілмекші. Құрылыс басқармасының басшысы Құттыбек Жамашев: «Әлеуметтік сала бойынша білім беру саласына жалпы 83 нысан құрылысына 15,9 млрд теңге қаралған. Оның ішінде республикалық бюджеттен құрылысы жоспарланған 16 мектептің биыл 12-сін тапсыру көзделген. Қалған 4 нысанның құрылысы 2019 жылға тиесілі. Ал облыстық бюджеттен қаралған 11,5 млрд теңгеге 67 нысан құрылысын жүргізіп, оның ішінде ағымдағы жылы 28 нысанды пайдалануға беру межеленіп отыр. Қалған 39 мектептің құрылысы 2019 жылы басталады», – деді. Бұдан өзге, денсаулық сақтау саласында 11 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 2018 жылы 1 дәрігерлік амбулаторияны пайдалануға беру жоспарланған. Қалған 10 нысан 2019 жылға өтпелі. Мәдениет саласында 2 мәдениет үйі мен 1 мұражайға қосымша нысанның құрылысы жүргізіліп, бүгінгі таңда 2 нысан пайдалануға берілген. Спорт саласында 3 нысан құрылысы жүргізілуде, жыл соңына дейін барлығы пайдалануға берілетін болады. Биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында 2449 пәтерлі 73 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 500 пәтерлі 35 үй пайдалануға берілмек. Олардың қатарында Кентау қаласында – 2, Арыс және Төлеби аудандарында – 2, Бәйдібек ауданында – 20, Қазығұрт, Түлкібас аудандарында 4 үй бар. Бұл шаралар үшін республикалық бюджеттен 2,1 млрд теңге, облыстық бюджеттен 4,6 млрд теңге қаралған. Ал жыл басынан бері 1621 пәтердің иесі қоныс тойын тойлады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 130 пайызға артыпты. Бұдан бөлек, Құттыбек Рахматуллаұлы биыл облыста 172 инвестициялық жобаның жүзеге асуына 30,6 млрд теңге қаралғанын атап өтті. Жыл соңына дейін 71-ін пайдалануға тапсыру жоспарланса, бүгінгі таңда 11 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Қалған 101 нысанның құрылысы 2019 жылға тиесілі. Түркістан облысын перспективалық дамыту бойынша Түркістан қаласының бас жоспарын қайта әзірлеу жөнінде ағымдағы жылдың 12 шілдесінде халықаралық конкурс жарияланғаны айтылды. «Қайта әзірленген бас жоспарға сәйкес, «Тұрғын үй құрылысын дамыту» концепциясы бекітіледі. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың идеясы бойынша концепцияда Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамыту мақсатында салынатын көпқабатты тұрғын үйлер Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен биік болмайды. Өйткені мавзолей мүмкіндігінше қаланың барлық жағынан көрінуі қажет. Салынатын баспаналар ортаазиялық стильде, яғни көне дәуірдегі сәулетпен салынады», – деді Құттыбек Рахматуллаұлы. Бұдан соң Құрылыс басқармасының басшысы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша облыстағы тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспары 344,7 мың шаршы метр болып белгіленгенін, ал ағымдағы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша 202,4 мың шаршы метр тұрғын үйдің пайдалануға берілгенін жеткізді.

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының айтулы істері

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен «Қазақинвест» АҚ Ұлттық компаниясы ұйымдастырған «Арнайы экономикалық аймақтардың әлемдік тәжірбиесі» атты конференцияға еліміздегі арнайы экономикалық аймақ басқарушы компанияларының басқарма төрағалары мен өкілдері және осы салада еңбек етіп жүрген шетелдік қонақтар қатысты. Алғашқы сөзді алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Е.Тасжүреков өңірде бүгінде инвестиция тартудың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, 2005 жылы негізі қаланған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының жұмысы да тілге тиек болды. «Бүгінде аталған аймақта 10 жоба жұмыс істеп тұр. Алдағы 3 жылда 17 жоба жүзеге асады. Биыл химиялық заттарды өндіретін зауыт алғашқы өнімін шығарады. 40 млрд теңге инвестицияны құрайтын тоқыма өнеркәсібі, яғни жіп өндірісі де жүзеге аспақ» деген Ербол Қуанышұлы бұл конференцияның тәжірибе алмасуда алар орны ерекше екенін жеткізді. Бұдан соң Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин өңірде инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы сөз қозғады. Ал «Қазақ Инвест» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешев арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін көтеруде және тауар айналымын жеңілдетуде әлемдік тәжірибенің үлесі зор екеніне тоқталды. Еске сала кетейік, өңірлердің қарқынды дамуын жандандыру, технологиялар, инвестициялар тарту, тиімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын құру мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасында 11 арнайы экономикалық және 22 индустриалды аймақ құрылған. «Бұл шара – «Оңтүстік» АЭА басқарушы компаниясының, АЭА резиденттерінің, уәкілетті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ, әлеуетті отандық және шетелдік инвесторлардың тікелей келіссөздер жүргізуіне арналған алаң, бұл өз кезегінде еліміздегі арнайы экономикалық аймақтардың қызметін жетілдіруді жалғастыруға мүмкіндік береді», – деді Б.Қанешев. Шара барысында тікелей шетелдік инвестицияларды тартудың өзекті мәселелері, мемлекеттік қолдау шаралары және арнайы экономикалық аймақтар мен индустриалды аймақтарды дамытудың тиімді жолдары талқыланды. Сондай-ақ, форум аясында АЭА дамыту туралы заң жобасын және проблемалық мәселелерді талқылау бойынша дөңгелек үстел өткізілді, онда оң халықаралық тәжірибені ескере отырып, АЭА басқару компанияларының өзін-өзі қамтамасыз ету мәселелері қозғалды. Бұдан соң шетелдік сарапшылар сөз алып, біздегі инвестициялық мүмкіндіктердің жақсы жолға қойылғанына қызығушылық білдірді. Әлемде 3,5 мыңнан аса экономикалық аймақ бар. Дүниежүзілік АЭА ұйымының өкілі Ника Манукова Қазақстанда инвесторлардың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасалғанын, шетелдік кәсіпкерлерге тиесілі салықтық заңнамалар заңмен реттелгенін атап өтті. Конференция барысында Ақтөбе облысынан келген «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Ұлттық компаниясының бас менеджері Тимур Жүнелбаев «Ақтөбе» индустриалды аймағының жұмысына жан-жақты тоқталды. Ақтөбе – еліміздегі өндірісі дамып келе жатқан ірі 4 агломерациялы қаланың бірі екенін айта келіп, онда индустриалды-инновациялық дамуға кең мүмкіндік қаралғанын сөз етті. Бас менеджер Тимур Қуанышұлы инвесторлар басымдық жобаларды жүзеге асыру үшін жер учаскелерін қосымша шарттармен жалға алу құқығын жеңілдікпен ала алатынын жеткізді. Жиын соңында бірқатар келіссөздер жасалды. Бұл шара сараптамалық ұйымдар, мемлекеттік органдар, АЭА және ИА басқару органдары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа және іскерлік қарым-қатынастарды нығайтуға арналған диалогтық алаң болмақ. Өңірлерді кластерлік дамыту мақсатында АЭА түрлі салалық бағыттарға ие. Мәселен, «Оңтүстік» АЭА тоқыма өндірісі мен химияға, мұнай химиясына, «ИТП» АЭА ақпараттық технологияларға, «Павлодар» АЭА химия мен мұнай химиясына, «Сарыарқа» АЭА металлургия мен ауыр машина жасауға мамандандырылған.

Әріптестік аясы кеңейеді

Астана қаласының 20 жылдығына орай «Қазақстанның өңірлеріндегі Астана күндері» аясында Түркістан қаласында «Астана қаласы – Түркістан облысы» аймақ­аралық әріптестік бизнес кездесуi болып өтті. Іскерлік кездесуге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Е.Тасжүреков және Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Е.Бекмұрзаев бастаған бірқатар астаналық құзырлы орган басшылары қатысты.  width= Алғашқы сөзді алған облыс әкімінің орынбасары Ербол Қуанышұлы бизнес-форумның маңыздылығын атап өтті. «Түркістан облысының бизнес қоғамдастығы Астана қаласындағы әріптестерімен ой бөлісіп, тәжірибе алмасқалы отыр. Өйткені Астана қаласы 20 жылдық қысқа уақыт ішінде құлпырып, гүлденді. Түркістан облысы да жаңа мәртебеге ие болды. Елбасының тапсырмасы негізінде біз де қысқа уақыт ішінде Түркістан қаласының бүкіл түркі халқының тарихи-мәдени орталығына айналатынына сенімдіміз. Сондықтан барлықтарыңызды жиынға белсенді атсалысып, ой-пікірлеріңізді еркін білдіріп отыруға шақырамын», – деді ол. Одан соң сөз алған Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Е.Бекмұрзаев бүгінде Түркістан облысында Астана қаласының күндері өтіп жатқанына тоқталды. Атаулы күндердің ойдағыдай өтуін ерекше назарда ұстап отырған облыс басшылығына алғысын білдірген ол бизнес-форумда Астана қаласының 20 жылда жеткен жетістіктері, кәсіпкерлік, инвестициялық-инновациялық және туризм жайын жан-жақты айтып беретін сала мамандарының қатысып отырғанын жеткізді. Басқосуда «Astana Innovations» АҚ басшысы М.Дюсюков «Smart City» және цифрлық экономика негізінде қаланың инновациялық дамуы», ал, «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС-нің департамент директоры А.Әбілов бас қаланың туристік мүмкіндіктері, «LED Solution» ЖШС департаменті директоры К.Айтақов смарт жарықтандыру туралы табысты жүзеге асырылып жатқан шағын және орта бизнесті қолдау жайына тоқталды. Іскерлік кездесу аясында Түркістан облысы мен Астана қаласы әкімдіктері арасында өңіраралық қатынастарды дамыту үшін өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Елбасы Н.Назарбаевтың «Түркістан облысын құру» туралы жарлығы көпшілікті бір серпілтіп тастады. Ықылым заманнан рухани мекенге айналған Түркістан қаласының аты күллі түркі жұртына мәшһүр. Бұдан былай жаңа облыстың тынысы кеңейіп, экономикалық-әлеуметтік ахуалы дами бермек. Қазіргі облыс  аумағы   116 095 шаршы шақырым жерді алып жатыр. Шымкент қаласы облыс құрамынан шықпастан бұрын аймақтағы  тұрғындар  саны  3 миллионға шамалап қалған еді. Енді, облыс тұрғындарының саны 1 961 660 болып (2018 жылдың мамыр айындағы мәлімет бойынша), Алматы облысынан кейінгі  екінші орынды алып отыр.

Дайындаған  Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары